САЯТШЫЛЫҚ ӨНЕРГЕ ҚАШАНҒЫ САЛҒЫРТ ҚАРАЙМЫЗ?

116

Еуропа  елдерінде  табиғатпен  етене  байланыста   болу  мақсатында   жұмыс  жасайтын арнайы орындар бар екен. Әрине, оның оңды жағы да аз емес.  Алдымен құстар әлемін зерттеуге көңіл бөлініп, содан  кейін ғана оларды аңға шабуыл жасауға баулиды. Былайша  айтқанда,  Еуропа  елдері  біздің  саятшылығымызға көз тігіп отыр. Ал, біздің сол баяғы салғырттықтан арылмағанымыз  қалай?!

Қытай мен Моңғолияда саятшылық өнерге  және саятшыға  құрмет  ерекше. Мүлде ұмытылуға  жақын  саят  өнерін  жаңғыртуымызға   кім  кедергі? Атаның ұлағатын бала кезінен  ұрпағына  ұқтырмағандықтан  мүмкін   бәріне  өзіміз  кінәлі  шығармыз.

Сонымен,  саятшылық  қандай  өнер?  Құсбегі  кім?  Қазақстанда саятшылық неліктен қалыс қалуда? «QAZAQ» газетінің тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көреді.

Саятшылық  –  ежелден қазақтың болмысымен егіз. Табиғаттың тылсымын, құпия сырын терең меңгерген халқымыз саятшылықты салауатты өмір салты секілді ұстанған. Бұл зор өнердің қызығын саятшылардың өздері, ал игілігін халық көрген. Яғни, саятшылық – халықтың мұрат тұтқан арманы әрі өнері болып саналған. Бұрындары саят құру қазақтың жанына жақын еді. Бұл күні елімізде саятшылықты серік ететіндер саусақпен санарлық. Алып шаһардың арбауында қалған қазақ кең даланың ауасымен тыныстап, саят құрмақ түгіл көп қабатты үйден шығуға ерінеді. Саятшылық – өнер, саятшылық – тіршілік. Алайда, осы өнердің не екенін білмейтіндер де бар. Біз де бұған таң қалмайтын болдық, әрі қалыпты құбылыс секілді қабылдаймыз. «Көзден кеткен» ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыздың бірі осылайша, көңілімізден де аулаққа ұзай береді…

Саят өнері − ептілікті, білгірлікті, табиғаттың қыр-сырын жете білуді, сондай-ақ құстарды ұстау мен баулудағы табандылықты талап етеді. Бұл тіршілік қамы ғана емес, көңіл көтеру, бойға күш алу, қызықтау әрі спорт ретінде қазақ даласында тым ерте дамыған. ХҮІІІ ғасырда атақты Жалайыр Шора қыран құстарды үйірімен, яғни, саршасы мен ұябасарын үлкен қапас ішіне бос жіберіп қолға үйреткеніне тарих куә. Ал 1269 жылы Италиядан шығып, қазақ даласына арнайы саяхат жасаған венециялық Марко Поло Құбылай ханның ордасына барады.

«Далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар, онымен аң аулайды, саятшылық жасап, бой сергітеді» деп жазыпты өзінің «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабында. Мұндағы дерек көзіне жүгінсек, далалықтар, яғни біздің ата-бабаларымыз осыдан сегіз ғасыр бұрын қолына қыран қондырып, саятшылық жасағанын аңғарамыз.

Саятшылар ел ішінде өте сыйлы, құрметті адамдар қатарына жатады. Олар кезінде осы құс салу арқылы ел-жұртты тамақпен, қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян терілерімен қамтамасыз еткен ел қамқоры, асыраушысы деп те саналған.

Саятшылар негізінен, қолы ашық, жомарт жандар. Соған байланысты ма, «Аңшы ешқашан байымайды» дейтін тәмсіл де тараған екен. Өйткені, қазақ аңшылықты кәсіп емес, ен далаға шығып, табиғатпен тілдесіп, сергіп, саятшылық құру деп есептеген.

Саятқа салатын құстарды түркі халықтары аушы (аңшы, аң алатын құс мағынасында) деп атайды екен. Кезінде құсбегілік хан, би, төре, батыр, сал-серілер саятының сәні, ермегі, ал орташалар мен жарлылардың күнкөріс көзі болған көрінеді. Құсбегілікте қолданылатын құстарды үлкен аушы құстар және кішірек қыран құстар деп екіге бөледі.

Бүркіт, лашын, қаршыға, сұңқар, тұйғын, ителгі, қырғи сияқты жыртқыш құстарды ұстап аңға салып баулиды. Мұның бірнеше қыр-сыры, құпия-қызығы да өте көп. Құсбегілер көбінесе бүркіт ұстайды. Сыр-сипатына қарай оған ат қойылады. Жасына қарай олар тастүлек, мұзбалақ, көк түбіт, май түбіт, барқын, баршын деп бөледі. Алғыр құстарды қыран, шәулі деп бағалайды.

Құстың құндақ, тұғыр, балақ бау, томаға деп аталатын әбзел-жарақтары болады және оны күту, баптау, тәрбиелеу, түлету, үйрету жолдарының өзі үлкен бір ғылым іспеттес. Бұл ғылымның құпия сырын құсбегілер өте жақсы білген. Бабы келген бүркіт қыста қасқыр, түлкі, қарсақ, киік, қоянға түседі. Ал жаз кезінде қыран құстарын қаз-үйрек, қырғауыл, шіл, кекілікке салады. Саятшылар мен аңшылардың күтетін ең сәтті күні сонар. Сонардағы аңшылық қызықтың орны тіпті бөлек.

БҮРКІТ БІЗДІКІ МЕ?

Бүркіт – текті құс. Оны сол өзіне сенімді құсбегі ғана баулып, бабын келтіріп аңға салады. Бүркітті балапан кезінде тау басынан, құз қиясынан әдейі барып алады. Бұрын ел жақсылары мен бай, би,серілер бүркіт ұстаған. Әлібек батырдың қыраны бір жылда 60 түлкі, 10 қарсақ, 12 қасқыр алса, Абайдың Көкшегір, Қарашолақ деген бүркіттері болған. Сол Қарашолақты ұлы ақын Тулақ деген кісіден 10 шақты ірі қараға сатып алған деседі.

Бүркіттің бағалы құс екенін: «ХІХ ғасыр соңында, құстың алғырлығына қарай құнын шығарып, Шу мен Сырдарияда 5-6 түйеге, ал қаршыға мен сұңқарды 1-2 түйеге бағалаған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом немесе 1000 бас қой берген», – деген деректерден байқауға болады. Бүркіт өз иесін таниды, қарсы шаппайды. Найманда атақты Тіней атты құсбегінің Сарықұсы иесі өлгенде оның зиратының басынан кетпей, «құсадан» өлген деген ақиқатқа жақын аңыз бар.

Саятшылық − халқымыздың төл өнері және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кәсібі. Байқаймысыз, саят құрғанда саятшы немесе құсбегі атқа мініп, қолымен бүркітті көтеріп жүреді. Меніңше, мұның екі сыры бар. Бірі – саят құру әйел затына қиындық тудырады, себебі, таңнан кешке дейін ауыр құсты көтеріп жүру оңай шаруа емес. Екінші сыры – саятшы атқа мінеді. Өзгелер дәл қазақтай тұлпарды тақымдай алмайтынына сенімдімін. Басқа ешбір ұлттарға бұйырмаған даланың иесі қазақ қыранның киесін қастерлеп саятшылық өнерді қолға алуы тиіс.

Үндістердің бүркітті қатты құрметтеп, сыбызғы секілді аспаптарының үстіңгі жағына бүркіттің бас бейнесін ағаштан ойып жасайды екен. Бір қызығы, одан шыққан дыбыстің үні де бүркіттікіне ұқсас. Еріксіз көз алдыңызға бейнеленеді. Көшпелі бай арабтарда, ақсүйек бәдәуилері құс салып, саят құруды өздеріне зор мәртебе санаған. Бірақ олардың қыран бүркіттен гөрі кішігірім сұңқар көтеруге ғана мүмкіндігі жетті. Өйткені, олар түрік халықтарындай ат өнеріне жетік емес еді.

Сұңқар Біріккен Араб Әмірліктерінің символы болып табылады әрі соған орай бұл құс олардың елтаңбасында және банкноттарында бейнеленген. Ал осы күні саятшылық дәулетті арабтардың сүйікті ермегіне айналды. Олардың айтуынша, құс баптап, аңға салу арабтар үшін үлкен мәртебе екен. Осылай жалғаса берсе, қолда бардың қадірін білмей, тектілік тұнған өнерімізден де көз жазып қалуымыз ғажап емес.

Бір көңіл қуантарлығы, біздің саятшылық өнеріміз ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтарының тізіміне енген. Дегенмен, Қазақстан саятшылық өнерді ЮНЕСКО-ға төл мұрасы ретінде енгізген 13-ші ел екен. Мұның өзі біздің саятшылыққа салғырт қарайтынымыздың дәлелі. Өзімізге Қазақстаннан басқа ешкім бүркіт, қыран құстармен саят құрмайтындай көрінеді. Бірақ, бұл өнерді көшпелі елдер ғана емес, Еуропаның елдері де өздеріне әлдеқашан еншілеп, бекітіп алыпты. Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Франция, Моңғолия, Морокко, Катар, Словакия, Сирия, Чехия және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен кейін Қазақстан тізімді толықтырды. Сонда, ата-бабамыздан мұраға қалған саятшылықтың ауылы бізден алыс болса, бүркітті біздікі дей аламыз ба? Әлде, біз саятшының кім екенін, саятшылықтың сан мың құпиясына әлі де бойлай алмай жүрміз бе?!

ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ҚҰСБЕГІЛІК

Құстың «тілін» білетін адамды құсбегі деп атайды. Қанатты жаратылыс иесінің мінез-құлқын, жан дүниесін, қасиеті мен табиғатын білетін адамдар бұрын көп болған. Олар қазір де бар, бірақ өте сирек. Құсбегі құсты балапан кезінен бастап баулиды. Ол үшін томаға кигізіп, сылап-сипап, жем жеуге үйретеді. Одан соң барып, құсты аңға салады.

Құсбегілер қолындағы құсын аңға салуға мамыр, маусым айларынан бастап баптайды. Алдымен қан соқты, қызыл сияқты маңызды жем беріп, түлету үшін семіртеді. Бұл кезді қызылға отырғызу немесе түлету деп те атайды.

Сонау ықылым заманда құсты соғысқа пайдаланған деседі. Қыранмен шекараны қорғаған. Яғни, құстың аң аулап, салбурын құруы жанама қызметі болған. Осыдан бір ғасыр бұрын құсбегілік өнерді алғаш зерттеген ұлы академик Әлкей Марғұлан: «Бұл – ұлы мәдениетіміздің зерттелмей тұрған ұлы тарауларының бірі», – деген екен. Расында да, саятшылық, құсбегілік сынды бекзат өнердің құны арзандап бара жатқан секілді.

Құсбегілік ғұндардың тұсында ақсүйек өнер саналған. Көк түріктердің ұлы Күлтегіннің тәжінде қыран бүркіт (самурық деп те айтылады) бейнеленген. Құсбегілік түркілерде мықты дамығандығына М.Қашқаридың мына бір өлеңінен үзінді дәлел бола алады:

«…Асауды мініп тулатып,

…итке киік қайыртып,

ұстап соны бір тынысам,

аңға барып құс салсам».

Ғұндар һәм түркілердің аңшылық өнері мен құсбегілік, саятшылық шеберлігі мен ғажап білімі жайында қытайдың жазба деректерінде де молынан сақталды. Тарихи деректерге сенер болсақ, құсбегілік өнері бұдан үш мыңдай жыл бұрын пайда болған. Саяхатшы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге арнайы он мың құсбегі ұстағанын жазады. Ал Мұхтар Мағауинның «Аласапыран» атты кітабында Жошы ханың үш жүз бүркітшісі болғаны және онымен салбурын құрғаны жайлы, сонымен қоса, Абылайдың екі жүз нөкерімен аңға шыққандығы айтылған.

Құсбегілік өнері қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Аңыздардағы құсбегілік өнері өз алдына жазылса, ал бертінде С.Мұқановтың «Өмір мектебі» шығармасында Саятшы Ораздың бір ауылға күн көріс болған саятшылық, құсбегілік өнері сөз болады.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША ҚҰСБЕГІ БАР?

Қырандардың ең ірісі болып саналатын бүркіттің түр-тұрпатынан-ақ паңдықты аңғаруға болады. Сұңқармен немесе бүркітпен аң алуды отандық туризмнің қатарына қосып, осы саланы дамытуымызға кім кедергі? Ол үшін құсбегілікті жанының бөлшегі еткендердің жолымен жүруіміз керек. Бүгінде, Қытай мен Моңғолияда саят құру мен құсбегілік өнер бізден көш ілгері.

Құсбегі Арслан Құрман Әлидің айтуынша, Қазақстанда 60-70-тей ғана құсбегі бар болса, Қытайда 300-ден астам, Моңғолия қазақтарының 500-ге жуығы құсбегілікпен айналысады екен. Құсты серігіне айналдырған Арслан Кеңестік кезеңде өздігінен бүркіт баптауға тиым салынғанын, бұл еріккеннің ермегі секілді көрінгенін айтып, нағыз өнерді бағалай алмайтындардың бар екеніне налиды. Ал, өткен жылдың қазанында Моңғолияда өткен бүркітшілер сайысында бас жүлде алған 13 жастағы Айшолпан Нұрғайыпқызы бала кезінен құстар әлеміне қызығады. Сол қызығушылығы асқақ армандарға жетелеп, оның Сарықанат атты бүркіті сайыста нысанаға 5 секундта қонып, рекорд жасаған. Айшолпанның әкесі Нұрғайып – Моңғолияның танымал құсбегісі. Әкесінен тәлім алған Айшолпанның ғұмырбаяны мен құсбегілік құпиясын көрсететін «Бүркітші» атты деректі фильм де түсіріліп үлгерген. Жеті атадан бастау алған атакәсіп қызына бақ боп қонған болар, Айшолпанға жарты әлем таңдай қақты.

«Қолыңнан өзі түлеп ұшса самғап,

Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.

Дүниенің бір қызығы – қыран бүркіт,

Алыстан ат терлетіп тапсақ таңдап.

Шегір көз, қанды балақ, қыран бүркіт,

Бозбала, қапы қалма, малыңды іркіп.

Алпыс екі айлалы түлкі ұстап,

Байланса қандай қызық қарға сілкіп.

Қара тіл, қанжар қияқ, қанға тоймас,

Қанша керіп тұрса да алмай қоймас.

Шұбартөс жиренді тауып салсаң

Ердің құнын берсең де бәсін жоймас», – демекші, бүркіт сынын білетін нағыз құсбегілер алдағы уақытта Қазақстанды әлемге әйгілейтініне сенгіміз-ақ келеді.

P.S. Елімізде бүркіт, көбінесе, Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау таулары мен орман алқаптарында кездеседі. Бұрын бүркітпен аң алуды Қазақстанның солтүстік және орталық аудандарында айналысатын еді. Оңтүстікте сұңқар және қаршығаны таңдайды. Бүркітпен аң аулау мезгілі алғашқы аязды күндері басталып, қыс аяқталғанша созылады. Қаршығалы аң аулау қыркүйектің соңғы күндерінен күздің алғашқы қарына дейін жалғасады. Алайда, бүркіттің саны бұрынғыдай емес, бірнеше есеге кеміп кетіпті. Осының салдарынан да құсбегілеріміз бабын келтіріп баулитын құс таппауы бек мүмкін. Дегенмен, «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданғалы бері қазақтың дәстүрлі саятшылық өнеріне көңіл бөліне бастады. «Қансонарда салатын бүркіт қайда, Құмай тазы, жүйрік ат жанға пайда», – деп ата-баба ісін жалғастырушылар қатары көбейетіні көңілге медеу. Сонда да шешілмеген, қолдауын таппаған мәселелер аз емес. Мұның бәрі де Ұлттық спорт туралы Заң қабылданбай жүзеге аспайтыны да белгілі. Сондықтан да кие тұтар ұлттық құндылығымызға алдағы уақытта кең көңіл бөлінеді деп үміттенеміз. Саятшылық – ұрпақтар сабақтастығының алтын көпіріне айналса, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, жоғалғанымыз түгенделер еді-ау!..

Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті