Сүлеймен ДЕМИРЕЛ: «ТҮРКИЯ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМГЕ МӘСКЕУ ТЕРЕЗЕСІНЕН ҒАНА ҚАРАМАҒАНЫН ҚАЛАДЫ»

77

Тәуелсiздiк – ең қасиеттi ұғым. Бұл – еркiндiк. «Дүние жүзiнiң iргелi елдерiмен терезесi тең, төрт құбыласы түгел болу» деген сөз. Қазақстандай алып мемлекеттi бүгiнде бүкiл әлем бiледi. Қазақстан өз Тәуелсiздiгiн жариялағанда ең алғаш болып таныған мемлекеттердiң бiрi – Түркия Республикасы. Сонау бiр бағзы заманда Сыр бойынан үдере көшкен оғыздардың бүгiнгi ұрпағы – түрiктер қазақ даласын «Отан Ана» деп атауында үлкен құрмет жатыр. Осыдан бiрнеше жыл бұрын бiр топ журналистер түрiк елiне iскерлiк сапармен барып, ағайындардың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiмен танысып қайтқан болатынбыз. Сапар барысында түрiк елiнiң ақсақалы, 1993-2000 жылдардағы президентi Сүлеймен Демирел (1924-2015) мырзаның қара шаңырағында болып, қазақ бауырларының ыстық лебiзiн жеткiзген едiк. Әңгiмемiздiң бастауы Тәуелсiздiк тақырыбы болған соң, бүгiн орайын тауып сол тұста болған әңгiменi «Qazaq» газетінде жариялап отырмыз.

«БІЗ ҚАЗАҚСТАНДЫ АТАЖҰРТЫМЫЗ САНАЙМЫЗ»

– Түркияға қош келдiңiздер! Бiз Қазақстанды ата-жұртымыз деп санаймыз. Түркия сiздерге жат емес, Сiздер өз елдерiңiзге келдiңiздер. Бiздер – бауырлас халықпыз. Қазақстан ең алғаш өз Тәуелсiздiгiн алғанда алғашқы болып бiз қуандық. Ол тұста мен елдiң премьер-министрi едiм. Талай қиын iстермен, талай қуаныштардың басы-қасында Сiздердiң президенттерiңiзбен бiрге болғанымды мақтаныш етемiн.
Тәуелсiздiк не үшiн керек? Ол – ұлттық мемлекет құру үшiн керек. Ол – «Мәңгiлiк ел» деген қасиеттi ұғымды бiлдiредi. Қандай ел мәңгiлiк? Мемлекеттiлiгi, тiлi, шекарасы бар ел мәңгi. Ендi осы Тәуелсiздiктi ұлттың мұратына жаратуларыңыз керек.
– Құрметтi Президент мырза, әлемдiк дипломатия-лық саясатта өз Тәуелсiздiгiн жариялаған бiр елдi жарты сағат өткеннен кейiн тану деген оқиға бұрын-соңды болмапты. Қазақстан өз Тәуелсiздiгiн 1991 жылы 16 желтоқсанда, сағат 18.14-те жариялады. Арада жарты сағат өткенде Түрiк мемлекетi бiздiң Тәуелсiздiгiмiздi мойындады. Сол тұста Сiз қандай көңiл-күйде болдыңыз?
– Естерiңiзге сала кетейiн, Қазақ елi бұл күнге оңай жете қойған жоқ. Бұл – ұлт болып ұйысу мен мемлекет болып қалыптасудағы алғашқы қадам едi. Бiз бұл күндi ұзақ күттiк. Бұл – күллi түркi халықтарының тағдыр тұтастығын армандаған ұлы көсем Ататүрiктiң үлкен арманы едi. Бiзге соны көру жазды, оған бек қуаныштымыз. Империялық Кеңес Одағының тарауының арқасында Қазақстанның тәуелсiз ел болуын көру бақытын оның ұрпақтарына нәсiп еттi.
Бұл дүниежүзiнiң тарихындағы үлкен белгiлi оқиға-лардың бiрi болып саналады. Дүниежүзiнде бұрын бiр ғана түркi тiлдес дербес мемлекет болған болса, қазiр олардың қатары бесеуге жетiп отыр. Сондықтан, Түрiк мемлекетi үшiн бұл аса маңызды оқиға.
Түрiк Республикасы құрылуының 10 жылдығына орай, 1933 жылы 29 қазан күнi Түркия Ұлттық Мәжiлiсiнде сөйлеген сөзiнде Ататүрiк өз ойларын былай деп бiлдiрген болатын: «…Бүгiн Кеңес Одағы – досымыз. Осы достыққа мұқтажымыз бар. Алайда, ертең не боларын бүгiн ешкiм де кесiп айта алмайды. Құдды Осман немесе Австрия – Венгрия империялары сияқты бөлшектенiп, ұсақталып кетуi де ғажап емес. Бүгiн қолыңда мықтап ұстаған халықтар ертең уысыңнан шығып кетуi мүмкiн. Мiне, сол кезде Түркия қандай әрекет жасау керектiгiн бiлуi тиiс… Бiздiң осы досымыздың қол астында тiлi, дiнi, тағдыры бiр бауырларымыз бар. Оларға қолұшын беруге әзiр болуымыз керек. Әзiр болу – сол күндi үнсiз күту деген сөз емес. Дайындалу керек. Халықтар бұған қалай әзiрленедi? Рухани көпiрлердi берiк сақтай отырып. Тiл – бiр көпiр. Сенiм – бiр көпiр. Тарих– бiр көпiр… Тамырымызға оралып, сан оқиғалармен бөлiнген тарихымызды бүтiндеуге тиiспiз. Олардың (сырттағы түркiлер) бiзге жақындауын күте алмаймыз. Бiздiң оларға жақындауымыз керек…».
Мiне, бiз ұлт көсемiнiң осы өсиетiне осылайша адалдық таныттық. Қазақстанның Тәуелсіздігін көп күттірмей тануымыз да сондықтан.
Бүгiнгi Қазақстан аз ғана уақытта ұлы секiрiстер жасады. Сөйтiп, зайырлы республиканы ешқашан құламайтын iргетасының үстiне орнатты. Мен бұған қалай қуанбайын!

«ҚАЗАҚ ЕЛІ ТҮРКИЯ АРҚЫЛЫ ӘЛЕМГЕ ТЕРЕЗЕ АШТЫ»

