«ПӘТЕР ІЗДЕП ЖҮР ЕДІК…» НЕМЕСЕ БІР АПТАДА ҚАЛАЙ БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА БОЛАДЫ?

12
[ File # csp2871160, License # 2360003 ] Licensed through http://www.canstockphoto.com in accordance with the End User License Agreement (http://www.canstockphoto.com/legal.php) (c) Can Stock Photo Inc. / AlexKalina

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп кесіп айту бекер. Дегенмен, елімізде баспанасыз жүргендер өте көп. Бұған халықтың жаппай қалаға көшуінің де белгілі бір дәрежеде әсері бар. Сондықтан, мемлекет тұрғын үйге қатысты мәселелерді шешу жолында бағытты бағдарламаларды қолға алды.

 

ҚР Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев Үкіметке «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, бүгінде осы бағдарламаның аясында халықтың қолайлы өмір сүруіне бар мүмкіндіктер жасалынуда. Алғашында, аталған бағдарламада елдің әрбір азаматына 10 сотық жер бөлу туралы мәселе қозғалып, мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысы мемлекеттің инженерлік инфрақұрылымы тартылған жер телімдерімен қамтамасыз етуіне тікелей байланысты екендігін баса айтқан болатын.

Ал енді, 2017 жылдан бастап Қазақстанның ипотекалық компаниясы (ҚИК) халыққа 17 пайызбен берілетін екінші деңгейдегі банктердің ипотекасын 7 жыл ішінде 7 пайызбен субсидиялайтын болады. Осылайша, қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 10 пайызды құрайды. Бұл баспаналы болғысы келетіндерге таптырмас мүмкіндік әрі артықшылықтары да жоқ емес. Жеңілдетілген ипотека алушы алған адам Қазақстанның кез-келген қаласынан тұрғын үй сатып алуына болады және әп сәтте жаңадан салынған, дайын үйдің иесі болып шыға келесіз. Ипотека алу да мүлде қиындық тудырмайды.  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10%-бен жеңілдетілген ипотека ұсынушы Қазақстанның ипотекалық компаниясы.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ипотека алудың қандай ерекшелігі болуы мүмкін? Ипотека пайызының бір бөлігін мемлекет төлейді. Яғни, сіз осы елдің азаматы ретінде баспаналы болуға хақылысыз және мемлекет сізге көмек қолын созады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сай, үкімет пайыздық үстемесі 16 пайыздан аспайтын банктердің ипотекасын субсидиялайды. Демек, мемлекет 16 пайыздың 6 пайызын өз мойнына алады. Осылайша, азаматтар қарыздың тек 10 пайызын ғана төлейді. Бірақ, бұл көмек 10 жылға ғана беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасына 10 жыл бойы  мемлекет жыл сайын 10 млрд теңге бөліп, бағдарламаны қаржыландырып отырады.

Ипотеканы қай банктен аламын? Заңды бұл сұрақтың жауабы да оңай. Бүгінгі таңда «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ елдегі 33 банкпен келіссөз жасап жатыр.  2017 жылғы республикалық бюджетте екінші деңгейдегі банктердің 125 млрд. теңге ипотекасын субсидиялауға мүмкіндік беретін 10 млрд. теңге қаражат көзделген. Бүгінге дейін бағдарламаға қатысуға «АТФ Банк», «BankRBK», «ЦентрКредит банкі»  мен «Сбербанк» қатысатынын растады. Яғни, еліміздегі екінші дәрежелі банктерден ипотека алуыңызға болады. Ал өтініштер мамырдың 20-нан бастап қабылдана бастады.

Қазақстан ипотекалық компаниясын басқарушы Әділ  Мұхамеджанов   мемлекет    тарапынан   берілетін  арнайы субсидияға қол жеткізудің еш қиындығы жоқ екенін айтты. Барлық қазақстандықтар осы бағдарламаға қатыса алады. Ол үшін ипотека алған банкке барып осы бағдарламаға қатысу туралы өтініш қалдырып, қарыз алушы өзінің және отбасы мүшелерінің куәлігін, неке туралы немесе некенің бұзылғаны туралы куәлік,  кәмелетке толмаған бала болса, олардың туу туралы куәлігін,  жұмыс орнынан соңғы бір жылдағы еңбекақысы туралы анықтамасын, еңбек келісімшарты немесе еңбек кітапшасының көшірмесін өткізеді. Банк осы құжаттарды  3-7 күн қарайды. Олар мақұлдаса, құжаттар Қазақстанның ипотекалық компаниясына жөнелтіліп, компания үш күн мерзімінде субсидия беру-бермеу туралы шешім қабылдайды. Құжаттар қабылданып, субсидия беруге еш қарсылық болмаған жағдайда, қарыз алушы мен банк арасында байланыс орнап, олар өзара келісім-шарт жасасады.

Келісім-шарт  екі бөлікке бөлінген: қарыз алушының кестесі және «ҚИК» кестесі. Бұл келісім өз күшіне енуі үшін үш тараптан да бірауыздан мақұлданып  қарыз алушы азамат, банк және Қазақстанның ипотекалық компаниясы қол қоюы міндетті.

Қазақстанның ипотекалық компаниясы ипотека алушыға субсидия беруі үшін:

– ипотека уақыты 15 жылға дейін болуы керек;

– қарыз алушының есепшотында үй құнының 30 пайызы болуы керек;

– бұл үй қарыз алушының  алғашқы үйі болуы керек;

– Алматы мен Астанада үй құны 20 млн теңгеге дейін;

– басқа өңірлерде 15 млн теңгеге дейін болуы керек.

Тұрғын үй құрылысы бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы талқыланып жатқан үкімет отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев: «Бұл бағдарлама ай сайынғы төлемдері орта есеппен 30 пайызға төмендетеді. 10 мыңнан аса қарыз алушы екінші деңгейдегі банктер арқылы жеңілдетілген ипотека ала алады», – деді. Әрі «Бәйтерек» холдингі «Нұрлы жер» бағдарламасының 4 бағытына белсенді қатысатынын да айтқан болатын.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген ипотека алушы ескеретін тұстар:

– қарызды алу/қызмет көрсету мен келісімшарт түзу кезінде комиссия мен алымдар алынбайды;

– пәтер банктің кепілдігінде қала береді;

– субсидия тек жаңадан салынған үйлерге ғана беріледі;

– бағдарлама тек пәтерлерге ғана қатысты, жер үйлерге қатысты емес.

Қолжетімді ипотекалық қарыздарды беру жолымен халықтың сұранысын ынталандыру бағыты бойынша түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі арқылы қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге екінші деңгейдегі банктерді тарту жоспарланған «Нұрлы жер» жеңілдетілген ипотекасын алушы қарызды мерзімінен бұрын өтеген жағдайда ешқандай комиссия алынбайды. Несие беруге келіскен банктердің шартында несие клиенттің төлем жасау қабілеттілігіне ешбір шек келтірмейді. Яғни, қарыз төлеушінің жас ерекшелігі маңызды емес. Онымен қоса, қарыз беру туралы өтінім кезінде және қарыз ақша берілген кезде банк комиссия ұстамайды. Осы секілді көптеген жеңілдіктер жасау арқылы  мемлекет азаматтардың баспаналы болуына жол ашып отыр.

«Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес» десек те, кең сарайдай баспананың иесі болу әркімнің арманы. «Нұрлы жер»  бағдарламасының негізінде бұл арман – орындалатын арманға айналды. Алып қалалардың бұрыш-бұрышын кезіп, өзіне қолайлы қоныс іздеп, бар тапқанын баспанаға жұмсап жан бағатындардан: «Пәтер іздеп жүр едік…» – деген  сөзді есту әр қазақтың жанына бататын тікенге айналды. Олай болса, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болудың қамына кіріскен жөн.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті