ОҢТҮСТІКТЕН СОЛТҮСТІККЕ КӨШ ЖАЛҒАСАДЫ

129

Әлемдік экономикадағы негізгі проблемалардың бірі – жаһандық көші-қонның үдеуі мәселесімен ұштасады. Өйткені, жайлы жер, жанбағар жұмыс іздеп, бір өңірден екінші аймаққа көше-қонып жүргендер саны артып келеді, соның ішінде еңбекші мигранттар мәселесі соңғы жылдары дамыған Еуропа елдерінің күн тәртібінен еш түспей келеді.

Шындығында, бүгінгі таңда дүние халықтарының арасында әрбір жетінші адам мигрант екен. Әрине, бұндағы проблема тек халықаралық мигранттар тұрғысынан ғана емес, ішкі миграциялық ретсіздіктер тұрғысынан да маңызды. Осыны ескерсек, Қазақстандағы ахуал да жыл сайын күрделеніп бара жатқанын аңғаруға болады. Дегенмен, Үкімет осы мәселені тиянақтау тетіктеріне бекем кірісуде.

Қазақстандағы халықаралық және ішкі-сыртқы көші-қон саясаты, этникалық оралмандарды орналастыру мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Өйткені, бұның бәрі жалпылама экономикалық даму болжамдарын жасау, еліміздегі еңбек ресурсының теңгерімділігін қамту мәселесіне әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда еңбек ресурстарының жетіспеушілігін шетелдік жұмыс күші есебінен толтыру жайы да өзекті бола түскен. Ал көші-қон саясатын жетілдіріп, халықты оңтайлы орналастыруға қатысты мұндай үдерістерді екшеп отыру, олардың әлеуметтік қырларын алдын ала айқындау – перспективалық дамудың қамтамасыз ететін басты тетігі.

Тоқтала кететін жай, қазіргі кезде Қазақстанның кейбір өңірлерінде халық өсімі артуы қарқынды, ал енді бір өңірлерінде керісінше елден кету көбірек орын алып, жергілікті халықтың өсімі баяулай түскен. Солтүстіктің тұрғындары соңғы жылдары азайып барады. Негізінен бұл Ресейге қоныс аударып жатқандардың артуымен байланысты. Болжамдарға қарағанда, 2050 жылға қарай ондағы халық саны тағы 1 миллионға қысқаруы мүмкін. Ал оңтүстікте керісінше өсім қарқыны күшті. Мамандар алдағы 20 жылда адам саны бұл өңірде 5 миллионға артады деп есептепті. Сондықтан солтүстік облыстарға барып жұмыс істейтіндерге мемлекет қолдау көрсетуде.

Оңтүстіктен Солтүстікке көшкендер үшін қандай игіліктері бар? Барлық жол шығынын көтеріп, жалға берілетін тұрғын үйлерден пәтер де алып бермек. Сондай-ақ, солтүстіктегі университеттер мен колледждерге оқуға түскісі келетін жастарға грант көп бөлінетін болады. Дегенмен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Көшу әр адамның жеке ісі. Ешкімді күштемейміз. Ниет білдіргендерге жол шығыны, баспана жалдауды айтпағанда, сол барған жеріне үйренісіп кеткенше, ақша береміз. Жұмысқа тұруын да қадағалап отырамыз», – деді.

Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру биыл да жалғасады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Нұр Отан» партиясының бастамасымен өткен жиында мәлімдеді. Биыл 2 700 азаматтың қоныс аударуына субсидия бөлінген. Бұл бағдарлама еңбек ресурстарын аймақтарда тиімді пайдаланып, демографиялық теңдікті сақтауға бағытталған. Өйткені, оңтүстік өңірде халық тығыз орналасқан. Сондықтан, балабақша, мектептерде орын тапшылығы, жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ал теріскейде керісінше, қалаға жаппай көшудің салдарынан елді мекендер бос қалып жатыр. Сондықтан, жиналғандар министрлікке бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, олқылықтардың орнын толтыру керектігін жеткізді.

Елімізде халқы тығыз қоныстанған оңтүстік облыстардың тұрғындарын солтүстік аумақтарға ерікті негізде қоныстандыруға арналған жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Ол «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының аясында қолға алынған.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының халқы 3 миллион адам. Ал Павлодар облысында 750 мыңдай адам болса, Қостанай облысында – 880 мыңдай, Солтүстік Қазақстан облысында 560 мыңдай адам бар. Әсіресе, осы Солтүстік Қазақстанның халқы өсу орнына жылдан-жылға азайып барады. Яғни, ол жақтағы орыстілділердің көбі өз тарихи отандарына қоныс аударуда. Сондықтан оңтүстік жұртын негізінен осы аталған облыстарға қоныстандыру мәселесі туындап отыр. Бағдарлама аясында оңтүстік өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылар бар. Ол жаққа 2016-2017 жылдар аралығында 141 отбасы көшіп барыпты. Осының 129-ы биылғы жыл басынан бері қоныс аударған екен. Қоныс аударушыларға көшіп-қону шығындары үшін отбасындағы адамдардың әрқайсысына шаққанда 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (79,4 мың теңге) жәрдемақы төленеді. Олар тиісті жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ оларға баспананың жал ақысы үшін 1 жыл бойы 34 мың мен 68 мың теңге аралығында субсидия беріледі. Олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алу кезегіне тұра алады. Басқа да бірқатар жеңілдік бар. Солтүстікке барған жерлестеріміздің алды ол жаққа бейімделіп, шаруасын жүргізіп те жатыр екен. Дегенмен, қоныс аударуға ниеттенген 18 отбасы түрлі себептермен (жағдай ұнамаған, климат жақпаған, отбасылық себептер кедергі болған…) ол жақты жерсінбей, қайта оралыпты. Әрине, олар өздеріне берілген көмек ақшаларды мемлекет бюджетіне қайтаруы тиіс.

