ОН БІР ҚАДАМ: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ МЕЖЕСІ

29

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 11 қадамы (16-27) сот жүйесін жаңғыртуға бағытталды. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газетінің тілшісі төменде Президент тапсырмасының аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталады.

 

16-ҚАДАМ: АРАЛЫҚ САТЫЛАРДЫҢ КӨПТІГІ ӘДІЛДІКТІҢ КЕПІЛІ ЕМЕС

«Балапанды күзде санайды» дейді данышпан халқымыз. Тәуелсіздіктің жиырма алтыншы белесінде тұрып сот жүйесінің ширек ғасырда өзгерген келбет-кескініне баға бергенде көп жаңалыққа көңіліміз толады. Осы уақытқа дейін үшінші билік алаңында қаншама реформалар жүзеге асты. Сол іргелі жаңалықтардың кем-кетігін түзеп, жетістігін дамытуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының ықпалы зор.
Осы үлкен жоспардың екінші тарауы заң үстемдігін қамтамасыз етуді көздеп, 16-қадамы сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыруға бағытталған еді. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру мақсатында ұсынылған бұл қадамның өзіміз үлгі ететін дамыған елдерде бұрыннан қолданылатыны белгілі.
Үш сатылы сот жүйесі әлемде бар және ол өзін-өзі әлдеқашан ақтаған. Аралық сатыларды көбейтпей, дауды үш сатыда қарау арқылы тыңғылықты түйін жасауға болатынын озық елдер тәжірибе жүзінде мойындаған. Ал осы халықаралық талаптарға негізделген үш сатылы жүйе біздің сот саласында мінсіз қолданыла ма? Бұл уақыттың еншісіндегі шаруа болатын. Міне, Ұлт жоспарын өзек еткен бағдарламаның жарыққа шыққанына үш жылдай уақыт өтті. Осы аз ғана уақыттың өзі сот инстанцияларын қысқартып, аралық сатыларды жоюдың қаншалықты тиімді, пайдалы екенін жұртшылыққа ұғындыруға жеткілікті болды.
Бұрын қазақстандық сот бес сатылық жүйеде дауларға төрелік ететін. Яғни, бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалаушы және қайталама қадағалаушы сатылар арқылы азаматтар өз дауына баға сұрап жататын. Бұл өз кезегінде қарапайым халықты көп әуреге түсіріп, уақыты мен қаражатына салмақ салатын жүйе еді. «Аралық сатылардың көптігі әділдіктің кепілі болады» деу қате екенін өткен жылдар толық растады. Себебі, ақ пен қараны бірінші сатыда-ақ бағамдап, тура сөзді сол алғашқы отырыста да айтуға болады. Ал, сатылардың көптігі тараптарды татуластырудың орнына арасын ашып, араздығын одан әрі өршітіп, дауды тоқтаусыз қуа беруіне алып келеді. «Дау қуған пәлеге жолығады» деген бабалар сөзі осы тұста еріксіз еске оралады. Жалпы алғанда, үш сатылы сот жүйесі дау-жанжалды жедел, уақыт оздырмай бітіруге мүмкіндік беруге жасалған дұрыс қадам.
100 қадамнан тұратын Ұлт жоспары – заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, сот жүйесі мен судьялардың қызметіне халықтың сенімін арттыруға бағытталған. Ал, сот инстанцияларының оңтайландырылып, бес сатылы сот жүйесінің үш сатыға ықшамдалуы қазіргі кезде сот қызметін де жеңілдетіп, тараптардың да көңілінен шығып жатыр.

Гүлбаршын ЖЕКСЕМБІҚЫЗЫ,
Қаратал аудандық сотының судьясы, Алматы облысы

17-ҚАДАМ: «МАСҚАРАДАН АЖАЛ ДА АҚТАП АЛА АЛМАЙДЫ»

