СЕЙСМОЛОГИЯДАҒЫ САЛҒЫРТТЫҚ НЕМЕСЕ ЖЫЛЫНА ІРІЛІ-ҰСАҚТЫ 10-16 МЫҢ ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛАТЫН ҚАЗАҚСТАНДА БАР БОЛҒАНЫ 63 БАҚЫЛАУ СТАНЦИЯСЫ БАР

153

Өткенде (9 тамыз күні) Алматыда тағы да жер сілкінді. Қуаты 4 балл болған зілзаладан халық тыныш ұйқысынан шырт оянды. Мамандар жер асты дүмпуінің қалыпты жағдай екенін, алаңдауға еш себеп жоқтығын тағы бір рет жалықпай қайталады. Осы тұста «Еліміз жер сілкінісі сияқты төтенше жағдайға қаншалықты дайын? Оның алдын алуға мүмкіндігі қандай? Жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінісі бола ма?» дейтін заңды сұрақтар туындайды. 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газетінің тілшісі бүгін сол өзекті сұрақтардың жауабын іздеп көрген еді.
Өкінішке орай, Қазақстанның сейсмология саласының бүгінгі тағдыры қыл үстінде. Қазіргі заманға лайықталған дербес сейсмокартаның жоқтығы, бақылау станцияларының аздығы, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жағдайдың нашарлығы сынды күрделі мәселелер жағдайды одан бетер күрделендіріп жіберді. Қауіптілігі жағынан ұқсас болғанымен, дамуы жағынан еліміз жапондардың шаңына да ілесе алмай қалады. Ал, ел аумағында жылына ірілі-ұсақты 10-16 мың жер сілкінісі болатынын ескерсек, біздегі сейсмология саласына тың серпіліс керектігін жақсы түсінеміз. Бірақ, мұны біз жақсы түсінгенмен, бұған жауапты мекемелердің салғырт қарайтыны көңілге қаяу түсіреді.

1887 жылғы жер сілкінісі кезінде қираған қыздар гимназиясы

СЕЙСМОЛОГИЯҒА ЖАСТАР НЕГЕ КЕЛМЕЙДІ?

Қазақстанда жыл сайын ірілі-ұсақты 10-16 мың сейсмологиялық толқудың болатынын жоғарыда тілге тиек еттік. Ал, жалпақ жұртқа олардың бірен-сарандары ғана хабарланады. Білер-білінбес толқулар күнделікті болып тұрады. Олардың әрқайсысына Алматыдағы Сейсмология институты баға беріп отырады. Өткен шілде айында аталған институттың басшысы ауысты. Басшылыққа 50 жастағы Әнуар Боранбаев келді. Тау-кен инженері мен геофизик маманы бұл институтқа басшылыққа келген бойда жердің сілкінуін зерттейтін геофизикалық ғылымның күрделі саласының мұншалықты құлдырауына қайран қалып, сейсмология саласына ұзақ әрі табандылықпен көптеген өзгертулер енгізу керектігін бірден түсінеді.
Расында да, бүгінгі сейсмология саласының жағдайы сын көтермейді. Әнуар Боранбаевтың айтуынша, білікті сейсмологтар жетіспейді. Мәселен, бұл саладағы ғылым докторларының орташа жасы 77-ге жеткен. Ал, сейсмология саласына жастар келгенімен, олардың алға жылжулары оңай емес. Жас маман ондаған жылдар бойы инженерліктен ғылыми қызметкердің жолын ғана жүріп өтеді. Мысал ретінде айтайық, жас маман ғылыми-зерттеу орталығына 21 жасында келіп, тек 40-50 жасында ғана кандидаттықты қорғай алады. Демек, жас маманға өсу мүмкіндігі аз. Оның үстіне мардымсыз айлық көлемі де алаңсыз өнімді жұмыспен айналысуға мүмкіндік бермейді.
«Соңғы 12 жылда бұл салада құлдырау жүріп жатыр. Зертхана меңгерушісі бірде-бір ғылым кандидаты немесе докторды дайындаған жоқ», – деп кадр тапшылығына қатысты ащы шындықты айтты Сейсмология институтының су жаңа басшысы.

«ЖЕР СІЛКІНБЕЙДІ, БІРАҚ БҰЛ НАҚТЫ МӘЛІМЕТ ЕМЕС»

Сейсмология институты болжамдарының нақтылығы бүгінгі күнде 50-70 пайызды ғана құрайды. Ал, Әнуар Боранбаевтың айтуынша, жер сілкінісінің табиғатын соңына дейін зерттеген адам жоқ.
Өкінішке орай, 9 тамыз күні Алматыда болған 4 баллдық жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес еді. Өйткені, нақты бір болжам жасау үшін сейсмикалық станциялар мен заманауи құрылғылардың саны жеткілікті болуы керек. Мысалы, 2001 жылдан бері біздің елдегі ешбір құрылғы жаңаланбаған.
Институт басшысының мәліметіне сенсек, 40 сейсмикалық станция болуы тиіс Шығыс Қазақстан облысында екеу ғана жұмыс жасайды. Тіпті, мемлекет бойынша олардың саны бар болғаны – 63. Қазақстан сынды сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Жапонияның бір өзінде 3 мыңнан астам бақылау станциясы бар. Ал жер көлемі біздің елге қарағанда жеті есе аз. Елдегі бұл жағдай нақты болжам жасауға, жер асты дүмпуінің қуаттылығын бағалауға, түптеп келгенде, апаттың алдын алуға кедергі келтіреді.
Өзекті мәселенің тағы бірі − қазіргі заманға лайықталған Қазақстанның дербес сейсмокартасының жоқтығы. Бүгінгі күнге дейін біздің ел Кеңес Одағынан қалған сызбаларды қолданып келеді. Оларда бүгінгі қауіп-қатерлердің ескерілмегенін ескерсек, барлық аймақтағы сейсмокартаны жаңарту – уақыт күттірмейтін қажеттілік. Әрине, айтуға оңай болғанымен, алдан тағы бір үлкен мәселе шығады. Ол – қаржы тапшылығы.
Әнуар Боранбаевтың сөзіне қарағанда, сейсмикалық аймақтардың қартасын құрастыруға бюджеттен 1 млрд. теңгеден сәл артық қаржы бөлінген екен. Ал керек қаржы одан екі есе көп еді. Әрине, қаржы тапшылығы сапалы жұмыс жасауға қолбайлау болады.
Институт басшысы күрделі саладағы күрделі мәселелердің ішінен насихаты аз отандық сейсмология ғылымының да бүгінгі мүшкіл жағдайына тоқталды. Басқаны айтпағанда, отандық сейсмологтардың шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына мүмкіндіктері аз. Неге десеңіз, бұған да мемлекеттен мардымды қаржы бөлінбейді. Осыдан кейін «қатты жер сілкінісі болмайды» дегеннен арыға аса алмай жүрген сейсмологтарға сын айтып, мін тағудың жөні болмас.

ҚҰЗЫРЛЫ ОРЫННЫҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫ,
ЭЛЕКТР ҚУАТЫНАН АЖЫРАТЫЛҒАН БАҚЫЛАУ СТАНЦИЯСЫ
ЖӘНЕ АЙЛЫҚСЫЗ ОТЫРҒАН СЕЙСМОЛОГ

Зілзаладан көз ашпайтын Алматы қаласының тұрғындары жер сілкінісі кезінде жиналатын қауіпсіз жерлерден бейхабар. Ал, ондай жерлерді анықтауға терең зерттеу жүргізу қажет. Қазіргі кезде компьютерлік зерттеу арқылы қай жердің құлап, қай жердің жарылатынын анықтауға болады. Бірақ, мемлекеттің барлық тұрғындарға мұндай ақпаратты беруге мүмкіндігі жоқ. Өйткені, тағы да қаржы тапшылығы бұған қолбайлау болып тұр.
Алатау баурайындағы алып шаһарда 12 мың адамды қамтитын 340-қа жуық жиналу пункті бар екен. Бұл 2 миллион халқы бар мегаполис тұрғындарының бір пайызына да жетпейтін үлес. Мамандар бұл санның 5-6 есе көп болу қажеттігін айтады. Бірақ, бұл мәселеге бас ауыртып жүргендер байқалмайды. Алматы қаласындағы жағдай осылай болғанда, сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын өзге облыстардағы жағдайдың қандай екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, жоғарыда айтқан Қазақстандағы 63 сейсмикалық станцияның 80 пайыздан астамы бір ғана Алматы аумағында орналасқан.
«Отандық бизнес те әлеуметтік салаға бағытталған ұйымдардан теріс айналады. Мысалы, Жапонияда көптеген корпорациялар сейсмология саласына қаржылық қолдау көрсетеді. Бізде неге бұлай емес?!» – деп күйінеді Әнуар Боранбаев.
Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедицияның 2017 жылдың басынан мамыр айына дейін мүлде қаржыландырылмауы да жұмыстың өнімділігіне кері әсерін тигізді. Құзырлы орындардың жауапсыздығынан апаттарды болжайтын бақылау мен алғашқы мәліметтерді өңдеумен айналысатын бұл ұйым айлап бір тиынсыз, ал қызметкерлері айлықсыз отырған екен.
«Біз жұмыс жасайтын белгілі бір ақпараттар топтамасы бар. Бұл бір жылғы ақпарат емес. Сандар тізбегін қойып, графика құрып, жалпы сипатын шығарамыз», – деп сейсмологтардың негізгі жұмысын түсіндірді институт басшысы.
Жоғарыда айтқанымыздай, құзырлы орындардың салғырттығынан жыл басында бюджеттен бөлінген 418 миллион теңге бірнеше ай бойы бұл салаға түспей келеді. Сол кезде қызметкерлердің айлықсыз отырғаны өз алдына, тіпті, қарызы төленбегендіктен бақылау станциялары электр қуатынан ажыратылыпты. Мамандар екі ай бойы осылайша жер асты дүмпулерін тіркей алмай отырыпты.
«Біз соның салдарынан қорытынды мәліметті алатын уақытты жоғалттық. Осының өзін ғана қалпына келтіруге – әр түрлі бақылауларға үш айдан алты айға дейін уақыт керек. Қазіргі кезде болжамдарда біздің қатеміз көп. Сондықтан сандар тізбегінің тіркелуі бұзылған. Мемлекет мұндай қателікті ендігі әрі қайталамауы керек», – деді Әнуар Боранбаев.
Негізі, институт басшысы сөзінің жаны бар. Өйткені, болмашы қателік салдарының ауыр болмауына ешкім кепілдік бере алмайды.

ЖҮЗ ЖЫЛДА БІР РЕТ ЖОЙҚЫН ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛА МА?

Халық арасында сейсмикалық сауатсыздық жоғары. Бір ғана қарапайым мысал: мектептерде жер сілкінісі кезінде көмек келгенше партаның астына тығылып отырудан басқа «құнды» кеңес берілмейді.
«Біз әртүрлі әлеуметтік топтарға арнап сейсмикалық оқиғаларды түсіндіретін буклеттер, мультфильмдер шығардық. Онда егер сіз қандай да бір жағдайға тап болсаңыз, өзіңізді қалай ұстау керектігіңіз жайлы ақпараттар берілген. Сауатсыздық кейде «Жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінісі болады» деген аңыз-әңгімелердің туындауына да себеп болады. Енді Алматы аймағында болған күшті жер сілкіністеріне тоқталып өтсем. 1887 жылы Верныйда, 1889 жылы Шелекте, 1910 жылы (кейбір деректе 1911 жыл) Кеминде жойқын жер сілкінісі болды. Ал, бұл жылдардың арасында ешқандай да байланыс жоқ. Сондықтан да, жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінісі болмайды. Бұл – аңыз! Алматыда үнемі елеусіз жер сілкіністерінің болып тұруынан оның күшінің жинақталмауына септігін тигізеді. Мұнда нақты ғылыми түсінік бар, яғни энергия үнемі сыртқа шығып, оның қандай да бір қысымға жиналып, сыртқа жойқын күшпен шығатын жер сілкінісін туындатпайды», – деп, анық-қанығын айтты сарапшы.
«Жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінісі болады» деген әңгіме халық арасында айтылғанда, ең алдымен, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Алматы тарихында (еліміздің тарихында деп те айтуға болар) болған ең қатты жер сілкіністері тілге тиек етіледі. Рас, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында болған жойқын жер асты дүмпулеріне тарих куә.
Ел тарихындағы жойқын жер сілкінісінің бірі – 1887 жылдың 9 маусымында орын алды. Ол кезде магнитудасы 7,3 балл зілзала болды. Апаттан 332 адам қайтыс болды (сол жылдары Верныйда (қазіргі Алматы) шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған, – ред.), жүздеген ғимарат пен үйлер құлады. Одан кейін 1889 жылы 12 шілдеде болған Шелектегі магнитудасы 8,3 балл ірі зілзаладан 24 адам қаза тапса, 3 мыңға жуық нысан қирап қалды. Ал, 1911 жылдың 4 қаңтарында соққы күші 9-10 балл, ал магнитудасы 8,2 балл болған жер сілкінісі тіркелді. Осы бір жер қабатының тербелуін сонау алыстағы Екатеринбург, Бомбей және Калькутта сияқты көптеген қалалардың сейсмостанциялары тіркеген екен. «Кемин жер сілкінісі» деген атқа ие болған бұл апаттан 616 үй қирап, 390 адам қаза тапқан.

1910 жылғы жер сілкінісі кезінде Верныйда 66 адам қаза тапты, 616 үй толығымен қирап қалды. Кеминскілік жер сілкінісінен барлығы 390 адам қайтыс болды

ІРІ ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН АЛМАТЫДАҒЫ ҒИМАРАТТАРДЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ ЖЕРМЕН-ЖЕКСЕН БОЛАДЫ

Ғимараттар дегенде олардың көбі сейсмикалық талаптарға сай тұрғызылып жатпағанын айтқан жөн. Мамандардың пікірінше, 1990 жылға дейін салынған ғимараттардың (тұрғын үйлерде бар) жартысына жуығы ескірген, ал бертін келе салынып жатқан биік ғимараттардың 30 пайызы зілзалаға шыдамайды екен. Кәсіпкерлердің үнемшілдігі мен құрылыс материалдарының сапасыздығы кейін үлкен апатқа әкелмесе игі. Ірі қалаларға қоныс аударып, үй салып жатқан тұрғындардың көпшілігі сейсмикалық ережелерге назар аудармайтыны тағы бар.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері былтыр 9 баллдық жер сілкінісі болса, екі миллион халық тұратын қаланың жартысы жермен-жексен болатынын мәлімдеді.
Боранбаевтың түсіндіруінше, мұндай қорытынды Алматы қаласының 200-дей ғимаратын сараптаудан өткізгеннен кейін жасалды. Ал, биылғы жылы қалалық әкімдік ғимараттардың қандай жағдайда екендігін тексеруді бастады. Осы тексеріс нәтижесінде қаладағы 7 мың ғимаратқа «диагноз» қойылады. Яғни, сол ғимараттардың ішінде қайсысы 4 баллдан жоғары дүмпуге шыдайтындары анықталады.
«Біз Орталық Азияның өз Жапониясымыз, – деп салыстырды Әнуар Боранбаев, – бірақ Жапония жер сілкінісін құры болжаудан бас тартып, есесіне ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігіне баса назар аударып, апат туралы хабар тарату жылдамдығын арттырды. Олардың құрылыс сапасы тамаша. Жапондық сейсмологтар толқынның (цунами) биіктігін де дәл анықтай алады. Дегенмен, табиғаттың тосын мінезіне адам баласы қауқарсыз. Алайда, осылай екен деп, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біз секілді сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан күн шығыс елінен үйренеріміз көп».
Иә, Жапонияның ғимараттары анша-мұнша табиғат апаттарына сыр бермейді, ал біздегі жағдай қалай? Міне, бұл сұрақ қойылғанда сала мамандары да тілдерін тістеуге мәжбүр. Өйткені, ескісін айтпағанда, жаңадан салынған ғимараттардың сапасы сын көтермейді.
Белгілі сәулетші Андрей Зенков: «Мен болашаққа сенемін, біздің қаламызда (Алматыны айтып отыр, – ред.) әдемі, көркем, үш-төрт қабатты, тастан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарынан ғимараттар салынады», – депті. Бұл ХХ ғасыр басында Алматыны үйінді астына қалдырған жер сілкінісін көзімен көрген адамның пікірі. Андрей Зенков неге үш-төрт қабатты ғимараттар жөнінде айтты? Өйткені, сейсмикалық аймаққа жататын Алматы қаласы үшін 20-30 қабатты ғимараттар тұрғызу өте қауіпті. Оның үстіне бүгінде ғимараттардың сапасыз салынып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Масқара болғанда, айдың-күннің аманында (жер сілкінісі болмай-ақ) жаңадан салынған ғимараттар қисайып, тіпті құлап жатқан жоқ па? Сондықтан да, жер қозғалған сайын алматылықтар тарихтағы жоғарыда аталған үш ірі табиғи апатты еске алып, қаланың болашағына күмәнмен қарай бастайды.
«Барлық сейсмикалық нормаларды сақтадық» деп өздерін жарнамалайтын жаңа тұрғын үй кешендерінің сапасы жайлы Әнуар Боранбаев сөз сабақтағысы келмейді. Неге десеңіз, сол құрылыс компанияларының басым бөлігі салынып жатқан ғимараттарды сараптамадан өткізуге тапсырыс бермейді. Кеңес Одағы тұсында «Место сбора при землетрясении» деп жазылатын қарапайым тақтайшалардың өзі қазір ілінбейді. Осыдан кейін бұл тақырыпта әңгіме өрбіткісі келмеген Әнуар Боранбаевты түсінбей көріңіз!..

Әнуар Боранбаев: «Біздің жұмысымызға сын айтып, мін тағатындар көп. Бірақ, біз түк бітіре алмасақ та, басқалар секілді қол қусырып отырғанымыз жоқ. Тым құрығанда бір нәрсе жасауға талпынып жүрміз. Айтыңызшы, 90-жылғы ескі көлікпен алысқа бара аласыз ба? 100 км қашықтыққа жететін бензинмен алыстағы Парижге жету мүмкін емес қой…»

КӨЗҚАРАС ДҰРЫС БОЛМАЙ, СЕЙСМОЛОГИЯДА ОҢ ӨЗГЕРІС БОЛМАЙДЫ

«Табиғи апатты тыныш отырып күтудің қажеті жоқ. Жас мамандарды жаңа деңгейге шығару керек», – деп есептейді Сейсмология институтының жаңа басшысы.
Маусым айында Әнуар Боранбаев Парламент қабырғасында мемлекеттің қөзқарасы дұрыс болмай, сейсмологияда оң өзгерістің болмайтынын ашық айтты. Алматы қаласында жойқын жер сілкінісі болған жағдайда, Төтенше жағдайлар департаменті қаланы қалпына келтіруге 200 млрд. доллар кететінін есептеп шығарыпты. Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Сейсмология институтының басшысы бұл мәліметті де жеткізіпті. Оның сөзіне қарағанда, Сейсмология институтының біраз ұсыныстарын халық қалаулылары қолдап, Үкіметке жолдаса керек.
«Біздің жұмысымызға сын айтып, мін тағатындар көп. Бірақ, біз түк бітіре алмасақ та, басқалар секілді қол қусырып отырғанымыз жоқ. Тым құрығанда бір нәрсе жасауға талпынып жүрміз. Айтыңызшы, 90-жылғы ескі көлікпен алысқа бара аласыз ба? 100 км қашықтыққа жететін бензинмен алыстағы Парижге жету мүмкін емес қой», – деген Әнуар Боранбаев мұны түсінген адамға ой тастады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Ал, апат айтып келмейді ғой. Бүгінде Қазақстан табиғат ананың тосын мінезіне мүлдем дайын емес. Басқа салаға қыруар қаржы тапқанда, сейсмология саласына селқос қарауға болмайды. Біле-білген адамға бұл жүрдім-бардым қарайтын сала емес, өйткені сейсмология салғырттықты көтермейді.
Иә, ел аумағында жылына ірілі-ұсақты 10-16 мың жер сілкінісі болатынын ескерсек, таразы басында миллиондаған адамның тағдыры тұр. Құдай сақтасын! Беті аулақ! 1887 немесе 1911 жылдағы жағдай қайталанса, қазақ Алматысынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан да, әрқашан сақтық керек!..

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «QAZAQ» газеті