ОРТАША ЗЕЙНЕТАҚЫ КӨЛЕМІ ЖӘНЕ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУ ЖАСЫ: ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕ ҚАНДАЙ?

838

Зейнеткерлер санының артуы әлемнің бірқатар елдерінің бюджетіне салмағын түсіріп тұрғаны жасырын емес. Сондықтан қазір көптеген елдер зейнеткерлердің жасы мен зейнетақы мөлшерін қайта қарау туралы мәселе көтеріп жатыр. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бұрнағы жылдары қоғамда біраз дүрбелең тудырған мәселенің бірі – әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыруға қатысты болды. Дегенмен, жұрттың қарсылығына қарамастан бұл мәселе түбегейлі шешілді, алдағы уақытта әйелдер де ерлермен бірдей жаста зейнеткерлікке шығатын болады. Ал басқа елдерде бұл мәселе қалай шешілген? Орташа зейнетақы көлемі қандай? Бұл сұрақтардың жауабын «QAZAQ» газеті бүгінгі санында іздеп көрген еді. Сонымен…

АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ

Зейнетке шығу жасы:
– 1937 жылға дейін туғандар үшін 65 жас;
– 1943-1955 жылдар аралығында туғандар үшін 66 жас;
– 1960 жылдан кейін туғандар үшін 67 жас.
Орташа зейнетақы: айына 1 400 доллар (шамамен 462 мың теңге).
Ерекшелігі:
– АҚШ зейнетақы жүйесінің нюанстары көп. Мәселен, зейнетке шығу жасына жетпестен зейнеткерлікке шығуға болады, бірақ зейнетақы толық берілмейді;
– АҚШ федералды заңына сәйкес, жылдық табысының лимиті 15 720 доллардан (5,1 млн теңге) аспайтын, алайда зейнеткерлік жасқа жетпеген азаматтар ғана толық зейнетақы алады;
– Жұмыс істейтін зейнеткердің жылдық табысы лимиттен асатын болса, оның лимиттен асқан әр доллары үшін зейнетақысынан 50 цент ұсталып қалады. Бұл азаматтың толық зейнеткерлік жасқа толған айына дейін жалғасады;
– Әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламасына сәйкес, толық зейнеткерлік жасқа жеткен азамат зейнетке шықпай тұрып тапқан ақшасының 44 пайызын алатын болады.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

Зейнетке шығу жасы:
– Ер адам үшін 65 жас;
– Әйел адамға 60 жас;
– 2020 жылға дейін ер және әйел адамдар үшін 66 жасқа ұзартылады.
Орташа зейнетақы: 605 фунт стерлинг (шамамен 257 мың теңге).
Ерекшелігі:
– Ұлыбританияда екі түрлі зейнетақы қарастырылған: негізгі және қосымша. Негізгі зейнетақы тек зейнеткерлік жасқа толған, еңбек өтілі он-он бір жылдан кем емес азаматтарға беріледі;
– 2016 жылдың 6 сәуіріне дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтар мемлекеттен 119,3 фунт (шамамен 51 мың теңге) зейнетақы алады. Соған қоса, егер ол State Earnings Related Pension Scheme жүйесіне ақша аударған болса, қосымша зейнетақы тағы алады;
– Зейнеткерлікке былтырғы жылы шыққандар мемлекеттен тек негізгі зейнетақыны ғана алады. Ол 155,65 фунтты (шамамен 66 мың теңге) құрайды.

ФРАНЦИЯ

Зейнетке шығу жасы:
– Ер және әйел адам үшін де 62,5 жас;
– Толық зейнетақы алу үшін 67 жас.
Орташа зейнетақы: 1 000 еуро (шамамен 392 мың теңге).
Ерекшелігі:
– 41,5 жыл (166 тоқсан) еңбек өтілі бар азаматтарға зейнетақы 100% мөлшерде беріледі. Егер одан аз болса, зейнетақы жетіспейтін әр тоқсан үшін 1,25%-ға азайтылады;
– 6 айға дейінгі мәжбүрлі түрдегі жұмыссыздық пен декреттік демалыс күндері еңбек өтіліне кіреді;
– Егер еңбек еткен 40 жылдың ішінде сақтандыруға ақша аударылған болса, зейнетақыға үстеме қосылады;
– Зейнеткерлікке 67 жасында шыққан француздарға еңбек өтілі болмаса да зейнетақы 100% беріледі;
– Зейнетақы орташа жалақы мен сақтандыру сомасын құрайтындықтан, кейбір зейнеткерлер жұмысшылардан да көп алады.

ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ

Зейнетке шығу жасы:
– Ер адам үшін 60 жас;
– Әйел адам үшін істеген жұмысының қиындығына байланысты 50 немесе 55 жас.
Орташа  зейнетақы: тұрғылықты жерге байланысты 900-1 400  юань (шамамен 40-62 мың теңге).
Ерекшелігі:
– Бастапқыда зейнетақы тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана берілетін. Кейін бұл заң өзгертіліп, жұмысшылар да зейнеткерлікке шығатын болды. Қазір Қытайдың жартысынан көбі зейнетақы алады;
– Зейнетақы мөлшері азаматтардың тұрғылықты жеріне байланысты. Қалада тұратындар ауылдағыларға қарағанда көбірек алады;
– Мемлекеттік қызметкер зейнеткерлікке шығуы үшін еңбек өтілі 15 жылдан кем болмауы және ай сайын зейнетақы қорына жалақысынан 11% аударылған болуы керек. Оның 7%-ын жұмыс беруші, 4%-ын жұмысшы өзі аударады;
– Қытайдың кейбір аудандарында зейнетақы қоры өнеркәсіп ошақтарында жиналады да, кейін өздерінің қызметкерлеріне береді.

РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ

Зейнетке шығу жасы:
– Ер адам үшін 60 жас;
– Әйел адам үшін 55 жас;
– 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, мемлекет қызметіндегі ер адам 60,5, әйел адам 55,6 жаста зейнеткерлікке шығатын болды. Яғни, әр жыл сайын жарты жылға ұзартылып отырады. Осылайша алдағы уақытта зейнетке шығу жасы әйелдер үшін 63, ал ерлер үшін 65 жас болады.
Орташа зейнетақы: 13 900 рубль (шамамен 78 мың теңге).
Ерекшелігі:
– Декреттік демалыстың 1,5-4,5 жылы зейнеткерлікке қажетті еңбек өтіліне кіреді;
– Зейнетақының екі түрі бар: сақтандыру және жинақтық. Сақтандыру сомасы «Сақтандыру зейнетақысы туралы» заңымен, жинақтық зейнетақы мөлшері «Жинақтық зейнетақы туралы» заңмен реттеледі.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

Зейнетке шығу жасы:
– Ер адам үшін 63 жас;
– Әйел адам үшін 2018 жылға дейін 58 жас;
– 1964 жылдан кейін туған әйелдер үшін 63 жас.
Айта кетейік, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру әр жылдың жарты жылында 10 жыл ішінде 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілетін болады:
– 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
– 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
– 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
– 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
– 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
– 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
– 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
– 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
– 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда.
Орташа зейнетақы: 66 мың теңге.
Ерекшелігі:
– 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін экологиялық қауіп аймақтарында тұрған, Семей ядролық сынағында ядролық қару сынақтары салдарынан зардап шеккен азаматтар зейнетақыға неғұрлым ерте шығуға құқылы:
– Ерлер – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 25 жылдан аз емес еңбек өтілі болғанда 50 жаста;
– Әйелдер – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 20 жылдан кем емес еңбек өтілінде 45 жаста зейнеткерлікке шыға алады.
– 1998 жылға дейін еңбек еткен азаматтар үшін ынтымақтастық зейнетақы төлемі енгізілген.

P.S. Зейнет жасын көтеру мәселесі тек біздің елімізде ғана емес, көптеген шет елдерде, атап айтқанда, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзербайжан, Украина, Эстония сынды мемлекеттерде де қолға алынуда. Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2020 жылы ерлердің жасымен теңестірілетін болса, 5 ел оны әзірше кейінге қалдырып отыр. Бұл мемлекеттерде зейнеткерлік жасты арттыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Әдетте ол жылына 2 айдан 6 айға дейінгі мерзімді құрайды. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әйелдердің зейнеткерлік жасын 65-ке жеткізу 20 жыл ішінде жүргізілсе, Украинада 60 жасқа дейін 10 жылда жүзеге асырылатын болады. Ал, ең жоғары зейнеткерлік жасы Жапонияда белгіленген. Жапондық ерлер де, әйелдер де тек 70 жасқа толғанда ғана зейнеткерлікке шыға алады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті