ОТЫЗ ЖЫЛДА ГАЗ БАРМАҒАН АУЫЛ ҚАЛМАЙДЫ

10

Құдайға шүкiр, бұл тұрғыда Қазақстанда көп iс атқарылып жатыр. Соның бiрi – елдi мекендердi газдандыру мәселесi. Әлбетте, жер астындағы пайдалы қазбалар, көмiрсутектi шикiзат қоры Қазақстанның ен байлығы саналады. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзiнiң биылғы «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты дәстүрлi Жолдауында «Экономикалық өсiмнiң тұрақтылығы үшiн елдiң тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендерi өзiнiң стратегиялық маңызын сақтауға тиiс» деген болатын.

Халықты «көгiлдiр отынмен» қамтамасыз ету – мемлекеттiк маңызды iс. Осыған орай, 2014 жылдың қарашасында 2015-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын бекiту туралы Үкiмет қаулысы қабылданды.

Жалпы, Қазақстан – табиғи газға бай ел. Бiзде газ қорының болжамды мөлшерi 6-8 трлн. текше метрдi құрайды. Газ өндiру қарқыны да жыл сайын артып келедi. 2004 жылы жер қойнауынан 11,6 млрд. текше метр газ алынса, арада 8 жыл өткенде бұл көрсеткiш 40,3 млрд. текше метрге жеткен. Ал, 2020 жылға қарай «көгiлдiр отын» өндiрiсi 62 млрд. текше метрден асады делiнiп отыр. 2030 жылы газды iшкi нарықта пайдалану деңгейi 18 млрд. текше метрге жететiн көрiнедi. Әлемдiк энергия нарығында газ секiлдi көмiрсутектi отынға сұраныс 30 пайызға барып қалды. Сондықтан сарапшылар энергетика саласында «метан дәуiрi» басталып келе жатқандығы жайлы болжамдар айтуда.

Елiмiздi газбен қамтамасыз ету мақсатында республика аумағынан бiрнеше магистральдi газ құбырлары тартылу үстiнде. Осы құрылыстардың аясында iрi инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Айталық, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдi газ құбыры арқылы Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары мен Алматы қаласын газдандыру мәселесi қарастырылған. Бұл жұмыстармен Үкiмет тарапынан бекiтiлген ұлттық оператор – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ айналысады.

Бiздiң өңiр табиғи газды «Бейнеу – Бозой – Шымкенттен» бөлек Өзбекстаннан келетiн «Газли – Шымкент» магистральдi газ құбыры арқылы да алады. Негiзiнде облыстың табиғи газға деген жылдық орташа қажеттiлiгi 1 млрд. текше метрге тең.

Республика бойынша елiмiздiң 9 облысы және Алматы қаласы «көгiлдiр отынның» игiлiгiн көрiп отыр. Мәселен, өңiрлердiң iшiнде Маңғыстау – 96,4, Атырау – 92,9, Батыс Қазақстан облысы 86,7 пайызға табиғи газбен қамтамасыз етiлген. Бұлай болуы да заңдылық. Себебi, газ қоры шоғырланған Қазақстан жерiнiң 62 пайыз аумағы елiмiздiң батысында жатыр. Бiрақ, соған қарамастан, өзiнде көмiрсутектi шикiзаты болмаса да Оңтүстiк Қазақстан облысында газдандыру жұмыстары қарқынды түрде қолға алынуда. Ресми деректерге көз жүгiртсек, соңғы 8 жылда өңiрдегi 844 елдi мекеннiң 300-iне «көгiлдiр отын» берiлдi. Бұл бүгiнгi таңда 1 млн 800 мыңға жуық тұрғын табиғи газды пайдаланып отыр деген сөз.

Жоспар бойынша 2021 жылға қарай тағы да 383 елдi мекенге газ құбыры тартылады. Соның нәтижесiнде «көгiлдiр отынға» қол жеткiзген ауылдар саны 683-ке жетедi. Яғни 2 млн 700 мыңнан астам тұрғын ошаққа от жағудың азабынан құтылады. Былтыр 25 ауылға газ барыпты. Биыл 50 елдiмекендi табиғи газбен қамту көзделуде. Сонымен қатар, осы жылы 121 ауылды газдандыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзiрленуде.

«Газли – Шымкент» магистральдi газ құбырының бойынан екi автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып жатыр. Оның бiрi – Қазығұрт ауданындағы «Шанақ» АГТС, екiншiсi Шардара ауданында орналасқан №18 «Шардара» АГТС. Аталған нысандар келесi жылы пайдалануға берiледi деп күтiлуде. Сондай-ақ, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдi газ құбыры бойынан да 7 АГТС құрылысы жүргiзiлуде. Оның төртеуi бүгiнгi таңда жұмыс iстеп тұрса, қалған 3-еуiн iске қосу биылға жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, тозығы жетiп, әбден ескiрген 6 АГТС-тi жаңалау бойынша тиiстi жобалық-сметалық құжаттамалар әзiрлену үстiнде. Олар «Тоболин», «Абай», «Мақтаарал», «Асықата», «Жетiсай» және №3 «Шымкент» АГТС-терi. Болжамға сәйкес, осы аталған нысандар толық күш-қуатына енсе, 2050 жылдары облыстың елдiмекендерiн толықтай табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкiндiк туады.

Жоғарыда айтқанымыздай, облыста газдандыру мәселесiне қатты көңiл бөлiнiп жатыр. Тұрғындарға әлеуметтiк тұрғыдан барынша жағдай жасау мақсатында тiптi «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «бiр терезе» қағидасы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығын ашты. Онда абоненттерге газ мәселесiне байланысты кез келген сұрақтарына тиiстi жауаптар берiлiп, барлық қызмет түрлерi бойынша көмектер көрсетiледi.

Мұнан өзге, 2009 жылдан берi Шымкент қаласындағы газ таратушы стансаларды жаңғырту iсi қолға алынып келедi. Бұл жұмыстар 2019 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Мұндай станса 2 100 пәтердi, 1 400 жеке сектордағы үйдi газбен қамтамасыз ете алады. Шымкентте осындай жаңа 52 қондырғы орнатылды. Расында да, Кеңес дәуiрiнде жүргiзiлген коммуналдық жүйелердi тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы өтпелi кезеңде ауыстыруға жағдай болмады. Ендi мiне, Елбасының тапсырмасымен «ҚазТрансГазАймақ» ұлттық компаниясы бөлген 40 миллиардтан астам теңгеге ескi газ жүйелерi жаңартылып жатыр. Бүгiнде пайдалану мерзiмi 30 жылды құрайтын темiр құбырлардың 50 пайызы 50-60 жылға жарайтын полиэтилендi құбырларға алмастырылды. Осынау бастаманың нәтижесiнде 2 390 шақырымды құрайтын газ құбыры жаңартылмақ.

«Шымкент қаласының газ тарату желiлерiн қайта құру мен модернизациялау» бағдарламасы аясында қолға алынған жаңғырту жұмыстарының арқасында келешекте газ тарату саласының техникалық базасы жақсарып, «көгiлдiр отын» халыққа еш кедергiсiз әрi сапалы түрде жеткiзiлетiн болады.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы