РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

381

Елбасы  Н.Ә.Назарбаев  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді.

«Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», – деп ел келешегіне үміт артады.

«Рухани жаңғыру» – мемлекеттің барлық салалаларының сапалық тұрғыдан жаңарып-өзгеруіне негіз болуға тиіс идеялық тұғырнама. Жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына түскен Қазақстан ширек ғасырдың ішінде бүкіл әлемге қуатты, ілгері дамыған, ынтымағы мен бірлігі жарасып, ырысы артқан мемлекет ретінде танылды. Оны бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды. Ұлттық сананы жаңғыртқанда өзіміздің, қазақстандық дербес даму үлгісін қалыптастыруымыз қажет екендігін Елбасы атап өтті. Бұл – қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен дінімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту.

Бүгінгі Қазақстанның кезекті жаңғыруы – еліміздің ілгері басып, дамуы деп білеміз. Біздің еліміз неғұрлым дамыған елдер қатарына қарай батыл ұмтылуда. Жаңғырту жолдарына басымдық берген бұл мәлімдеменің мәні мен маңызы Қазақстан халқы үшін аса маңызды. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің үздік 50 елдің қатарында, алайда алдымызда үздік отыздыққа ілігу мақсаты тұр. Сондықтан біздер, қазақстандықтар, білім деңгейімізді, құқықтық және қаржылық сауаттылығымызды жоғарылатып, жан-жақты дамуымыз қажет.

«Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз. Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін», – деп атап өтті Н.Назарбаев.

Қазақстандықтардың алдында бұған дейін ешқашан қоғамдық сананы жаңғырту міндеті қойылмаған болатын. Дәл осы бағыт еліміздегі барлық ықтимал қайта түрлендірулердің өзегі болып табылады, ал оның қозғаушы күштері – алты жоба.

Олардың біріншісі – қазақ тілінің латын графикасына біртіндеп ауысуы. Жоба тілді дамытуға жаңа серпін беруге және оны әлемдік кеңістікке ықпалдастыруға, азаматтарды тілді үйренуге ынталандырып, қызығушылықтарын оятуға бағытталған.

Екінші жоба – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Оның мақсаты – қазақстандық студенттерге әлемнің ең үздік оқулықтарын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік беру.

Үшіншісі – «Туған жер» жобасы, оны жүзеге асыру, біріншіден, адамның өзі туып-өскен жерімен байланысын нығайту. Екіншіден, елімізде қайырымдылық мәдениетін жетілдіру және жауапты әлеуметтік іс-қимылдар арқылы мемлекеттік қолдау көрсету шараларын дамыту. Үшіншіден, ғылыми-білім беру және инфрақұрылымдық қолдауды қамтамасыз ету – тарихты, географияны, туған өлке нысандарын зерттеу және оның көркейтілуі. Жалпы алғанда, бұл маңызды өлкетану жұмыстары басталғанын білдіреді.

Төртінші жоба – «Қазақстанның сакралды географиясы». Мұндағы жұмыс мәдени ескерткішке, символдық, сакралдық және мәдени-тарихи заттарға байланысты болады. Бұдан өзге, аталған жобаның нысандары туризм индустриясын дамыту орындарына айналады.

Бүгінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениетінің үздік туындыларымен әлемдік қауымтастықты таныстыру үшін жағдайлар жасалып жатыр. Бұл отандық зиялы қауым өкілдеріне үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы еліміздің әр түкпірінен, түрлі жастағы адамдардың, сан алуан ұлт өкілдерінің арасынан отандастарына үлгі болатын, табысқа жеткен адамдардың тарихынан тұрады. Аталған жүз және одан да көп жаңа есім заманауи Қазақстанның келбеті мен бейнесіне айналады.

Рухани жаңғыру аясында жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршамызға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.

Міне, сондықтан да, «Рухани жаңғыру» біздің тарих толқынындағы ұстанымымыз бен басты бағдарымыз болуы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тарихымыз, мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Рухани жаңару арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз жақын болашақта еліміз біртұтас ұлт ретінде өркениет көшінің алдыңғы қатарына қосылатынына сенімдіміз.

Қорыта келе, Елбасының биылғы Жолдауы – Қазақстан үшін жаңғырудың Үшінші кезеңіне көшу арқылы жаһандық технологиялық бәсекелестікке ұмтылуға негізделеді. Ұлттың осындай міндеттерді орындауға әзірлігін пысықтайды. Елбасы сөзімен айтсақ, Үшінші жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ.

Алмагүл  ҚАЖЫМҰРАТ,

«Бейбітшілік және келісім музейінің»

Экспозициялық-көрме қызметінің басшысы, Астана қаласы