ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ ТАҚҚАН «OTAN» САҒАТТАРЫ

12

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

«Otan» сағат жасау компаниясы

Кәсіпкер: Арман Тосқанбаев

Сағат түрлері: «Otan», «Алланың 99 есімі»,

«Ақ алтын», «Қара алтын»,

«Тәуелсіздікке 25 жыл», «Президент»,

«Kazakhstan classic edition», «Отан патриоты»,

«Kazakhstan black edition», «Қазақ аруы»

Бағасы (жеткізу тегін):

Эксклюзивті қол сағаты – 1 000 000 – 5 000 000 теңге

Ерлер қол сағаты – 25 000 – 165 000 теңге

Әйелдер қол сағаты – 10 000 – 165 000 теңге

Кепілдік мерзімі: 1 – 5 жыл

Мекенжайы:

Алматы қаласы, Тимирязев к-сі, 17

Байланыс телефондары:

+7 700 777 11 55, +7 (727) 350 61 29

Ресми сайт: www.otanwatches.kz

Кәсіп бастау, кәсіпкердің табысты болуы оның жасына байланысты емес. Бастысы – мақсат пен жігер, сенім мен төзім болса болғаны. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті Қазақстанның мақтанышына айналған «Otan» компаниясына, оның 27 жастағы басшысы Арман Тосқанбаевтың кәсіпкерлік жолына тоқталады.

 

АЛҒАШҚЫ МИЛЛИОНЫН 17 ЖАСЫНДА ТАПҚАН КӘСІПКЕР

 «Otan» брендімен бірінші қазақстандық сағат компаниясының негізін қалаған Жас кәсіпкерлер қауымдастығының жетекшісі Арман Тосқанбаев 1991 жылдың 23 қазанында Қарағанды қаласында қарапайым отбасында дүниеге келді. 2010 жылы Ресей Федерациясындағы Томск мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түседі. Дегенмен, университетті екінші курста тастап кетеді.

Арман Айдосұлы 15 жасынан бастап еңбекке араласады. Айталық, болашақ табысты кәсіпкер оқушы кезінен компьютерлік техниканы жөндеп ақша таба бастайды. 2008 жылы банкрот болып жарияланған «Валют-Транзит Банкінің» қолданылған техникаларын сатып алып, оларды үстеме бағамен қайта сатады. Осылайша, бала күнінен саудаға жақын болған Арман Тосқанбаев өз қатарластарынан оқ бойы оза шауып, 17 жасында алғашқы миллионын табады.

«Кішкентай кезімнен жақсы өмір сүруге, жақсы киінуге, жақсы тамақтануға талпынысым басым болды. Себебі, қарапайым отбасында өстім. Әкем – күзетші, анам – аспаз-тын. Жоқшылықты да көргенімізді жасырған емеспін. 4-сынып оқып жүргенде темір-терсек өткізіп, азын-аулақ ақша таба бастадым», – деп өткен күндерден естелік айтты Арман Тосқанбаев.

Кәсіпкердің еңбек кітапшасында «Комбинат связи» компаниясында жүйелік әкімші, техникалық директор, «Шон-Би» компаниясында директордың міндетін атқарушы қызметтерінде болғаны жазылған.

2014 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Гидропонды қондырғылардың өндірісі» жобасына 3 млн теңгелік грантты жеңіп алады да, өзінің алғашқы компаниясының негізін қалайды.

2015 жылы Айбек Есеновпен серіктес болып, «Otan» брендімен бірінші қазақстандық сағаттарды шығаратын «United Business Group» компаниясын құрады. Отандық сағаттардың алғашқы топтамасы 500 данамен сатылымға шықты. Дегенмен, Қазақстанда бұйымды толық межелі тестілеу мен тексерудің жоқтығынан, сағаттарды Еуропа мен АҚШ-тың зауыттарында жасау шешімі қабылданады.

Кәсіпкердің айтуынша, бұйымның бірегейлігі – сағатта бейнеленген Қазақстан Республикасының Елтаңбасында ғана емес, олардың екі деңгейлі циферблаттың техникасы бойынша жасалуында екен. Бірінші – көгілдір фон, ал екіншісі – Елтаңбаның орналасуы. Бұл компанияның сағаттарына төменде арнайы тоқталамыз.

Арман Тосқанбаев 2016 жылдың желтоқсан айында «Президент» үлгісіндегі сағатты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына тағып, Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай осындай сыйлық жасады.

Кәсіпкер бизнесін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған «Идеядан бизнеске» оқыту бағдарламасын әзірледі. Ол бағдарлама бойынша бір жылдың ішінде 600-ден астам жастар оқытудан өтті. Олардың 150-і өздерінің жеке бизнестерін бастады.

Иә, бірінші бизнесін мектеп қабырғасында жүргенде бастаған бала Арманның армандары алдамапты. Бүгінде өз кәсібін дөңгелеткен табысты кәсіпкер.

«OTAN» САҒАТТАРЫ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МӨРІ

«Otan» компаниясының сағаттары тәуелсіздіктен бері мүлде қолданылмаған Елтаңбамызды басты назарға алған. Сонымен, «Otan» компаниясы – сағаттар және бизнес-аксессуарлар шығарумен айналысады. Компания барлық жинақ бөліктерін жоғары сапалы және көп жылдық тәжірибесі бар еуропалық пен жапониялық сағаттық мануфактуралардан алады. Соның нәтижесінде отандық сапалы өнімдерді еліміздің әр аймағына тегін жеткізіп отырған жас әрі жаңашыл компанияның бағдары анық, мақсаты айқын.

«Otan»  компаниясының сағаттары аз уақыттың ішінде брендке айналды. Өз өнімдерін Қазақстанға ғана емес, көптеген шетелдерге танытып, сапалық, тауарлық құндылығын дәлелдеу үстінде.

Сағаттар тікелей функциясын мінсіз орындайды. Яғни, сағаттың уақытты нұсқайтын тілдері сағаттан сағатқа, жылдан жылға ауысу функциялары арқылы жүзеге асып, уақытты еш қатесіз көрсетеді.

«Otan» сағаттар жасау компаниясы кез келген түрдегі символды (өзіндік жазу, логотип және т.б.) қол немесе үстел сағаттарын жасай алады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл компания – Қазақстандағы жұмыстың қиындығына қынжылмайтын және өнім жасауда түс бояғыштар жағынан таршылық көрмейтін алғашқы компания.

Осы уақытқа дейін алыс-жақын шетелдерге өнімін таныстырып үлгерген компанияға «ҚазМұнайГаз», ҚР Қорғаныс министрлігі, «Rixos», «НОМАД Life» және басқа да ірі мекемелер сенім артады. Компанияға мұндай беделді тұтынушылардың сенім білдіруі – өнімдерінің сапалы екенін айғақтаса керек.

Сонымен қатар, отандық өнімді әлемнің кез келген жеріне жеткізу мүмкіндігі де қарастырылыпты. Яғни, өнімдерін тасымалдау мақсатында компания әлемдегі барлық елге жеткізуді ұйымдастыратын ірі халықаралық ТЭК-пен бірлесіп жұмыс істеуде.

Осындай мүмкіндіктерге ие болып отырған «Otan» компаниясының иесі – жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев. Кейіпкеріміздің жасының кішілігіне қарамастан, ірі армандарға, алып мақсаттарға қол созғаны қуантады. Жоғарыда айтқанымыздай, ол Қазақстандағы жас кәсіпкерлер қауымдастығының директоры. Кәсіпті мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бастап кеткен. Алғашқы табысы – 1 млн теңге болған жас кәсіпкердің айтары көп. Өзі жүріп өткен жолындағы қиындықтарды жеңуді үйренген кейіпкеріміз үшін өмірдің әр күні – сәттілік!

Кейіпкеріміз әлеуметтік желіде белсенді екенін және онда өзінің кәсібіне қызығушылық танытып, сұрақтар қоятын қолданушылардың саны көп екенін айтады.

Арман Тосқанбаев – инвесторлардың қаржыландыруынсыз, ешқандай қолдау көрмей-ақ, қиындықтар мен кедергілерге толы қиын жағдайлардан өтіп, табысқа жеткен қайсар кәсіпкер.

Әрқашан өз тәжірибесімен бөліскісі келетін жас кәсіпкердің басты мақсаты – өзгелерге де кәсіп жолында күш сыйлап, серпіліс беру!

КӘСІП БАСТАУДАҒЫ ҮШ ҚАТЕЛІК

Кейіпкеріміз Жас кәсіпкерлер қауымдастығында жұмыс істегендіктен кәсіпті енді ғана бастаған кәсіпкерлерде қандай қателіктер туындайтынын жақсы біледі.

«№1 қателік: Менің өнімім бәріне қажет немесе менің өнімім ешкімге қажет емес.

Сауалнама немесе тест өткізбейінше, сіз бұны біле алмайсыз. Стартап бастамас бұрын өзіңіз алда не болатынын болжамаңыз. Одан да өзгелерден сұраңыз. Қазір көмектесетін құралдар жеткілікті, мысалы, әлеуметтік желілер арқылы өз жақындарыңыздың ақылына жүгінуіңізге болады. Мәселен, мен отандық сағат өндіруді жоспарлауды бастаған бетте  Facebook парақшасына жазып, сызбамның жобасын көрсеттім, идеямды айттым. Ал 10 минут ішінде нақты кеңестер, тіпті сын-пікірлер келді.