Елдің оңтүстіктігінен солтүстігіне көшкісі келетін тұрғындар қоныс аударудың басты себебі ретінде жұмыссыздықты айтады. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, бұл мәселенің демографиялық қыры да бар.

Қазақстан үкіметі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын 2013 жылы қабылдаған. Бұл бағдарламада «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру жайы да айтылған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен. Сондай өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан облысы 2014 жылдан бастап «жұмыс күші мол аймақтардан» (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан)  «еңбекке жарамды азаматтарды»  көшіріп алуға кіріскені мәлім.

2050 жылға қарай Қазақстанның оңтүстігіндегі халық саны солтүстікке қарағанда 5 есеге артады. Қазір ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі миграциялық үдерістерді орнықты ету үшін арнайы заң жобасын әзірлеп, оны мемлекеттік органдарға келісім алу үшін жолдапты. Ішкі көші-қонның артық-кемін екшейтін аталған құжат Парламентке алдағы айларда түсіп қалуы да ғажап емес. Ал көші-қон саясатын жетілдіру үшін қандай қадамдар жасалады? Осы мақсатта Тамара Дүйсенова жетекшілік ететін ведомство 2012 жылдан бері елдің демографиялық ахуалының келешегіне көз жүгіртіп, зерттеу жүргізіп келген екен. Енді соның нәтижелерін қарастырсақ.

Зерттеу болжамдарына сүйенсек, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,3 млн адамнан асады. Сөйтіп, 2012 жылмен салыстырғанда алдағы он сегіз жылда қазақстандықтардың саны 3,3 млн адамға немесе 20 пайызға артатыны болжанады.

«Салыстырмалы түрде әлемдік демографиялық болжамдарды» қарастырсақ, 2030 жылға қарай дамыған елдерде халықтың өсімі баяулап, бұл көрсеткіш 6-3 пайызды ғана құрайтыны болжанады. Халық өсімінің баяулауы АҚШ, Канада және Австралиядан басқа елдерде көрініс береді және осы елдерден басқа дамыған елдерде 13-16 пайыз шамасында халық өсімі орын алуы ықтимал. Ресейде демографиялық көрсеткіш 3-4 пайызға төмендейді, ал Қытайдағы халық санының өсімі 3-4 пайыз, Бразилияда – 10-12 пайыз, Үндістанда – 20 пайызға болжанады. Сонымен қатар, халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес, Үндістан 2030 жылға таман халық өсімі жағынан Қытайды басып озады», – дейді министр Тамара Дүйсенова.

Сонымен, жаһандық деңгеймен салыстырғанда Қазақстан халқының өсуі миграцияның барлық ағынын қоса есептегенде қарқынды бола түспек. Ал осы халық өсімін өңірлік құрылымдарда талдасақ, жоғарыда болжанған 20,3 млн адамның басым бөлігі немесе 52,7 пайызы негізінен еліміздің бес өңіріне шоғырланады екен. Мәселен, қазіргі үдеріспен айқындалатын болжам бойынша 2030 жылға қарай Алматы облысында – 2,5 млн адам, Жамбыл облысында – 1,2 млн адам, Оңтүстік Қазақстан облысында – 3,6 млн адам, Астана мен Алматы қалаларында 3,3 млн адам. Яғни, бүкіл Қазақстан халқының 10 милионнан астамы бүгінгідей қарқынмен үдей берсе, жоғарыда аталған бес өңірде шоғырланады деген сөз. Ал осы кезең ішінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында керісінше халық саны кеми түсетіні болжанған.

«Серпін» – елге серпін беретін жоба. Көші-қонның оңтайлы саясаты: «оңтүстіктен – солтүстікке» және «ауылдан – қалаға» бағдарланады. Елбасы Жолдауындағы еңбек нарығын дамыту бойынша қолға алынған іс осылайша қарқын ала бастады. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы жолдауынан бастау алып отыр. Жолдауда «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» айтылған болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғы­ша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиім­ділігін бағалаудың негізгі кри­­терийінің бірі болатынын ес­керт­кен еді.

Тобықтай түйін. 2017 жылы ел ішілік көші-қон бағдарламасы бойынша өнімді жұмыспен қамту үшін 710 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы тек 288 отбасыны ғана көшіруге жетеді. Себебі, бізде Үкіметпен ішкі көшіп-қонуға арналған арнайы квотаның қаулысы бекітілген екен. Ол бойынша 288 отбасы 4 солтүстік өңірге қоныс аударады. Жоғарыда аталған қаржыға материалдық көмек ретінде олардың көшуіне субсидия беріліп, 35 айлық есептік көрсеткіш немесе 79 415 теңге үлестіріледі. Бұл қаржы әр отбасы мүшесіне есептеледі. Екінші көмек, олардың сол жердегі үйді жалға алуға берілетін субсидия. Ол 12 ай аралығында беріледі. Қаржы көлемі әр отбасы үшін 34 мыңнан 68 мың теңге аралығында болады. Ақша  тұрып жатқан елді-мекеніне: қала немесе ауылға әрі отбасы мүшелерінің санына байланысты төленетін болады. Міне, оңтүстіктен солтүстікке көшіп, демографияны ғана емес өз жағдайыңызды жақсартуға жол ашасыз. Мемлекет ұсынған «Серпін» бағдарламасымен серпілетін кез жетті!

Айта кетейік, мемлекет 2018-2020 жылдар аралығында 59 мың отбасыға оңтүстіктен солтүстік өңірлерге көшуге көмек береді.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті