ПРЕЗИДЕНТ БОЛҒАН ӘКЕ МЕН БАЛА

14

Посткеңестік кеңістіктегі бірден-бір мұсылман елі – Әзербайжан Республикасы. Тәуелсіздік алғанына 27 жыл болған бұл мемлекетті ширек ғасырдан бері Әлиевтер әулеті басқарып келеді. Ал, 1993 жылы Әзербайжан билігіне Әлиевтер әулеті қалай келді? Әлиевтер тұсында қойнауы мұнайға толы елде не өзгерді? Әке мен бала билігі ел экономикасын өсірді ме, әлде өшірді ме? Әзербайжан мен армян халықтары қалай ата жауға айналды? Міне, ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтардың жауабын іздейді.

КАВКАЗ АЙМАҒЫНДАҒЫ ХАЛҚЫ ДА, ЖЕРІ ДЕ КӨП ІРІ ЕЛ

Кавказ – Қара және Каспий теңіздері аралығында орналасқан Азиядағы тарихи-географиялық аймақ. Мұнда Кеңес Одағының құрамында болған үш тәуелсіз ел орналасқан. Осы Әзербайжан, Грузия және Арменияның жері де, халқы да аз болғанымен (үш елдің жер көлемі Қостанай облысына да жетпейді), Кавказ аймағының әлемдік қауымдастықта өз орны бар. Өйткені, Кавказ арқылы шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғастыратын аса маңызды көлік жолдары өтеді. Сол себепті бұл аймақты «Еуразияның басты жол қиылысы» деп те атайды. Мұнда Ресей мен Орта Азия елдерінің, Иран мен Түркияның экономикалық және саяси мүдделері тоғысады. Бұл – бір. Екіншіден, үш елдің де көршілерімен шешілмеген жер даулары бар.

66 аудан мен 11 республикалық маңызы бар қалаға, 1 автономиялық республикаға (Нахчыван) бөлінетін Әзербайжанның жер көлемі – 86 600 шаршы шақырым, халық саны – 9,5 млн. Осы екі көрсеткіш бойынша да Әзербайжан – Кавказдағы ең ірі ел саналады.

Көршілеріне қарағанда Әзербайжанның қойнауы мұнай мен газға толы. Елде 7,0 млрд баррель мұнай, 1,3 трлн текше метр газ қоры бар. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде 20, 24-ші орындарды алады. Мәселен, Грузияда бар болғаны 168 млн тонна мұнай қоры болса, Армения жерінен мұнайдың бір тамшысын да таппайсыз. Ал, Грузия мен Арменияда «көгілдір отынның» иісі де шықпайды. Демек, «қара алтын» мен «көгілдір отынның» арқасында Әзербайжанның Грузия мен Арменияға қарағанда әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндігі зор.

Рас, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Әзербайжанның жақсы өмір сүруі елдің мұнай, газ, тұз және шарап өндірісімен тікелей байланысты. Мәселен, ел экономикасына тартылған 11 миллиардтан астам доллар бірінші кезекте мұнай өндіретін шетелдік инвесторлардан түскен пайда болса, өткен жылы елдің қазынасына шарап өндірісінен 3,5 млн доллар кіріс түсіпті. Тіпті, кезінде Әзербайжан мұнайы Нобель сыйлығының 12 пайыз шығынын жауып отырғаны жөнінде де дерек бар. Яғни, ХІХ ғасырда ел мұнайын өндірумен атақты швед Альфред Нобельдің (1833-1896) өзі де айналысыпты. Бүгінде Баку қаласында Нобель атындағы көшенің болуы да осыған байланысты болса керек. Яғни, Әзербайжанның «мұнай ұңғымасының отаны» деп аталуы да тегін емес. Мұнда теңіз үстіне орнатылған мұнай бұрғылау кешенінің көптігі жөнінен кезінде Гиннесстің рекордтар кітабына да енген екен.

Жерінің 60 пайызын таулар алып жатқан Әзербайжан – мұсылман дінінің шейіт өкілдері көп тұратын әлемдегі Ираннан кейінгі екінші мемлекет. Ел халқының 85 пайызын шейіттер құрайды.

ӘЗЕРБАЙЖАН МЕН АРМЕНИЯ АТА ЖАУҒА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Әзербайжан туралы сөз қозғалғанда мұнай-газдан бұрын алдымен Таулы Қарабақ қақтығысы ойға оралады. Өйткені, отыздан жылдан бері бұл жер дауы Әзербайжанның «бас ауруына» айналды. Оның үстіне Таулы Қарабақтың саяси мәртебесі әлі шешілмей келеді. Әзербайжанның қарауынан шығып кеткен даулы аймақ 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялап, Таулы Қарабақ Республикасын құрды. Әрине, Таулы Қарабақ тәуелсіз ел ретінде өзінше отау тігіп отырмайтыны белгілі. Түпкі мақсаты – алдымен Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін әлемге мойындатқызып, кейін Арменияға қосылу. Ереванның да ұстанған саяси ұстанымы осы. Ал, Таулы Қарабақ – әлемдік қауымдастық үшін Әзербайжанның бөлінбес бөлшегі. Дегенмен, әлемде мойындалмаған республиканың (дұрысы, Ереванның) Бакуге берілетін түрі байқалмайды. Екі тарап та отыздан жылдан бері жан алысып, жан берісіп жатыр.

Таулы Қарабақ қанды қырғын ошағына, ал әзербайжан мен армян халқы ата жауға қалай айналды? Енді осы сұраққа қысқаша жауап іздеп көрелік.

Таулы Қарабақ аймағында әзербайжан мен армяндар бiрнеше ғасыр бойы бiрге өмiр сүрді. 1988 жылы Таулы Қарабақ автономды аймағы Әзербайжан КСР-ның құрамынан шығып, Армян КСР-ның құрамына кiру жөнiнде өтiнiш жасады. Әуелден бөлiнуге басты себеп – екi халықтың ұстанатын әртүрлi дiнiнде, Әзербайжанға бағынатын аймақта 75 пайыздан астам армяндардың тұратынында болды. Бұған тіл, діл мәселесі қосылды. Уақыт өте келе бұл мәселелер ұлтаралық араздыққа әкеп соқтырды. Бұрыннан тамыр жайған Таулы Қарабақ мәселесiн Мәскеу шеше алмаған күйi Кеңес Одағы ыдырап кеттi. Таулы Қарабақ аймағындағы халықтың төрттен бiрiн құраған әзербайжандар қудаланды. Өз кезегiнде Әзербайжанда өмiр сүрген жүз мыңдаған армян ұлтының өкiлдерi де Арменияға қашты. Армян күштерi Таулы Қарабақ аймағымен ғана шектелмей, оған жапсарлас жатқан Әзербайжан ауылдарын да басып алды. Сөйтiп, 1988-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған қарасты жеті ауданынан айырылды.

Таулы Қарабақтағы 1991-1994 жылдар аралығындағы екiжақты әскери iс-қимылдан 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994 жылы Бiшкекте (Қырғыз Республикасы) Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, оған қарамастан Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. Сондықтан, Таулы Қарабақта ауық-ауық әзербайжан және армян күштерiнiң арасында қақтығыстар орын алып тұрады.

Айта кетейік, КСРО-ның шаңырағы шайқалған өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысынан бастап бұрын алып империя құрамында өмір сүрген  одақтас республикаларда ұлттық оқшаулану құбылыстары белең алды. Осылайша, 1988 жылы Әзербайжанның құрамынан Таулы Қарабақ, 1990 жылы Молдовадан Днестр бойы аймағы, 1990 жылы Грузия құрамынан Абхаз автономиялық облысы мен Оңтүстік Осетия автономиялық облысы бөлініп шығатынын мәлімдеп, қанды қақтығыстар орын алды.

ҮЛКЕН ӘЛИЕВ ҚАЛАЙ БИЛІККЕ КЕЛДІ?

1918 жылдың 22 сәуір – 26 мамыр аралығында, яғни бар болғаны 34 күн Ресей империясының құрамындағы Кавказ халықтарының басы қосылған Кавказ Демократиялық Федеративтік Республикасының өмір сүргені тарихтан белгілі. Сол 34 күн өмір сүрген елдің таратылуына байланысты 1918 жылдың 28 мамырында Әзербайжан демократиялық республикасы құрылды. Осылайша, Әзербайжан алғашқы демократиялық мұсылман елі ретінде тарихта қалды. 1920-1991 жылдары Әзербайжан Кеңестік Социалистік Республикасы ретінде Мәскеуге бағынды. Ұзақ жылдар қаншама елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген алып империя (КСРО) құлағаннан кейін 1991 жылы 14 кеңестік республикамен бірге Әзербайжан да өзінің тәуелсіздігін жариялады.

Тәуелсіз Әзербайжанның тұңғыш президенті Аяз Муталибов болды. 1991 жылғы 8 қыркүйектегі президенттік сайлауда сайлаушылардың 98,5 пайыз дауысын жинаған Аяз Ниязи оглы жеңіске жетті. Бір атап өтерлігі, бұл сайлауда одан басқа президенттікке үміткерлер болған жоқ. Дегенмен, жоғарыда арнайы тоқталған Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ қақтығысы тұңғыш президенттің өнімді жұмыс жасауына мұрша берген жоқ, сегіз айдан кейін отставкаға кетті.

Аяз Муталибовтан кейін президенттік «таққа» Якуб Мамедов, Иса Гамбар, Абульфаз Эльчибей отырды. Осы үшеуінің де президенттік мансабы ұзаққа созылған жоқ. Бірі әскери төңкерістен жеңілді, екіншісі өз еркімен кетті, үшіншісі азаматтық соғыстың басталып кету қаупі төнгендіктен биліктен бас тартты.

Иә, Якуб Джавад оглы 2 ай, Иса Юнис оглы 1 ай, Абульфаз Гадиргули оглы 1 жыл президент болды. Яғни, бір жылда Әзербайжанда 4 президент ауысты.

1993 жылы 3 қазанда өткен президенттік сайлауда 98,8 пайыз дауыспен жеңіске жеткен Гейдар Әлиев (1923-2003) билік басына келді. Осылайша, Әзербайжанда Әлиевтер әулетінің дәуірі басталды.

Гейдар Әлиев бұрынғы КСРО-ның жоғарғы билік эшелонында қызмет еткен саяси салмағы басым саясаткер еді. 13 жыл бойы (1969-1982) Әзербайжан Кеңестік Социалистік Республикасын басқарды. Сондықтан Армения мен Әзербайжанның арасындағы Таулы Қарабақ соғысының кезінде әзербайжандар Гейдар Алирза оглыдай тіс қаққан саясаткерге ел тізгінін сеніп тапсырды. Осылайша, Гейдар Әлиев Әзербайжандағы қиын кезеңде екінші рет ел басқаруға келді.

Тоқсаныншы жылдардың басында бұл елде мұнайға талас мақсатындағы түрлі қылмыстық топтардың дәурені жүріп тұрған еді. Бұған Таулы Қарабақ қақтығысын қосыңыз. Гейдар Әлиев Ресейдің кепілдік болуымен бұл мәселені бейбіт жолмен реттеуге тырысты. Мұндай жағдайлар халық тарапынан да қолдау тапты.

Әзербайжанның әл-ауқатын арттыру үшін үлкен Әлиев билікке келе салып елге үлкен инвестиция тартумен айналысты. Ол 1994 жылы атақты «Ғасыр келісімі» деп аталған инвест форумын өткізді. Онда 400-ден астам шетелдік компаниялармен Әзербайжан мұнайы мен газын бірлесіп өндіру бойынша келісім жасалды. Ол келісімде Гейдар Әлиев 80 пайыз табыс Әзербайжанда қалса, 20 пайызды инвесторларға берді. Бұрын талан-таражға түсіп келген елдің табиғи байлығы ендігі жерде ел экономикасын арттыруға пайдаланыла бастады. Бұл Әзербайжан жерінде мұнай кеніштерін одан ары іздеп, жаңа қорлардың барлануына түрткі болды. 2000-жылдардың басында Әзербайжан көршілері Армения мен Грузияға қарағанда жағдайды жақсы елге айналып шыға келді.

Гейдар Әлиев Әзербайжанды 10 жыл басқарды. Алайда, үлкен Әлиев ел басқарған жылдарды Батыс елдері «Авторитарлық режимнің Кавказдағы анық көрінісі болды» деп есептейді. Оның тағы бір көрнісі – Гейдар Әлиевтің 80 жасқа дейін билікте отырып, президенттік билікті өз баласына өткізіп кетуімен байланысты еді. Осының арқасында Гейдар Әлиев ел басқарған тұстағы кейбір өткір мәселелер кейін көп айтыла бермеді. Әйтпесе, үлкен Әлиев тұсында Әзербайжандағы саяси өзге де топ басшыларына қысым көрсетіліп, олардың темір торға тоғытылғандығы жөнінде кейін оппозиция өкілдері талай айтты.

Оппозиция өкілдері қанша қарсылық көрсетсе де, Гейдар Әлиев өмірден өткеннен кейін Әзербайжанда президенттің есімін көшелерге, аймақтар мен қалаларға беру сәнге айналды. Бүгінде Әзербайжанда Гейдар Әлиевтің өміріне байланысты 60 ұлттық музей жұмыс істейді. Баку халықаралық әжежайы мен мешіттер де Гейдардың атында. Яғни, үлкен Әлиев кіші Әлиевті өз орнына қойып кетуінде де үлкен саясат жатқан секілді.

КІШІ ӘЛИЕВ ӘКЕСІНІҢ ОРНЫНА ҚАЛАЙ ОТЫРДЫ?

Гейдар Әлиевтің бір ұл және бір қызы бар. Алайда, бұл азаматтың билік сатысының жоғарғы жағына шығуына, мықты дипломат және саясаткер ретінде қалыптасуына оның әйелі Зарифа Әлиеваның да (1923-1985) көмегі көп тиді. Өйткені, Гейдар Әлиев 1948 жылы Дағыстан автономиялық республикасының президенті Әзиз Әлиевтің қызын алды. КСРО-да абыройлы азаматтың бірі болған оның қайын атасы да күйеу баласына көзі түзу болғандығы жасырын емес.

Гейдар Әлиевтің үлкен қызы Севиль Әлиева саясатқа араласпаса да, жалғыз ұлы Ильхам әкесінің жолын қуып, ізін жалғастырды.

Ильхам Әлиев 1985 жылы Мәскеудегі халықаралық қатынастар институтын бітіріп, алғашында ұстаздық жолмен айналысты. Ал, 1991 жылдан бастап бизнеске бет бұрды. Біраз жыл шетелде болып, кейін Әзербайжанға оралды. Әкесі президент болып сайланғаннан кейін баласы Әзербайжан ұлттық мұнай компаниясын басқарды. Кіші Әлиев кезінде үлкен Әлиев қабылдаған «Мұнай стратегиясы» бағдарламасының іске асырушысы атанды. Ол көптеген шетелдік концерндермен келісім-шарт негізінде жұмыс істеді. Алайда, 2000-шы жылдардың басында ол бизнесмен болып жүріп, болашақта президент бола алмайтындығын жақсы түсінді. Сөйтіп, сол жылы Әзербайжан парламентіне еш кедергісіз депутат болып сайланды. Тіпті, 2003 жылы Ильхам Әлиев Әзербайжан Республикасының премьер-министрі атанды. Әрине, президенттің баласына бәрі жарасады. Бұл жағдайды көріп-біліп отырған жұртшылық билікке қарсы шыға алмады. Себебі, авторитарлық режимдегі елдерде ол мүмкін емес еді. Әйтпесе, сол кезде Әзербайжанда президенттік орынтаққа лайықты саяси салмағы үлкен саясаткерлердің болғаны белгілі. Дегенмен, олар «елде төңкеріс ұйымдастырмақшы болды» деген желеумен тұтқындалды.

Сонымен, 42 жасында Ильхам Әлиев қалай президент болды?

2003 жылы 21 сәуірде бір салтанатты мәжілісте Гейдар Әлиевтің денсаулығы сыр береді. Он минуттан кейін президент мінбеге қайта шығып, өз сөзін жалғастырады. Дегенмен, сөзін аяқтай алмайды, жерге талып құлайды. Ұзақ уақыт Түркияда ем қабылдайды. Сол тұста елде президенттік сайлау науқаны басталады. Үміткерлердің арасында президенттің жалғыз ұлы Ильхам Әлиев те бар еді. Сол жылы 2 қазанда АҚШ-тың ауруханасында қатты ауырып жатқан Гейдар Әлиев телеарна арқылы халыққа үндеу жолдайды. Үндеуінде жалғыз ұлын өзінің заңды мұрагері санап, халықтан оның кандидатурасын қолдап дауыс берулерін өтінеді. Президенттің айтқаны айдай келді. Кіші Әлиев 2003 жылы 9 қазанда өткен президенттік сайлауда сайлаушылардың 84,6 пайыз дауысын иеленіп, әкесінің орнына отырды. Ұлының президенттік «таққа» отырғанын өз көзімен көріп үлгерген үлкен Әлиев сол жылы 12 желтоқсанда АҚШ-тағы ауруханалардың бірінде көз жұмды. Осылайша, үлкен Әлиевтің ізін ала Әзербайжанда кіші Әлиевтің шексіз билік құру дәуірі жалғасты.

