“СҰЛУЛЫҚ МЕНІҢ “ҚАРУЫМ” БОЛҒАН ЕМЕС”

10

Ел болып үкілеткен жігіттің сынға түсер кездегі сегіз түрі бар деседі. Олар: көсем жігіт, шешен жігіт, батыр жігіт, сері жігіт, ақылды жігіт, іскер жігіт, ісмер жігіт және жалқау жігіт. Бірден айтайық, соңғысының оған мүлдем қатысы жоқ. Өйткені, жалқау болса, ол бүгінгі жеткен жетістігіне жетпес еді. Ал қалған жетеуінің бәрі болмаса да, бірнешеуі өн бойынан табылады. Ол кім? Ол – модель, актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім. Талай қыздың қол жетпес арманына айналған сері жігіттің «Сахна сыртындағы сырын» оқырман назарына ұсынамыз.
«АРТЫМНАН «ЖҮГІРІП» ЖҮРГЕН ҚЫЗДАР ЖОҚ»

– Тәуекел, алғашқы сұрағымыз былтыр көрерменге жол тартқан отандық «Все из-за мужиков» комедиясы туралы болмақ. Газетімізге сұхбат берген фильмнің бас продюсері Александр Суслов: «Тәуекел Мүсілімді біз тек қана лирикалық жобалар арқылы танитынбыз. Сондықтан қаһарман нақсүйердің рөлін сомдай алады деп ойламаған едік. Мен, тіпті, кей сәттерде оның үміткер-лігіне қарсы да болдым. Бірақ, кастингте ол өзін жаңа қырынан көрсете білді», – деп ағынан жарылған еді. Ал, Сіз бұл фильмде кейіпкердің образын көрерменге жеткізе алдыңыз ба?
– «Все из-за мужиков» комедиясын көрермен жылы қабылдады.
Ал, сұрағыңызға келсек, енді өз өзіме баға берген орынсыз болар. Негізі бұған дейін де өзімді киноның басқа жанрында сынап көргім келетін. Әйтпесе, бірыңғай романтик, тәрбиелі немесе үнемі махаббаттың құрбаны болып жүретін образда қалып қойғым келмейді. Тәуекел Мүсілімді көрерменге басқа амплуада көрсеткім келіп жүретін-ді. Бұл мүмкіндік «Все из-за мужиков» комедиясында беріліп тұрғандықтан, ұсынысты бірден қабылдадым. Алайда комедия жанрының қиын екенін білдім. Неге десеңіз, көрерменді күлдіру – оңай шаруа емес. Бұл тыңғылықты іздену мен қажырлы еңбекті талап етеді. Оның үстіне, сценарий, актерлік құрам, режиссерлік жұмыс, мағыналы әзіл – бұның бәрінің жоғары деңгейде болуы, әлбетте, команданың еткен еңбек пен маңдай терінің жемісі.
– Фильмнің сюжеті бойынша, әйел әлеміне тап болған үш ер-азаматтың бірісіз. Сол қыз-келіншектердің қол жетпес арманысыз. Кумир ретінде олар қолтаңба сұрайды, сезімдерін ашық білдіреді, тіпті артыңыздан «жүгіреді»… Біздің ойымызша, өмірде де солай секілді…
– Әйелдер қауымының маған деген мұндай ілтипатын, әрине, жоққа шығара алмаймын.
Рас, мен жүргізген кештерде қолтаңба алып, суретке түсетіндер аз емес. Бірақ, Сіздер ойлағандай, артымнан «жүгіріп» жүрген нәзік жандылар жоқ. Оның үстіне жеке өмірімде ондай жағдайлар кезіккен де емес.
«ҚЫЗДАР ТӘУЕКЕЛДІҢ ӨЗІНЕ ЕМЕС, ӨНЕРІНЕ ҒАШЫҚ БОЛСА ЕКЕН»

– Сонда бұл Сіздің жанкүйерлеріңіздің салмақтылығын білдіре ме, әлде сезімді ашық білдірмейтін қазақтың болмысы ма?
– Екеуі де (салмақтылық пен ұлттық болмыс) бар. Бірақ, біздің елде өз кумирін алақанында аялап ұстайтын жанкүйерлер де жоқ емес. Өз басым «Nintey one» тобының жігіттеріне өлердей ғашық, адам айтса сенгісіз ыстық ықылас көрсеткен жанкүйерлерді көптеп көрдім. Мұның бәрі жанкүйерлердің жас ерекшеліктеріне тікелей байланысты болса керек. Мысалы: «Nintey one» тобының тыңдармандары негізінен жеткіншек қыздар болса, менің жанкүйерлерім жастар мен орта буын өкілдері. Енді қараңыз, менің үйімнің есігін «қарауылдау» отыздан асқан қыз-келіншектердің ойына келе қоймас (күлді).
– Қалай десеңіз де, Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңызда жазылған пікірлерді қарасақ, сезімін білдірген, кездесуге шақырған қыз-келіншектер көп қой. Айтыңызшы, сол әлеуметтік желіде Сіздің атыңызға жазған ерекше смс-хабарламалар, пікірлер бар ма?
– Өкінішке қарай, құлаққа түрпідей естілетін оғаш жазбалар келеді. Мәселен, өткенде тұрмысқа шықпаған бір келіншек өзінің болашақ баласына менің донор болуымды өтінген хат жолдапты. Қыруар қаржы төлейтінін және жазыпты. Бірден бас тарттым.
Сондықтан, қайталап айтамын, жанкүйерлердің «шекарадан» аттап өтпеулері өздеріне де, маған да үлкен абырой болады. Өйткені, қыздар Тәуекелдің өзіне емес, Тәуекелдің өнеріне ғашық болса деймін.
– Соңғы жылдары «Ең тартымды әрі сұранысқа ие актер, тележүргізуші», «Ең атақты бойдақ» сынды түрлі рейтингтердің көшін бастап тұрсыз. Жалпы, «Қашан үйленесің?» дейтін әбден тізесі шыққан сұрақ Сізді шаршатқан жоқ па?
– Бұл үйлену, отбасын құру тақырыбы үнемі көтеріліп келеді. Таныстар мен туыстар арасында да, үй ішінде де. Жақында анам осы тақырып бойынша ашық әңгімеге шақырып: «Қашан үйге келін әкелесің?» – деп, сұрақты төтесінен қойды. «Жеке өмірге әзірге уақыт тапшы. Кейін…» деп құтылдым (күлді).
– Нәзік жандылардың құлағына «алтын сырға» болсын, Тәуекел Мүсілімге қандай қыздар ұнайды? Болашақ жарыңызға қандай талап қоясыз?
– Ақиқатын айтқанда, өзіме қандай қыздар ұнайтынын білмеймін. Бұл рас. Бұрын қыздың түріне, бойына, салмағына, тіпті шашының түсіне дейін қарасам, қазір ақыл тоқтатқанда, яғни отыздың төбесі көрінгенде (1988 жылғы, – ред.) оның түрінен гөрі ішкі жан дүниесіне мән береді екенсіз. Ал, болашақ жарыма қояр талабым біреу ғана, ол қалжыңды түсіне білуі керек. Менің ойымша, қалжыңды көтере алмайтын адаммен болашағымыз баянды болмайды-ау! Бірақ, кім біледі? Бұл өмірде бәрі де мүмкін ғой…

«БІР СҰЛУЛЫҚПЕН АЛЫСҚА БАРМАЙТЫНЫМДЫ ЖАҚСЫ БІЛЕМІН»

– Әлбетте, бүгінгі қазақ өнерін-дегі сымбатты жігітсіз. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бой десе бойыңыз (193 см) бар, түр десе түріңіз бар. Содан да болса керек, бүгінде мәдениет шаралары (фильм, концерт, бейне-баян, бағдарлама) Тәуекел Мүсілім-сіз өтпейтін болып жүр. Ал, Өзіңіз мұның бәрін осы көрікті келбетіңізбен, сымбатты дене бітіміңізбен байланыстырасыз ба?
– Отандық шоу-бизнеске келбетім арқылы келгенімді, сол арқылы жетістікке жеткенімді мойындаймын.
– Мұны мойындағаныңыз жөн екен, бірақ бұған сонда ренжімейсіз бе?
– Ең алдымен келбетім арқылы жетістікке жеткенімді, сұранысқа ие актер, тележүргізуші екенімді өзім білгендіктен бұл көзқарасқа ренжудің жөні жоқ. Өйткені, бір сұлулықпен алысқа бармайтынымды мен жақсы білемін. Негізі, адамның сыртқы сұлулығы мәңгілік емес қой. Уақыт өз дегенің алады. Сондықтан өз басым сұлулығыма ешқашан арқа сүйеген емеспін. О баста сұлулық менің «қаруым» болған емес, болмайды да. Мен жылтыраған мұқаба сыртындағы Тәуекел Мүсілім емес, кәсіби Тәуекел Мүсілім болып қалыптасуды мақсат тұттым.
– Сахна сыр-тындағы сырыңызға рахмет!