ПЕНДЕШІЛІК ПЕН ПЕРІШТЕ ҮМІТ ЖЫРШЫСЫ

21

Мемлекеттік және халықаралық Франц Кафка атындағы сыйлықтардың лауреаты, белгілі жазушы Төлен Әбдіктің 75 жасқа толуына орай Қостанайда құрмет көрсету кеші өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, облыс басшылары, жазушының оқырмандары қатысты.
Кеште алдымен облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің құттықтау хатын оқып беріп, жазушыға шапан жауып, сый-сияпат жасады. Мұнан кейін кешті жүргізу тізгінін облыстық Қостанай телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов алды. Кеш әдеттегі той иесін мақтау-мадақтау дәстүрінен өзгерек, жазушымен сұхбат түрінде өтті. Жүргізуші жазушы шығармаларындағы кейіпкерлер тарихы мен тағдыры, шығармаларының туу тарихы туралы сұрақтар қойып, Төлен Әбдіктің өзін әңгімеге тартып отырды. Кешке қатысушылар жазушының ойлы да мағыналы әңгімесіне сусындады.
Аталған кеште «Qazaq» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі көрнекті жазушымен әңгімелескен болатын. Төменде соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯ

Бұл адамның сыртқы кескін-келбеті сонау балаң шақта бір көргеннен-ақ менің жадымда өшпестей болып сақталып қалыпты. Кейінірек әңгіме-повестерін оқып, жерлесім екенін біліп суретін көрген кезде баяғы бір алғашқы алған әсер көз алдыма кайта-қайта орала берген-ді.
Оқиға өткен ғасырдың 60-шы жылдары Алматыда болған. Қазақ Мемлекетттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, Никольский базарының маңындағы жатақханаға ауылдан келген бір топ көгенкөз қысыла-қымтырыла орналасып жатқанбыз. Есік алдында вахтердің сырт жағындағы терезеге таяу кітап оқып отырған шашын шалқасынан қайырған, маңдайы кере қарыс, үстінде спорт костюмі бар, ақ-сары жігітке еріксіз назарым ауды. Көңіліме: «Не жоғары курстың студенті, не болмаса аспирант болар» деген ой оралды. Тіл қатысатын шама қайда, үндемей өте шықтық. Әсер көңілде сақталып қалды.
Міне, енді есептеп көріңіз, бұдан бері қанша уақыт өтті. Бір ауданда туып, бір топырақта өссек те жазушымен ауызба-ауыз сөйлесіп, әңгімесін тыңдап, ішкі сарайына үңілудің сәті енді түсті.

 

«Жазушы шығармасының арқауын өмірден алады»

– Әдетте оқырманды қаламгердің жазушылық жолды қалай бастағаны қызықтырады…
– Бала кезімде жазушы болам-ау деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бірақ ішкі жан сарайымда жазуға деген бір құштарлықтың барын аңғаратынмын. Оны оятқан аяулы ұстазым – Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ағыбай Қапанов деген кісі еді. Сабақты түсіндіргенде біз елігіп, басқа бір әлемге тап болғандай әсерде отыратынбыз. Содан барып кітаптан кітап қоймай оқитын болдық. Оқыған кітаптардың әсері, әлде өмірден түйген, түйсінген бір оқиғаның сыртқа булығып шығуы ма – білмеймін, университеттің 3 курсында оқып жүргенде «Қонақтар» дейтін алғашқы әңгімемді «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») апардым. Олар «Тым ұзақ екен» деп не жарияламай, не қайтарып бермей, әйтеуір созбақтап жүрді. Бір күні курстас досым: «Сені «Жұлдыз» журналында Зейнолла Серікқалиев іздеп жатыр. Ертең соған жолық», – деп, күтпеген хабар айтты.
Сөйтсем «Лениншіл жастағылар» менің әңгімемді Зейноллаға беріпті. Бұл оны оқып, ұнатып, енді жарыққа шыққалы жатқан «Таңғы шық» атты ұжымдық жастар жинағына кіргізгелі отыр екен. Қуанышымда шек жоқ, жинақ басылып шыққаннан кейін өзімді аяқ астынан жазушы болып кеткендей сезіндім. Бірақ, көңілде күмән бар, сарқылып қалған сияқтымын, жазайын десем ойға ештеңе оралмайды. Тоқырау басталды! Жатпай-тұрмай оқу-іздену, өзіңді іздеу кезеңін бастан өткеруге тура келді. Жазушы болу бір шөмеле шөптің ішінен тебен инені іздегендей ғаламат азапты әрі жауапты жұмыс екенін мен сонда ұғындым.
– Төке, Сіздің оқырмандар бірден жылы қабылдаған «Жат перзент», «Оралу» атты әңгімелеріңіздің, «Әке» деген повесіңіздің өмірдегі прототиптері бар ма?
– Бұл шығармалардың қай-қайсы да бірінші жақпен, өз басымнан өткендей баяндау әдісімен жазылған. Соған қарап кейбір оқырмандар ондағы айтылған жайды өмірде болғандай қабылдайды. Ауылда менің жақсы көретін бір жеңгем бар еді. «Кекілдім» деп еркелететін. Сол «Жат перзентті» оқып, «Енді мұндай нәрсе жазбашы» деп, азар да безер болды. «Жоқ, бұл менің басымда болған оқиға емес» дегеніме мүлде сенбей қойды. Ал «Оралуда» балалық шақтың әсері бар. Адамның балалық шағы ең бір таза, тұнық кезі, соны еске алған сайын жан дүниең түлеп, тазарып, рахат сезімге бөленгендей боласың. «Әке» атты повесімде әкемнің, ауылдастарымның сөз саптауы, іс-қимыл әрекеті молынан пайдаланылған. Повесте әкемнің класқа салдыр-күлдір еткізіп кіріп келіп, мұғалім апайға «Басыңа неге орамал тартпайсың?» деп ұрсуы, маған қарап «Ішіңнің желі бар еді, суық тиіп қалған жоқ па?» деп еміренуі, мені жақсы оқиды деп мақтаған мұғалімге «Қарағым, бізге тіл-көз жақпайды, орташа оқиды деп айта салсайшы, анау пәленшенің үш ұлы бар, соларды жақсы оқиды деп мақтасаң сені біреу тексере ме?» деуі тура өмірден алынған. Қандай жазушы болмасын шығармасының арқауын өмірден алады. Оны ой елегінен өткізіп, типтендіреді, образ жасайды.
«Өлең – менің қосыла алмай қалған ғашығым сияқты…»

– Төлен аға, Сіз бір кезде өлең де жазыпсыз. Қазір қалай?
– Рас, менің тұстастарымның көпшілігі әдебиетке өлеңмен келген. Мен өлеңді әлі де жазам, онда да өзім үшін, өлеңдерімді ешқашан еш жерде жариялаған емеспін. Өлең – менің қосыла алмай қалған ғашығым сияқты…
– Әдебиеттің қоғамдағы рөлі мен қазіргі қоғамдық дамудың барысы жайлы не айтасыз?
– Әдебиет те, өнер де қоғамдық сананың қозғаушы күші. Адамның әсерленуі, күйініп-сүйінуі, ой-санасының тазарып-жетілуі осы өнер мен әдебиет арқылы қалыптасады. Оқымау адамды топастандырады. Кітап деген дүниенің жауһарларын, ғылым мен білімді сықастырып салып қойған қазына қақпасы ғой. Сол қақпа есігін ашып, ішке кіру, оның асыл нәрімен сусындау парыз. Мені қазіргі көпшілік қауымның көркем-әдебиет оқымайтындығы катты ойландырады. Біздің «жаңа» қазақтар қазір жеңіл-желпі оқылатын, адамды ойландырмайтын әдебиеттерге әуес. Бірде мынадай оқиға болды. Үлкен орында жұмыс істейтін белгілі бір азаматпен ұшақта қатар отырып қалдық. Барар жерімізге екі-үш сағат ұшамыз. Сонда ол: «Сендер осындайда ермек қылатын шығарма неге жазбайсыңдар?» – деп маған базын айтты. Өкінішке орай, кейбір ортада көркем әдебиетке деген көзқарас осындай.
Шынайы әдебиет – мәңгіліктің мұрасы. Өйткені, елдерді патшалар арқылы емес, көбіне қаламгерлер мен өнерпаздар арқылы танып, біледі. Мәселен, француздар – Бальзак пен Мопассанмен, немістер – Гете мен Шиллермен әлемге танымал.
Ал енді қазіргі қоғамдық даму процесіне келетін болсақ, Тәуелсіздік бізге Алланың берген сыйы. Соны сақтап қалу өте жауапты әрі шетін мәселе. Соған біз – қоғам дайынбыз ба? Итальян ойшылы Николло Макиавеллидің мынадай сөзі бар: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, Отансүйгіштік пен имандылықтан айырылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда Тәуелсіздікке қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды». Тап осы көрініс біздің басымызда тұр. Жағымпаздық, көнбістік, жемқорлық, мақтаншылдық бізді өзек құрттай жеп жатыр. Қоғам науқас, оны жедел түзеу керек. Әйтпесе жаңағы Николло айтқан кепке тап боламыз. Мұны мен сонау кеңес заманының өзінде-ақ «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» деген повестерімде оқиғаны басқа жаққа, басқа мемлекетке аудара отырып, цензураны адастырып, ащы да ашық айтқанмын. Повесті басуға кейбір журналдар қорықты, кейбіреулері түсінбеді. Ол кезде баспада Шерхан Мұртаза отыр еді. Сәтін салып, сол шығарып берді. Шерағаң менің идеямды түсінді, біле отырып тәуекелге барды. Ол өте батыл, бетті намысына найза байлаған ұлтжанды адам.
Екінші бір қиын мәселе – қазақ тілі. Ұлттық рухы мықты елдерде мұндай проблема жоқ. Оны біз өзімізге өзіміз жасап отырмыз. Мен өзім Елбасына кеңесші, Орталық Комитетте нұсқаушы болып жүрген кезде осы мәселемен тікелей айналыстым. Әзер дегенде мемлекеттік тіл дәрежесін алып бердік. Амал не, әлі нәтиже ойдағыдай емес. Оған ресми үкімет те, өзіміз де кінәліміз. Үкіметтің әлі қазақша тілі шыққан жоқ. Қазіргі қағаз жүзінде келіп жатқан мәліметтердің бәрі көзбояушылық. Бір жолы мынадай масқара жағдайдың куәгері болдым. Үнді еліне мемлекеттік делегацияның құрамында бардым. Олардың басшысы тілін бұрмалап, тіпті қазақша деуге келмейтін болса да терлеп-тепшіп біздің мемлекеттік тілімізде сөйледі. Мына сорды қараңыз, қазақша тәп-тәуір сөйлейтін біздің делегацияның басшысы орысша сөйлей жөнелгенде біз қорланып, намыстанып, жерге кіріп кете жаздадық. Міне, ресми үкіметтің түрі.
Ал, өзіміз дейтін, кейбір қазақ пен қазақ, әке мен бала, ата мен немере өзінің ана тілінде сөйлесе алмайды. Тіпті сөйлеуге талпынбайды. Кім кінәлі? Өзіміз! Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!» деп айтқалы біраз уақыт өтті. Ең болмаса соны орындамаймыз ғой. Оп-оңай жүзеге асатын шаруаны өзіміздің қырсыздығымыздан, намысқа шаппайтындығымыздан созып алдық. Бұл ұят! Мен қазақ халқы барда қазақтың тілі жойылып кетеді деп қорықпаймын. Ерте ме, кеш пе, тіліміз шын мәніндегі мемелекеттік тіл мәртебесіне көтеріледі. Бүгінде латынға көшу қамындамыз ғой. Бұл сол арманға қол жеткізудің бір жолы. Бірақ, жол тым ұзақ болайын деп тұр.
– Төке, Сіздің «Өлара» атты романыңыз сол дәуірдің, сол кездегі Торғай халқының басындағы нәубеті асқан реалистік шеберлікпен көрсете білген кесек туынды. Екіншісін ел тым ұзақ күтіп қалды ғой…
– Осындай кездесулерде «Жұрт романның жалғасын сұрап қалады-ау» деп қылпылдап отырамын. «Өлара» – шығармаларымның ішіндегі өзіме аяулылардың бірі. Екінші кітаптың ұзап кеткені рас. Оған қоғамның ауысуы, көзқарастардың өзгеруі әсер етіп отыр. Дегенмен жазылу үстінде. Әр шығарманың өз «бақыты» болады. Мынау кейінгі жазылған «Парасат майданы» повесі менің шет елдерге дейін танылуыма себепші болды. Өйткені, оның өзегі ғаламдық проблема, адамзатты әрдайым толғандыратын мәңгілік тақырып. Мемлекеттік сыйлықты да, Франц Кафка атындағы Еуропаның алтын медалін де осы шығармам үшін алдым.
Енді жоғарыда айтқанымыздай, қоғамның қазіргі даму жөніндегі ойларымды тұжырымдай кетейін. Қазір бізге этникалық патриотизм керек емес. Біз ол кезеңнен өттік. Енді азаматтық патриотизмге көшу керек. Ұлт, мемлекет деген ұғым тең тұратын деңгейге көтерілуі керек. Ғылымды, білімді, жаңа технологияны меңгеру қажет. Әлемде өркениет деген пойыз ағындап өтіп жатыр. Содан қалмау қазақ баласының мұраты мен мақсаты болса, ойлаған арманға қол жетеді.

Төлен Әбдік – «Әдебиет – ардың ісі» деген ұстанымдағы санаулы жазушылардың бірі. Ол не жазса да, әбден иін қандырып, жеріне жеткізіп, «осы қалай-ау?» дейтіндей күмән қалдырмай, өзінің терең философиясымен оқырмандарды баурап алатын жазушы. Ол адам психологиясын саралауға, өмірде кездесетін сәттілік пен сәтсіздікті, содан туындайтын қайғы мен мұңды майдан қылы суырғандай қапысыз суреттеуге шебер. Ол кешегі даңғаза коммунистік мораль дәуірінің перзенті, тіпті ұзақ жылдар бойы Орталық партия комитетінің аппаратында қызмет атқарды. Сөйте тұра өмірде де, шығармаларында да коммунистік идеяның науқаншыл идеологиясына былғанған жоқ. Қайта әр шығарма сайын мәңгілік пен мәнсіздіктің арасын ашып, пайым мен парасатты жырлап, адам өмірінің сан алуан қатпар қыртысын ашып, оқырман ілтипатына бөленіп келеді.
Жазушының Алматыдағы «Раритет» баспасы шығарған «Парасат майданы» жинағындағы осы аттас повесі бар жоғы 63-ақ бет. Әйтсе де, Төленнің кезінде оқырмандарды сан алуан ойға қалдырған «Оң қол» атты әңгімесі сияқты адам психологиясының қыр-сырын ақтаратын, Жамандық пен Жақсылық, Жалған мен Ақиқат сияқты категориялардың майдандасуын паш ететін күрделі философиялық еңбек. Оны түсіну үшін де біліктілік пен білімділік керек.
Сонымен пендешілік пен періште үмітті шығармасына арқау еткен қара сөздің хас шебері Төлен Әбдік жайлы эссе-диалогымыздың соңын жоғарыда аталған кездесуде жазушы ағасына арнап оқып берген ақын Нағашыбай Мұқатов өлеңінің бір шумағымен аяқтасақ та болатын шығар.
Жалғанда үміт жібі үзілмепті,
Жұмсақ жел жайлап келіп жүзімді өпті.
Бір өзің таудай тұлға болғаннан соң,
Тауларды Торғайымнан кім іздепті…

Серік ШАЙМАН,
«Qazaq» газетінің
Қостанай облысындағы
меншікті тілшісі