Ильхам Әлиев президент бола салып, өзінің әкесімен бірге істеген үкіметтегі өзіне бағынбауы мүмкін деген азаматтардың барлығының көзін құртты. Қорқытты, көнбегендерін құрдымға кетірді. Сөйтіп, кіші Әлиев билікте тек өзіне ғана бағынысты, өзінің дегенімен жүретін серіктестерін жинады.

Әрине, әкесі секілді сан түрлі саяси қызметтер атқармаған кіші Әлиевтің билікке келуі көп сыналды. Ол бірінші кезекте мемлекеттік қызметтегі тәжірибенің аздығы/жоқтығы болатын. Бірақ, қазір Ильхам Әлиевтің ел басқарған кезеңін «Әзербайжан Республикасының тұрақты түрде даму кезеңі» деп айтып жүр. Елде көптеген әлеуметтік бағдарламалар қабылданды. Жастар мәселесі шешілді. Халықтың тұрмыс жағдайы да жақсарып келеді. Бакуде көптеген ірі жобалар жүзеге асып, әлемдік деңгейдегі құрылыстар пайда болды. Тіпті, Баку қаласын таныту үшін түрлі роликтер дайындалып, дүниежүзілік спорт турнирлері де жиі ұйымдастырылады. Алайда, бұл күніне 1 млн баррель мұнай өндіретін бай мемлекет үшін солай болуы да заңдылық шығар. Әзербайжан экономикасының 40 пайызын мұнайдан түсетін табыс құрайды.

Ильхам Әлиев ел басқарғалы 4 рет президент сайлауы өтіп, оның төртеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Алайда, бұл сайлауды шетелдік сарапшылар ешқашан «демократиялық тұрғыда өтті» деп есептемейді.

Елдегі оппозициялық топ өкілдері Әлиевтер әулетін «Әзербайжан мұнайын оңды-солды пайдаланып отыр» деп айыптап, елдегі жемқорлық жағдайын жиі айтады. Бірақ, одан өзгеріп жатқан ештеңе жоқ.

Әлиевтер әулетінің Әзербайжандағы билігі екі Әлиевпен бітпейтін түрі бар. Өйткені, әке жолын қуған Ильхам Әлиев өзінің 1997 жылы туған ұлы кіші Гейдарды заңды мұрагері санайды.

Биліктен басы айналып жүрген кіші Әлиев былтыр әйелі Мехрибанды бірінші вице-президент қызметіне тағайындады. Бұл әлемді таң қалдырған жаңалық болды. Алайда, одан Әзербайжан басшылығы еш қысылған жоқ. Керісінше, елде Мехрибанның жетістігін бүкіл Әзербайжан әйелдеріне үлгі ретінде көрсетіледі. Негізі, Мехрибанды бірінші вице-президент етіп тағайындау болашақта кішкентай Гейдарды президент етумен байланысты еді. Өйткені, 2016 жылы елде өткен референдум арқасында Әзербайжанда президенттік лауазым 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. «Егерде президентке қандай да бір жағдай болса, елді бұрынғыдай премьер-министр емес, вице-президент басқарады» деп конституцияға өзгеріс енгізілді. Яғни, олардың баласы кішкентай Гейдар өскенше Мехрибан Әлиеваның елді басқаруға мүмкіндігі пайда болды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: 1993 жылы Әзербайжан билігіне Әлиевтер әулеті келді. Басында Гейдар Әлиев президент болды, сосын билікке оның ұлы Ильхам отырды. 2016 жылы 26 қыркүйекте өткен референдумда конституцияға енгізілген өзгерістер билікті Ильхам Әлиевтің баласы Гейдарға тапсыруына жол ашты. Міне, оппозиция өкілдері айқайлап жатқан авторитарлық режим Әзербайжанда осылай көрініс тапты. Әрине, ХХІ ғасырда Еуразияның қақ ортасында тұрған елдің монархиялық жүйеге бір табан жақындай түскені ойландырады.

Айбол ҚАРАШЕВПЕН, “Qazaq” газеті