СИРИЯДАҒЫ СОҒЫС: СЕБЕП ПЕН САЛДАР

9

2011 жылы Солтүстік Африка мен Таяу Шығыста «араб көктемі» басталды. Бастауын Тунистен алған көтерілістер тізбегі араб елдерін бірінен кейін бірі жаулады. Бір уақытта бірнеше араб елін шарпыған бұл көтеріліс өз «жемісін» де тез берді. Тунистің тізгінін 24 жыл бойы (1987-2011) ұстаған президент Бен Әлидің биліктен аластатылуы, 30 жыл (1981-2011) Мысырды (Египет) басқарған Хосни Мүбарактің тақтан құлатылуы, 42 жыл билікті ешкімге бермеген Ливия басшысы Муаммар Каддафидің өлтірілуі, 1994-2011 жылдардағы Йемен президенті Әли Салехтің өз еркімен кетуі «араб көктемінің» иісін Сирияға да жеткізді. Алғашында үкіметке қарсы акция болып басталған шерудің арты азаматтық соғысқа ұласты. 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін 2011 жылы басталған Сириядағы соғыстың себебі мен салдарына қысқаша тоқталады.

1971 жылы төңкеріс арқылы билік басына келген Хафез Асад (1930-2000) өлгенше Сирия Араб Республикасын 29 жыл басқарды. Ел президентінің қазасынан кейін билікке ойламаған жерден оның 35 жастағы дәрігер-офтальмолог ұлы Башар Асад келді.
Таққа отырған Башар Асадтың қолында нашар экономика, жемқор үкімет, тұрақсыз саяси жүйе мен әлсізденген ұлттық идеология қалды. Елдегі билік әдеттегідей негізі 1947 жылы қаланған «БААС» партиясының қолында болды. Бұл партияның негізгі тірек күші болып алауиттер есептеледі. Олар жалпы халық санының 10 пайызын құрайды. Ал, 75 пайыз болатын суннитік арабтар елдегі билікке араластырылмады. Осының барлығы, яғни халық тұрмысының нашар болуы, Асад әулетінің билік басында ұзақ (40 жыл) отыруы, таққа талас, сыртқы күштердің (Түркия, Сауд Арабиясы, АҚШ, Ресей) араласуы жеті жылдан бері жалғасып келе жатқан соғысқа себеп болды.
Бұдан бөлек, бұл «араб көктемі» Башар Асадты тақтан тайдыра алған жоқ. Өйткені, оның режимін қолдайтындар ел ішінде де, ел сыртында да бар. Мысалы, қазіргі президентті алауиттер қолдайды. Бұл – бір. Екіншіден, Башар Асадтың (Сирияның) сенімді серігіне айналған Владимир Путин (Ресей Федерациясы) бар.

Тобықтай түйін: Иә, Сириядағы соғыстың басталғанына да жеті жылдың жүзі болды. Осы жеті жылдың ішінде бес жүз мыңға жуық адамның қаны төгілді, миллиондаған адам үйін тастап, басы ауған жаққа босып кетті. Осылайша, бар кінәні билік – оппозицияға, оппозиция – билікке аударып, бір-біріне «өліспей беріспей» оқты қарша боратып жатқанда ортада қорғансыз қалған қарапайым халық бұл «қасапшылардың» оңай олжасына айналды. Ал, «қанға – қан, жанға – жан» қағидасына ұласқан қырғынды бүгінде тоқтату мүмкін болмай тұр.

Мадияр Әзизұлы, “Qazaq” газеті