РИМДІ БАҒЫНДЫРҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ

55

Негізі 1880 жылы қаланған, яғни  137 жылдық бай тарихы бар әлемге әйгілі Рим опера театры «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 33 жастағы Сүндет Байғожинмен келісімшартқа отырды. Осылайша қазақтың танымал опера әншісі шарттары қатаң іріктеуден өтіп, Еуропаның ең атақты театрларының біріндегі тұңғыш қазақстандық солист атанды.

«Астана Опера»   театрының   баспасөз  қызметінің таратқан мәліметіне сенсек, тыңдау кезеңіне түрлі елден көптеген талантты баритон-әншілер қатысқан. Ақтық сынға жеңіске үмітті үздік бестік өткен. Нәтижесінде, екі жылдық келісімшарт қазақстандық опера әншісі Сүндет Байғожинге ұсынылды. Қатаң комиссия құрамына Рим опера театрының шығармашылық басшылығы мен әйгілі опера әншілері мен ұстаздар енген.

Әділқазы мүшесі, танымал баритон Доменико Колаянни атап өткендей, Сүндет Байғожиннің шеберлігі аты аңызға айналған миландық Ла Скала әншілерінен еш кем емес.

Керемет вокалдық мүмкіндігін көрсеткен Сүндет Байғожин В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан граф Альмавива ариясын, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигаро ариясын, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегин ариясын орындаған екен.

«Мен өз елімнің патриотымын. Театрымды жақсы көремін және болашақтағы барлық жетістіктерімді Отанымның игілігіне арнасам  деймін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға үлесімді қосу мен үшін аса маңызды. Президенттің жолдауында қазақстандық өнерді әлемдік мәдени кеңістікте танымал ету, дәріптеу қажеттігі айтылған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіремін, сонымен қатар, әріптестерім мен театр басшылығына көрсеткен қолдауы, артқан сенімі және отандық әрі шетелдік сахнада жарқын қойылымдар мен концерттік бағдарламаларда өнер көрсету мүмкіндігін бергені үшін зор алғысымды айтамын», – деп ағынан жарылды опера әншісі.

Сүндет Байғожин алдағы екі жылда Италия астанасында қыруар еңбек пен жұмыстың күтіп тұрғанын атап өтті.

«Өзімді жақсы жағымнан көрсетуім қажет. Осынау баға жетпес тәжірибе шығармашылық өсуім үшін аса маңызды кезең. Болашақта классикалық өнер сүйер қауымды жаңа партиялармен, спектакльдермен қуантуға үміттенемін. Атақты баритон Ермек Серкебаевтың арманы Еуропаның үздік сахналарында Қазақстан мәдениетін асқақтату болған еді. Пір тұтқан тұлғамның арманын іске асыруды қалаймын, себебі қазақстандық опера өнері барша әлемге танылуға әбден лайықты», – деді сөз соңында әнші.

РЕДАКЦИЯДАН: 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті алдағы №45 (892) санында көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы Сүндет Байғожиннің жеке өміріне, атап айтқанда, жапон балеринасы Серина Сунагавамен қалай отау құрып, неліктен ажырасқанына және қазіргі махаббатына кеңінен тоқталатын болады. Ендеше, Римді бағындырған опера әншісінің жеке өмірін білгіңіз келсе, газеттің 17 қарашадағы санын жіберіп алмаңыз!..