№2 қателік: Стартап бастамас бұрын – әбден ойланып алу қажет.

Ережеге сәйкес, идея мен оны іске асыру арасы жер мен көктей. Өз ойыңызды бірнеше сағат ішінде жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасауға бел бумасаңыз, құлдыраушылық минут сайын өседі. Кәдімгі геометриялық прогрессиядағыдай. Әр ойыңыз нақты әрекетпен бекітілуі керек. Жастармен ұзақ жұмыс істеу барысында олардың басты қателіктері – қазір істейтін жұмысын ертеңге қалдыру екеніне көзім жетті.

Кәсіпкерлер – өз уақытының қожайындары, олар шапшаң қимылдап қалмаса, ойлағанын іске асырып үлгермейді, сондықтан үнемі тез басылады. Драйв толқынын сезген бетте істеп тастау керек. Үнемі жаттығудың арқасында мен ойлау мен әрекетке дейінгі осы арақашықтықты жоқ етуді үйрендім. Қазір менің барлық идеяларым қолдан қолға тимей іске асуда. Осындай тәсіл сериялы кәсіпкер болып шығуға  көмектеседі.

№ 3 қателік: Мен әлі мұндай деңгейге жететін жағдайда емеспін.

Көп коммерсанттар ұсақ саудагер болып қалады. Өйткені, олар тым тар ойлайды және олар бірнеше миллиондық айналымдар, халықаралық нарыққа шығу, амбициялық кәсіп туралы елестете де алмайды. Мен гидропондық құрылғылармен және сағат өндірумен айналысуды бастаған кезде  осы мәселенің қыр-сырын білмедім. Мен бұл мүмкін емес екенін, ақша таба алмайтынымды ойламадым десем, ешкім сене қоймас. Басымдағы қажеті жоқ ойларды тастап, кәдімгідей нақты әрекет жасауға көштім. Менде «Егер біреу істей алса, оған менің де шамам келеді» деген бір-ақ ой болды», – дейді бизнес бастаудағы басты үш қателікті айтқан кәсіпкер.

Арман Тосқанбаев құрған «Otan» компаниясы ұжымы бүгінде бірлесіп еңбек ету нәтижесінде өнімді әрі табысты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жас кәсіпкер өзі жасақтаған команданың бірлігіне дән риза. Бастапқыда команда құру – жұмыстың ең кішкентай бөлігі саналғанымен, құрған команданы ұстап қалу, оларды қайта-қайта ынталандыру қиын шаруа екен.

Кейіпкеріміз жас та болса өрелі, төзімді әрі көреген азамат. Оны кәсіп жолына жетелеген де осы ерек қасиеттері болса керек.

«Мен жоқшылықты түбімен көрдім, сондықтан оған қайтып барғым келмейтінін түсінемін. Әркім жарысты әртүрлі бастайды: біреулер жоғарыдан, біреулер төменнен, бірақ жолыңды төменнен бастау қызықтырақ», – деп ағынан жарылды кәсіпкер.

Шындығында да, кез келген биікке шығу үшін алдымен төмендегі белестерді бағындыру керек емес пе? Өзіне жолыққан сынның бәріне төтеп берген кейіпкеріміз алдағы жылдарын да жетістікке толы етпек ниетте.

САПАЛЫ САҒАТ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?

Кейіпкеріміздің кәсіп әлеміне келуі де бөлек әңгіме екенін жоғарыда айттық. Оның кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніне 8 жылдан асыпты. Арман Тосқанбаевтың қазіргі таңда іске қосылған 4 компаниясы бар. Біз тақырыпқа тұздық еткен «Otan» компаниясы кейіпкеріміздің армандарының бір бөлшегі.

Осыған дейін Елтаңба бейнесі бедерленген сағаттың 1 200-ден аса данасы сатылыпты. Сағаттардың бағасы қымбат болғанымен, сапасы сын көтереді. Жапониялық және швейцариялық бөлшектерден құрастырылған сағаттар қазір де әлеуметтік жарнама арқылы өте танымал болды.

Кәсіпкердің айтуынша, шетелден тапсырыс беріп алатын қазақ азаматтарының саны көп. Кейіпкеріміз сағаттарға сұраныс өте жақсы екенін, «Отан патриоты», «Сарыарқа аруы», «Президент» және «Алланың 99 есімі» деген сағат топтамаларының алдыңғы санаттағы өнімдер екендігін ашып айтты. Компания қазір жаңа топтама шығаруға дайындық үстінде.

Ресей, Еуропа, Дания және аукцион арқылы Швейцариядан келетін құрамдас бөлшектер арқылы сапалы сағаттар жасалады. «Президент» сағаты «Amir Watches» және «Miami Watches» компаниясымен бірігіп, Американың Майами қаласында жасалыпты. Енді болашақта Қазақстанда толық циклды кәсіпорынды ашуды жоспарлап отырған кейіпкеріміз осы бағытта жоспарлы түрде жұмыс істеп жатқандығын жасырған жоқ.