Қазының жұмысы көпшіліктің көз алдында өтеді. Ақ пен қараға төрелік ететін судья тараптар алдында тұрғанда өзінің әр қимылы, сөзі, дауыс ырғағы назарда болатынын есінде ұстауы тиіс. Яғни, қазы үшін тек заңгерлік білім алып, тәжірибесін шыңдау жеткіліксіз. Ол сонымен қоса, тараптарды тыңдай алатын, ой қорыта білетін сұңғыла, азаматтардың көңіліндегісін тап басатын талғампаз, шектен шыққандарды көргенде де ашуы мен ренішін сырттағыларға білдірмейтін сырбаз болғаны абзал. Ал, мұндай қабілеттің екінің бірінің бойынан табыла бермесі белгілі. Сондықтан, судьялықтан үміткерлерге қойылатын талап жылдан-жылға күшейтіліп, іріктеу тетіктері көбейтіліп отыр.
Мұндай тапсырманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 100 нақты қадам белгілеген Ұлт жоспарында да атап көрсеткен. Құжаттың 17-қадамына сай, бүгінде судьялықтан үміткерлердің шекті жасы да ұлғайтылды. Бұрын жиырма бес жастан бастап қазы болуға рұқсат етілсе, енді жауапкершілігі зор қызметті отызға келіп, ақыл тоқтатқан жандар ғана атқарудан үмітті.
Сонымен қатар, міндетті түрдегі талап ретінде – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі сұралатын болды. Бұл судьялыққа тосын жандардың келмеуінің алдын алады.
Сот жұмысын осы ортада қызмет еткен азаматтар ғана жетік білетіні, жақсы түсінетіні анық. Ендеше, үміткерлерден тәжірибенің талап етілуі де дұрыс. Қазылық ететін ортаға сіңісіп, мамандықтың қызығы мен қиындығын қатар көрген, тәжірибелі судьялардың жұмысына қанығып, тәлім-тәрбиесін алған жандардың судьялықты тез меңгеріп, қателікке орын бермесі, ең бастысы, өзі сүйіп, өзі армандап қол жеткізген лауазымына кір келтірмесі күмәнсіз.
Қазының қателікке жол беруі – кешірілмес күнә. Өйткені, басқа сала мамандарының жасаған қатесін түзеуге, түзетуге болар. Ал, судья мен дәрігер қателігі адам тағдырын өзгертеді. Сондықтан, өз жұмысының жауаптылығын сезінген жандар ғана судьялар қауымының ортасынан табылғаны дұрыс. Мансап пен марапаттың буына мас болатындарға бұл арада орын болмауы тиіс. Белгілі ақын ағамыз Мұзафар Әлімбаев айтпақшы, «масқарадан ажал да ақтап ала алмайтынын», өзінің бір қателігі бүкіл құрылымға көлеңке түсіретінін судьялар қаперінде ұстауы шарт.
Осындай жағымсыз дүниелердің алдын алу үшін бүгінде үміткерлердің кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесі енгізіліп, олардың соттарда стипендия төленетін бір жылдық тәжірибеден өтуі қарастырылған. Тәртіп өскен сайын нәтиже де жоғарылайтынына сенім мол.

Бақыт ЕДІЛОВА,
Мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының судьясы,
Алматы қаласы

 

19-ҚАДАМ: СУДЬЯНЫҢ АТЫН ҚОСАҚТАП АБЫРОЙ ЖИНАУҒА БОЛМАЙДЫ

Ұлт жоспарының 19-қадамында судьялардың есеп беру тәртібін күшейту қажеттігі, соған орай қазылардың жаңа этикалық кодексін қабылдау уақыт күттірмейтіні атап өтілген.
Осы құжатқа сай, азаматтардың судьялар әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алуы керектігі ұсынылған. Жалпы, судьялар темірқазық ететін Әдеп кодексі бұрын да бар еді. Ал, Елбасының бұл құжатты заман талабына сай жаңартуды ұсынуында үлкен мән жатыр. Мұндай тапсырманың берілуі судьялар жұмысын сапаландырып, қоғамның үнемі назарында тұратын үшінші биліктің беделін көтеруге бағытталғанын түсіну қиын емес.
Жаңа Әдеп кодексі 2016 жылы республика судьяларының VІІ-съезінде қабылданғаны белгілі. Құжаттың Елбасы қойған міндеттемелерді толық қамти отырып дайындалуына барлық судьялар атсалысты. Арнайы ұйымдастырылған басқосулар кодексте ненің ескеріліп, ненің назарда тұруы қажеттігін бағамдауға көмектесті. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, осындай терең талқылаудан өткен кодекс бүгінде біздің жұмысымыздың бағдаршамына айналған.
Кодекстің 12-бабында: «Судья өз беделі мен отбасы мүшелерінің беделі туралы ойлау керек және қызметтік жағдайын өзінің жеке мүдделеріне, отбасы мүшелерінің және басқа да адамдардың мүдделеріне пайдаланбауы тиіс. Судья өз отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы хабардар болуға және ол үшін ақылға қонымды шаралар қолдануға тиіс. Судья өз отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына және басқа да адамдарға оның сот төрелігін іске асыруға байланысты іс-әрекеттеріне ықпал етуге жол бермеуі тиіс» делінген.
Осы жерде судьяның отбасы, туыс-туғандары да өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезініп, бұрыс әрекеттерден шектелуі керек дер едім. Мысалы, қазір бұқаралық ақпарат құралдарында «Судьяның баласы жол апатына түсті», «Судьяның жұбайы тәртіп бұзды» деген сыңайлы материалдарды көп кездестіреміз. Бұл жерде теріс әрекет жасап отырған судьяның өзі емес, оның туысы. Ендеше, қазының атын көрінген жерге тықпалай берудің қажеті не? Бірақ, судьяның аты аталса, көпшілік елеңдеп, материалды бірден оқиды. Мұндай жағдай журналистерге рейтинг жинау үшін тиімді екені түсінікті.
Алайда, туысының оғаш әрекеті үшін судьяның атын қосып абырой жинау қаншалықты дұрыс? Оның үстіне, жол апатына кім түспейді? Қара жолдағы қайғыға ешкім кепілдік бермейді. Түптеп келгенде, судья да адам. Оның да жол апатын тудыруы, апаттан зардап шегуі қалыпты жағдай. Соны айғайлатып көпшілікке ұсынған жөн емес. Егер судья өз жұмысында қателікке орын беріп, Әдеп кодексінің талаптарына сай әрекет жасамаса, әңгіме басқа.

Гүлмира БЕЙСЕНОВА,
Медеу аудандық сотының судьясы,
Алматы қаласы

 

20-ҚАДАМ: СОТ ПРОЦЕСІН ҚАШЫҚТЫҚТАН ЖҮРГІЗУ ТИІМДІ

Ұлт жоспары үшінші биліктің заманауи технологияларды еркін қолдануына жол көрсеткен, игілікті іске бағыт берген құжат болды. 100 нақты қадам көрсетілген бұл маңызды бағдарламаның 11 қадамы сот құрылымына бағытталып, соның ішінде 20-қадам барлық сот процестерін дыбыс-бейнетаспаға жазуды міндеттейді.
Бүгінгі күнге дейін сот саласы бұл межені толық бағындырды деп сеніммен айта аламыз. Себебі, қазір республика соттарында дыбыс-бейнежазу құрылғылары орнатылмаған бірде-бір мәжіліс залы жоқ. Және жаңашылдықтың қаншалықты пайдасы барын қарапайым халық та түсінді. Ол үшін арнайы шаралар, сотқа экскурсиялар ұйымдастырылып, азаматтарға таспаның қалай жазылатыны, бұл жаңашылдықтың қандай маңызы, пайдасы бары тәжірибе жүзінде түсіндірілді. Бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып енгізілген өзгерістердің түпкі нәтижесі жария етілді. Бұл соттың ашықтығын, жеделдігін, қолжетімділігін арттырып қоймай, қарапайым халықпен арадағы байланысты нығайта түскені анық.
Таспаны судьяның тоқтатуға немесе дыбыс жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі жоқ екені де тараптар сенімін еселей түседі.
Сонымен қатар, бұл тек судьяның ғана емес, процеске қатысушы адвокат, прокурор, куәгерлердің де, қос тараптың да жауаптылығын көтергені мәлім. Таспаны қайта тыңдауға болатынын білген азаматтар негізсіз арыз жазып, жала жабудан да тыйылды. Өйткені, дыбыс-бейнетаспа процестен шынайы мәлімет беретін бірден-бір дерек.
Жаңа технология арыз-шағым қабылдау процесін де жеңілдетті. Бүгінде «Сот кабинеті» арқылы арыз берушілер қатары көп. Сонымен қатар, технология көмегімен сот процестерін, соттағы маңызды жиындарды қашықтықтан жүргізуге мүмкіндік туды.
Мәселен, Қапшағай қалалық сотында түзеу мекемелеріндегі сотталушылардың жазасын жеңілдетуге, жазасын қысқартуға, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл түріне ауыстыруға қатысты арыздар осы қашықтықтан байланыс жасау арқылы қаралады. Мұның пайдасы ұшан-теңіз. Ең алдымен бұл қауіпсіздік үшін керек. Өйткені, қылмыс жасап жазасын өтеп жатқан адамдар тұрмақ, кейбір процестерде эмоцияға ерік берген қарапайым тұрғындардың өзі сот отырысының талапқа сай өтуіне кедергі келтіріп, ортақ тәртіпке мойынсұнбай жатады. Ал, қашықтықтан сот процесін жүргізуде мұның бірі де болмайды. Сонымен қатар, ол жол шығынын қажет етпейді, уақытты ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Жайық ЖАНБОЛАТОВ,
Қапшағай қалалық сотының судьясы, Алматы облысы

26-ҚАДАМ: ПРОКУРОР ҚҰЗЫРЕТІ ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Ұлт жоспарының 26-қадамында сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту жөнінде нақты тапсырма жүктелген. Соған орай тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізілді.
Сот процесіне прокурордың қатысуын міндеттеу бұрынғы кеңес заманынан келе жатқан жүйе. Ал, жаңашылдыққа сай қадағалаушы орган өкілдерінің процеске қатысуын реттеу олардың құзыретін шектеу деп түсінбеу керек. Мәселен, статистикалық деректерге сүйенсек, 2014 жылы республика бойынша барлық қаралған істердің шамамен 73 мыңына прокурорлар қатысқан. Бұл бар болғаны 11,3 пайызды құрайды. Апелляциялық тәртіпте қаралған істерде прокурорлар небәрі 1030 іске наразылық келтірсе, кассациялық тәртіпте небәрі 520 іске наразылық білдірген. Осының өзі прокурорлардың азаматтық істерге қатысуының артық екенін көрсетеді.
Жаңалықтың көпшіліктің бәрінің бірдей көңілінен шықпайтыны талассыз. Азаматтық істерге прокурорлардың қатысуын шектеу мәселесіне қатысты да кері пікір білдіргендер аз болған жоқ.
Сондай жандар «Прокурор қатыспаса азаматтардың құқығы тапталады, жәбірленушілер мүмкіндігі шектеледі» деген көзқарасын жиі білдіретін. Алайда, екі жылғы жұмыс қорытындысы жоғарыдағыдай пікірдің негізсіз екенін дәлелдеді.
Анығында, заңнамадағы өзгерістерге қарап «қадағалаушы орган өкілдері азаматтық істерден мүлде сырт қалады» деген түсінік тумаса керек.
Бұдан бөлек, сот ресімдерін оңайлату мақсатында енгізілген бұл өзгеріс барша халық басшылыққа алатын Конституция қағидаттарына да қайшы келмейді.
Жаңа Азаматтық іс жүргізу талаптарына сәйкес, сот процесінде мемлекеттің мүддесіне қарсы даулар таразыланатын болса, прокурорлар істі бақылап, өз менін айтуға тиіс.
Сонымен қатар, өз құқығы мен бостандығын өз бетінше қорғай алмайтын халықтың мүддесін қорғау да қадағалаушы орган қызметкерлерінің азаматтық және заңдық міндеті.
Мәселен, жұмысқа қайта орналастыру, жалақы өндіру, азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы істер қаралғанда прокурорлардың төрелік алаңынан табылуы заңмен реттелген.

Бекет БАТЫРХАНОВ,
Наурызбай аудандық сотының судьясы, Алматы қаласы

Тобықтай түйін: Сот ісін жүргізу саласын реформалау мен сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру. Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, жергілікті соттардың рөлін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін жоғарылату – басты назарда.

Дайындаған: Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті