САЯСАТ САХНАСЫНАН КЕТКЕН САЯСАТКЕРЛЕР ҚАЗІР ҚАЙДА ЖҮР?

6

Қазақстанда саясат сахнасынан кеткен саясаткерлер аз емес. «Отбасы жағдайына байланысты» қызметінен кеткендер, қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін қызметімен қоштасқандар, түрмеге тоғытылғандар, мемлекетке келтірілген залал көлемін толық өтеп, бостандыққа шыққандар қазір қайда жүр? Бұл сауалға «ҚАЗАҚ» газетінің тілшісі жауап беріп көреді.

Үкімет пен Парламентте қызмет атқарғаннан кейін бау-бақша егуге баратын шенеуніктер аз. Көптеген шенеуніктер ғылым жолы мен шәкірт тәрбиелеуге кетеді. Мысалы: бұрынғы білім министрі Бақытжан Жұмағұлов. Қазіргі кезде еңбектер жазып, ҚР Ұлттық инженерлік академиясын басқарады. Естуімізше, Бақытжан Тұрсынұлын қалалық қоғамдық көлікте кездестіруге болады.

Жақсыбек Күлекеев те сол жолмен кетті. Бұрынғы Статистика агенттігінің төрағасы, Сауда және экономика министрі (1999-2002), Білім және ғылым министрі (2003-2004), Қазақстанның ірі ұлттық екі компаниясының президенті және вице-президенті темір тордың арғы жағынан шыққаннан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясының директорының кеңесшісі қызметін атқарды. Қызметтен бос уақытында мұнай тақырыбына ғылыми еңбектер жазып, балаларға арналған оқулықтар жазған.

– Мен барлығы математикадан, экономикадан, білім беруден 14 кітап жаздым. Теңіз суы мәселелерін шешу жайында екі кітап жаздым. Бірақ негізінде экономика жайында жазамын. Бұл менің сүйікті ісім. Мемуарларға уақыт жоқ. Оның орнына мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жануарлар, өсімдіктер, ағаш және құстар жайында қалам тербеймін. Әрбір кітап 150 бетке есептелініп жасалынып, ағылшынша, орысша, қазақша – үш тілде жазылған, – деді Жақсыбек Әбдірахметұлы.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші төрағасы, генерал-лейтенант Болат Баекенов те мемуар жаза алмайтынын жеткізді.

– Егер мен сол жылдары мемуар жаза алмасам, қазір тіптен жаза алмаймын, – дейді.

Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін ҚР Күзет мекемелерінің ассоциацияларының төрағасы қызметін атқарды. Газет беттеріндегі мақалаларға қарағанда зейнетке шыққаннан кейінгі өмірі де жаман емес.

Ұлттық банктің екі рет төрағалық қызметін атқарған Григорий Марченконы атап өткен де жөн. «Отбасы жағдайына байланысты» қызметінен кеткеннен кейін ұзақ уақыт жұмыссыз жүрді. Ол тіпті өзіне тендер де жариялады. Бірақ оған ешкім қатысқан жоқ-ау. Ол тендер шынында болды ма, жоқ па, енді ол жағы беймәлім.

Қазіргі кезде Марченконың өмірі жайлы мәлімет аз. Өз сөзіне қарағанда, көп уақытын Испанияда өткізеді. Қызмет орны жайында да ешкім анық білмейді. Кей кездері Марченконы ресейлік телеарналардан қаржы сарапшысы ретінде сөйлегенін көруге болады.

Экс-депутат Мұхтар Тінікеев интернеттегі төбелескен видеосы үшін Парламенттегі қызметінен кеткеннен кейін белсенді блогерге айналғандай. Оның Facebook парақшасындағы жазбаларына қарағанда қызметін сағынып жүрген сияқты. Бос кезінде бала тәрбиесімен де айналысады.

–  Адамдардың  менен басқа да мәселелері жеткілікті. Ал мен уақытымды балаларыма, жекпе-жек өнері федерациясына арнаймын, – деп өзі жайлы қысқа ғана қайырды экс-депутат.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаментінің бұрынғы директоры Мақсұт Бақтыбаев Ақмола облысында ангус тұқымдыс ірі қара өсірумен айналысып жүр. Бұл жобамен ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келгеннен кейін 2008 жылдан бастап айналыса бастады. Ол сонымен қатар ет кәсіподағының төрағасы қызметін атқарады.

Бұрынғы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов өзінің республикада ең жақсы болып саналатын агроөнеркәсіптік холдингінде экскурсия өткізгенді ұнатады. Оның басты мақтанышы күніне 78 литр сүт беретін асыл тұқымды сиырлары. Атақты сауыншының мәлімдеуінше, былтыр алғашқы төлдеуде 60 литр, биыл 78, үшінші ретте одан да көп болады деп болжануда.

Бұрынғы Көлік және коммуникация министрі Серік Бүркітбаевтың айтуынша, бұрынғы есімі Қазақстанға мәлім болған шенеуніктерді ұмыту әлі ерте. Оның ойынша, олар әлі еліне пайдалы қызмет атқара алады.

– Мен біраз уақыт қазіргі өмір ағымынан алшақта болып келгеннен кейін байқағаным менің көптеген достарым, әріптестерім ауылшаруашылығы мен мал өсірумен айналыса бастағанын көріп қуандым. Кейбір мысалдар тіпті таңқаларлық. Олар ол салаға менің ойымша іштері пысқандықтан кетті. Олар маған ренжімесін. Менің де қой-ешкі, сиырларым бар. Бірақ, бұл тек қана өзім үшін. Барлығын ауылшаруашылығына тоғытудың қажеті жоқ. Барлығының агроном болып кетулері мүмкін емес. Біз әлі ғылымда, түрлі жобаларда пайдалы іске көмектесіп, көлемді жобаларға қатысып, ЖОО-да өз білімдерімізбен бөлісе аламыз. Мысалы: теміржол және автокөлік транзитімен байланысты жобаларды алатын болсақ, бұл керемет алға ұмтылыс, – деді экс-шенеунік.

Серік Минаварұлы қазіргі кезде бірнеше ірі жобалармен айналысып жүр. Оның басты мақсаты – көне қаланың орнын табу. Бұл әзірге уақыт еншісіндегі шаруа.

Айнұр ҚАЙРАТБЕКҚЫЗЫ, «QAZAQ» газеті