Нұртілеу Иманғалиұлы: «Заң сөйлесін!»

71

Тәуелсіздік алып, өз алдымызға отау тігіп, ел болғалы бері есімізді жиып, жоғымызды түгендей бастаған заманда «рухани жаңғырудың» маңыздылығын Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» мақаласында атап өтті. Ішкі-сыртқы саясатты реттеп, экономиканы жолға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен тұста бабаларымыз бойымызға сіңірген ізгі қасиеттерді сақтап, бүгінгі күннің сынына төтеп беруге кедергі келтіретін кертартпа таптаурындардан арылып, «ашық санамен» рухани кемелденіп, білім жинап, сауатымызды, оның ішінде заңдық сауатымызды арттыру – заман талабы.

«Түстен кейін өмірің болса, түске дейін мал жина» деген мақалды бүгінгі күн талабына сай «Түстен кейін өмірің болса, түске дейін білім жина» деп өзгертуге әбден болатын сияқты. Білім мен тәжірибе үстемдік құрған бәсекелі қоғамда көштен қалмаудың төте жолы – заңға сауатты болу, өз құқықтарың мен мүмкіндіктеріңді жетік білу. Себебі қазіргі таңда өз құқығын білмегендіктен, жұмыс берушіге желініп, еңбегі зая кететін, өзіне тиесілі кепілді көмектен (медициналық, жәрдемақы) қағылатын, алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылып қалатын т.с.с. жайттар жиі кездеседі. Осы тұста «Еуразия» бірінші арнасының шығармашылық ұжымы халықтың құқықтық сауатын көтеретін, заң ережелерін түсіндіретін «Заң сөйлесін!» атты жобаны қолға алды. Жобаның мақсаты – белгілі бір түйткілді мәселелерден заң шеңберінде қалай шығудың жолдарын көрсету, қандай да бір әділетсіздікке, заңсыздыққа тап болған азаматтарға нақты құқықтық көмек беру, әрбіріне заңды құқықтарын қорғауды үйрету.

Бағдарламаны ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізбекші. «Менің телевизияда 44 жыл жүргенде түйгенім – біз бәрін білеміз. Бірақ заңмен таныс емеспіз. Кез келген тәуелсіз Қазақ елінің азаматы өзінің заңмен таныс болмаса, түптің түбінде заң онымен танысатынын естен шығармаса деп ойлаймын. «Заң және заман» (бағдарламаны, – ред.) деп те атауға болар еді. Бірақ, қалай болғанда да біз ендігі жерде өзімізден бұрын тәртіпке, әділетке жүгінудің жалғыз жолы – заңды сөйлету. Заң сөйлесе – кез келген көрерменге көмек болады ғой деген сеніміміз бар. Өкінішке орай, қазіргі қазақ телевизиясында мұндай жанр көп емес. Қазір не көп – шоу көп, концерттік бағдарламалар көп. Ал елге көмек болатындай, елмен ақылдасатындай, болып жатқан жаңалықтарға үніңді қосатындай дүниелер аз», – деп жаңа жобадан үміт күтетінін тілге тиек етті.

Қазақ тіліндегі жаңа телеөнім сюжеттер мен арнайы репортаждарға құрылып, журналистер қоғамда орын алып жатқан іс жүзіндегі келеңсіздіктерді ашып көрсетеді. Мұнымен қатар, «Заңгер кеңесі» айдарында кез келген қазақстандық заң саласындағы өзін қызықтырған көкейкесті сұрақтарға жауап ала алады. Ендеше, ақша, билік, мансап емес, заң сөйлесін!