САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

10

Өткен ғасырда орын алған зұлмат заманында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Қазақ халқының басынан өтпеген зұлмат кемде-кем. Өнер академиясында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, жазықсыз жапа шеккен қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің ескерткіші алдында гүл шоғын қою (митинг) рәсімін өткізді.
Шараға қуғынға ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, ардагерлер, еңбек ұжымдары мен қоғамдық және саяси бірлестіктердің өкілдері қатысып, қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Ескерткіш алдында бірқатар зиялы қауым өкілдері, «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының өкілдері, академия ұстаздары мен студенттері жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы сөз қозғаған болатын. Онда «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп, атап көрсетті. Елбасының бұл сөзі бір ғана жылдың еншісіндегі мәселе емес. Бұл үнемі атқарыла беретін ізгі борышымыз. Осы шара аясында мәдениет пен әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына байланысты ақындар арасында республика көлемінде жазба ақындар мүшәйрасын және прозаиктер арасында әдеби байқау Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау мақсатында өткізілді.