ОН ЖЫЛДА АЯҒЫНАН НЫҚ ТҰРҒАН ГЕРМАНИЯ

11

Германия үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың (1939-1945) экономикалық салдары нағыз қасірет болды. Айталық, 1938 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп үш есе, ал көмір өндірісі екі есе төмендеді. Ауыл шаруашылығы 30 жылға кері кетті. Үй-күйсіз 12 миллион адам далада қаңғып қалса, халқы 6,9 миллион адамға кеміді (1942 жылы Германия халқы 70,8 млн адамды құраған еді, – ред.). Тұрғын үйлер мен жолдардың жартысы бұзылды, қирады. Әрбір бесінші кәсіпорын күйреді…

Жер үкіметінің 1946 жылғы есебі бойынша, әрбір неміс 1 тарелканы – 5 жылда, аяқ киімді – 12 жылда, костюмді – 15 жылда алуға үміттене алады. Тек өмірге келген әрбір бесінші нәресте ғана өзінің жаялығымен қамтамасыз етіледі.
Елде валютаның орнына темекі келіп, қара нарықтың дәурені жүрді. Журналистер: «Германия – жыбырлаған 40 миллион аш немістен тұратын қоқыс үйіндісі», – деп сипаттады.
Экономикалық ғажайыптың ұшқынын жаққан америкалықтар еді. 1947 жылы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джордж Маршалл (1880-1959) Еуропаны қайта қалпына келтірудің бағдарламасын ұсынды. Штаттар көп жағдайда Еуропаға тәуелді еді. Демек, АҚШ өндірісі тек еуропалықтардың сұранысы артса ғана өсе алатын-ды. Яғни, экономикалық серіктестерді қалпына келтіру үшін АҚШ барын салды.
Бағдарлама еуропалық 17 елді қамтыды. Батыс Германия 1,5 миллиард доллар алды. Тағы да 1,2 миллиард доллар басқа бағдарламалар бойынша берілді. Көмек тауар түрінде жеткізілді. Олардан түскен қаржы арнайы қорлар мен банктерге жіберілді.
1949 жылдың қыркүйек айында ГФР экономика министрі болып экономист-теоретик Людвиг Эрхард (1897-1977) тағайындалды. Қаржы министрі өзінің мүдделесі Фриц Шеффер (1888-1967) болды. Өзгелерден үнемшілдігімен ерекшеленетін ол реформа-ларын бастап кетті.
Алдымен қаржы министрлігі экономикаға еркіндік беріп, тауарлардың бағасын бақылауға алды. Кейін ең қауіпті операция – қаржы реформасын бастады.
Елдегі әрбір азамат 60 рейхсмарканы (1924-1948 жылдардағы валюта) жаңа 60 неміс маркасына айырбастай алатын. Зейнетақы, жалақы, пәтерақы 1:1 курсымен қайта есептелді. Қолма қол және жинақталған ақшаның жартысы, сонымен қатар, кәсіпорындардың барлық міндеттерін 1-ді 10-ға айырбастады. Ал екінші жартысы кейінгі 1-ді 20 курс бойынша бағаны тұрақтандыруға жұмсалды. Кәсіпорындар алғашқы жалақы үшін ақша алды, бірақ кейін олар түсетін ақша есебінен жұмыс істеуге тиіс болды. Бұл қабылданған шаралар ақшаның бұрынғы құндылығын қайтаруға мүмкіндік берді. Ішкі нарықта еркін сауда жағдайы қалыптасты.
Реформаның сәттілігі туралы француз экономистері Жак Рюэфф (1896-1978) пен Андре Пьетр (1906-1994): «Қара нарық аяқ асты жоғалды. Дүкен сөрелері қайтадан толықты. Мұржалардан түтін шығып, ауыр жүк көліктері жүре бастады. Қираған жерлердегі өлі тыныштықтың орнын құрылыс алаңдарының шуы басты… Осыдан бір күн бұрын немістер аштан өлмеу үшін бір қаладан екінші қалаға сабылған еді. Келесі күні барлығы не нәрсе өндіруге болады деп ойланды. Кешке олардың жүзінен шарасыздық байқалса, таңертең барлық неміс ұлты болашаққа үмітпен қарады», – деп сипаттады.
