САНАҢДА СӘУЛЕ ҚАЛДЫРҒАН АҒАҒА ДЕГЕН САҒЫНЫШ

170

Қамшының сабындай келте ғұмырда өзіңе жол көрсетіп, бағыт сілтеген, салиқалы сөзімен, орнықты мінезімен санаңда сәуле қалдырған Аға туралы өткен шақта әңгіме айту жүрекке оңай тимесі хақ. Бірақ, Алланың пәрмені солай болғандықтан, еріксіз көнесің…

Жүректен тебірене шыққан сағынышымды бауырға, тамырын тереңге жайып, мәуелі бәйтерек бола білген қымбатты ағам Қоғабай Сәрсекеевке арнаймын. Бес күндік жалған дүниеде тіршіліктің пендешілікпен қадірімізге жете бермейтіндігімізді, басыңа іс-түскенде бір-ақ білесің. «Осы мен қамқоршы болған ағамның жақсылығына жақсылықпен қайтара білдім бе?» деген сауал көкейімнен кетер емес.
Бүгінгі менің айтқалы отырған жан ағам, бауырым, өзін-өзі қамшылап ортадан ойып тұрып орын алған, ізін қалдырған жазушы Қоғабай Сәрсекеев жайлы болмақ.
Менің ағам қаймағы бұзылмаған қазақы, бойына қаншама оқиғаларды сіңірген тарихқа бай ел, перзенттерімен аты шыққан атақты қарт Торғай перзенті. Өзі өмірге келген кезең қаһары төніп тұрған саяси қуғын-сүргін кезімен тұспа-тұс келсе, балдәурен балалық шақтың не екенін сезбей де өтіп, өмірге деген құштарлығын, арман, қиялын қыл қалам арқылы жеткізу үшін шешем Ғайнижамал айтқандай 3-ші сыныптан бастап, аудандық газетке шағын мақалалар жазып, алғашқы еңбекақысы 20 тиынды қалай алғаны жайлы жиі айтушы еді. Мектеп табалдырығын соғыс жылдарынан кейінгі кезде, жоқшылық, жетіспеушілік… осының бәрі сайып келгенде ағамның өмірге шыңдалуына, тентек те әділ болуына итермеледі.
Ес білгеннен бір білерім, біздің Сәрсекей ұрпағының бас көтерерлері: көкем Жолан (Жолмағанбет) қарапайым шаруа адамы, қолынан келетін сүйікті ісі – пеші болатын. Күндіз осы іспен, кешкісін сол кезде СПТУ-157 мекемесінде күзетші болып қызмет атқаратын. Одан кейінгі өзімнің әкем Құлет (Құлмағанбет), ол да қарапайым күзетші, кезінде алғашқы шопырлардың бірі болған кісі. Бұл екеуі де еңбектің қарапайым адамы болатын. Әкем үш жерде күзетте жұмыс істейтін.
Бір қорада екі ағайынды жігіттердің отбасы мен бала-шағалары бірге тұрдық, қарауы 20 шақты бала болдық. Соның кішісі мен және інім Ерболат болды.
Ол кезде осы әулетте үш адамның атын атамайтынбыз. Көке – Жолан әкем, аға – Құлет әкем, папа – Қоғабай ағам болатын. Бәрімізге үлгі болып, мақтан тұтатын, бой түзеп өскен, ардақты, көңілге жылуын шаша білген, аса құрмет тұтатын үшінші жан – ол біздің Папамыз.
Мектеп табалдырығында оқып жүрген кезімде ұстаздарымның жиі айтатын «бұл жазушының қарындасы» деген сайын аяғымды аңдып басып, анық сөйлеуді үйренуге жетелеген де ағаға деген құрмет болса керек. Қазақы тәрбиеден бе, қашан да анам байғұс «Жақсы оқыңдар, жамандық жасамаңдар, ағаларыңа кір келтірмеңдер» деп жиі айтатын. Біз, өз кредамызға осы сөздерді басты міндеттеріміз етіп қойдық. Аллаға шүкір, ұстап келе жатырмыз!..
Папамыз – Алматыда жазушы, журналист. Елге келуінің өзінде бір ерекшелік болатын. Үйдегілер папаң келеді дегенде мәре-сәре болып дайындыққа кірісіп кететінбіз. Аналарымыз – Болтан мен Ғайнижамал қазан көтеріп, тентектің жақсы көретін тамағын жасайық деп ақылдасса, әкелеріміз – Жолан мен Құлет ақсақалдарды шақырып, мал союдың қамына кіріссе, біздің үйдің үлкенді-кішілері жуынып-таранып, өлең, тақпақ айтуға дайындалатын. Ол кезде қазіргідей тас жол емес, Қостанай арқылы әупірім дегенде жететін. Есте қалатын естеліктерімді көз алдымнан тізбектен өткізе бастағанда, ең алғаш еске түскені түннің бір мезетінде Алматыдан келген сәті бәріміздің улап-шулап әкелген Алматының апорты ұйқымызды бұзып, бүкіл үйдің ішін алып кететін керемет жұпар иісі ауыл баласы біздер үшін керемет. «Сыйлық берсең балаға бер» деген осы шығар.
Одан кейінгісі біздің үйдің тағы бір жақсы үрдісі кешке қарай барлық отбасының басы қосылып жатпас бұрын кезекке тұрып, дауыстап, мәнерлеп батырлар жырын оқитынымыз. Бұның басында жаз айында демалысқа келген үйдің үлкені Қоғабай ағам тұратын. Ол келген сайын ертегі кітаптарды көп әкелетін. Ал, анамызға мереке сайын ыдыс сыйға тартатын, әлі есімде жазуы бар құманда «Ғайнижамалға ескерткіш Қоғабайдан» деп жазылатын. Есейе келе үйдің жұмысына көмектескен кезде, әртүрлі фарфор тәрелкелер болатын. «Мынау не сынып қалған ба? Неге жалғыздан?» дегенде марқұм анам «Оның бәрі Қоғабайдың сыйлығы, мереке сайын студент кезінен маған салып тұратын» деп айтатын. Сондай әдемі таза фарфор ыдысты сыйға тартуында нәзіктіктің, сұлулықтың, тектіліктің сыры жатқанын, жеңгесіне деген өзінің құрметін жеткізе білгендігіне енді көз жеткізіп жатырмын.
Біздің әулетте ағам – Қоғабайдың кіріп келгенде-ақ көңіл-күйін бір қарағаннан білетінбіз. Ағам – көпшіл, жүрген жері думан той, ырыс, береке еді. Елге келген сайын бір досын ала келіп, туған жерге деген мауқын басып, елді, үйдің ішін қуанышқа толтырып кетуші еді. Ағам елге келгенде ең бірінші ауыл-аймақ, туыс-туған, көрші-көлем, жекжат, жұрағат жайлы сұрайтын. Содан кейін барып өзіміз жайлы сұраушы еді.
Әсіресе, есте қалғаны – Сәбит ағамыз екеуі «Келеміз, дайындалыңдар, кірпіштен душ салыңдар, суы ыстық болсын» деп айтатын. Сонда інім Ерболат жаңадан кірпіштен душ салып, төбесіне қойған ыдысқа кипятильник қосып, ішін екі бөлме етіп салғаны. Келген бетте үйге кірмес бұрын мал қораға кіріп, сарайлардың ішін қарап, душты көріп, шамын жағып, суды ағызып көргеннен кейін халаттарды сүлгі мен аяқ киімге дейін жеке-жеке адамға дайындатушы еді. Елге деген сағынышын осылай басатын. Тағы бірде бірыңғай академиктерді әкеліп, ас беріп, елмен кездесу өткізгені – бұл елдің тектілігін дос-жарандарына көрсеткісі келгендігі екені.
Ахаң мен Жақаң елінің қандай екені бірде немерелері «Торғай какой?» деп сұрағанда: «Рамазан айтшы, как Вашингтондай емес пе?!» дегенде, немерелері «рас па?» деп Рамазанға қарағанда, ағам менің көзін қысып солай айтқызатын. Сонда мәз болған немерелері «Келесі жылы онда бәріміз Торғайға барамыз» деп уралағаны. Сол жылы Рамазан інім әйдік уайымдаумен болды, келесі жылы келгенде қалай болады деп. Міне, менің ағам осындай, өз елін бәрінен де биік қойып, мақтанышпен айтатын. Әттең, оған жетпей 75-ке толғанда тойлай алмай дүниеден өтіп кетті.
Аға мен қарындас арасындағы сыйлас-тық, бауырмалдық, құрмет пен ізгілігімізді күйбең тіршілікте жеткізе білдік пе?!
Біз бір-бірімізге күнде өзіміз жайып сырымызды, мұңымызды, тыныс-тіршілігімізді ешқашан да дауыстап айтқан емеспіз, көзімізбен, ішкі жан-дүниемізбен үнсіздік арқылы ұғатынбыз.
Ағам жайлы сөз қозғағанда ең алдымен «Осы мен ағама бірде-бір рет «Тірегім, мәуелі бәйтерегім, барым, байлығым» деп неге айтпадым?» деп өкінем.
Өзім мұражай саласына 1990 жылы келгеннен кейін Ахаң мен Жақаң мұражайы ашылып, соның экскурсоводы болып тұрғанда мұражайда қос арыстың өмір жолы мен қызметі, тұтынған заттары мен ізбасарлары, үзеңгілестері, шәкірттері жайлы деректер айтылады. Сол кезде ізбасар шәкірттері дегенде де Сырбай, Ғафу, Төлен, Қойшығара ағаларымның өмірбаяндары мен еңбектерін жіліктеп бөліп, майын шағып айтып, «Сәрсекеев Қоғабай – жазушы, журналист, баспагер, «Қазақ» газетінің редакторы» деп төрт сөз, бір сөйлеммен аяқтаушы едім. Себебі, келген қонаққа, неге екенін қайдам, мені таныстырғанда «Сәрсекеевтің қарындасы, Әмірхановтың жиені» деп айтатын. Содан ба қысылып, әрі қарай ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін жалғастыра жөнелетінмін.
Қазір қарасам, менің ағам – қаһарман. Ел тәуелсіздігін алып, мәз-мәйрам болып жатқанда, ақталған қос арысқа құрмет көрсетіп, Ахаң жайлы алғашқы «Ақ жол» кітабын Рымғали ағамен жарыққа шығарып, «Қазақ» пен «Айқапты» қайта тірілткені екінің бірінің қолынан келер іс емес еді. Ол үшін талай тер төгілгені жасырын емес.
Кей кезде «Осы еңбектің жемісі қалай болады? Ғұмыры ұзаққа бара ма?» деп ойлайтынмын. Қалай болғанда да сең қозғалып, «Қазақ», «Айқап» тәй-тәй басып, аяғынан тұрды.
Ағамның өмірінің соңғы кездеріндегі бір айда екі рет Алматыға барғанымда да бір бірімізге жүзбе-жүз кездесу жазбады.
Алғашқыда демалып жатты, сол кезде менде өмірден кетіп қалады-ау деген ой үш ұйықтасам да ойыма келмеді. Кейінгі барғанымда тағы да демалып жатыр екен, жеңгем «Гүлбану келді» дегенде, үнсіз көзін жұмып жата берді, тіл қатқан да жоқ. Бекболат, Шолпан, жеңгем Гүлбаршын бөлмеден шығып кетті, мен болсам іркіліп тұрып қалып, артыма бұрылғанда, қырынан жатқан мәуелі бәйтерегім – ағамның көзі жұмулы қалпында жас парлап жатқанын көргенде, бауырым, бауыр етім, ағамның жаны қиналып жатса да, өзінің тектілігін, тәкәппарлығын, ешкімнің алдында бас имейтін тұлғасын сақтап қалуды алға қойғандығын ұқтым. Сонда ғана санаулы күндерден кейін қоштасудың келетінін түсініп, «қош аға» деуге шамам келмей, екеуміздің арамызды бөлменің қабырғасы бөліп тұрды.
Біз бір-бірімізді үнсіз сезініп, қимас-тығымызды көз жасымыз арқылы білдірдік. Бұл болған сәтті ешкімге айтпап едім. Бүгін Жасұлан бауырымның өтінішімен ақ қағаз бетіне түсіп отыр.
Елге келгеннен кейін менде үрей болып, мезгілсіз соққан телефон қоңырауларынан-ақ алаңдаумен айлар өтіп, сөйтсе де күн сайын қал-жағдайын сұрап, сол күні төсегімнің қасына телефондарды жинап қойып, Алладан амандығын тілесем де, көңілдегі күдік бүгін екенін түсінгендей болып, таңғы қоңырау жоқтығын түсіндірді.

Тобықтай түйін: Ағам дүниеден өткенмен, ағамның көзін көрген ағаларым Кенжеғали Әбенұлы, Иманғали Нұрғалиұлы мен Сайлау, Сәбит, Қойшығара, Төлен ағаларым аман болсын! Алла осы кісілерге ғұмыр берсін! Бұл менің кеудесі қазына, көргені көп, түйгені мол, Алла бойына берген сол жақұтты туған өлкесіне, ондағы қара орман – қалың елдің игілігіне сарқа жұмсаған жан ағама деген сағынышым еді.

Гүлбану СӘРСЕКЕЕВА