ОРТОПЕДИЯЛЫҚ СТОМАТОЛОГИЯДАҒЫ ЖАҢА МАТЕРИАЛДАР МЕН ТЕХНОЛОГИЯЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

8

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті
биылғы жазды ерекше жаңалықпен бастады. Аталмыш жоғарғы оқу
орнында 1-2 маусым күндері елімізде бұрын-соңды болмаған «Ортопедиялық стоматологиядағы жаңа материалдар мен технология-лар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі және С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор Нұрғожин Талғат Сейтжанұлының қолдауымен өткен конференция екі күнге ұласып, 8 елден келген ғалымдар мен дәрігерлер өзара тәжірибе алмасып, тың пікірлерін ортаға салды.
Конференцияның басты мақсаты – әйгілі профессор В. Ю. Курляндский (1908-1977) негізін қалаған ортопедиялық стоматологияның қыр-сырына терең бойлап, әр елдегі ізденістерді тәжірибе жүзінде дәлелдеу болды. «Екінші жағынан бұл конференция профессордың 110 жылдығына арналып отыр», – дейді ұйымдастырушылар.
«Ортопедиялық стоматологиядағы жаңа материалдар мен технологиялар» тақырыбын Ресей, Болгария, Израиль, Түркия, Беларусь, Өзбекстан сынды елдерден келген ғалымдар мен дәрігерлер жан-жақты таразылап, өз тәжірибелері негізінде көпшілікке ұсынды. Ал Қазақстан атынан сөз алған С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті Стоматология факультетінің Ортопедтік стоматология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Көбейсін Алтынбеков «Ортопедиялық стоматология кафедрасының ғылыми жетістіктері: өңдеу және енгізу» тақырыбында баяндама жасады.
Көбейсін мырза осы халықаралық деңгейдегі конференцияның өтуіне зор үлес қосыпты. Оның айтуынша, ортопедиялық стоматологияның ғылыми негізін қалаған В.Ю.Курляндский еңбектері мен оқулықтары соңғы 60-70 жыл көлемінде әрі қазірге дейін сұранысқа ие. Курляндскийден түлеп ұшқан шәкірттер бүкіл ТМД елдеріне танымал және олардың барлығы дерлік ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп, әлемді аузына қаратқан академик, профессор дәрежелеріне ие болып отыр.
«Қазақстанда да Курляндскийдің ізін жалғастырушылар жетерлік. Мінекей, соның нәтижесінде бүгінгі басқосуда әр елден келген ғалымдар көкейіндегі ойларын еркін айтып, ұсыныстарын талқыға салып отыр. Негізінен осы конференция бұған дейін өзге елдердің әр қаласында өтетін. Осы конференцияны биыл Алматы қаласында өткізуді ұйғардық. Бұл бірінші рет Қазақстанда өтіп отырған айырықша конференция. Ортопедиялық стоматологияда бұрын мұндай болмаған. Елбасының «Цифрлық Қазақстан» ұстанымы осы конференциядан да көрініс тапты. Өйткені, конференцияның басты ерекшелігі – сандық технологияларды cтоматология саласында қалай қолданып жатқаны жөнінде өте көп баяндамалар жасалды. Бұл көп жылдық тәжірибесі бар стоматолог үшін де, оқытушылар мен студенттер үшін де аса қажет дүние. Соның ішінде, жас ғалымдар үшін маңызы ерек. Өйткені, біз теория тұрғысынан барлық ақпараттарды ортаға салып, талқылап отырмыз. Ал практика жүзінде осы жетістіктерді қалай қолдану керектігі жөнінде де айтылады. Өзге елдің ғалымдары мен зерттеушілерінің тәжірибе алмасуы, білім алмасуы көңіл қуантады. Әрбір елдің алдыңғы шептегі дәрігерлері мен ғалымдарының басын қосу оңайға соққан жоқ. Екі күн бойы біз бір бірімізден үйреніп, соның нәтижесінде бір ұйғарымға келіп, қорытынды жасаймыз», – дейді Көбейсін Алтынбеков.
Денсаулықты алғашқы құндылықтардың қатарына қоятын елдер санатына енгенімізді осы халықаралық конференцияның Қазақстанда өткізілгенінен-ақ байқауға болады. Екі күнге созылған бұл басқосудың берері көп.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті