ПОСТКЕҢЕСТІК ЕЛДЕРДІҢ БИЛІК БАСЫНДАҒЫ ЖАС САЯСАТКЕРЛЕРІ

20

Жетпіс жыл өмір сүріп, жарты әлемге жар салған посткеңестік елдердің билік басында үнемі коммунистік режимнің қан майданында қайнаған, сол кездегі партияның барлық сатысынан өткен нағыз майталман мамандар отырды. Тіпті, сол тұста ел басқарғандардың басым көпшілігі ХХ-шы ғасырдың басында туған, ашаршылық пен Сталиндік режимді, Екінші дүниежүзілік соғысты да басынан өткерген азаматтар болды. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі, басым көпшілігі билікке келгенде 50-ден асып, 60-ты алқымдағандар еді. Мәселен, Украинаның бірінші хатшысы болған Владимир Щербицкий 1972 жылы билікке келгенде 54 жаста болатын. Және оған дейін бірнеше партиялық қызметте болып, КСРО-ның бүкіл территориясында жұмыс істеген. Ал, ұзақ уақыт Әзербайжанды басқарған Гейдар Әлиев те осы елдің басшысы лауазымына тағайындалғанда біраз жасқа келген еді. Ол да Кеңес Одағының түрлі қызметтерінен ысылып барып, кейін осы елді басқарған-ды. Мұндай жағдай Виктор Гришин, Эдуард Шеварднадзе, Яков Заробян секілді Кеңестік басшылардың біразына тән құбылыс…

Әрине, кезінде бұл азаматтар осы елдердің өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысты. Ең бастысы бұрынғы басшылар өмір көрген, ел басқарғанға дейін биліктің бірнеше сатысын еңсерген азаматтар еді. Алайда, уақыт бір жерде тұрмайды. Бүгінгі жағдай қандай? Қазір сол посткеңестік мемлекеттердің билік басында кімдер отыр? Сол Украина, Армения, Эстония мен Грузияда соңғы жылдары көптеген өзгерістер орын алды. Орынтақтан айырылғысы келмейтін бұрынғы басшылар шет-шетінен биліктен кетіп, орнына шет ел көрген, Еуропа мен АҚШ-тың ЖОО-ларында білім алған білікті жастар келіп жатыр. Олардың саяси карьерасы ұзақ болмаса да, барлық құндылықтар демократияға негізделген елдің жүйесі мен мемлекеттік басқару тәртібін өзгертетіні анық.

ЕУРОИНТЕГРАЦИЯ ЖОЛЫНДАҒЫ 36 ЖАСТАҒЫ ПРЕМЬЕР

Соңғы бес жылда посткеңестік елдердің басым көпшілігінің билік басында үлкен саяси өзгерістер орын алды. Ол бірінші кезекте билікке жас әрі прагматикалық лидерлердің келуімен байланысты. Мәселен, 2003 жылдан бастап дамудың жаңа жолын таңдаған Грузияның премьер-министрі қызметіне биыл небары 36 жастағы Бахтадзе Мамуканың келуі көп нәрсені аңғартса керек. Ол Кеңестік елдердің бұрынғы басшылары секілді партиялық жұмыста ысылып, біраз жыл еңбек етпегенімен, қысқа мерзімде «Грузияның ұлттық теміржол» компаниясын басқарып, қаржы министрі лауазымына дейін көтеріліп үлгерді. Сөйтіп, Мамука үстіміздегі жылдың 20 шілдесінде Грузияның премьер-министрі болып тағайындалды.

1982 жылдың 9 маусымында өмірге келген жас басшы Тбилиси университеті мен Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

Көзі ашық, көкірегі ояу азамат ел премьерлігі лауазымына келе салып, өзінің бірқатар саяси көзқарастарын да айтып үлгерді. Ол Грузияның Еуроинтеграция жолындағы жұмысын қайта жандандыру керек екендігін ашық айтты.

Естеріңізде болса, бұл бағыттағы жұмыстар Грузияның 2004-2013 жылдардағы президенті Михаил Саакашвилидің кезінде қолға алынғанымен, кейіннен біраз уақыт айтылмай қалған болатын. Мамуканың пікірінше Грузияға Ресейден гөрі Батыс тиімді. Сонымен қатар, үкіметте барлық министрлерді тағайындап, құрамын толық жасақтаған Мамука Грузия тарихындағы ең шағын әрі әсерлі үкіметті құрғандығын айтқан. Ол бірінші кезекте Саакашвили салған сара жолмен жүріп, сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарын жалғастырмақшы.

Жаңа үкімет басшысының жұмыс жоспарында елдегі білімге салынатын инвестиция көлемі артатындығы да айтылыпты. Бұл да болашақ үшін өте өзекті мәселе екендігі анық. Кезінде, Саакашвили грузиндерге ағылшын тілін оқыту үшін 2000 мұғалімді Лондоннан алдырған еді. Нәтиже жаман болмады. Қазір грузин халқының шет тілді білуі жоғарғы деңгейде. Ал, Мамуканың да ендігі бағыты осы білім саласын жетілдіру болып отыр.

Әрине, билік басына келгеніне 1,5 айдан енді асқан жас саясаткер туралы көп нәрсені айту қиын. Ең бастысы Мамука үкіметінің алға қойған жоспары көп. Ал, ол қалай жүзеге асатындығы уақыттың еншісінде екені даусыз.

ЖУРНАЛИСТ ҚАЛАЙ ПРЕМЬЕР БОЛДЫ?

Бұрын журналист болған 43 жастағы Никол Пашинян Арменияда билікке қалай келді? Оның бірнеше мәрте Армения парламентінің депутаты болғаны болмаса, бұл елде жас саясаткерге жоғарғы лауазымды қызмет берілмей келген-ді. Алайда, өзінің бірбеткейлігі мен мемлекетшіл көзқарасының арқасында ол Ресейшіл басшы саналып келген Серж Саргсянды биліктен тайдырды.

Жыл басында Армения қалаларында Серж Саргсянға қарсы өткен демонстрациялық шаралар барысында Пашинян көптің сенімінен шыға білді. Олай болмауға да негіз жоқ еді. Себебі, Армения мен Грузияның жағдайы қазір жер мен көктей. Алайда, 2000 жылдардың басында бұл екі елдің жағдайы бірдей болған-ды. Дамудың Еуропалық жолын таңдаған Грузия 10 жылдың ішінде аяғынан тік тұрса, Ресей жолымен келе жатқан Арменияның жағдайы төмендеп бара жатқан болатын. Осындай жағдайларды көріп отырған журналист-саясаткер талай мәрте Арменияның қазіргі саясатын Ресейдің қолшоқпары санаған. Тіпті, Никол Пашинян 2007 жылғы сайлау кезінде сол кездегі президент Роберт Кочарян мен премьер Серж Саргсян билігін де бірнеше мәрте сынаған болатын. Ол сол үшін талай рет істі болып, тіпті, уақытша абақтыға да жабылған еді.

Никол Пашинянның премьер-министр болып сайлануы бірінші кезекте Ресейдің Кавказдағы өзінің сенімді серігінен айрылғандығын білдіреді дейді сарапшылар. Өйткені, Пашинян «Армения Еуразиялық Одаққа өз еркімен емес, Ресейдің мəжбүрлеуімен кірді» деп талай рет айтқан болатын. Сонымен қатар, таулы Қарабақ мəселесінде де ол өзінің алып көршісінің әрекеті дұрыс емес екендігін білдіреді.

Билікке келген Пашинян енді елді Еуропаның деңгейіндегі мықты мемлекетке айналдырамын деп отыр. Оған АҚШ пен Еуроодақ та көмектесуге мүдделі. Тіпті, күні кеше Никол Пашинян Ресейге салынып жатқан санкциялардың дұрыстығын айтып, бұл тұрғыда Арменияның батысты қолдайтындығын айтады. Бұл Ресей үшін буынсыз жерден пышақ ұрғанмен бірдей болды.

Сонымен қатар, Никол Пашинян шілде айында Брюссельде өткен НАТО-ның саммитіне қатысып, онда Эммануэль Макрон, Тереза Мэй секілді саясаткерлермен кездесті. Ондағы негізгі тақырыптың бірі – болашақта Армения мен Еуроодақ елдері арасында визасыз жүріп-тұру тәртібін енгізу мәселесі болды. Бұл өз кезегінде Армения халқы үлкен қуанышпен қабылдаған шешімнің бірі болғандығы даусыз.

Пашинян алдағы уақытта Еуроодақ елдерімен еркін сауда айналымына байланысты да бірқатар келісімге келетіндігін айтып отыр. Бірақ, ол әзірге жоспарлы түрде жүзеге асатын жағдай. Бастысы билікке келе салып Пашинян алдына қойған негізгі мақсат елдегі жемқорлықты жою болып отыр. Ол «Бірінші міндет – жемқорлықпен күрес» деп өзінің алғашқы саяси мәлімдемесінде де айтқан болатын.

ГРОЙСМАН ЖОЛЫ КӨПКЕ ҮЛГІ

Небары 24 жасында Винница қалалық мәслихатының депутаты болған Владимир Гройсман арада 10 жыл өткенде Украина секілді үлкен мемлекеттің 16-шы премьер-министрі болып тағайындалды.

Әрине, «Жас келсе іске» демекші, өзінің басқа да әріптестеріне қарағанда Гройсманның саяси мансабы аса бай. Ол 80 пайыз халықтың дауысын жинап, Украинадағы облыс орталығының әкімі болған жалғыз саясаткер. Ол өзі кезінде депутат болып сайланған Винница қаласының мэрі қызметін ақтарды. Осы тұста қаланың жолын жөндеп, инфрақұрылымын түгендеген Владимир көпшіліктің қолдауына ие болды. Оның мұндай жұмыстарды атқаруына шет елден алған несиелердің де көмегі тиді. Мәселен, Гройсман қала әкімі болып тұрғанда Швейцария елінен меморандум арқылы 116 троллейбус алдырып, ел игілігіне берді. Қала халқының алғысына ие болған Гройсман осы тұста елдің саяси сахнасында жүрген беделді азаматтардың көзіне түсе бастады. Себебі, 2013 жылғы статистика бойынша Винница қаласы Украинадағы өмір сүруге қолайлы қалалар ішінде 1-ші орын алған болатын.

Иә, жұмысты жақсы жүргізетін жастар қашан да елге керек. 2014 жылы сол кездегі ел премьері Арсений Яценюктің шақыруымен Гройсман Украинаның бірінші вице-премьері атанды. Бұл енді 36 жастағы Гройсман үшін үлкен сын болатын. Оның үстіне сол тұста Украинадағы жағдай да белгілі еді. Елдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі әскери қақтығыстар, әлсіреген ел экономикасы…

Осындай қайнаған тірлікпен қатар, бұрынғы кеңестік стильден арылып, Украинадағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаңарту мәселесі де Гройсманға тапсырылды. Нәтиже жаман болған жоқ. Вице-премьер Польшаның мемлекеттік басқару жүйесін таңдап, елде электронды үкімет пен өзге де заманауи жүйелерді құрды. Тіпті, Украина жеріне құлаған Малайзиялық Бойнг ұшағын зерттеу комиссиясының жетекшісі де болды.

Міне, жас вице-премьер Украина жеріндегі осындай күрделі мәселелерді оңтайлы шешуде көзге түсті. Нәтижесінде, көп күттірмей ол 2016 жылы Украина тарихындағы ең жас премьер-министр атанды.

Гройсман премьер-министр бола салып, осы орында бұрын отырған өзінің ескі әріптесі Юлия Тимошенконы қатаң сыңға алды. Ол тіпті, Юлия Тимошенконы «Украина коррупциясының шешесі» деп те атаған болатын.

Дегенмен, Гройсман үкіметіне көптеген жүктің артылғандығы белгілі. Ол бірінші кезекте Донбастағы көмір тасымалы мәселесін шешу болатын. Бұл бағыттағы келіссөздер әлі толығымен аяқталған жоқ. Ал, былтыр Гройсман атақты американдық миллиардер Илон Маскпен келіссөздер жүргізіп жатқандығын айтқан еді. Ол арқылы Илон Масктың компаниясы болашақта Украина жерінде әскери-ғарыштық жұмыстарды жүзеге асырмақшы.

Міне, АҚШ пен Еуропа елдері бүгінгі таңда бұрынғы посткеңестік елдердің бірқатарымен жаңа байланыс орнатуда. Осының барлығы жас саясаткерлердің билікке келуімен байланысты.

ЭСТОНИЯ ПРЕМЬЕРІНІҢ ТАЛАБЫ КҮШТІ

2016 жылы Эстония премьер-министрі болып тағайындалған 40 жастағы Юри Ратастың небары 27 жасында осы елдің астанасы Таллин қаласының мэрі болып сайланғанын бірі біліп, бірі білмес. Әрине, тарихта 27 жасында ел басқарған азаматтар да бар. Бірақ, олардың көбісі авторитарлық режимді елдерде болды. Демек, көбісі билікті әскери төңкеріс жасап басып алды немесе монархиялық жолмен таққа отырғандар. Ал, бұрын Кеңес Одағының құрамында болса да, кейін дамудың даңғыл жолын таңдап алған Еуропалық ел – Эстония үшін мұндай жағдайда билікке келу қиын.

Жас саясаткер Юри Ратастың осы елдің премьер-министрі болып тағайындалуының өзі Эстонияның Еуроинтеграция жолындағы ұстанған бағытын одан ары дамытатындығын аңтартады. Өйткені, Юри Ратас өзінің жастығына қарамастан осы уақытқа дейін бірқатар Еуропалық басшылармен кездесіп үлгерді. Олармен келіссөздер де жүргізді. Ал, НАТО саммиті аясында жас саясаткердің АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі оның саясаттағы ролін одан ары күшейтті десе болады.

Эстония қазір ішке жалпы өнімінің 2 пайызын қорғаныс саласына жұмсайды. Алайда, шағын ғана мемлекет кімнен қорғанбақшы? Әрине, бұл тұрғыда Ратас өзінің сыртқы жауы Ресей екенін бірден айтқан. Ол сол үшін өз жерінде НАТО-ның әскери базасына орын беруге де мүдделі болып отыр. Алайда, Ресейдің тура қасында тұрып, ол ел мен оның басшысы туралы түрлі пікірлер айта алатындай Ратастың артында кім тұр дейсіз ғой. Ол, әрине, әр кездесу сайын Ратасқа күш беріп отырған Еуроодақ елдері екендігі даусыз. Міне, бір кездері алып империяның құрамында болған жекелеген елдерде қазір өткенді мойындамайтын осындай жастар өсіп келеді.

Юри Ратастың жеке басына келсек, ол тегіннен тегін премьер-министр болып отырған жоқ. Бір емес, бірнеше университетті үздік бітіріп, әлемнің бес тілінде сөйлей алады. Ол – өз ана тілінен басқа орыс, фин, ағылшын және португал тілдері.

Тобықтай түйін: Міне, бұрынғы бауырлас елдердің бүгінгі саяси ұстанымдары осындай. Ол бірінші кезекте сол елдің билік басына кімдер келіп жатқандығымен байланысты. Бұл нені көрсетеді? Бір кездері дүниені дүр сілкіндірген одақтың құрамдас бөлігі болған осы елдер енді өздерінше өмір сүргісі келеді. Олар өздерінің осындай саяси ұстанымдары арқылы ешкімнің ықпалында болмай, дамудың жаңа моделін таңдағысы келеді. Ал, бұл жүйе бүгін біз мысалға келтірген төрт мемлекетте де қазір ойдағыдай жүзеге асып отыр деп айтуға болады. Олай дейтініміз, қазір посткеңестік елдер үшін дамудың екі-ақ жолы ғана бар. Ол – Ресей жолы мен Еуроинтеграция. Ресей жолын таңдаушылар бітпейтін санкция мен инфляциядан зардап шегіп отырса, Еуроодаққа бет бұрған елдерде инфляция атымен жоқ. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.

Айбол ҚАРАШЕВ, «Qazaq» газеті