Сағаттарды сататын дүкендер жайлы сұрағанымызда жас кәсіпкер: «Қазір интернет өте жақсы дамыған. Біздің сағаттарды үйде отырып-ақ сатып алуға болады. Екі күннің ішінде Қазақстанның кез келген аймағына жеткізіп береміз. Қазір жаңа заман. Жаңа технология дамып жатыр, тек соны қажеттілікке жарата білу керек. Ал бутиктер ашып, оны жалдау және оған сатушы алу – мұның бәрі шығын. Әрі бұл өнімнің бағасына да әсер етеді. Сондықтан тиімді жолды таңдаған жөн», – деді.

Айтпақшы, «Otan» компаниясының сағаттарын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің, Мейрамбек Беспаев, Айбек Жансейітов (Бүркіт), Қайрат Нұртас, Алтынай Жорабаева, Айгүл Мүкей сынды өнерпаздардың да қолынан көруге болады.

Арман Тосқанбаев «Otan» компаниясын аяққа тұрғызуға кеткен қаржыны жасырын сақтауды жөн санайды. «Егер аз ғана ақшаны айналдырып, оны көбейте алсаңыз, сіз жақсы кәсіпкер боласыз», – деген ұстанымдағы кәсіпкер бір компаниядан түскен табысты екінші компанияны ашуға жұмсағанына қарағанда еңбек өнімді әрі табысты болып жатқан сыңайлы.

Кәсіпкердің екінші компаниясы − «Жаңа жасыл технологиялар» деп аталады. Мал шаруашылығына жем дайындайтын құрал-жабдықтарды жасайтын компания Қазақстанда инновациялық технология болып саналатын жаңа бағытта жұмыс істейді. Бұл технологияны Арман университетте оқып жүргенінде ізденіп, үйрене бастапты. Бизнес идеяға алдымен зерттеу жүргізіп, алдымен өзі қаржы салып, арнайы құрал-жабдық жасап шығарыпты. Оны кейін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына ұсынған кейіпкеріміз мемлекеттен қолдау ретінде 3 млн теңге алған екен. Бірақ, бұл қаржы бизнес ашу үшін өте аз әрі инновациялық бизнеске мүлде жеткіліксіз болып, қаржының бәрі құрал жабдықтар алуға кетіпті. «Жаңа жасыл технология» компаниясында бес адам жұмыс істейді. Бұл зауыт емес, шағын кәсіпкерлік. Кәсіпкердің барлық компаниясында 25 қызметкер бар екен.

Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда орта және шағын бизнесті қолдауға үнемі қаражат бөліп отырады. Ал Ресейдің тәжірибесін қарайтын болсақ, олар көбіне үлкен бизнеске көп көңіл бөледі. Орта және шағын бизнеске қолдау жоқ. Сондықтан біздің мемлекетіміз бұған дұрыс ден қойып отыр. Ал кейіпкеріміз бұған қатысты: «Кейде маған «Қалай бизнес ашсам екен?» деп жазады. Алайда менде оған айта салатын бизнестің қандай да бір формуласы жоқ қой. Кәсіп бастаған кезде алдымен іздену керек. Мемлекеттік көмек алу керек болса, «Дамуға» немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барыңыз. Іздену керек. Ешқашан жеңіл ақшаны тосып, уақыт жоғалтуға болмайды. Егер ойланатын болса, кішігірім ақшадан бәрін бастауға болады. Ешуақытта тегін грант күтіп жатпау керек», – дейді.

«Бизнес үшін серіктес міндетті түрде қажет» деп есептейтін Арман Тосқанбаев «өзім ғана жүргізе аламын» деген қате пікірден аулақ болуға үндейді. «Серіктесіңіз де өз саласының маманы болуы қажет. Оның кәсібилігіне мән беру өте маңызды. Осы жағдайда ғана жұмыс бірдей жүзеге асып, бизнес дамиды», – дейді кәсіпкер.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Жастығына қарамастан ірілі-ұсақты төртке тарта компанияны басқарып отырған Арман Тосқанбаев көптеген жастарға бизнестің қыр-сырын  үйретіп келеді. Олардың ішінде бизнестегі жолдарын адаспай тауып, табысты еңбек етіп жатқандардың қатары аз емес. Осы тақырыпта еңбектер де жазды. Әрдайым өзгелерге күш-қуат, көңіл-күй сыйлап, қанаттандырып, алға ұмтылуына ықпал етіп жүретін жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев ел атын әлемге танытқан ерлер санатында.

Әлия ІҢКӘРБЕК, “Qazaq” газеті