СӘКЕН МАЙҒАЗИЕВ: «АЙЛЫҒЫМДЫ СТУДЕНТТЕРГЕ БӨЛІП БЕРЕТІНІМ РАС»

127

«МузАРТ» тобы былтыр өзінің 15 жылдығын атап өтті. Құрылғаннан бастап топ құрамында ән шырқап келе жатқан Сәкен Майғазиевтің бос уақыты мүлдем жоқ. Күні бойғы уақыты алдын ала жоспарланып қойылған. Егер бос уақыты бола қалса, оны демалуға емес, вокалдан сабақ алуға жұмсайды. Сонымен қатар, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында докторантурада оқиды. Былтыр жер мәселесіне қатысты өз қарсылығын ашық білдірген әншінің азаматтық ұстанымына көпшілік тәнті. Сонымен, Сәкен Қордабайұлының «Сахна сыртындағы сырын» оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ – МЕНІҢ ЖАУЫМ»

– Сіздің есіміңізді қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Сәкен Сейфуллиннің құрметіне қойылғаны рас па?

– Иә, ол рас. “Қазақтың маңдайына біткен тұлғадай болсын” деген ниетпен ата-анам маған Сәкен деген есім берген.

– Ата-анаңыз Сізге есім таңдағанда қателеспеген екен. Бірақ бүгінгі күні қазақтардың барлығы Сәкен Сейфуллиннің халыққа сіңірген еңбегі жайлы біле бермейді ғой. Ал, Сіз білесіз бе?

– Әрине, мен оның халыққа сіңірген қызметі жайлы жақсы білемін. Өмірбаянымен таныспын. Тілшілердің сұрағына дайындалғандықтан емес, өзіме қызық болды. Білгім келді. Маған оның сабырлылығы, білімділігі, мақсат қоя білетін қасиеті, басына қандай қиын күн туса да, жігерін құм қылмай, батыл шешім қабылдайтыны ұнады.

– Тауды бұзып, тасты жарып, ұлтқа қызмет еткен тұлғаның ұлтжандылық қасиеті Сіздің де бойыңызда бар. Өйткені, қашан көрсек, тіл, дін, діл мәселесіне келгенде қолыңыздан келгенін аянып қалмайсыз…

– Маған: «Сәкен, сенің дұшпандарың бар ма?» дейтін сұрақ жиі қойылады. Менің жауабым: «Бар». «Кім?» десеңіз, айтайын, дұшпан міндетті түрде менің ту сыртымнан келіп пышақ сұғатын адам болуы шарт емес. Қазақтың жауы – менің жауым. Олар кімдер дейсіз бе? Олар өзінің немере-шөбересімен орысша сөйлесетін қазақтың ата-әжелері. Бұл менің ұлтшылдығым емес. Өйткені, кез-келген орыс өз тілінде сөйлейді, әрбір ұйғыр ұйғырша ойын жеткізеді. Яғни, кез-келген ұлттың өкілі өз тілінде сөйлей алады. Сәкен Сейфуллин және басқа да қоғам қайраткерлері тілімізді қорғау үшін талай батыл қадамдар жасаған. Мәскеуге де хат жазған. Мен олардың алдында басымды иемін.

– Бірақ, мүмкін, бар мәселе қазақ тілінің құқығын қорғайтын адамның жоқтығынан болар?

– Сіз тәрбиелемесеңіз, мен тәрбиелемесем, бұл жағдайды кім өзгертеді? Алла қаласа, докторлық диссертация қорғамақпын. Мысалы, музыкада басқа шет тілдерінен келген, аударылмайтын терминдер көп. Оларды біз ауыстыра алмаймыз. Бұрындары, 20 жыл бұрын мен мұны жазғанмын. Мысалы, балконды «қылтима» деп аударады. Тіпті, күлкілі. Холодецті «дірілдеуік» деп аударады. Бұл не ақымақтық? Сол кезде мен аударуды қалай қажет ететін сөздер болса, аударуды қажет етпейтін музыкалық, ғылыми терминдер де бар. Олар өзгеріссіз қалулары керек.

