«САНКЦИЯ САЛҚЫНЫ»: КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ

38

Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынастардың қайшылықтары екі елдің ғана емес, сондай-ақ КСРО құрамында болған өзге елдердің арасындағы қарым-қатынастарға да кері әсер етті. 2014 жылғы Қырым аннексиясы мен Украинаның оңтүстiк-шығысындағы соғыс нәтижесiнде Батыс оқшауында қалған Ресей Федерациясының экономикасы қатты әлсіреді. Кезінде дос болған бауырлас славян екі ел қазір ата жауға айналды. Соның салдарынан Мәскеу мен Киев өздерінің ұлттық мүдделерін қорғауға тырысып, өз пайдасын жібермеуге тырысып бағуда. «Аларманға – алтау аз, берерменге – бесеу көп» демекші, әр тарап өзінікін дұрыс санайды.

Мәселен, Ресей сан түрлі сылтауды желеу етіп, өз территориясынан өтетін Украина экспортына кедергі келтіруде. Украина да қарап жатқан жоқ. Ал, қос елдің теке-тіресі мен Батыс елдері тарапынан Ресейге салынған санкция, яғни «экономикалық соғыс» Ресей Федерациясымен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения экономикасына да кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті отандық сарапшылардан көрші елдегі экономикалық және саяси қиындықтардан Қазақстанның зардап шегу/пайда табу мүмкіндіктерін сұрады.

РЕСЕЙ VS УКРАИНА: «ЭКОНОМИКАЛЫҚ СОҒЫСТЫҢ» ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Батыс елдері тарапынан Ресей Федерациясына салынған санкция, оның Қазақстан экономикасына кері әсеріне тоқталмас бұрын, алдымен Мәскеу мен Киевтің теке-тіресінен Астананың шегіп жатқан зардабына қысқаша тоқталсақ артық болмас.
Украинаның Ресей территориясы арқылы Орталық Азияға (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан) тауар тасымалдауы ДСҰ-ның келісімі бойынша 2016 жылдың қыркүйегінде басталған еді. Дегенмен, Ресей өз жерінен өтетін украиналық тауар тасымалдауына кедергілер келтіруде. Оған басты себеп, «Қырым мәселесінен» кейін туындаған екі ел арасындағы жанжал. Ал, Ресейдің бұл әрекеті ДСҰ-ға кірген кездегі қойылған талаптарға сай келмейді. Бұл туралы Украинаның Экономикалық даму және сауда министрінің орынбасары Наталья Микольская: «Ресейдің сауда-саттықтағы агрессиясы, сонымен қатар, тауар тасымалдайтын жүк көліктеріне шектеу жасап жатқан әділетсіз іс-әрекеттері ДСҰ сарапшыларының назарынан тыс қалмауы керек және бұл сөзсіз тоқтатылуы қажет», – деп мәлімдеді.
Айта кетсек, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Украинамен жасалған еркін сауда-саттық туралы келісімді уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдаған еді. Осыдан кейін, Украинаның жүк тасымалдау көліктері Ресейден Қазақстанға жету үшін, алдымен Беларусьтен өтуі қажет, ол аздай, жүк көліктерінде тығын белгілері, жүргізушілерде арнайы санақ талондары болуы қажет. Оның үстіне тек Қазақстанға ғана емес, Қырғызстанға баратын жүк көліктері де осындай кедергілерден өтуі қажет.
Киевтің ресми мәлімдеуінше, Мәскеудің қолдан жасап отырған бұл кедергілері Украинаны көп шығынға батырды. Украинаның Экономикалық даму және сауда министрлігінің хабарлауынша, кедергілердің салдарынан Украинаның экспорты Қазақстанда 79%, ал Қырғызстанда 95%-ға кеміген.
Рас, Қазақстан – Украинаның өңірдегі ең ірі серіктесі, Азияға барар қақпасы, дәлірек айтқанда, Қытайдың нарығына жол ашатын әріптесі. Қазақстан үшін де Украина маңызды серіктес. Өйткені, еліміз Шығыс Еуропа еліне көмірден бөлек күкірт, мырыш, темір бұйымдары мен темекі өнімдерін және минералды тыңайтқыштар жөнелтеді. Ал Украинадан елімізге электр генераторы, сүт және кондитерлік өнімдер, ет, қант, қара темірден жасалған құбыр, дәрі-дәрмек тасымалданады. Десе де, екі ел арасындағы алыс-беріс көл-көсір деуге келмейді. Айталық, 2014 жылы сауда-саттық 2 млрд 900 млн долларды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге төмендеген. Сондықтан Астана мен Киев қос елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасына серпін беруге мүдделі. Алайда, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың салдарынан қос елдің экономикасына сызат түсті. Өйткені, Украина тауарларының Ресей территориясы арқылы Қазақстанға жетуінің машақаты көп. Бір ғана мысал: 2015 жылы Украина президенті Петр Порошенконың ұшағы Ресейді айналып, Қара теңіздің үстімен Грузия және Әзербайжан арқылы Қазақстанға келіп қонған еді. Ал тауарларды бұл бағытпен жеткізу экономикалық тұрғыда тиімсіз.

САНКЦИЯ ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛҒАН КРЕМЛЬ

Әлемдегі алпауыт елдердің, әсіресе АҚШ-тың Ресей Федерациясына қатысты санкциясы әлі жалғасуда, бітетін түрі жоқ. Күні кеше Ұлыбританиядағы Ресейдің бұрынғы барлаушысы Сергей мен оның қызы Юлия Скрипальдің улануына қатысты Вашингтонның Кремльге салған жаңа санкциясының алғашқы бөлігі күшіне енді. Бұл санкция бойынша Ресейге азаматтық және әскери мақсатта бірдей қолданылатын өнімдер мен АҚШ ұлттық қауіпсіздігі саласымен байланысты тауар және технологияны экспорттауға тыйым салынды. Бұған қоса, Ресейге мұнай-газ саласына қатысы бар электроника, технология мен қосалқы құрылғылар жеткізуге де шектеу қойылады.
Егер Кремль алдағы бірнеше айда химиялық және биологиялық қару-жарақты қолданбайтынына кепілдік бермесе, онда санкцияның екінші бөлігі күшіне енеді. Атап айтар болсақ, «Аэрофлот» компаниясы ұшақтарының АҚШ-қа ұшуына тыйым салынып, екіжақты сауданы барынша азайту қарастырылып отыр. Бұл ғана емес, Ресейге қатысты тағы бір жоба АҚШ конгресінде дайындалып жатыр. Бұл бойынша АҚШ-та Ресейдің «Сбербанк», «ВТБ», «Внешэкономбанк» және «Газпромбанк» секілді ірі банктерінің жұмыс істеуіне тыйым салу да қарастырылған.
Өздеріңіз білетіндей, санкция «салқынын» ресейліктер қатты сезініп жатыр. Мәселен, Вашингтон жариялаған санкцияларға байланысты рубль құны қатты түсіп кетті. Ал, сансыз санкцияның құрсауында қалған Ресей экономикасы күннен күнге құлдырап барады.

САНКЦИЯНЫҢ «САЛҚЫНЫ» ТИЕ МЕ?

2014 жылдың наурызында жекелеген тұлғаларға виза жасауға тыйым салудан басталған санкцияның әсері АҚШ сенаторының болжамынша Қазақстанның жақын көршісінің экономикасын құрдымға кетіреді. Санкцияның жаңа айналымы Қазақстанды айналып өте ме? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «АҚШ билігі санкцияны әзірлеу және басқару үдерісінде біздің еліміздің мүддесін ескеретініне кепілдік берді», – деп сендіреді. Дегенмен, қазақстандықтар министрге жағымсыз салдардың бірі рубльден кейін теңге курсының құлауы қалтаға соққы болғанын айтып қарсылық білдіруі мүмкін. АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары Қазақстанға әсері қандай немесе бұл жағдайдың жағымды тұстарын табу мүмкіндігі бар ма? Бұл сұрақтарға «Qazaq» газетінің өтінішімен экономикалық сарапшылар мен саясаттанушылар қысқаша жауап берді.
Барлық сарапшылар антиресейлік санкцияның болашақ нәтижелерін әртүрлі көреді, бірақ Қазақстанға әсері жағымсыз болатынын айтып, ортақ бір пікірге келеді.
«АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциясы дербес қана емес, секторлық сипатқа ие, сондықтан бұл жолы да Қазақстанның экономика саласын айналып өтпейді. Мысалы, «Русалға» қарсы санкция тура ERG-ды алюминий тотығын сатып алатын жаңа сатушыларды іздеуге немесе тұтас алғанда қазақстандық жеткізушілерді санкциялық компаниялар үшін шикізат жеткізу кестесін өзгертуге мәжбүр етеді. Сондықтан, санкциялық компаниялармен жұмыс істейтін қазақстандық ірі компаниялар жыл соңында жоспардан төмен кіріс көрсеткішін көрсетуі мүмкін. Әлсізденген рубль теңгені де әлсіретеді, өйткені Ресей Федерациясы – Қазақстанның ірі сауда серіктесі», – деп есептейді «Financial Freedom» зерттеу агенттігінің директоры, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.
Санкция аясында доллар курсының өсуін айқын мысал ретінде Алматы менеджмент университетінің (AMU) доценті, Іскерлік әкімшіліктендірудің докторы Ерлан Ибрагим де келтіреді. Дегенмен, сарапшының пікірінше, бұл санкцияның жағымды жақтары да бар.
«Ресей бизнесі Қазақстан арқылы жұмыс жасап көруге тырысады, өйткені Ресейдің іс жүзіндегі әріптесі мен одақтасы Беларусь пен Қазақстан ғана. Ресейлік металлургия секторындағы компаниялардың сауда саласында шектеулер бар, осы ретте қазақстандық металлургия компанияларының өз өнімдерін сатуда әлдеқайда жайлы жағдайлар қалыптасуы мүмкін. Қандай жағдай болса да, жетіспеушілік басталуы ғажап емес, қазақстандықтар, мүмкін, осы тауашаны (күшті бәсеке үшін тым аз немесе әлі ешкім жайғаспаған тауарлар мен қызметтер нарығы, – ред.) иелене алады. «Аэрофлоттың» ұшуларына шектеу қою қаупі бар, қазақстандық әуетасымалдаушылар үшін де тауаша пайда болуы мүмкін», – деген пікірде Ерлан Ибрагим.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Сергей Домнин: «Егер әңгіме 22 тамызда күшіне енген санкциялық пакет туралы болса, онда басты жағымсыз әсер байқалып қойды – рубльдің айырбас бағамы өзгерді, артынан теңгенің әлсіреуі басталды. Ал, мемлекеттік қарызбен жұмыс істеуге тыйым салу РФ үкіметінің қарызды тарту мүмкіндіктерін шектейді, сәйкесінше, мемлекеттік шығындарды азайтуға алып келеді. Бұған мұнай бағасының төмендеу факторы қосылса, онда РФ экономикасы дағдарыстық жағдайға ұшырайды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның экономикалық өсуін баяулатады», – деп санайды.
Ерлан Ибрагиммен салыстырғанда Алмас Чукин бұл «санкциялық соғыстан» Қазақстан үшін ешқандай да жағымды салдар байқамайды.
«Мынадай бір әзіл бар: егер көршіңіздің үйі өртеніп жатса, тым болмағанда жылынып алуға болады, бірақ ұзақ уақытқа емес. Осы жерде де солай: бізге бұл 80% жағымсыз әсер етеді, өйткені Ресей – біздің ең ірі серіктесіміз. Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлер ресейліктер тарапынан бәсекелік ортадан қатты қорқады, ал бізде басқа барар жер жоқ – олар жыл өткен сайын біздің нарығымызды жаулай береді. Бұл ретте бізге ешқандай жақсы әсер жоқ. Жағымды ілгерілеулер тек ұзақмерзімді болашақта ғана мүмкін болады», – деді сарапшы.

Тобықтай түйін: Ресей Федерациясына салынған/салынатын санкция Қазақстан экономикасына да міндетті түрде кері әсер етеді. Өйткені, сырттан алатын импортымыздың 35-37 пайызы көршіміздің үлесінде. Бұл – бір. Екіншіден, екі ел Еуразия экономикалық одағының құрамында болғаннан кейін көмір, газ, мұнай саласында ортақ меншіктеріміз бар.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ,

“Qazaq” газеті