«ОТАНДЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ӨЗІНІҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІМЕН, ШЫНАЙЫЛЫҒЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ»

7

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мереке қарсаңында журналистерді Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтады. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат депутаттары да, өзі де ақпарат саласының мамандарына құрметпен қарайтынын, олардың кәсіби шеберліктері, патриоттық, адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті, әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бәсеңдемейді. Керісінше олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенат Төрағасы біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында екенін, баспа және электрондық басылымдар миллиондаған адамдардың көңіл түкпірінен берік орын алғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз күрделі геосаяси жағдайдағы дамудың өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанына назар аударып: «Жаһандық екі үрдіс – жаһандану мен ұлтшылдықтың арасындағы қарама-қайшылық та ұлғая түсуде. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты және беделді мүшесі ретінде өзінің ұлттық мүдделерін қорғауда тиісті ұстанымдарды табандылықпен паш етіп отыр», – деді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың шынайы сеніміне ие әрі шет елдерде беделі зор біздің еліміздің Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы Қазақстанның ұлттық мүддесін әрдайым биік ұстап келе жатқанын атап өтті. Заң шығару жұмыстары туралы айта келіп, Сенат Төрағасы «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы», таяуда қабылданған «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңдар елдегі ішкі және сыртқы саясатты жүргiзуде Елбасының жетекші рөліне құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ететіні әрі қазіргі әлемдегі дүрбелеңге толы жағдайларда маңызды рөл атқаратыны туралы хабардар етті.
Сенат Төрағасы Президенттің таяудағы Жолдауында цифрлық технологиялардың дендеп енуіне байланысты қазақстандықтарды жаһандық өзгерістер мен қатерлерге дайын болуға шақыруына журналистердің назарын аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл міндет тек қоғамның қолдауымен табысты шешіледі. Сондықтан цифрландыру идеясының мән-маңызын қалың бұқараға жеткізуде журналистерге аса жауапты міндет жүктеліп отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары жастардың күш-қуатын шығармашылық арнаға қарай бұруы тиіс. Жас ұрпақ барлық әлеуметтік маңызды іс-шараларға белсене араласуы қажет. Сенат басшысы еліміздің дәстүрлі құндылықтарын сақтауға және ұлықтауға, қоғамның рухани өмірін жаңартуға бағытталған Елбасының «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасын іске асыруда ақпарат құралдарының рөлі ерекше деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ақпарат саласында белсенді қызмет етіп жүрген бірқатар баспасөз өкілдеріне Сенаттың Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыс етіп, Отанымыздың жарқын келешегі жолындағы еңбектері табысты болуына тілектестігін айтты.

* * *

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің «Мәдениет және өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрметті белгісін «Qazaq» газетінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері, мәдениет жанашыры, меценат Махмұт Нәлібаев пен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяровке, ал «Баспасөз бен ақпаратты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрметті белгісін «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізушісі Дана Нұржігітке табыс етті. ТМД ПАА Төрағасы Валентина Матвиенко оларды мәдениет пен өнерді дамытуға сіңірген зор еңбектері үшін марапаттады.