РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒИН: ҚАЗАҚТЫҢ МОЦАРТЫ

32

Ең алғашқы шығармасын 12 жасында жазып, танымал болған Рахат-би Төлегенұлы Әбдісағин 1999 жылдың 2 ақпанында  Алматыда дүниеге келген.

Ерекше дарын иесі 13 жасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті атанып, 17 жасында Қазақ Ұлттық Өнер университетінің магистратурасына түсіп, өнертану ғылымдары магистрлік диссертациясын ерекше қорғап, «композиция» мамандығы бойынша 18 жасында магистр дипломын алды.

Симфониялық оркестрге және камералық ансамбльдерге арналған 100-ден аса туындылардың авторы 2013 жылы Ялтада өткен А.Спендиаров атындағы композиторлардың халықаралық конкурсының жеңімпазы, Іnternatіonal Councіl for Tradіtіonal Musіc, Іmpuls (Грац қ., Австрия), KlangZeіtMuenster (Мюнстер қ., Германия), ІSA (Мюрццушлаг қ., Австрия) академияларының тұрақты қатысушысы, «Шабыт» халықаралық фестивалінің бас жүлдегері (2014), Қазақстан Президентінің «Ең дарынды өнерпаз» кубогының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар  сыйлығының лауреаты (2016).

Оның музыкалық шығармалары Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Мюнстер, Сеул, Анкара, Стамбұл, Мәскеу, Рогашка-Слатина, Кьоджа, Бергамо, Грац, Мюрццушлаг, Аркей, Аликанте, Теулада-Морайра, Астана және Алматының әлемдік концерттік сахналарында кеңінен орындалуда. Шығармаларының партитуралары (ноталар) «Композитор» (Мәскеу қ., Ресей) және «Verlag Neue Musіk Berlіn» (Берлин қ., Германия) сынды баспа үйлерінде жарық көрді.

Өзінің соло концерттерімен қатар, әлемнің бірнеше тілінде еркін сөйлейтін Рахат-би Төлегенұлы қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілдерінде классикалық музыканың әлемдік дамуы жайлы лекция-концерттер де беріп тұрады.

Айрықша дарынымен бала күнінен ел аузына ілінген Рахат-би Әбдісағиннің есімі бұл күні шет елдерге де кеңінен танылған. Музыканың құдіретіне бас иген Париж жұртшылығы бір кезде Әміренің әніне таңдай қаққан болса, арада ғасырлар өткенде шынашақтай ұл Рахат-биді мойындады.

Итальяндықтардың да тәкаппарлық танытып, кез-келген музыканы да, музыкантты да мойындай бермейтіні бар. Сол тәкаппарлардың өзі атақты Амангелді Сембинді мойындап қол соқса, арада жылдар өткенде Рахат-бидің өнеріне тәнті болды. Тынымсыз еңбекті қажет ететін музыкаға Рахат-бидің жанкешті еңбегі қосылып, саусағынан саз төгілген дарын иесі кесек шығар-малар жазып, қазақ өнеріне ғана емес, әлемдік музыкаға өз үлесін қосты.

Рахат-бидің ерекше құбылыс екенін әлемнің ең үздік музыка мамандары, музыка зерттеушілері мен сыншылары мойындап, оның өнеріне бас иді. Бекзат өнерді бағындырған талантты ұлға ең жоғары баға берді. Өйткені, мұндай ерекшелік әлемдік музыкада кездескен емес. Кездессе де, сирек кездесетін құбылыс деп баға берді әлемдік өнер шеберлері.

Бүгінде талантты жас Рахат-бидің шығармаларын әлемнің ең беделді танымал музыканттары орындап жүр. Жүректен шығып, жүректерге жетіп жататын қазақ композиторының шығармаларын аса сүйіспеншілікпен орындайтын музыканың майталмандары әрбір кездесулерде талантты жастың музыкаға байланысты ойлы да өзекті пікірлеріне құлақ түріп, ризашылықтарын білдіріп жатады.

Оңтүстік Иллинойс университетінің (АҚШ) «Dіscography» дүниежүзілік қорының жинағына Қазақстаннан тек Рахат-би Әбдісағиннің  туындылары ғана еніп отыр. Мұның өзі талантымен әлемді мойындатып отырған Рахат-бидің өнеріне берілген тағы да бір үлкен баға деуге болады.

Айтулы қорда әлем классиктері Бах, Гайдн, Моцарттан бастап, қазіргі заманғы классиктердің туындылары сақтаулы. Рахат-Бидің алғашқы жазған шығармалары «Петроглиф», «Фантазия Мураками», «Свет сквозь туман», «Свет в конце туннеля», «Rondіne pіangente», «Aport pour Satіe», «Games of not parallel lіnes», «Feelіng of Autumn», «Fantaqsіa quasі una sonata» – өзіндік тақырыбы, қайталана бермейтін иірімдерімен, оның ішкі жан сезімін білдіретін сезім пернелерімен ерекшеленсе, бертіндегі жазған шығармаларынан оның ауқымдылығы, орындалу ерекшелігі, музыканың қыры мен сырын меңгергендігі байқалады.

Рахат-би әлемнің ең ірі концерт залдарында өзінің жеке шығармашылық концерттерін берді. Әлемдік деңгейдегі танымал музыканттардың қатысуымен өтетін концерттерге де шақыртулар жиі келіп жатады. Мәселен, Рахат-би Австрияда өткен ІSА 25-і халықаралық мерейтойлық жазғы академияның қатысушысы әрі стипендиаты атанды. Сол жолы Рахат-бидің флейтаға арналған «Feelіng of Autumn» шығармасы орындалды.

«Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-би Әбдісағиннің емтиханды сәтті тапсырып, Римдегі Санта-Чечилия Ұлттық академиясына оқуға түскені таяуда белгілі болды.

Айта кетейік, жас дарын иесі алдымен Италиядағы оқу орнына өз еңбектерін жіберген. Оқу орны келіп түскен өтінімдердің ішінен 14 жанды іріктеп алған. Олардың 13-і италиялықтар болса, біреуі біздің Рахат-би болған.

«Әрине, бақыттымын! Жаңа белеске дайын екенімді сезіп тұрмын. Мен үшін ең бастысы – Санта-Чечилия академиясының оқуға қабылдап, маған сенім артқаны. Бұл – көктен берілген сый! Қазақстан нағыз тәуелсіз елге айналды және біздің жастарымыз әлемнің ең үздік университеттеріне оқуға түсе алады», – деп атап өтті Рахат-би Әбдісағин.