– Рахмет, президент мырза! Сiз бiр сөзiңiзде: «Бiздiң ағын сулар сарқылмайды, бiздiң қанатымыз қайырылмайды, бiз жаққан от сөнбейдi, себебi, бұл құндылықтарды бiзге ата-бабаларымыз жағып кеткен» деген болатынсыз. Ескiрмейтiн осы ұлық сөзiңiзден өзгермеген боларсыз?
– Кеңес Одағы ыдыраған кезде, бiз Қазақстанның әлемге Мәскеу терезесiнен ғана қарамағанын қаладық. Алғашқыда ешкiм де кеңес өкiметiнiң құлайтынын бiлген жоқ. Сонымен бiрге өзге де түркi мемлекеттерi өз тәуелсiздiгiн алады деп күткен емес. Бiрақ, КСРО сияқты алып мемлекет күйредi. Ең қуаныштысы, ол қантөгiссiз, өлiм-жiтiмсiз iске асырылды. Тәуелсiздiктi алу бар да, оны сақтап қалу бар. Тәуелсiздiгiн жариялаған елдердiң алдында келесi бiр қиындық көлденең тұрды. Қазақстанға нарықтық экономикаға көшу керек болды. Мiне, осы тұста Түркия елi Қазақстанның жанынан табылып, қолтығынан демедi. Өзiнде жоқ қаржыны өзгелерден несиеге алып, Қазақстанға бердi. Бұл Қазақстанның алғашқы қиындықтарды жеңiп шығып, қарышты даму жолына түсуiне жол ашты. Жоғарыда айтып кеткенiмдей, Қазақстан өз Тәуелсiздiгiн жариялағанда айналасында экономикалық әлеуетi күштi дос мемлекет жоқ едi. Қазақстанға көршiлес елдердiң арасында несие беретiндей бiрде-бiр ел жоқ болатын. Берген күннiң өзiнде Қазақстанның ол несиенi қайтара алмау тәуекелi жоғары едi. Түркия елi ол туралы ойланып та жатпады. Түркияның да сол тұста асып-тасып бара жатқан байлығы да жоқ болатын. Бiрақ соған қарамастан, бұл бiздiң бауырларымызға қосқан үлесiмiз болсын деп, өзгеден үнемдеп, 1 млрд. долларлық несие бағдарламасын аштық. Егер Қазақстан бұл несиенi дәл мерзiмiнде төлемесе, онда бұл мол қаржыны Түркия өз есебiнен төлеуге мәжбүр болатын. Қазақстан өзiне алған мiндеттемесiн уақытысында орындады. Кейiн Қазақстанның осы iс-қимылы француз-дардың, жапондардың, америкалықтардың сенiмiне кiруге жол ашып, шет ел инвестициясының келуiне алғышарттар жасады. Осылайша, Қазақ елi Түркия арқылы әлемге терезе ашты. Бұл процестердiң бәрiнде Президенттерiңiз Нұрсұлтан Назарбаевтың сiңiрген еңбегi зор. Халықаралық қауымдастық сенсе, бір ғана Қазақстан Президентіне сенді.
Қазақстан экономикасы нарықтық жүйе бойынша қалыптасты. Өкiнiшке қарай, әлемдiк интеграция процесiне мидай араласып кетуге ұзақ дайындалу қажет едi. Арада өткен жиырма жылға таяу уақытта Қазақстан Тәуелсiздiгiн алған мемлекеттер арасында үлкен табысқа жеткен мемлекеттердiң қатарынан көрiне бiлдi. Сөйтiп, алғашында бұл елдердiң болашағына күдiкпен қараған кейбiр елдердiң сыни көзқарастары өз ұяларында тұншықты.
Соңғы жүз жыл көлемiнде қазақ пен түрiк арасы алшақтап кеткен едi. Қазiр, жақындай түстi. Осы үрдiстi жалғастыра беру керек. Егер кiмде-кiм қазақ пен түрiк арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсiретiн болса, халық оған тиiстi жазасын беретiн болады.
Бүгiнгi Қазақстанның байлығы – оның халқы. Табиғи жерасты, жерүстi байлықтары сарқылып бiтуi мүмкiн, ал адам – қоғамның ажырамас құрамдас бiр бөлшегi.
Қазақстан Тәуелсiздiгiн алған уақыттан берi қарай өте жылы шырайлы қарым-қатынасымыздың орнағанына өз басым куәмiн. Ол тұста мен премьер-министр қызметiнде болатынмын. Қазақ елiн ресми түрде егемен ел ретiнде таныған үкiметтiң сол тұстағы басшысы болдым. 1991-1993 жылдар аралығында Түркияның премьер-министрi, содан кейiнгi жетi жылда Президент ретiнде қызмет атқардым. Сiздердiң мемлекеттерiңiзге бiрнеше мәрте ресми сапармен бардым.
Нұрсұлтан Назарбаев – менiң бауырым, досым. Сондай-ақ қазақ елiнiң көптеген мемлекет қайраткерлерiн жақсы танимын. Көптеген жарқын мерекелерiңiзге қатыстым, қуаныштарыңызда бiрге болдым. Сол күндердiң көп болғанын тiлеймiн.
– Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы рөлiне қандай баға берген болар едiңiз?
– Қазақстан өзiнiң даму көшiнде Еуразия құрлығында жетекшi рөл атқарып отыр. Ол орасан зор аймақта өзiнiң жеке дара дамуын ғана ойламай, аймақтағы өзге елдердi де локомотив ретiнде алға тартып келедi. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы Қауiпсiздiк және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуi ислам әлемi үшiн үлкен процесс. Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенiм Шаралары жөнiндегi кеңестiң әлемдiк саясатта ықпалы зор.
Бүгiнде Қазақстан – аймақтағы лидер. Нұрсұлтан Назарбаев түркi әлемiн бiрiктiру, ортақ тарихи, мәдени құндылықтарды жандандыру бастамалары арқылы күллi түркi әлемiнiң лидерiне айналып отыр.

«БІЗ, ТҮРКІЛЕР ЕКІ ЖАҒДАЙДА – СӘБИДІ СҮЙГЕНДЕ ЖӘНЕ
ТАЗА БҰЛАҚТАН СУ ІШКЕНДЕ ҒАНА ТІЗЕ БҮККЕН ЕДІК…»

– Түркi халықтарының бiр-бiрiмен интеграциялық мәселеде өзара байланысын арттыру үшiн не iстеу керек? Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Нахичеваньда (Әзербайжан) өткен түрiк халықтары-ның саммитiнде осы ұйымға кiретiн мемлекеттердiң идеясын бiлдiрген болатын. Осы ұсыныс туралы Сiздiң ойыңызды бiлсек деп едiк.
– Түркі рухы мен мәдениетінің қара шаңырағы, даланың шынайы ділі – Қазақ жерінде, қазақ ұлтында.
ХХІ ғасыр – түркілердің ғасыры болатынына сенемін. Ол үшін түрік дүниесі ынтымақ бірлікте болуы тиіс. Біз, түркілер екі жағдайда тізе бүктік. Жас сәбилерді сүйгенде және таза бұлақтан су ішкенде ғана еңкейдік. Біз, төбеден төніп тұрған айбалтадан қорыққанымыз жоқ. Біздер асыл дініміз, шұрайлы тіліміз, қасиетті діліміз жоғалады деп қамықтық. Сол үшін сыртқы жауларға қарсы күрестік. Біздің, бүгінгі Түркияның қасиетті ұраны – «Тұтас түркі Елі!».
Бүгінгі Қазақстан – көреген көшбасшысының басшы-лығымен, әлемнің саяси картасына өз мөрін таңбалаған ел! Оны қазір бүкіл халықаралық қауымдастық біледі, онымен санасады.
Қазақстанға қызыға қараушылыр да бар, қызғана қараушылар да бар. Осыған абай болған жөн. Себебі, Қазақстан қос бірдей алып мемлекеттің ортасында тұрған ел. Ал саясатта мәңгілік дос болу деген болмайды. Бүгінгі досың ертең жауыңа айналуы мүмкін. Ол тарих сабақтары.
Бiз түркiлер тарихын көбiрек зерттеуге және көбiрек бiлуге зәрумiз. Тарих шежiрелерiне көз жiберсек, тұлпар тұяғы жеткен жерлердi еншiлеген түркi жұртының уысына ұстаған үш асатаяғы болды. Үзеңгiнi ойлап тауып, оны әскери мәдениетiне енгiзiп, сол арқылы айшылық жерлердi бағындыруға қол жеткiзуi неге тұрады? Батыр түрiктiң ұрпағы соғыс өнерiнде қас жауларына бағынбай, көкбөрi рухымен басы барды идiрiп, тiзесi барды бүктiрдi. Сөйтiп, өз ұрпағына ұлы құндылықтарды шашау шығармай алып келдi.
Түркi әлемiнiң жер аумағы 11 миллион шаршы шақырым-ды алып жатыр. Мұндай ұлан-ғайыр кеңiстiкке үш бiрдей Еуропа сыйып кетедi. Осыншама аумақты алып жатқан жердегi 200 миллионға жуық 21 ұлттан құралған түркi халықтарының бiр-бiрiнен үйренерi көп.
Сол себептi де, Қазақстан аймақтағы түркi халықтарының интеграциясын батыл қолға алғаны дұрыс. Өйткенi, түркi мәдениетi бiр-бiрiне өте жақын, түркiтiлдес халықтар бiрiн-бiрi тiлмашсыз түсiнедi. Мәдени кодтары бiр.
Түркi дүниесi қазiр Адриат теңiзiнен Қытайға дейiнгi ұшы-қиырсыз жерде тарыдай шашылып жатыр. Тарихтың бет қаратпайтын қиыншылықтарына мойымай, өзiнiң сүйегiне сiңiстi мәдениетiн жоғалтпай сақтап, бүгiнгi күнге дейiн тасымалдап отырған да – бiздiң түркiлер.
Кезiнде ұлтымыздың көсемi Ататүрiк бұл жөнiнде бiзге үлкен аманат жүктеп кеттi: «Әлем бiздi құрметтесiн десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемiздi алдымен бiздiң өзiмiз бар сезiмiмiзбен, ақыл-ойымызбен, бүкiл қимыл-әрекетiмiзбен құрметтеуiмiз керек. Өзiнiң ұлттық бейнесiн таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын бiлiп қойғанымыз жөн».
Бiздiң батыр бабаларымыз төбеден төнiп тұрған қылыштан да қаймықпаған. Қорықса, дiнiмiз, тiлiмiз, дiлiмiзден айрылып, ар-ожданымызға бұғаулық түсе ме деп қорықты. Бұл – қанға қарын арқылы емес, қанға сана арқылы жеткен құдыреттi күштiң рухы. Соңғы жылдардағы түрiк тектес халықтардың басқосуында Қазақстан Президентiнің рөлі зор. Оның бастамасымен құрылған ТҮРКСОЙ ұйымына қолдау бiлдiремiн. Бұл жолдағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегiн, оның жаңашыл, реформатор екенiн баса айтқым келедi.

«ҒАЛЫМҒА ҚАШАН ДА ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУ КЕРЕК»

– Президент мырза, түркі бірлігі және біздің еліміздің Президенті туралы айтқан шынайы сөзіңіз үшін рахмет білдіреміз! Біздің халқымызда: «Құмырсқаның тасты басқаны Тәңірге аян», – деген сөз бар. Қызмет барысында қанша елдің топырағын бастыңыз?
– Мынау үлкен философия ғой. Мұндай сөз шыққан халық та философ болар деп ойлаймын. Данышпан Жалаладдин Руми: «Бір аяғыңды орталыққа (имандылыққа) нық қада, содан кейін екінші аяғың 70 елді араласын», – депті. Іс барысында көптеген елдерге бардым. Бірақ, олардың бәрі ел көру, жер көру емес еді. Тау да, тас та, теңіз де, мұхит та асқан кездер болды. Солардың ішінде Қазақстанға, қасиетті Түркістанға бүкіл Түркі дүниесінің мақтанышы Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың басына тәу еткенім мәңгілік есімде қалды.
– Сіздің ойыңызша, саясаткер мен ғалымның айырмашылығы неде?
– Мен осы сұраққа бұрында бір рет жауап бергенім бар, соны тағы қайталайын. Саясаткер дегеніңіз түбінде әлсіз адам. Ол аузына келгенді бөгелмей айтады. Жауынды күндей күркірейді, арыстандай ақырады, көзсіз айға шабады. Осы мінезі арқылы ол дүниедегі күшті адам болып көрінеді. Ал ғалым адам зиялы таптың өкілі. Ол алдамайды, аузына келгенін ойсыз айтпайды. Сондықтан олар әлсіз адам болып көрінуі мүмкін. Жалпы, ғалымдар үлкен жүректі адамдар. Олардың арасынан көптеген мемлекеттік қайраткерлер де шықты. Сондықтан ғалымдарға қашан да құрметпен қарау керек.

«САЯСАТКЕРДІҢ ЗЕЙНЕТКЕРІ БОЛМАЙДЫ»

– Президент мырза, Сіздің кадр таңдауда қателескен кездеріңіз болды ма?
– Қателесу қай заманда да болған. Өмір бір сызықтан тұратын даңғыл жол емес. Қателесулерім болған шығар, бірақ ол пәлендей жауласуларға апарған жоқ. Жалпы, эмоцияға берілу ешуақытта тиімді шешім қабылдау мен кадр ауыстырудың одақтасы бола алмайтынын ұмытпау керек.
– Сiз Түркия мемлекетiнiң гүлденiп-көркеюiне елу жыл қызмет еттiңiз. Жасыңыз ұлғайса да әлі қоғамдық өмiрге белсене араласып келесіз. Белсенді адамға жастың ұлғаюы қаншалықты әсер етеді. Өзiңiздi бақыттымын деп есептейсiз бе? Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Адамның жасы жылдармен өлшенбейді. Адам сексен жасында жетпіс жастағыдай көрінуі мүмкін. Жақсы жаттыққан тән ұзақ уақытқа дейін белсенділігін сақтайды. Үлкендіктің шабуылын тоқтату мүмкін емес, ыңғайы келсе оны мойындамау керек. Құрмет пен сыйластыққа құрылған байланыс жасқа бағынбайды.
Белсенді өмір сүру бір ғана махаббаттың да ықпалы емес. Ал қартаю, оған еруге уақыты жоқ адамның жаман әдеті де болған емес. Жасы ұлғайған адамдардың көбі жастарға қарағанда күшті лидерлер болып табылады. Ал ұлы істер күшпен емес, толысқан ақыл-парасаттың күшімен жасалатынын естен шығармаңдар. Бұл – менің ұзақ жасағандағы ақыл ойым.
Адам бойындағы ерлік өлгенде, қарттық басталады. Мен әлі күнге дейін қатардан қалған жоқпын. Өткен өмірімді сараласам, мені қолдағандардан гөрі сынағандар көп болыпты. Бірақ олардың бәрімен мені сынады екен деп жаға жыртысып, айтысып кетсем, менен қандай басшы шығады. Сондықтан оған бола басымды ауыртпауға тырыстым. Мен үшін одан да маңызды шаруалар болды.
Мен үшiн дүние бiр де, түрiк бiр. Бұл – ұлт көсемiнiң ұраны. Қазір жасым – 86-ға келдi. Әзербайжан халқында мынадай бiр мақал бар: «Егер кiмде-кiм жүзге келмесе, өзiнен көрсiн!» – деген. Мен осы мақалды ұстап көрмекпiн. (Қоғам қайраткері 2015 жылы 91 жасында қайтыс болды, – ред.)
Мен қазiр құрметтi демалыстамын. Саясаткердiң зейнеткерi болмайды. Күнделiктi өмiрiмнiң бiр бөлiгi қабылдаулар өткiзумен кетедi.
Жас саясаткерлерге ақыл-кеңес беремiн. Студенттер алдында дәрiс оқу – сүйiктi iсiм. БАҚ-тарға сұхбат беремiн, түрлі шақыруларға қатысамын.
– Өткен тарихтан кiтап жазу ойыңызда бар ма?
– Осы уақытқа дейiн бiраз кiтаптар жаздым, бiрақ мемуар жазған жоқпын. Өйткенi, ол арқылы бiреу болмаса, бiреудi ренжiтiп алуым мүмкiн.
– Сүлеймен Демирел мырза, қазақстандық бауырларыңызды қабылдап, риясыз айтқан әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен: Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