СӘН ӘЛЕМІНІҢ СЕРІСІ

15

105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті бүгінгі санында таныс әрі бейтаныс мамандық иесі Ерлан Айнабековтің ерекше мамандығының әлеміне
сапар шегеді. Ерекше дейтініміз, шаштараз өнерінің тарихы тереңде. Шаш сәні алғашқы қауымдық құрылыста киімнен бұрын пайда болған. Біздің заманымыздың V мыңжылдығының өзінде адамдар шаш үлгісіне аса назар аударған. Арнайы шаштараздар туралы ақпарат ежелгі Мысырға, одан соң Ежелгі Грекия және Ежелгі Римге қатысты. Англияда шаштараздарға 1462 жылы өз гильдиясын құруға рұқсат берілген. Ол заманда шаштараздар көбіне сақал қырумен айналысқан.

ХОББИ ҺӘМ ШЕБЕРЛІК

Бүгінде сұлу болмағаныңыз үшін Жаратқанға налымайсыз. Өйткені, айналаңыз қаптаған сұлулық салоны. Қалаған кейпіңізге ене аласыз.
Иә, енді бұрынғыдай шаштаразға тек шашыңызды қидырмайсыз. Бүгінде ол сұлулық тұрғысынан барлық қызмет түрін көрсететін сұлулық салонына айналған. Шашыңыздан бастап аяқ тырнағыңызға дейін әсемдеп береді.
Заманның ілгері басуының арқасында косметологияның да жетістіктер мен мүмкіндіктер көкжиегі біраз кеңейіп қалғаны рас. Табиғат сізге қарлығаштың қанатындай қиылған қас сыйға тартпады деп уайымдамасаңыз да болады. Кез келген форма, кез келген ұзындық, қалыңдық өз еркіңізде. Тек, ақшаңыз болса, сұлу болып шыға келесіз.
Бүгінгі кейіпкеріміз – білікті маман, өз ісінің шебері Ерлан Айнабеков 5-сыныптан осы мамандыққа құмартыпты. Бұл қызығушылықтың тереңдеуіне әсер еткен де оқиға бар екен. Кейіпкеріміздің анасы да шаш үлгілерін жақсы білетін, епті жан болғандықтан, баласының шашына кішкене кезінен көңіл бөлген. Мектепті жақсы бағамен тамамдаған Ерлан физика-математикаға да бейім болған. Дегенмен, 10 жасынан бастап үлкендер тыйым салса да өзінің сүйікті хоббиін тастамаған ол болашағына сеніммен қарапты. Кім білсін, қайшы мен тарақ оны шығармашылықтың шыңына шығаратынын бала көңілі сезген болар?!
Кейіпкеріміздің мектепте оқып жүргенде бос кабинеттерде сыныптастарының өтінішімен шаш түзеген кездері де болған. Алайда, мұны біліп қойған мектеп басшылары ұрыстың астына алған екен.
Расында, шаш үлгісін жасау, шаш қию ұшқыр қиялды, шығармашылық шеберлікті талап етеді. Бұл мамандықты таңдаған адам бастысы – армандай білуі керек және сол арманына сеніп, әрекет етуі тиіс.
Дегенмен, өмірдің бұралаң жолдары адамды сарсаңға салады. Кейде өз таңдауыңнан уақытша бас тартуға тура келеді. Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – заң саласы. Соған қарамастан, шығармашылық адамына тән ізденіс пен еңбек оны өзінің шеберлігін айқын көрсете алатын жолға бағыттап жіберді.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Ерлан Айнабеков өзінің дара жолын іздеген шағында сурет салып, қолөнер бұйымдарын жасап, тіпті, өлең де шығарған екен. Алайда, дәл бүгін осы бірнеше өнерді бір арнаға тоғыстырып, кәсіби маман атанып, өзіне келген кез келген жанның ойынан шығатын қызметтер ұсынады. Мұның бірден-бір дәлелі, елімізге таныс өнер жұлдыздарының жартысынан көбі Ерлан Айнабековтің көмегіне жүгінеді.

СӘН ӘЛЕМІНДЕГІ СЕРПІЛІС

Ерланның 1996 жылдан басталған хоббиі бүгін сүйікті кәсібіне айналған. 20 жылғы еңбек бүгінгі таңда жемісін беруде. Бұл мерзім Ерланның осы мамандықты бастаған кезімен есептеліп отыр, алайда, ол ең алғаш 2010 жылы конкурсқа шақырылып, содан соң өзіне сенімі арта түскен. Әйгілі шаш-стилисттерді, шеберлерді көріп, өзін қамшылай түскен кейіпкеріміз қазақта да бұл өнер бар екенін өзгелерге көрсетуге ұмтылады.
Екі жылдан соң, сол конкурсқа қатысып, үздік ондыққа енген Ерлан белгілі бір жағдайлармен орынға ілікпесе де, үздіктердің қатарынан көрінгенін жеңіс санап, шеберлігін одан да әрі жетілдіруге тырысады. Бұл алғашқы жеңіс. Одан кейінгі 6 жыл уақыт аралығында Ерлан Айнабеков Қазақстан атынан көптеген байқауларда топ жарып жүр. 2015 жылы «Әйелдер шаш қиюынан» Қазақстан чемпионы атаныпты. Ал «Trandvision» атты әлемдік байқауда Қазақстанның жалауын желбіреткен.
Кейіпкеріміздің айтуынша, сұлулық индустриясында қазақтілді мамандар мүлде аз. Сондықтан, өзінің жетістіктері арқылы сұлулық индустриясына алғашқы қазақтілді маман ретінде үлес қоспақ.
Кейіпкеріміз қазір еліміздегі осы мамандыққа қатысы бар көптеген колледждермен байланыс орнатып, шеберлік-сағаттарын жасап, білгенімен бөлісуді қолға алған.
Ерлан Айнабеков үшін 2018 жыл қуанышты оқиғалармен басталыпты. Талайғы арманына арналған «EA» атты авторлық сән студиясының ашылу салтанаты өтіп, бүгінде қарқынды жұмыс істеуде.
Сән студиясымен қатар сол ғимараттан қазақтілді алғашқы оқу орталығын ашыпты. Сұлулық салонында 25-ке жуық адам жұмыс істейді. Ерлан Айнабековтің шәкірттері де өз ісінің шеберіне айналып үлгерген.

МАМАННАН КЕҢЕС: СҰЛУЛЫҚ САЛОНЫН АШУДЫҢ СЫРЫ

«Шаштараз барлық уақытта болған және бола бермек, себебі шаш адам сұлулығын анықтайтын сыртқы бейненің негізгі элементі болып табылады», – дейді кейіпкеріміз.
Мамандықтың қыр-сырымен таныстық. Олай болса, шаштараз бизнесін қалай дөңгелетуге болатынына жауап іздеп көрейік. Бұл сұраққа жауап іздеу барысында Ерлан Айнабековтің тәжірибесіне де сүйендік.
Неден бастау керек? Ғимарат пен жалдамалы қызметкерлер таңдаудан бастау керек. Егер сіз өзіңіз шаштараз өнерімен айналысамын деп шешсеңіз, онда оқу курстарынан өтіп, сәйкесінше сертификат алу қажет. Сіз үшін уақытша шаштаразға жұмысқа орналасу тәжірибе жинақтауға көмектесетін болады. Бұлай істесеңіз, сіз «қолыңызды жаттықтырып», болашақ өзіңіздің шаштаразға келетін клиенттерді осы бастан таба бастар едіңіз. Шаштараздың кез-келген класы (элитарлы, орташа бағалы) жақсы табысқа қол жеткізе алады. Орташа деңгейлі шаштараз ашқан жөн, себебі қолжетімді бағадағы қызметке сұраныс әрдайым жоғарырақ, сондай-ақ алғашқы инвестициялық салымдар да, элиталы шаштараздармен салыстырғанда, әлдеқайда төмен.
Негізінен, шаштараздың күрделі дизайнды болуы керек емес, жалдауға немесе қаланың айтулы ауданында ғимарат сатып алуға көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Бастапқы кезде екі кресло мен екі әмбебап маманға арналған шаштараз ашу ең жақсы таңдау болып табылады. Клиенттерге ыңғайсыздық туындатпау үшін ер кісілерге ер шаштараздың, әйел кісілерге әйел шаштараздың болуын қадағалаңыз.
Ғимаратты таңдауға ерекше мән берген дұрыс, орташа бағадағы шаштараз үшін ең жақсысы – автобус аялдамасына жақын орналасқан тыныш аудандағы ғимаратты жалға алу. Шаштараз жеке тұрған ғимаратта немесе тұрғын үйлерде, қоғамдық ғимараттарда орналасуы мүмкін. Пәтерде шаштараз ашуға болмайды. Тек пәтер тұрғын емес үй қорына өтіп, оның кіретін есігі бөлек болған жағдайда ғана шаштараз ашуға болады. Шаштараз тұрғын үй ғимаратының бірінші немесе цокольдік қабатына ғана орналаса алады. Жертөледен шаштараз ашуға болмайды.
Ескеретін жайт, шаштараз ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан және өртке қарсы инспекциядан анықтама алу бойынша стандартты процедуралардан өту қажет.
Жалдамалы қызметкерлерді таңдауда олардың кәсібилігіне және психологиялық дайындығына, сондай-ақ шаштараз адамдармен, әсіресе, әйелдер қауымымен жұмыс істейтіндіктен коммуникативтілігіне де мән беріңіз. Қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін дамыту мақсатында, сондай-ақ коммуникативтіліктерін жақсарту үшін оларды оқытуға уақыт және ақша бөлуге кеңес береміз. Қызметкерлерді салалық оқу орындарынан іздеген жөн, баспа беттеріне, интернетке жарнама беру немесе кадрларды таңдау агенттігіне хабарласуға да болады.
Шаштараздың қызмет көрсету спектрі өте ауқымды – бұл шаш қысқартудың, бұйралаудың, сәндеудің, емдеудің әртүрлілігі.
Шаштараздың бизнестің аралас түрлерін ұйымдастыру үшін қолайлы орын екенін естен шығармау керек, мысалы, онда шаш және тырнақ күтімі үшін қажетті тауарларды сатуға әбден болады. Сонымен қатар, қосымша табыс табу үшін шаштараз ішіне өз кезегін күтіп отырғандарға арналған кофе және басқа да сусындары бар сауда автоматтарын қоюға болады.
Сіздің шаштаразды бәсекелестерден ерекшелейтін, клиенттеріңізге жағымды, ұнайтын ұсақ-түйектерге де мән беріңіз. Клиенттеріңізге сапалы қызмет көрсету, жақсы, жылы шырайлы мамандардан басқа не ұсынуға болады? Клиенттер үшін екі параметр өте маңызды: қолайлылық және өзіндік қайталанбас атмосфера, яғни телефон арқылы жазылуға мүмкіндік, желдеткіш, күтіп отыруға ыңғайлы орындықтар, теледидар, жаңа журналдар, жағымды әуен, қызықты безендіру, тірі гүлдер, плакаттар және т.б.
Шаштаразға арналған құрал-жабдықтарды таңдауда баға мен сапаның оптималды сәйкестігіне сүйену керек. Дегенмен, клиенттер үшін қолайлы жағдай туғызуда үнемдеудің қажеті жоқ, ыңғайлы креслолар, шаштараз жуғыштарын, сенімді электр құралдарын таңдаңыз. Мысалы итальяндық айна сатып алу міндетті емес, қытайлық сапалы айнаны да қолдануға болады.
Сізге құрал-жабдықтардың ішінен мыналар қажет: құрғатқыш, шаш қысқартатын машинка, фен, айнасы бар шкаф-тумбочка, гидравликалық кресло, креслосы бар жуғыш, айна.
Сондай-ақ, Сіз мынадай жабдықтар мен заттарды алуыңыз керек: әртүрлі формадағы тарақтар, массажды тарақ, қайшылар, шаш бояулары, сабынсулар (шампунь), химиялық бұйралауға арналған заттар, бигудилер (ірісі, орташасы, ұсақтары), шаш сәндеуге арналған заттар (лак, воск, пенка), сүлгілер мен жамылғылар.

Тобықтай түйінКөңілі қалаған хоббиін өміріне бағдар етіп, кәсібиліктің, шеберліктің шыңын бағындырған Ерлан Айнабеков «Алға, жастар» атты конкурстық бағдарламасын әзірлеуде. Қазақ тілін сән индустриясына қосуды армандаған шебердің еңбегіне сәттілік тілеу артық болмайды.

Әлия Іңкәрбек, “Qazaq” газеті