Немесе басқа тілге аударуды қажет етпейтін қазақтың да сөздері бар. Мысалы, бесік. Аударылмайды, себебі бұл – қазақ халқының фольклоры. Киіз үй – юрта. Қала берсін. Ақсақал аударылмайды. Сандық – сундук. Менің көзқарасым бойынша, терминдер аударылмау керек. Сіздер ары қарай дамытыңыздар. Біз басқалар қабылдамағаны үшін, тыңдамағаны үшін тоқтап қалмауымыз керек. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген даналық сөзі бар ғой.

«БИЛІККЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУ КЕРЕК»

– Орыстың ұлы ақыны Николай Некрасов: «Ақын болу шарт емес, адам болу міндетің», – деген екен. Суретшілер, әртістер, әншілер, қылқалам шеберлерінің азаматтық көзқарастары болуы керек пе?

– Әрине, олар қоғамдағы «бос орын» емес қой. Әрқайсысының құқығы бар. Барлық әлемде солай. Бірақ барлығы «шеңберден» шықпауы керек. Бірінші кезекте заңды құрметтеу керек. Сондықтан билікке сеніммен, құрметпен қарау керек. Президент пен халық қалаулыларын біз өзіміз таңдаймыз. Сондықтан салмақты саралай біліп, өзіміз дауыс берген адамдарды сыйлауымыз керек. Бірақ, өз ойыңды айта білуің керек. Оған әрбір адамның хақысы бар.

– Өткен жылғы көктемде Сіздің әріптестеріңіз Жер туралы заңға енетін өзгерістерге үндемеді. Ал, Сіз алғашқылардың бірі болып жерімізді шетелдіктерге жалға беруге болмайтынын ашық айттыңыз. Бұл қадамыңыз арқылы Өзіңіздің шығармашылығыңызға кері әсерін тигізіп алуды ойламадыңыз ба?

– Билік мұндай қадамға барады деп ойламаймын. Менің қол жинап, алаңға шығып, бей-берекет әрекеттерге баратын ойым болған жоқ. Мен тек қана өзімнің азаматтық көзқарасымды білдірдім. «Өз елім менің, өзегім менің», «Үш Қоңыр Алатаудың қойнауында», «Көңілі көктей шалқыған қазақтай ел қайда? Даласы жусан аңқыған өзіңдей жер қайда?» деп ән шырқап жүрген жоқпын ба? Демек, әнімнің шынайылығын дәлелдеуім керек. Егер оны дәлелдей алмасам, онда несіне ән салып жүрмін?..

Кейбіреулер мені саясаттан ештеңе түсінбейді деп ойлайтын шығар. Иә, мен шынында ештеңе түсінбеймін. Мен қарапайым халықтың бірімін. Халық қалай ойласа, мен солай ойлаймын. Мен ол кезде өзімнің азаматтық көзқарасымды білдірдім. Өзім салған әнімді өзім ақтамасам, кім ақтайды?!

Тағы бір анықтап айта кететіні ол кезде ақпарат халыққа дұрыс жеткізілген жоқ. Өзіңіз ойлап көріңізші, кімге жердің сатылғаны ұнайды? Ресейге ұнамайды, Түркияға да ұнамайды. Әлемдегі ешбір мемлекетке ұнамайды.

– Жастардың арасында көп боласыз ба?

– Жиі шақырады. Қазір ондай кездесулерде көбіне суицид жайлы айтамыз. Себебі, қазіргі кезде қатты көбейіп кетті. Соңғы кездері Мұсылмандар рухани бірлестігінде және «Нұр Отан» партиясының пікірталастарына қатысып жүрмін. Мүмкіндігіме қарай ақыл-кеңестерімді беріп те жүрмін. Жақында ҚызПУ-де (ЖенПИ) Дулат Исабековпен кездестім. Өте жақсы кездесу болды. Барлық студенттер келді. Қыздармен әңгімелесе отырып, әзіл-қалжың түрінде жастарға Алла бізге тәуелсіздік бергенін, енді оны аялап сақтай білу өскелең ұрпақтың қолында екенін жеткізуге тырыстым.

– Есіме Сәкен ақынның елдi бiрлiкке шақырған «Жас қазақ марсельезасы» түсіп отыр. «Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос. Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос» деп үндейді. Бүгінде де бұл тақырып өзектілігін жоғалтқан жоқ па?

– «Азамат, жүнжіме, жүрме бос,

Қол ұстас, бірігіп тізе қос.

Ту ұстап дұшпанға барайық,

Теңдіктің ұранын салайық». Мұның барлығын ол қызық үшін айтқан жоқ. «Тізе қос» дегеннің өзінен-ақ біраз нәрсені түсінуге болады. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті.

«СТУДЕНТТЕР МЕНІҢ ЕСЕБІМНЕН ТАМАҚТАНСА БОЛАДЫ»

– Біраз уақыт бұрын мен мінген таксидің артында отырған үш студенттің әңгімесінен байқағаным Сіз айлығыңызды шәкірттеріңізге бөліп беретін көрінесіз. Бұл рас па?

– Иә, бұл рас, бірақ мұны айтпай-ақ қойған дұрыс шығар (күлді). Мен ол жерде мардымсыз айлыққа жұмыс жасаймын. Қателеспесем, 43 мың теңге. Ол жерде айлық үшін жұмыс жасамаймын. Мені училищеге бірнеше рет ұстаздық қызметке шақырған болатын. Үнемі бас тартатынмын. Бибігүл Нұрғалиқызы (Нұрғали Нүсіпжановтың қызы) бірде шақырып алып: «Сәкен, сен сабақ бересің бе?» – деді. Менің тәжірибем жоқ, ештеңе білмейтінімді алға тарттым. Ол кісінің айтқаны: «Медеу Арынбаев бас тартты, басқалар да солай. Сен де бас тартып отырсың. Сонда біздің болашақ ұрпақты кім тәрбиелейді? Сенің тәжірибең бар. Адаммен тіл табыса білесің. Жастарға ақыл-кеңесіңмен көмектес!». Мен ойланып қалдым. Және ол кісінің ең басты айтқаны: «Талапкерлер сендерге ұқсағылары келеді». Бұдан кейін бұл ұсыныстан бас тартуым мүмкін емес еді. Содан бұл жөнінде ақыл-кеңес сұрау мақсатында Роза Қуанышқызы, Лаки Кесоглу, Люция Қажығалиқызы, Батырхан Шүкенов және Медеу Арынбаевқа хабарластым. Олар ақыл-кеңестерін айтты. Марқұм Батырхан Шүкенов: «Сәкен, 45 минуттың 15 минутында оқытып, қалғанын тәжірибеге арна. Артық мәліметтің қажеті жоқ. Бәрібір ұмытып қалады», – деп, жақсы кеңес берген еді.

– Қанаттандырып ұшырған түлектеріңіз бар ма?

– Әрине, бар, олардың саны бүгінде 15-ке жетті. Аллаға шүкір, барлығы құрметтейді. Хабарласып тұрады. Айтпақшы, өзіңіз айтқан таксидегі студенттердің әңгімесіне тоқтала кетсек. Бізде училищеде буфет бар. Мен «Балалар тамақтансын, асқазандарын құртпасын» деген ниетпен, сол жерге айына 50 мың теңге қалдырамын. Тек менің студенттерім ғана емес, басқа да жағдайы нашар студенттер сонда барып, менің есебімнен тамақтанса болады. Егер ақша жетпей қалса маған айтады. Мен төлеймін. Кейде жартысы қалады. Олай болса келесі айға ауысады. Студенттер сол жайлы айтқан болар.

– Сахна сыртындағы сырыңызға рахмет!

Дайындаған: Айнұр ҚАЙРАТБЕК, «QAZAQ» газеті