СЕКСЕН ЖЫЛ БҰРЫН АТЫЛҒАН ҚАЗАҚТЫҢ СӘКЕНІ

98

25 ақпан – қаралы күн. Олай деуге толық негіз бар. 1938 жылы
25 ақпан күні қазақтың маңдайына біткен мемлекет және қоғам қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Сүлеймен Есқараев, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Сейтқали Меңдешов, Ғаббас Тоғжанов, Ізмұқан Құрамысов, Жанайдар Сәдуақасов, Қайсар Тәшитов қатарлы 39 адам КСРО Жоғарғы сотының Мәскеуден келген өкілі – дивизиялық әскери заңгер А.Д. Горячевтің төрағалық етуімен өткен Әскери коллегиялық сотының үкімі бойынша Алматы қаласында атылған.

Бұл деректі 1992 жылы еліміздің «Әділет» ерікті тарихи-ағарту қоғамының сұранысы бойынша Ресей Федерациясының Кауіпсіздік министрлігі жіберді. Аталмыш құжат Мақаш Тәтімовтің 1993 жылы жарық көрген «Қазақ әлемі» кітабында жарияланды.
Әсіресе, ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге жаппай ұшыратқан жағдай И.Сталиннің 1937 жылы ақпан айында өткізген партияның Орталық комитетінің атышулы пленумы болды. Осы пленумда И.Сталин баяндама жасайды. Баяндамасында: «Шет мемлекет агенттерінің зиянкестік, диверсиялық жұмыстарының кең өріс алуына троцкийшілер елеулі ықпал жасап отыр. Оларды дер кезінде әшкерелеп, жоюдың орнына біздің кейбір саяси соқыр басшылар ымырашылдық көрсетіп отыр. Соның салдарынан шет елдің агенттері болып жүрген жау элементтері жауапты қызметтерге өтіп кеткен», – деп байбалам салады. Сонымен қатар, лауазымды қызметте отырған адамдарын сынға алды. Соның нәтижесінде «Ерекше кеңес» деген соттан тыс орган пайда болды. Пленумнан кейін ішкі істер наркомы Н.И Ежов өз жұмысынан қорытынды шығаруға бел шешіп кіріседі. Ол мәселенің анық-қанығына жетпей жатып-ақ, атылатындардың тізімін жасайды. Сол жылдың маусым айында «саяси қылмыс жасады» деген желеумен үш мыңнан аса адамның тізімін жазып, Сталин, Молотов, Кагановичке қолма-қол бекіттірген.
Сөйтіп, жер-жердегі НКВД басқармалары Мәскеудің нұсқауы бойынша әрбір тоқсан, әрбір айда қанша «халық жауын» анықтауы тиістігі жөнінде жоспар жасайды. Ары қарай кімге болса да түсінікті. Ел алдында жүрген азаматтардың мойнына тұзақ түседі. Ақпарат құралдарында белсенді топтардың ұлт зиялыларын сынаған, мін таққан, жымысқы ниетпен жазылған мақалалары қарша борады. Олар өздерінше қатал да сын көтермейтін жұмыс тәртібін орнаттық, партияның қаулысына адалмыз деген емеуірін танытты. Осы тұрғыда өздері ойдан жасап алған қисынсыз дақпырт «халық жауларын» түп тамырымен құрту міндетін жолға қояды.
Ұрдажық ұранның салдарынан асыл азаматтарға «Халық жауы», «Тап жауы», «Буржуазияшыл-ұлтшыл», «Ұлтшыл-фашисттер», «Жалдамалы төбеттер», «Жасанды элемент», «Алаяқ агенттер», «Алашордашыл агенттер», «Пантүрікшіл контрреволюционер», «Жапон тыңшысы» сияқты ат қойып, айдар тағып, іркес-тіркес темір торға қамап, онымен қоймай адам төзгісіз зорлық-зомбылықтың неше түрін көрсетті. Бұл қатарда көрнекті қоғам және Мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин де жапа шегіп, небары 44 жасында өмірден озды. Сәкентанушы Амантай Кәкенұлының «Қазақтың Сәкені» кітабында «1938 жылдың 24 ақпанында Алматы қаласында РСФСР қылмыстық кодекісі 58 статьясының 2, 7, 8, 11-баптарымен» айып тағылған С.Сейфуллиннің ісі жөнінде мұрағаттан алынған хаттама тұр.
Ұлт тағдырын Кеңес өкіметімен байланыстырған асыл арманы желге ұшты. Өзі табан ет, маңдай терін сарп етіп, іргетасын қаласқан Кеңес өкіметі сенімін ақтай алмады. Керісінше неше түрлі қитұрқы бәле-жаламен басына қатер төндірді, соңында опат қылды. Сондағы тағылған айыбына адам күлерлік. Сол тұстағы ақпарат құралдарында айтылып жатқан сын-ескертпелерден қорытынды шығару үшін 1937 жылы сәуірдің 5-7 күндері жазушылардың жиналысы өтеді. Осы жиналысқа С.Сейфуллин қатыспайды. Жиналыстан соң ақпарат құралдары: «Жиналысқа Сәкен, Ілияс сықылды үлкен жазушылар қатыспады, әрине, бұлар жиналысқа келіп, өздерінің кемшіліктерін жұрт алдында айтып, кемшіліктерін жөндеу ретінде сөйлеп, жұртқа мұрындық болып, өзара белсене қатысудың орнына, үйлерінде жатып алды», – деп даурығады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, осыдан кейін іс күрделене түседі. Арада бірнеше ай өткенде 1937 жылдың 24 қыркүйегінде НКВД қызметкерлері С.Сейфуллинді Алматы қаласы Карл Маркс көшесі 97, яғни өз үйінде (қазіргі Қонаев көшесі мен Қарасай батыр көшесінің қиылысы) тұтқындайды. Тұтқындаумен қатар маңызды құжаттар табылып қалар деген ниетпен үйінің астаң-кестеңін шығарып тінтиді.
Тінту хаттамасында: «№5479 Еңбек Қызыл ту ордені және оның №001979 ордендік кітапшасы, ҚазЦИК значогі, КСР XV жылғы значогі және оған қоса берілген №3976 құжаты, жол жүру билеті, ордендік кітапшаға берілетін купондар; №96359 браунинг; №055533 кәсіподақ билеті; әскери билет; 4500 сом ақша. Қосымша әртүрлі кітаптар 58 дана, жеке жазбалар 4 папка, 2 фото альбом, әртүрлі дәптерлер мен блокноттар 25 дана, қолжазбалар 14 бума, реттелмеген қолжазбалар, қосымша мерекелік альбом кітапша бар» деп көрсетіліп, оның сыртында 20 беттік кітаптарының тізімі жасалған. Жоғарыда айтылған материалдардың барлығын НКВД мекемесі алып қойған. Бұл заттың бір де бірі кері қайтпаған. Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Ақпараттық-аналитикалық орталығына жоғарыдағы заттарға сұрау салып арнайы хат жаздық. Көп өтпей Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы Р.Закаргаеваның қолы қойылған ресми жауап хат алдық. Хатта: «С.Сейфуллинге қатысты тек 8 томнан тұратын №4519 мұрағаттық қылмыстық ісі Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Ақпараттық-аналитикалық орталығының арнайы мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр, өзге жеке заттары мұрағатқа сақтауға берілмеді» деп анық жазылған. Көрдіңіз бе, баспа бетін көрмей қаншама дүниесі жоғалды?! Жоғарыда атап көрсеткен 14 папка қолжазбаның ішінде қаншама құнды дүниелер кеткені белгісіз. Сол жағын ойласаңыз жаныңыз ауырады. Десе де, барға қанағат дейміз. Қолда бар асыл мұрасын ардақтап, оны келесі ұрпаққа насихаттай бермекпіз.
Астана қаласыдағы С.Сейфуллин музейі ашылған жылдан бастап 25 ақпан күнін атаусыз қалдырған емес, ақынның әруағына тағзым жасап, еске алу күнін өткізіп келеді. Асыл азаматтың есімі қашанда ел есінде.

Мұқият Қойшыбайұлы,
педагогика ғылымдарының магистрі,
Сәкен Сейфуллин музейінің
ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі