СЫР ЕЛІНІҢ «ТАЙБУРЫЛЫ»

23
????????????????????????????

Қызылорда топырағы үлкен жүректі азаматтардан кенде емес. Солардың бірі де бірегейі – Сыр елінің ардақты перзенті Нәлібаев Махмұт Ыбырайханұлы. Ел ағасының ұлт болашағы үшін атқарған игілікті істері көпке үлгі. Туған өлкесіндегі балабақша мен мектептердің жөндеу жұмыстарына жәрдем беріп, медицина орталығы мен оқу орындарын ашып, мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа баруға ниет еткен адамдарға қаржылық көмек беріп, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленіп келеді. Халқымыздың ардақты ұлы, армия генералы, Кеңес Одағының екі дүркін батыры, Халық қаһарманы, көрнекті қайраткер Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қор құрды. Бұл қордың бүгінде атқарып отырған жұмыстары қомақты. Даңқты генералдың ғибратқа толы ерліктерін жас ұрпаққа дәріптеумен қатар қазақ елінің өркендеуі жолында іргелі істер жасап келеді. Қазақ халқының тарихындағы теңдесі жоқ балуан, 54 мемлекетте өнер көрсетіп, 48 күміс пен алтын медальды олжалаған ХХ ғасырдағы алып күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш тұрғызып, оны балуанның туған жері Ақмола облысына, яғни Астананың іргесіне орнатып, айналасын саялы баққа айналдырып, бар қазақтың мерейін үстем етті. Қазақтың бас батыры – Қобыланды батыр мен оның даңқты тұлпары Тайбурылдың алып ескерткішін жасатуға мұрындық болды. Ұлт ойшылы, ХХ ғасырдың ұлы тұлғасы, Түркістан Автономиясының көсемі Мұстафа Шоқайды танытуда атқарған істері ұшан-теңіз. Парижде Мұстафа Шоқайдың тұрған жеріне оның мүсінін орнатып, маңайына аллея отырғызды. Осы шараны атқарып қайтуға барған Қазақстан делегациясын толықтай өзі қаржыландырды. «Ел үшін туған асыл ер» деп халқымыз Махмұт Ыбырайханұлы сынды перзентін айтса керек.

Баба ананың батасы

Адамның асылы тектілігінде десек, бұл қасиет адам бойына алыстан емес, әкенің құты, ананың сүтімен дариды. Махмұттың әкесі Ыбырайхан Нәлібайұлы еңбек жолын қаржы агенттігінен бастаған арда азамат кейін ауылдық кеңесті басқарды. Жергілікті кәсіптік-техникалық училищенің директоры кезінде көптеген игі бастамаларға ұйытқы болып, Ресей Федерациясына қарасты Чуваш елінің жастарын елімізге шақырып, қазақ жастарымен қатар білім алуларына үлкен мүмкіндіктер жасады. Жаттың өзін жатсынбай бауырына баса білетін кең жүректі азамат «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, талай дарынды балалардың қанаттануына себепкер болды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1947-1955 жылдардағы ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президумының мүшесі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі, күріш өсіру бойынша дүниежүзілік рекорд жасаған Ыбырай Жақаев бастаған «жас жақаевшылар» қозғалысының қарқынды жұмыс атқаруына ұйытқы болып, озат мамандар даярлауда ерекше көзге түсті. Ыбырайхан Нәлібайұлының білікті маман, іскер басшы екенін көрген облыс басшылығы оны Қызылорда облыстық атқару комитетінің қаржы шаруашылығының бастығы етіп тағайындаған болатын. Осы қызметте Ыбырайхан ақсақал 20 жыл табанды еңбек етті. Ал Махмұттың анасы Қалкүл Бақбергенқызы шешенсөз шебері, дүйім жұртты ақылымен аузына қаратқан ел анасы болған. 55 жыл бір шаңырақтың астында жұптары жазылмай ғұмыр кешкен Ыбырайхан мен Қалкүлдің отбасында төрт ұл, төрт қыз дүниеге келді. Сол төрт ұлдың ең үлкені Махмұттың есімі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) құрметіне қойылған. Кеңес Үкіметі кезінде Қызылорданың Шиелі ауданында орыс, шешен, неміс ұлтының өкілдері көп шоғырланған еді. Барша ұлт пен ұлыстарды бауырына басқан қазақ халқы олармен туыстай болып, қоян-қолтық араласқан жоқ па?! Махмұттың атын сол туыстай боп кеткен шешен ағайындар қойған екен. Қалыкүл шешей қатарынан 4 қызды дүниеге әкеліпті. Сол себепті бесінші балаға аяғы ауыр болған кезде оның ұл бала болуын бүкіл ауыл болып тілепті. Бір күні шешейдің 96 жастағы Баба анасы түс көреді. Түсінде Қалыкүл ананың омырауына арыстан жабысып жатыр екен. Бір ғасырға жуық өмір сүріп, көпті көрген кейуана Ыбырайханды шақыртып: «Арыстандай ұлды боласың. Атын Махмұт деп қой», – деп өтініш білдіреді. Алайда өз елінің дәмі бұйырған қарт ана ойламаған жерден атамекеніне көшіп кетеді. Ыбырайхан Нәлібайұлы Баба анаға берген уәдесінде тұрып, жарық дүние есігін ашқан ұлының атын Махмұт қояды. Ұлды болғанын айтып, сүйінші сұрап, Кавказға хат жолдайды. Қуанышты хабар жеткен Баба ана Кавказдың дәмді тәттілерін, анар, мандарин, апельсин сияқты мәуе-шәуесін жіберіп, өз ризашылықтарын білдіреді. Атам қазақтың «Баталы ерге бақ қонар» деп айтатыны тегіннен-тегін болмаса керек. Екі бірдей арқалы елдің батасын алған бесіктегі жас бала бүгінде елінің ардақты ұлы атанды.

«Марсель-су» айдынды сапарларға бастады  

Экономикалық көптеген ұлттық ірі жобалардың авторы, «Марсель Групп» компаниясының президенті Махмұт Ыбырайханұлының жер қойнауындағы баға жетпес байлығымыз – көгілдір отын-газ бен қара алтын мұнай кендерін іздеу мен барлау ісінде ашқан жаңа кен орындары ел экономикасына толағай табыстар әкелді. Сондай-ақ, «Марсель су» компаниясы Сарыағаш ауданына қарасты Қапыланбек елді мекенінде 43-45 градустық 970 метр тереңдіктен шығатын артезиандық шипалы-минералдық су көзін тапты. Қазір бұл су нарықта «Сарыағаш Марсель» деген атпен танымал. Қуаттық энергияға толы бұл су адам ағзасын емдейтін ерекше қасиетке ие. Әсіресе асқазан, өт-бауыр ауруларын емдеуге таптырмас ем. Осы тұрғыда Махмұт Ыбырайханұлы табиғи емдік шипа суды халық денсаулығын жақсартуға пайдалану мақсатында минералды су кені жанынан «Марсель» шипажай құрылысын бастады. Бұйырса, келесі жылы су жаңа шипажай іске қосылмақ. Ал Ақсу Жабағылыдағы бұлақ көзінен алынатын «Машат Су» елімізде үлкен сұранысқа ие. Алатаудай айбынды тұлғаның Қазақстан мен әлемдік экономиканы дамытуға қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Экономика және бизнес саласындағы жобалары жоғары бағаланып, Халықаралық дәрежедегі «Сократ» орденімен, еліміздің жоғарғы дәрежелі «Құрмет» орденімен марапатталды.

Махмұт Ыбырайханұлы өзі ашқан кәсіптерінің арқасында төрткүл дүниенің тең жартысын аралады. Бірақ оған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен барған ресми сапарлары ерекше әсер қалдырды. 2009 жылы Үндістанға, 2010 жылы араб мемлекетінің Абу Даби қаласына сапар шекті. Кейін Мысыр мен Италияда өткен Халықаралық бизнес форумдарға да мемлекет басшысымен бірге барғанын үлкен мақтанышпен айтады. Әлемнің көптеген елдерін аралаған Махмұт Ыбырайханұлына Венгрия халқының қонақжайлығы ерекше ұнады. 2012 жылы Мажарлар сегіз ғасыр бұрын Венгрия аумағына қоныс аударған күндерін арнайы атап өту үшін қыпшақтардың бірінші құрылтайын ұйымдастырып, ел ағасын арнайы шақырған болатын. Түбі бір бауырларымыз – мажарлар құрылтайға келген қазақтарды ерекше үлкен құрметпен қарсы алды. Махмұт Ыбырайханұлы бұл сапардан: «Бауырларымыз қалтамызға қол салдырмай, қонақүйімізге дейін төледі. Қанша адам барсақ та, астымызға көлік бекітті. Бізді керемет сыйлап күтті. Парламенттің спикеріне дейін қасымыздан шықпай жүрді. Дунайдың бойын жағалап көрсетіп шықты. Сол жақтағы қазақтар тұратын ауылдарға қонақ болып барып, баяғы XII ғасырдағы қазақтардың киімін киіп жүрдік. Баяғы замандардағы салт-дәстүрлермен таныстырды. Ат жарыстары ұйымдастырылды. Еуропаның ішінде тәртіпке бағынатын ел – мажар бауырларымыз екен», – деп үлкен толғаныспен қайтқан еді. Ал биылғы жылдың 6 тамызында өткен құрылтайға Махмұт Ыбырайханұлы тағы да арнайы шақырылғанмен бара алмай, арнайы өкіл жіберді. Иә, мажарлар Қазақстанды өздерінің атажұрты деп санайды. Мажарлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы пікірлер XIX ғасырда жергілікті газет беттерінде жариялана бастады. 2006 жылы Андрош Бироның жетекшілігімен, Қостанай облысында қазақ-мажар бірлескен антропологиялық экспедициясы Торғай өңірінде тұратын қазақтар мен мадияр руы өкілдері арасындағы генеалогиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалады. ДНК үлгілері алынып, ғасырлар бойы өзгермейтін және генетикалық ақпаратты сақтайтын Y хромосомдарына талдау жүргізді. Нәтижесінде мажарлық мадиярлар мен қазақтардың арасындағы туыстық қатынас толығымен дәлелденеді. Тіпті мажар тіліндегі кейбір сөздер мен қазақ тіліндегі сөздердің өзі ұқсас. Мысалы: арқан – arkany, ұнтақ – ontak, шолақ – csollak, қанжыға – kangyik, пышақ – bicska, алма – alma, балта – balta тағы да басқа.

Сингапур – Махмұт Ыбырайханұлы үшін өте қымбат қала. Алдымен оған мұндағы мұнтаздай тазалық ұнайды. Сондықтан да осы жерде өз компаниясын ашты. Бұл мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатымен кеңінен таныс Махмұт: «Бұл ел – әлемдік тәртіптің нағыз үлгісі», – дейді.

Базарбай Атабаевтың бастамасымен осыдан бірнеше жыл бұрын «Мұстафа Шоқай» қоры құрылған болатын. Осы қордың жұмысын жандандыруға Махмұт Ыбырайханұлы қомақты қаражат бөліп, игілікті шаралар ұйымдастыруға жәрдем етті. Осы қамқорлықтың арқасында Францияның астанасы Парижде қазақтың асыл перзенті Мұстафа Шоқайға ескерткіш күмбез орнатылып, аллея ашылғаны жайлы жоғарыда айтып өткен едік. Қазақстандық ғалым, мәдениеттанушы, зерттеуші Әбілқасым Сәрсенбаевтың Мұстафа Шоқай туралы жинаған деректер топтамасы ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде иллюстрацияланып, үлкен кітап болып жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесері Париж қаласында өтті. Француз халқына Мұстафа Шоқайдың биографиясы, ұлы қайраткерлігі, тұлғалық бейнесі үш тілде кеңінен таныстырылды. Махмұт Ыбырайханұлының қазақтың даңқты батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы патриоттық қайырымдылық қорды құрудағы мақсаты – Халық қаһарманының рухын асқақтату, оның ерлік істерін жас ұрпақтың бойына дарыту, патриоттық сезімін ояту. Осы қордың аясында қазақ халқының ұмытылып бара жатқан тарихи тұлғаларын қатар жандандыру. Осы жолда қордың ұйытқы болуымен талай қомақты істер атқарылды. Былтыр шілде айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар өңірінде қазақтың Атымтай жомарты Серікжан Сейітжанұлы Қажымұқан батырға арнайы стадион тұрғызды. Бұл игілікті бастама бір әулеттен шыққан қазақтың дана бабалары, шешен сөздің шебері, сал-серілер дәстүрін ұстап, саясатшылық құрып, палуан атанған Иманжүсіп Құтпанұлы мен Тұрғанбай Датқа, Құтпан атаға арнап салынған даңқ ескерткішпен жалғасты. Сонымен қатар, осы өңірге балабақша салып берген Серікжан Сейітжанұлы оған анасы Қадишаның атын берді. Бүгінде Махмұт Ыбырайханұлының ұйытқы болуымен Қобыланды батырдың әйгілі тұлпары Тайбурылмен шауып келе жатқан ескерткішін жасаған Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың Қостанай өңіріндегі мүшелері енді батырдың алып бейнесін Қостанай қаласының қақ ортасына қоюға үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ондағы мақсат – рухты бабаларымыздың тарихи тұлғасын дәріптей отырып, қазақ халқының қаһарман ел екендігін баршаға паш ету. Дана бабаларымыздан «Ертеңін ойламаған ерден без» деген қанатты сөз қалған. Осындайда итальяндықтардың тарихи тұлғалар мен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мүсінін әр аяқ басқан жерге қоятын жақсы қасиеттерін үйренгеніміз абзал. Себебі мұның ел болашағы үшін маңызы зор. Алайда қазақтың даңқты батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың атқарып жатқан істерін тізіп шығу мүмкін емес. Күш атасына арнап тұрғызған ескерткішті айтпағанда, жылда Қажымұқан Мұңайтпасұлы атында жарыс өткізуді дәстүрге айналдырды. Өткенде ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен бірге ұйымдастырған Шымкент қаласында күрестен халықаралық жарыс өз мәресіне жетті. Оған Ресей, Дағыстан мен өзге де елдерден келген 106 балуан қатысып, бақ сынасты. Бас балуандарға арнайы жүлделер тағайындалды.

Туған жерге тағзым еткен азамат

«Марсель Петролеум» компаниясы Қызылорда облыстық медицина орталығына оқу-әдіскерлік комбинатын ашып берді. Қазіргі таңда ауылдық жерлердегі акушерлік пункт дәрігерлері, басқа да медицина мамандары осында оқу-жетілдіру курстарын өтіп, біліктіліктерін арттырады. Аз уақытта соңғы үлгідегі заманауи тұрғыдағы медициналық томография, МРТ сияқты маңызды құрал-жабдықтармен қамтылған ғимарат тұрғызып берді. Бұрындары қызылордалықтар сырқатын анықтау үшін Алматыға қарай ағылса, бұл күнде ауруларын жергілікті жерде анықтауға мүмкіндік туып отыр. Тіптен ауыр науқастарға арналған гемодиализ құрылғысын да сатып әпергенін айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Өткен жылы Махмұт Ыбырайханұлы атақонысы Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылының тұрғындарына арнап, үлкен мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл игілікті іс ауылға арнап салынған мешіттің ашылуына орайластырылған болатын. Сонымен қатар, ауылдың 1983 жылдан бері қараусыз қалған мәңгілік от алаңы мәрмәр таспен әдіптеліп, қайта жөндеуден өткізілді. Айдарлы мектебіне микроавтобус көлігі тарту етіліп, әбден тозығы жеткен жолдар жөндеуден өткізілді. «Туған жерге тағзым» деп аталатын бұл іс-шараға еліміздің танымал тұлғалары мен жергілікті басшылар, танымал жұлдыздар, айтулы ақындар шақырылып, үлкен ас берілді. Ауылдағы әлеуметтік тұрмысы нашар отбасыларына азық-түлік таратылып, «Марсель су» өнімдері халыққа тегін үлестірілді. Қызылордадан 5 шақырым жердегі Мұстафа Шоқайдың туған жері Сұлутөбеге қарасты Бірлестік ауылында салынған мешітке Махмұт Ыбырайханұлының анасы Қалкүлдің аты берілді. Елді мекендегі мектеп ғимараты бой көтеріп, білім ошағына микроавтобус сыйға берілді. Игілікті шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Қазақстанның өнер жұлдыздары мен айтыскер ақындар мерекені қыздыра түсті. Ал той қонақтары Лондон олимпиадасының чемпиондары Илья Ильин, Серік Сапиевке, қатысушы Алмас Өтешовке мәрт ағамыз Махмұт Ыбырайханұлы бір-бір ақбозат тарту етті. Әсерлі мерекелік шара ауыл жұртының еңсесін көтеріп, көңілдерін бір марқайтып тастады. «Сағадат Нұрмағамбетов» қорының қолдауымен, Сыр елінің жомарт жігіттерінің бірі – Мұрат Тілеулиевтің қаржыландыруымен киелі Қорқыт баба басына зиярат етіп келген жолаушылар мен шетелдік саяхатшылардың барлық қажеттілігін қамтамасыз ететін заманауи тұрғыда қонақүй мен мейрамхана, асханалар тұрғызып, автокөлік жөндейтін және жуатын орындар ашты.

Ұлттық мүдде мен ұлттық идеяның қолдаушысы Махмұт Ыбырайханұлы «Марсель групп» компаниясы ғимаратының бір қабатынан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор мұражайын ашты. Мұнда Елбасының тәуелсіз қазақ мемлекетін құрудағы орасан зор еңбектері, қазақ ұлтының дамуы мен қалыптасуына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлғалары және Иманжүсіп Құтпанұлы, Тұрғанбай датқа, Құтпан ата сынды қазақтың зиялы азаматтарының еңбектері, олар жайында жазылған естелік кітаптар молынан қамтылған. Келушілер еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен ұлт көсемі Мұстафа Шоқайдың ұлы қайраткерлігімен кеңірек таныса алады. Сондай-ақ, мұражайға БАҚ-та жарияланған мақалалар мен тұлғалар жайында жазылған кітаптар, олардың еңбектері және Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясының профессоры, қылқалам шебері Әбілқасым Сәрсенбаевтың Мұстафа Шоқайдың балалық шағынан бастап қайраткерлік жолдарын бейнелеген 200-ден аса сурет топтамасының 25 туындысы қойылған. «Мұражай ашудағы мақсат – бұл туындыларды болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Мен осындай игі бастаманы қолға алып отырған Махмұт Ыбырайханұлына шексіз алғысымды білдіремін дейді», – профессор Әбілқасым Сәрсенбаев.

«Қазақ өнері мен ұлт руханиятын қастерлеу – басты парызымыз. Сондықтан қазақтың атын шығарған және ел тәуелсіздігі жолында үлкен еңбек сіңірген қайраткерлердің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстыру – біздің міндетіміз. Бұл жолдағы жұмыс жалғаса береді, келем деушілерге есік ашық», – дейді қор төрағасы Махмұт Ыбырайханұлы.

Аталмыш мұражайға өз туындыларын бермек болып отырған ағайындар мен ғалымдарымыз да табылды. Бүгінде көпті қызықтырып отырғаны – мұражайға қойылған ғасырлардан бүгінге жеткен батырлар жырының аудио жазбалары. Сондай-ақ, муза сарайына қайта өңделген «Қобыланды батыр» жырының жаңа нұсқасы мен анимациялық фильмі және ұмытыла бастаған Жаназар батыр, Бұдабай Қабылұлы сынды тарихи тұлғалар жайында жазылған туындылар қойылған. Қордың демеушілігімен шығарылған «Елбасының сыныптастары», «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты Әубәкір Кеңес Аманұлының қазақ халқының тәлім-тәрбиесіне құрылған ұлттық энциклопедиясы, Сағындық Сатыбалдиннің «Қазақстанның тәуелсіздігіне – 20 жыл» Реформалар, бағдарламалар, нәтижелер, кеңестер», Ақжігіт Әлібекұлының «Мәмлүктер билігі кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті», «Казахстан – родина строй отряда», Оразбек Сәрсенбайұлының «Азаттық құрбандары», «История мамлюкской архитектуры в Египете», «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай», «Ұлт мақтанышы – Сағадат Нұрмағамбетов» сынды кітаптар да мұражай сөрелерінен орын алған.

Махмұт Ыбырайханұлының халыққа қызмет ету жолында тындырған істерін айта берсек, толып жатыр. Кәсібін көркейтіп, еліміздің игілігіне айналдара білген ұшқыр ойлы азаматтың тірлігі ақсұңқар құстың әрекетін көз алдыңа әкеледі. Тапқанын көппен бөлісіп жейтін қыран құстай мейірбан, дархан даласындай кең пейіл, ата-бабасындай жомарт, қонақжай Махмұт Ыбырайханұлының болмысы – өнегенің өрнегі, тәлім-тәрбиенің мектебі.

Алма СЕРІКҚАЛИ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

(«Қазақстан-Zaman» газеті, 2014 жыл).