ОРАЗА ЖАЙЫНДА ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

42

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 2018 жылғы діни күндер күнтізбе-сіне сүйенсек, биыл қасиетті Рамазан айы 16 мамырда, Ораза айт 15 маусымда, Құрбан айт 21 тамызда басталады. Ал, 14 маусымда Оразаның соңғы күні. Маусымның 9-нан 10-на қараған түні – Қадір түні. «Qazaq» газеті төменде оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабын жариялап отыр.

1. Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Рамазан айында сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ашура күні» (Мұхаррам айының оныншы күні) жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмамдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)!» (Сахих Бухари, Китабус Сиям, 1824-хадис). Бұл хадистен түсінетініміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де сол күнгі оразасын ұстайды.
2. Сәресі уақытын күн шығысы-мен тоқтату керек пе?
Сәресінің аяқталу уақыты күннің шығуымен емес, таң намазының кіруімен есептеледі. Ендеше, аймағыңыздағы кесте бойынша таң намазы кіргенге дейін ауыз бекітіп үлгеруіңіз керек. Яғни, таң намазының уақыты кірісімен ішіп-жеуді тоқтату керек.
Құран Кәрімде ауыз бекіту уақыты жайында былай делінген: «…Таңға дейін, (яғни) «қара жіп» «ақ жіптен» айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, содан соң оразаны кешке дейін толық орындаңдар…» (Бақара, 187 аят). Бұл аяттағы «қара жіп» – түнді, ал «ақ жіп» – таңды білдіреді. Яғни, қараңғылық кетіп, таң анықтала бастаған уақытта ішіп-жеуді тоқтату керек деген сөз.
3. Науқас адам ораза ұстай ма?
Алла тағала құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді (Бақара сүресі, 286 аят). Өйткені, Ұлы Жаратушы иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Сондықтан Алла ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген. Бұл жайында Құранда былай делінген: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кім де кім, сырқаттанса немесе жолға шықса аузын ашуына рұқсат, басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді..!» (Бақара сүресі, 185 аят).
Тағы бір аятта: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер», – дейді.
Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «Науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах/рұқсат болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның ораза ұстамауы уәжіп (міндет). Ал егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса, бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат» (Әл-Кәсәни, Бәдә’иғ – 2/609 бет), – деп үкім шығарған. Ендеше, ораза ұстай алмайтындай сырқат болсаңыз, сізге ораза ұстау парыз емес. Бірақ, науқасыңыздан айығып, ауыз бекітуге шамаңыз келген кезде тұтпаған күндеріңізді қаза етіп өтейсіз. Бұл кәффарат (арасы үзілмей ұсталатын) өтеміне жатпайтындықтан, бөліп-бөліп тұтсаңыз болады. Ал, бұған да денсаулығыңыз жарамаса, онда оразаның әр күніне фидия төлейсіз (Шариғатта ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпейтін қарт кісілер ұстамаған оразасын қаза ете алмаса, рамазанның әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Бұны «фидия» дейді. Фидияны ақшалай да беруге болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Фидия беруге шамасы келмесе, Алладан кешірім тілейді). Фидия төлеуге де шамаңыз жетпесе, Алла мейірімді, кешірімді. Пендеге күші жетпейтін нәрсені міндеттемейді.
4. Сілекей, түкірік жұтса, беттен сүйсе, ораза бұзыла ма?
Аузы берік кісі аузындағы сілекейін не түкірігін жұтса, оразасы бұзылмайды. Адам сіңбірігін ішке тартып, жұтса да, ораза бұзылмайды.
Аузы берік кісінің беттен сүюі оразаны бұзбайды. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.а.) ауызы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен (Бухари, Китабус саум – 1827).
Бұл жерде ескере кететін жағдай, егер әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, онда сүюіне рұқсат. Ал оған сенімсіз болса – мәкрүһ (Хидая – 1/310 бет; Әл-Айни, Биная – 4/44 бет).
5. Сағыз шайнауға бола ма?
Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен ораза бұзылады. Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәффәрат қазасын өтеуіңізге тура келеді. Яғни, сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүһ болып саналады.
Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге кеңес береміз. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолдансаңыз болады. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалаңыз. Ал егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі оразаның қазасын ғана өтейсіз. Кәффарат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа жатпайды.
6. Жүкті әйелге ораза ұстау керек пе?
Шариғатта құрсақтағы немесе емізулі балаға зияны тиеді деп қауіптенген (жүкті не емізулі) анаға Рамазан оразасын тұтпай, кейінге қалдыруына рұқсат (Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 2/614 бет). Сахаба Әнәс бин Мәликтен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «…Күмәнсіз Алла тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді…» (Ибн Мәжә – 1667), – деді.
7. Намазы жоқтың оразасы қабыл ма?
Намаз оқымайтын кісі Рамазан айында ораза ұстаса, ұстаған оразасының сауабын алады. Алайда, намаз оқымай жүргені үшін де үлкен күнәға батады. Өйткені, намаз – мұсылмандығымыздың белгісі. Ардақты Пайғамбарымыз бұл жайында: «Шындығында, мұсылман мен кәпір және мүшриктердің ара жігін айырар белгі – намаз оқу» (Муслим, Иман – 134), – дейді. Сондықтан да, оразамен қатар намазды да бастағаны жөн.
8. Жұмысы ауыр кісіге ораза ұстамауға бола ма?
Оразаның өзінде нәпсімізге қиын келетін тұсы бар. Ораза мәнінің бір қыры да нәпсімізді басып, ноқталап, құлқынымыздың ашкөздігін Алла ризашылығы үшін тәрбиелеуде жатыр десек қателеспеспіз. Ендеше, жұмыс барысында ораза ұстау өлімге алып келетіндей қауіп тудырмаса немесе денсаулығымызға айтарлықтай нұқсан келтірмейтін болса, яки бас айналып, құлап қалатындай күйге түспесеңіз, аздап қиналатынымыз үшін Алланың бұйрығынан бет бұрғанымыз жөн болмас. Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Аллаһ Тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс мен үшін жұпар иісті мисктен артық», – деген.
9. Ескі оразадан қарызы бар адам не істейді?
Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан рамазанға дейін өтеу шарт емес. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат), басқа күндері қазасын өтесін» (Бақара сүресі, 185-аят), – дей отырып, Алла Тағала қаза ету уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр. Сондықтан да, келесі Рамазан айына дейін өтеу міндет емес. Десек те, оразаның қазасын тездетіп келесі оразаға дейін өтеп тастағаныңыз абзал. Қазірден есептесек, Рамазан айының кіруіне бірнеше күн бар. Осы күндерді пайдаланып өткен жылдан қалған оразаңыздың қазасын өтеп алғаныңыз жөн. Ал Рамазанға дейін өтеп үлгермейтін болсаңыз, онда оны Рамазаннан кейін де өтей аласыз. Кейбіреулер «өткен оразалардың қазасын алдағы Рамазанның оразасымен қатар ниет етіп өтеуге бола ма?» деген де сұрақ қойып жатады. Дінде бұған рұқсат жоқ. Қазаға ораза жеке ұсталады.
10. Етеккірі тоқтаған әйел не істейді?
Оразаның күндізінде (сәресінің уақыты өтіп кеткен соң) етеккірі тоқтаған әйел сол күні ауыз бекітпейді. Ауыз бекітетін болса, ораза тұтқан болып есептелмейді. Рамазаннан кейін сол күнді де алдыңғы тұтпаған күндерімен қосып қазасын өтейді. Сәресіне дейін хайызы тоқтаса, оразаға ниет етіп ауызын бекітеді (Бадаиғ – 2/597 бет).
11. Құсса ораза бұзыла ма?
Ораза кезінде аузы берік кісі еріксіз құсса, ораза бұзылмайды. Ал ауызды толтыра әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Кәффарат қазасы керек емес. Ауыз толы болмаса бұзылмайды. Бұл жайында имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін» (Тирмизи сүнәні, Китабус Саум, 720-хадис), – дейді.
12. Ауыз берік кезде моншаға түсуге бола ма?
Монша буға шабыну арқылы  жуынып-шайынатын жер болғандықтан, моншаға түсуді ауыз ашар уақытына қалдырған дұрыс. Неге десеңіз, моншадағы бу – су молекулаларынан құралады. Яғни, буда судың белгілі бір бөлшектері орын алған. Көп мөлшердегі буды жұту арқылы ішке белгілі дозада су бөлшектері енеді. Сол себепті оразаңыз бұзылады деуге негіз бар. Одан бөлек, душқа шомылуға немесе ванна қабылдауға болады. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмау жағын ескеру керек.
13. Жанған бір заттың түтінін жұтып, оны иіскесе ораза бұзыла ма?
Түтінді әдейі жұтпай, еріксіз өздігінен ішке кірсе, оразаға зияны жоқ. Ал, оны әдейі ішке тартып иіскесеңіз немесе әдейі жұтсаңыз ораза бұзылады. Рамазаннан кейін сол күннің қазасын өтеуіңіз керек. Әйтсе де, бұл жағдайды әтірдің немесе гүлдің, т.б. заттың иісін иіскеумен бірдей көрмеу керек. Әтірдің немесе гүлдің иісін иіскеу оразаны бұзбайды.
Осы орайда айта кету керек: темекі оразаны бұзатындықтан, ауызы берік бола тұра, темекі тартқан кісінің оразасы бұзылады.

Абдусамат ҚАСЫМ