Людвиг Эрхард нарықтың еркіндік шекарасын нақты бекітті: жеке мүлік өндірістің қаржысына, монополияға жол жоқ, мемлекет кәсіпорындар мен қоғамның қатынасын ретке келтіреді, кәсіпкерлік адамдар алдында әлеуметтік жауапкершілікте болады.
Мұндай идеология «әлеуметтік нарықтық шаруашылық» немесе «ордолиберализм» деп аталды. Ол жаңа ережелерді бекітті: дамудың басым бағыттары, бақылау, жайлы инвестициялық жағдай, тиімді заңнамалар.
Герр Людвиг монополияға қарсы шықты, адамгершілік қағидаттарына жүгінді, экономикалық эгоизмге, кей адамдардың қызығушылықтарының басым болуына қарсы келді. Оның айтуынша, «күшті пайданы бөлісуге қарсы күреске жоғалтқаннан, барлық күшті ауыл шаруашылығының пайдасын көбейтуге бұрған маңыздырақ… Кішкентай бәлішті бөлу туралы дауласудан пайда көргеннен, әркімге барлығы өз көлемінде үлкейетін, үлкен нәрсенің ірі бөлігін берген оңайырақ».
Осыған қарамастан нарықтық еркіндік экономикалық тәртіп пен адамгершілік негіздерімен шектелуі тиіс. Әлеуметтік тұрақтылық жай тұмар болған жоқ.
Эрхард экономиканы математикалық конструкция және жансыз машина емес деп сендірді. Экономика – ол өзінің үміті мен қажеттіліктері бар тірі адам.
Германия осыны дәлелдеді.
Металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсіптері сынды ішкі нарыққа жұмыс істеген салалар дами бастады.
Ірі компаниялардың ұстанымдары нығайды, бірақ экономиканың негізгі күші шағын және орта кәсіпкерлік – елдің «ұлттық игілігі» болды. Ол жұмыс орнының 70 пайызын берді, 45 пайызға жуығы айналымдағы салықтан, 30 пайызға жуығы экспорттан, 46 пайыз инвестициядан және 57 пайыз ЖІӨ-нен.
Шағын және орта кәсіпкерлік бағдарламаның бар шартына толығымен жауап берді: ол ішкі сұранысты қанағаттандыруға бағытталған тауар өнімдері еді. Германияның ішіндегі жайлы әлеуметтік орта реформалау бағдарламасының басым бағыты деп мәлімделді. Екінші жағынан, дойчмарканың әлдеқайда тиімді тауарлық толтырылуы қамтамасыз етілді.
Осылайша, Людвиг Эрхардтың инфляцияны қаржылық массаны қысу арқылы емес, тауарлардың бағасын төмендету арқылы жеңуге болады деген идеясы жүзеге асырылды.
Германияның экономикалық құлдыраудан шығуына 10 жыл уақыт қажет болды. Осы жолмен өту үшін Қазақстанға 20 жыл уақыт керек. Германиядағы секілді бізде де экономика құрылымы өзгерді. Бүгінде экономикамыз шикізатқа негізделген, кезінде Эрхард секілді тұрғындарға арналған тауарларды өндіруге қолқалаған болатын. Яғни, өнеркәсіптік дамуға бағыттаған еді.
Экономикалық курсты әлеуметтік идеологияға байлау арқылы барлық ресурстар: қаржы, капитал, ғылым, еңбекті ретке келтіретін ауыл шаруашылығын дамытуға болады.
Шикізаттық бағытта жеке ресурстарды бақылауда ұстау да, дамыту да қиын. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау одан да қиын.
Инфляциямен тек қана Ұлттық банк емес, үкіметтің барлық министрлері, сонымен қатар, экономикалық емес блоктар да күресуі керек. Өйткені, қазір қаржыны жұмсауды бәрі біледі, бірақ соны елдің қажетіне жаратуды ешкім ойлағысы келмейді.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, 

“Qazaq” газеті