СЕРТКЕ БЕРІК САЙЫПҚЫРАН САРБАЗДАР

17

«Әскері мықты елді жау алмайды» дейді халық даналығы. Бүгінде Қазақ армиясының сапында Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, Әскери-теңіз күштері, Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан секілді құрылымдар елдің тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолында қырағылықпен қызмет атқаруда. Әр бөлімнің өзіне жүктелген міндеті бар. Осы орайда біз бүгін Ұлттық Ұлан «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының Тараз қаласында орналасқан №5513 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігі туралы әңгімелемекпіз.

Әскери бөлімнің тарихы 1992 жылғы 25 ақпаннан басталады. Бастапқыда Қазақстан Республикасы ішкі әскерлерінің милиция батальоны ретінде құрылған бөлім 2014 жылғы сәуірден Ұлттық Ұланның қарамағына өтеді. Осылайша құрылымның атауы өзгеріп қана қоймай, құзіреті де едәуір кеңейе түскен.
Аталған әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Төрехан Төртбаевтың айтуынша, олардың міндеті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, түзету мекемелерін қырағылықпен күзету, сотталушылардың тәртібін қадағалау. Міндеттер мұнымен де шектелмейді. Сарбаздар өзге әскери құрылымдардың бөлімшелеріне шұғыл көмек керек болған жағдайда, өрт, су, қар көшкіні, дауыл, сел секілді табиғи апаттардан болған зардаптарды жоюға, оның алдын алуға да жұмылдырылады.
«ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының №5513 әскери бөлімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменттері секілді бірқатар мекемелермен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Отанға адал жауынгерлер әрбір қазақстандықтың сенімді серігі, олардың қауіпсіздігінің шынайы кепілі. Өйткені, біздің сарбаздардың қиын да қызықты қызметі еліміздегі құқықтық тәртіптің, тыныштықтың сақталуына бағытталған. Олар қоғам тыныштығы жолында қалтқысыз қызмет етумен қатар кез келген салада кездескен қиындықтарды еңсеруге жұмылдырылады. Сондай жағдайда сарбаздар жауынгерлік ерлік жасап көзге түссе, марапатсыз, құрметсіз қалмайды. Бұл елімізде патриоттық рухты нығайтуға, армиямыздың айбынын асқақтатуға септігін тигізеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген қанатты сөзі бар. Отан қорғау ортақ парыз десек те, бұл істі абыроймен атқару біздің тікелей міндетіміз. Сол үшін барымызды салып еңбек етеміз», – дейді Төрехан Төлебиұлы.
Өткен жылы олар облыстық ішкі істер департаментімен тізе қоса қимылдап, қоғамдық тәртіп бұзған 1 446 адамды полиция бөліміне жеткізіпті. Облыстық қылмыстық атқару жүйесімен де бірлесіп, сотты болған 2 мыңнан аса адамды күзетіп, олардың өрескел әрекеттерге баруына жол бермеген.
Айта кету керек, әрбір әскерге шақыру маусымында еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық сарбаз осында келіп, азаматтық борышын өтейді екен. Биыл өз өңірімізден бөлек, мұнда Астана, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан сайдың тасындай іріктелген жігіттер сарбаздар қатарын толықтырған. Олар өз міндетіне адал.
Әскери топ басшысы, лейтенант Арман Қалықтың айтуынша, оның взводында 20-дан астам сарбаз бар көрінеді. Жақында оның қарамағындағы үш сарбаз Тараз қаласындағы шағын аудандардың бірінде екі кештің арасында анасынан адасып қалған 2,5 жасар бүлдіршінді тауып алып, тұрғындардың алғысы мен әскери бөлімнің марапатына ие болыпты. Соның бірі – қатардағы жауынгер Бақтияр Мәден. Ол Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Самбай ауылының тумасы.
«Біздің маңызды міндетіміз – қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекет үшін маңызы бар мекемелерді күзету, жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, төтенше жағдайдың алдын алу, терроризмге жол бермеу. Соның ішінде қаланың тыныштығын қадағалау кезінде әртүрлі оқиғалар болып жатады. Бір жолы іс-қимылы күмән туғызған азаматтардың ізіне түстік. Әліптің артын бағып, олардың әрбір қимылын бақылай отырып, дүкен тонамақ болған жерінен қолға түсірдік. Осы секілді жайттар көптеп кездеседі. Өткен жолы қатардағы жауынгерлер Көкшетау облысының тумасы Талғат Аманбаев пен атыраулық Асыланбек Бөлебай үшеуміз өз міндетімізді атқару барысында кешкі сағат 21.30 шамасында үлкендердің қарауынан тыс қалған бүлдіршінді тауып алдық. Қасында ешкімі жоқ, біресе анда, біресе мұнда бұрылып, белгісіз бағытта кетіп бара жатқан баланың ата-анасынан адасып қалғанын бірден білдік. Жылай-жылай дауысы қарлыққан 2,5 жастағы бүлдіршін «апа» дегеннен басқа сөз айта алмады. Лезде радиобайланыс арқылы топ басшымызға хабарластық. Бір-бірімізбен байланыса отырып, баланы іздеп жүрген ата-ананы таптық. Олар «Алатау» (8) ықшамауданының тұрғындары болып шықты. Бүлдіршіннен ажырап қалғандарына 2 сағаттан астам уақыт болған екен. Олардың баламен қауышқандағы қуанышын көргенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Біздің қызметіміздің қоғамға, мемлекетке тигізетін пайдасы орасан. Жалпы, әскери қызметкер болу маған ұнайды. Себебі, әкем де бұрын осы салада талай жыл тер төккен. Қазір ауылдық орта мектепте бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүр», – дейді ол.

Тобықтай түйін: Жалпы, күн сайын 320 сарбаз кешкілік көшеге шығып, ел аяғы басылғанша қаланың тыныштығын күзетумен айналысады екен. Одан бөлек, сарбаздарға әскери әдіс-тәсілдің қыр-сырын меңгертуге арналған сабақтар өткізіліп, жоспарлы түрде айына 4-5 мәрте далалық оқу-жаттығу шаралары жүргізіледі. Онда жауынгерлер қару ату, окоп қазу, радиациялық-химиялық қарулардан қорғану секілді әскерилерге тән әдістерді меңгереді. Ел іргесінің бекем, мемлекетіміздің мығым болуын қамтамасыз ететін жас жауынгерлерге жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Отанын сүйетін сарбаздар артылған сенімнің үдесінен шығу үшін барын салып бағуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Тараз қаласы