САЛТ-ДӘСТҮР

172

Байлау. Соғып алған аңды, олжаны, тауып алған затты адам жанындағы кісілерге тарту ету керек. Мұны «байлау» деп атайды. Бұл дәстүр – мәрттіктің белгісі. Оны бұзған адам тәртіпті бұзғанмен тең саналыпты.

Босаға майлау. Жастар жеке отау құрғанда немесе отбасы жаңа үй алғанда жақын-жуықтары үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жағымды, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде берілуі керек.

Ерулік. Ауыл ортасына жаңа үй көшіп келсе, сол ауылдың тұрғындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл жаңадан қоныстанушыны бөтенсітпей ортаға тартудың, сыйластықтың белгісі.

Жиенқұрық. Халық дәстүрі бойынша жиен нағашыларынан қалаған затын «жиенқұрық» алуға тиіс. Нағашысы жиенінің бетін қайтармай үш рет қалағанын беруге міндетті. Жиенқұрық кей жерлерде «Қырық серкеш» деп те аталады.

Бұл туралы Тәуке хан тұсында қазақ мемлекеттілігі мен құқықтық жүйелерінің дамуында маңызы зор болған «Жеті жарғыда» «Нағашы жиеніне «қырық серкеш» беруі керек. Жиені нағашысына «қырық серкешімді алуға келдім» деп арнайылап барғанда, оны құр қайтармай, қалағанын береді» деген нұсқау болған.

Итаяқ. Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, үлкен әжелер оған «итаяғыңа сал» деп күміс сақина, жүзік сияқты заттар береді. «Итаяқ» – баланың алғашқы шаранасын жуатын ыдыс. Ыдысқа күміс сақина, жүзік дегендей заттар салынып, нәрестені шомылдырып болған соң ырым етіліп, сол жерде жиналған әйелдерге таратылады.

Кеусен. Егін пісіп, мол өнім алынғанда егіншілер туған-туысқандары мен ауылдастарына мол өнімнен дорбалап, қаптап дегендей бөліп беретіні бар. Бұл малшылардың «көгентүп» беретіні сияқты мырзалық дәстүрдің бір түрі.

Көгентүп. Туыс, ілік, жұрағат адамдар-дың қонаққа келгенде оның баласына ескерткіш, сый ретінде берілетін мал (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат). Бұл бала үшін сый, қуаныш болса, оның ата-аналары үшін құрметтеудің белгісі десе де болады. Көгентүп беруді малды ауылдардың әлі де пайдаланып жүргені жақсы, жарасымды салттарының бірі.