СТУДЕНТТЕРДІҢ РУХАНИ БОЛМЫСЫН АРТТЫРУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ

6

Студенттерді рухани құндылықтарға тәрбиелеу адамзаттық құндылықтармен сабақтасып жатыр. Бүгінгі күні «Жастарды рухани тұрғыда не байытады?» деген сұрақ жиі туындайды. Жастарды рухани байытатын, оның ішкі еркіндігін, тәуелсіз болуын, әлеуметтік кемелденуін, жауапкершілігін қалыптастыратын бұл, әрине, ғылым-білім, халқымыздың тілі, әдебиеті, мәдениеті, өнері мен ұлттық дәстүрлері.

Қазақтың гуманист педагогы Ыбырай Алтынсарин «Қоғамның руханилығы – оның даму деңгейінің белгісі» деп атап өткеніндей, қоғам дамуы рухани құндылықтардан бастау алуы қажет.
«Руханилық» деген ұғым жеке тұлғаның жүректен туындайтын шынайы сезімдерін, жүрек жылуын, кісілік келбетін, адами болмысын танытады. Бүгінгі студент жастар қажетті кәсіби біліктілікті меңгерумен шектеліп қалмай, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиесінен, ұлт қаһармандарының өмірі мен ерлік істерінен, ұлт зиялыларының даналық сөздерінен рухани құндылықтарды бойына сіңіре білулері қажет.
Мен оқытушы ретінде «рухани жаңғыру» деген ұғымды студент жастарға тұлғалық қасиеттің ашылуы деп түсіндіремін. Әрбір студент «Мен терең білім аламын», «Мен мықты маман боламын», «Менің Отаным», «Менің университетім», «Мен үлес қосамын», «Мен істей аламын», «Мен қиындықтармен күресе аламын, барлық кедергіні жеңіп шығамын», «Мен міндетті түрде еліме пайдамды тигіземін» деп өз мүмкіндігіне сенім арта білуі маңызды екеніне назар аудартамын, бұл әдіс, сөз жоқ, олардың белсенділіктерін арттырады.
Өзіне сенімі мықты жастар тек өзінің ғана емес, сонымен бірге өзгенің әрекеттерін сыни тұрғыда бағалай алады. Олар «қоғам», «мақсат», «мамандық», «шынайылық» деген сөздерге зейін қойып, «адамдық қасиет», «ұлттық мінез-құлық», «мәдениет», «адамға деген сүйіспеншілік», «қайырымдылық» ұғымдарының астарын саралай біледі. Ересек өмірге аяқ баса отырып, студент жастар рухани мәселеде құзыретті, адамға, қоғамға, қоршаған ортаға деген ізгі қарым-қатынас жасауға дайын болады. Студент жастардың бойынан танылған осындай өзгерістерді байқай отырып, біз олардың тұлға ретінде өз бетінше әрекет етіп, өзін сенімділікпен бағалауға үйренгенін көреміз.
Студенттердің жеке тұлға ретінде қалыптасуына туған жері, айналасындағы адамдардың өмірі, олардың еңбек етуі, ғылым-білімге ұмтылысы, тұрмысы әсер етеді. Осылайша, олардың адамдармен үйлесімді өмір сүруге бейімділігі дамиды, жеке қасиеттері, қабілеттері ашылады. Олар рухани даму үшін өзімен үнемі жұмыс істеудің, өздігінен білім алудың, өзін-өзі жетілдірудің, өзін-өзі танудың қаншалықты маңызы бар екенін түсінеді.
Бүгінгі жас студент – ертеңгі білікті маман. «Ілім – даладай кең» деген мақалда айтылғандай, танымға, білімге шек жоқ. Терең білім алу, қоғаммен тығыз байланыста болу, өзара сыйластық, өзіне деген сенімділік студенттердің қалаған нәтижеге қол жеткізуіне көмектеседі.
Жаңа кездегі білім берудің өзекті мәселесі студент жастарға рухани тәрбие беру болып табылады. Әрине, жастар бойындағы мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік сияқты қасиеттер отбасынан дарыды. Еңбекке, жақсы қарым-қатынас пен іс-әрекеттерге білім берген ұстаздары, мектебі тәрбиеледі. Осы тәрбиеден студент жас қалыптасты. Жоғары оқу орнындағы ендігі міндет – өзін-өзі басқара алатын, өз бетімен білім алып, дами білетін, жұмысқа бейім, еңбек сүйгіш, белсенді студент тұлғаның қалыптасуын тиімді ұйымдастыра білу. Тиімді ұйымдастырылған оқу-тәрбие үрдісі ғана студент жастар тұлғасының дамуына ықпал жасап, белсенділігін қалыптастыра алады.
Атырау мұнай және газ университетінде студент жастардың рухани тұрғыда тұлға ретінде қалыптасып, мамандықтарына қатысты білім-біліктілік деңгейлерін арттырып, кәсіптік білім алып жатыр. Атырау мұнай және газ университеті – еліміздің мұнай-газ саласында жоғары білікті ғылыми инженер-мамандар даярлайтын жоғары оқу орны. АтМГУ 35 жылдан аса уақыт ішінде Батыс Қазақстанның білім және ғылым орталығына айналды.
Университет мәртебесін алған оқу ордасы Халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сапа менеджменті сертификатына ие болып, Білім және ғылым министрлігінің ЖОО арасында жүргізген рейтингісі бойынша техникалық ЖОО-ның алдыңғы қатарынан көрінді. АтМГУ-нің құрылымында 4 факультет, 20 мамандандырылған кафедра жұмыс істейді. Университет 26 мамандық бойынша бакалавриат және 5 мамандық бойынша магистратура дайындайды. Бүгінгі күні университетімізде орасан қуатты ғылыми қызметкерлер, жоғары білікті зерттеушілер мен ғалым педагогтар дәріс береді.
Университетте студент жастардың тұлғалық қалыптасуына, кәсіптік білім алуына барлық жағдай жасалған. Студенттердің толыққанды білім алуына арналған мықты материалдық-техникалық база, технопарк, заманауи тұрпаттағы ғылыми-зерттеу зертханалары, профессор оқытушылардың студент жастар үшін ғылыми жұмыстар жүргізетін орталықтары бар. Студенттер үшін ең маңыздылары – кітапхана, студенттік жатақхана, редакциялық-баспа бөлімі, спорттық кешен және мәдениет сарайы бар. Техникалық бағытта білім беретін оқу ордасында болашақ мамандар өз мамандығына қатысты жобалау әдістерін, қазіргі заманғы технологиялар мен бағдарламалау құралдарын меңгереді. Университет қабырғасында әрбір жас маманның жоғары білімді, шығармашыл, жаңа нәрсе тудыратын, ойлап табатын өнертапқыш болуына барлық жағдай жасалған.
Адам мен қоршаған орта бір-бірімен тығыз байланысты десек, студент пен университетті тығыз байланысты деп айтуға болады. Студент жастар университетте кәсіптік білім ала отырып, қайталанбас студенттік жылдарын өткізеді. Ал студенттік кезеңдерінде студенттер тұлға ретінде қалыптасып, белсенді қоғамдық қызметтер атқарады, олар өз бастамаларымен түрлі сайыстар, кештер, байқаулар ұйымдастырады. Салауатты өмір салтына бағытталған түрлі спорттық жарыстар мен спартакиадаларға қатынасып, бақтарын сынайды. Республикалық, облыстық деңгейдегі маңызды тақырыптарда семинар-кеңестерге, конференцияларға, форумдарға қатысады. Рухани-адамгершілік тақырыбында дөңгелек үстел, әңгіме сағаттарын ұйымдастырады, осы тақырыпта бейнефильмдер көріп, оны талдайды.
Әр студентке қамқорлық жасау – бүгінгі күннің және алдағы күндердің талабы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында қазіргі жаһандану үдерісінде елімізде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісін басты назарға алу нақты айтылды. Салауатты, дені сау, ұлттық сана-сезімі бай, рухани дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбексүйгіш студент жастарымыз еліміздің ертеңі бола алады. Еліміздің жарқын болашағы – жастар десек, сол жастарымыздың рухани байлығы олардың мінез-құлқы, іс-әрекеті және қарым-қатынасымен сипатталады. Оларды үлкендерді сыйлауға, Отанды құрметтеуге, мамандығын сүюге, айналасына қайырымдылыққа, қоғамда мәдениеттілікке тәрбиелей білуіміз қажет. «Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» деген ұлы сөз бар.
Жастардың рухани жетілуі үшін біздер, оқытушылар оларға рухани саналықты меңгерту қажеттілігін естен шығармағанымыз жөн. Студенттердің рухани санасы дегеніміз – өзінің өмірдегі, қоғамдағы орнын таба білуі, өз тағдырын, отбасы, қоғам мүшелерінің арасындағы сыйластықты сезінуі.
Қазіргі заманда жастарға рухани тәрбие беру төмендеп кеткендіктен, соңғы жылдары жастарда қатыгездік, бойкүйездік, рухани құндылықтарға деген немқұрайлылық, енжарлық орын алды. Рухани тәрбиенің жұтаңдығынан әлемдегі соғыстар, адамдардың арасындағы қайшылықтар, алауыздықтар да болып жатыр. Бұл жағдайлар жастардың сана-сезіміне кері әсерін тигізеді. Рухани-адамгершілік тәрбиесі құнсызданса, қоғам дағдарыста болады. Сондықтан, бүкіл әлем адамгершілік, рухани құндылықтарға негізделген жаңа білім беру бағдарламаларын іздестіруде.
Бүгінгі күні жастардың рухани дүниетанымын қалыптастыруда дәстүрлі құндылықтарымыздан алшақтамай, жастардың мамандығын жетік білуіне, өмірде дұрыс жол таңдап, адами құндылықтарға жат нәрселерден қашық болуға үйрету – біздің, оқытушылардың басты міндеті.
Жақсы рухани тәрбие алған жастар саналы қоғам мүшесі, денсаулығы мықты азамат болып қана болып қоймай, шығармашыл, жаңаша ойлай білетін, өмірдің жақсы жақтарына бетбұрыс жасай отырып, қоғамға өз үлесін қоса алатын тұлға бола алады.
Елбасымыз рухани жаңғырудың, руханияттың ұлтты алға жылжытатын қозғаушы күш екенін баса айтқан болатын. Тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы үшін рухани байлықтың кемел болғаны – әрбір жеке тұлға, одан құралған қоғам, туған еліміз үшін өте маңызды үдеріс.

Любовь САНДЫБАЙ,
Атырау мұнай және газ университетінің аға оқытушысы