РУХЫ МЫҚТЫ ҚАЗАҚ

89

АУЫЛДА ТҰРСА ДА, ЕЛГЕ КЕҢІНЕН ТАНЫЛДЫ

Бұл рухы мықты, қайсар ағамызды өзім біраз уақыттан бері сырттай мақтан тұтамын. Оның шығармашылығына бір кісідей қанықтым. Қостанай облысының қазағы қалың Амангелді ауданындағы Қарасу ауылында тұратын Айтбай Мұздаханов нағыз ер азаматқа тән қасиетті бойына жинаған тұлға.

Бұлай дейтін себебім, ол сонау бір жылдары, яғни 1977 жылы 36 жасында өндірістік жарақаттан бір қолын кесуге тура келсе де, еш мойымады. Жанындағы жанашыр кісілердің қолдауын көрді. Жақсылық пен ізгілікті, жарқын күндерді тек қана алдан күтті. Араға 9 жыл салған соң табанды азамат кесілген қолына кәдімгі сымды жалғап, қазақтың қасиетті қара домбырасын біржола қолға алды.

Оның тіршілікте ұшырасқан ауыртпалықтарға төзуіне өзі иесі болып табылатын тұтас шаңырақ пен ұрпақтары үлкен күш-жігер берді. Оның аяулы қызы Анар да бұл күндері жарқын дарынын ел мойындаған қарындастарымыздың бірі. Ол да әке жолын қуып, нағыз талантты күйшілердің қатарына қосылды. Қазіргі таңда Елордамыз Астанадағы қалалық академиялық филармониясының белді домбырашысы.

Осы еліміздің бас қаласында олардың үлкен сахнаға шығып, халықтың алдында күй тартқан сәттерін де көріп, еріксіз таңданған едік. Сол шақта Қарасу секілді шалғайдағы ауылда тұрса да қиындыққа мойымаған адамның осындай биік деңгейге көтерілгендігіне тәнті болмаған талғампаз көрермен қалмаған шығар-ау.

Әңгімемізге арқау болған ағамыз бірде «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуына да арнайы шақырылды. Осы бағдарламаны жүргізуші ініміз әрі әріптесіміз Бейсен Құранбек оған қаншама сауалдар қойды.

Өзі біраз жасқа келсе де едәуір жас көрінетін қайратты тұлға  басынан өткізген жайларға тоқталып, қаншама жастарға тағылым болар ойларын ортаға салды. Осы кезде, шіркін, барлық басына қиындық түскен қандастарымыз тіршіліктегі сәтсіздіктерге тауы шағылмаса, мұқалмаса екен деген ойда қалдық.

Айтбай секілді ағаларымызды ардақ тұтып, олардың бойларындағы өшпес өнерден қалай өнеге алсақ та жарасады. Осы қасиетті Амангелді ауданында кіндік қаны тамған, Батпаққараның қара баласы деп өнерін барша қауым бағалайтын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Композиторлар одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдин әрдайым бізбен кездескен сайын Айтбай ағасының нағыз қазақтың ақылгөй, данагөй абыз ақсақалы екендігін ерекше бір толғаныс әрі тебіреніспен баяндайды.

МҰҚАЛМАС ТҰЛҒА

Оқырманды ол кісінің өскен ортасы, өнерге келу жолдары да қызықтыруы әбден мүмкін. Сол себептен де оның өткен ғұмырына да қысқаша тоқталғанды өзіме парыз санаймын.

Ардақты жан 1941 жылы 15 мамырда жоғарыда тілге тиек етілген Қарасу ауылында дүниеге келіп, әлі күнге дейін сол ыстық елді-мекенде тіршілік етіп жатыр.

Ол кейбір әріптестері секілді арнайы музыкалық білім алған жоқ.  Алайда бойындағы табиғи дарынының арқасында қаншама биіктерді бағындырды. Ауылда тұрып-ақ биік шыңдарға көтерілуге болатындығын іс жүзінде көрсетті.

Әрине, бұл айтуға ғана жеңіл. Онда ағамыздың қаншама қажыр-қайраты, ұйқысыз түндері жатыр. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, қазірге дейін көрнекті тұлғаның 60 күйі, 40 әні дүниеге келіп, тыңдармандарға жол тартыпты.

Композитор әрі күйші аяулы жан-жары Ханзада апамыз екеуі 55 жыл бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп келеді. Екеуі сыйласа тіршілік етіп, 15 немере, 5 шөбере сүйді. Олар көздерінің ағы мен қарасындай. Солардың дидарларынан нұрлы шуақты көрсе, кеуделерін шаттық пен мақтаныш кернейді.

Жалпы, ол сонау мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап өнерге өте бейім болды. Білім ордасындағы домбырашылар оркестріне қатысты. Тіпті, 1976 жылы киелі өңір – Қызылорда қаласында өткен домбырашылардың республикалық байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Кезінде кеңшарда қарапайым ғана жұмысшы да болды. Жоғарыда баяндағанымыздай, жастайынан өнерге шын берілген айтулы тұлға қолын комбайнға шайнатып, мүгедек болып қалғанына қарамастан шығармашылықты бір сәтке де тоқтатқан емес.

Оның алғашқы туындысы – «Амангелді дүбірі». Ол өзіміз білетін халық батыры Амангелді Имановқа арналған. Бұл күйді тыңдармандар өте жылы қабылдады.

Бұдан кейін патриоттық тақырыпқа да шығармалар жазды. Мәселен, кешегі Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына байланысты «Ер есімі – ел есінде» деп аталатын туындысы да тыңдаған жұртшылықтың жігерін жанып, кейінгі өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке баулыды.

Одан кейінгі «Балалы киік», «Сәтен күйі», «Домбыра сазы» деп аталатын күйлері де тыңдаған жанның айызын қандырып, оларды рухани жағынан байыта түсті.

ЖАРҚЫН ДАРЫНЫН ЕЛ МОЙЫНДАДЫ

Содан кейін де ол өзінің тың ізденістерін одан әрі жалғастырды. 1977-1978 жылдары Бүкілодақтық халық шығармашылығының І, ІІ фестивальдеріне қатысып, лауреат атанғаны да барша өнер сүйер қауымның жадында.

Ол өнерлі жерлесі әрі інісі, әндерін еліміздегі танымал эстрада жұлдыздары орындап жүрген Қалибек Деріпсалдинмен екеуінің баспадан жарық көріп, барша қауымның ыстық ықыласына бөленген «Домбыра сазы» деп аталатын жинақ та қолына тиген жанды елең еткізді. Бұл ерекше рухани кітапқа күйші Айтбай Мұздахановтың «Елім-ай», «Қаратау», «Бозтайлақ», «Тархан баба», «Сейітқұл аңызы», «Ару арман», «Нарқыз», «Жұбату» секілді күйлері енді. Бұлар да бұл күндері барша қазақтың көңілдерін көкке көтерген туындылар.

Ал ағамыздың композиторлық қыры да өз алдына бөлек әңгіме. Оны осы кәсіптің нағыз мамандарының қатарына қосқан «Аяулы ана», «Байғабылда бір бала», «Балбөбек», «Шынарым», «Дархан дала» деп аталатын әндері десек орынды болар. Өйткені, бұл шығармалар да жұртшылықтың тарапынан өзінің лайықты бағасын алған-ды.

Тақырып таңдауда да өзінің талғамы өте жоғары. Мұның шығармашылығына негізінен ел мен жер тарихы, халық тағдыры, замандастар тұлғасы өзек болды. Бұлардың қай-қайсысы да шынайылығымен еріксіз баурайды. Себебі, әрбір туынды толғаныстан, тебіреністен туатындығы айтпаса да белгілі болса керек.

Ол бірқатар туындыларын өнер саласында жүрген айтулы тұлғаларға да бағыштады. Мәселен, «Ақ қайың» Төкен Елтебаевқа, «Сәтен күй» туындысы жан досы, ғұмырдан ерте озған Сәтен Қошанұлына, «Нұр аға» шығармасы қазақтың біртуар перзенті, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевке арналды.

Әлгі есімі аталған көрнекті композитор Нұр аға Айтбай ағамыздың айтулы  шығармасын «Айтбай сарыны» деп атапты. Бұл да болса інісінің күйші ретіндегі қарым-қабілетін жоғары бағалағаны деп ұққанымыз жөн болар.

Астанадан шалғайда ғұмыр кешіп жатса да өзінің өлмес туындыларының арқасында біз үшін аса ардақты жанның еңбегі де лайықты бағасын алды. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. «Құрмет» орденімен марапатталды. Әрине, ол үшін ең қымбат марапат – жерлестерінің ыстық ықыласы. Ағаларының шын жүректен шыққан ақ батасы. Осы ауданның атқа мінер азаматтары да оған «Амангелді ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Бұл, әрине, айтулы жанға ерекше қанат бітіріп, шығармашылық шабытын оята түскендігі айдан анық.

Көпшілікке аян, Елбасының тікелей қолдауымен Қазақстанда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы төртінші рет өткізілді. Биыл да Қостанай өңірінде ол тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Осы жарыста Амангелді ауданының тұрғындары, яғни Мұздахановтар әулеті топ жарды. Енді олар алдағы уақытта Астанада өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, өңіріміздің намысын қорғайды.

Оразалы ЖАҚСАНОВ, Қостанай облысы

РЕДАКЦИЯДАН: ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, 60 күй мен 40 әннің авторы Айтбай Мұздахановтың өмірі мен өнері өскелең ұрпаққа өнеге. Демек, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енуге әбден лайық тұлға.