ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МАРАПАТЫ

24

Корея Республикасының Президенті Мун Джи Юн әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтановты медальмен марапаттады. Бұл туралы ҚазҰУ баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда Корей түбегіндегі бейбітшілікті сақтауға арналған Дүниежүзілік Корей форумында Кореяны біріктіру министрлігінің Саяси әріптестік департаментінің директоры Пак Хёнг Иль мырза Президент атынан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановқа жоғары марапат, алғыс және жеке сыйлықтар табыс етті.
Пак Хёнг Иль мырза ҚазҰУ ректоры Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастығын дамытуға, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және Кореяны біріктіруге арналған халықтық дипломатияны қалыптастыру ісіне жәрдемдесуге бағытталған еңбегі үшін жоғары марапатқа ие болғанын атап өтті.
«Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен оның басшысы Ғалым Мұтановқа екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуға және Корей түбегінің бірігуіне қолдау көрсетіп, баға жетпес үлес қосқаны үшін алғыс білдіреміз. Форумға КХДР делегациясы алғаш рет қатысып отыр, бұл біз үшін Кореяны біріктірудің жарқын болашағына үміт ұялатады», – деді Пак Хёнг Иль Ғалым Мұтановқа марапатты табыстай отырып.
Форумда сөз сөйлегендер Қазақстанның халықаралық аренадағы бітімгершілік рөлінің және оған деген жоғары сенімнің өсіп келе жатқандығын атап өтті. КХДР делегациясының Корея түбегінің екі мемлекет басшыларының жуырда болған кездесуінен кейін ҚазҰУ-да өткен форумның жұмысына қатысуы бұл шараның Солтүстік пен Оңтүстіктің бейбіт жолмен бірігу үрдісіндегі маңыздылығы туралы куәландырады.