“СӘТБАЕВ АКАДЕМИЯСЫ”

23

Қазақ даласы қашаннан да даналықпен қатар қазба байлыққа бай. Жер беті мен жер астының байлығын қатар таныған халқымыз осы көрегендігімен ұлылық төрінен төбе көрсететіні хақ. Ғылым да, бiлiм де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымы бүгiнгi таңда өз биiгiнде, өзгелермен қатар тең даму үстiнде. Осы мақсатта Қазақстан ғылымы мен бiлiмiнiң жетiстiктерiн насихаттауды жүзеге асыратын өзiндiк маңызы бар, әрi бұрын-соңды республикамызда болмаған, жаңа кәсiпорын – «Ғылым ордасы» болып табылады. «Ғылым ордасы» ғимаратының біз білмейтін қандай ғажайыптары бар? Осы ғимаратта орналасқан «Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы» жайлы не білеміз? Бүгін біз осындай сауалдарға жауап іздеп, кеше мен бүгіннің арасындағы көпірден өтіп, бар ғұмырын ғылым мен ізденіске, жаңалыққа арнаған ғалымның өмір жолымен, мұражайдағы мұраларымен танысамыз.

СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ ҒАЛАМАТ ҮЛГІСІ

Қаныш Имантайұлы туралы  сөз қозғау әрі  қиын, әрі оңай.  Қиын болатыны – ол ғұлама тұлға. Оңай дейтінім – Қаныш Сәтбаев жайлы талай кітаптар жазылған.  Ғалым Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалады. Ұлттық Ғылым академиясын  «Сәтбаев академиясы» деп атауға да болады. Ғылымның мекеніне айналған ғимараттың мақсаты – халық игілігіне қызмет ету болса, «Ғылым ордасы» осы нысанадан жаңылған емес. Оның бірінші бағыты – бұрынғы Қазақстан Ғылым академиясының бас ғимараты мен онымен жалғаса салынған құрылыстарды қажетті деңгейде күтіп-баптап ұстау және барынша тиімді түрде ғылым мен білім істеріне және мәдени шараларға пайдалану. Ғимарат мемлекет қорғауындағы Алматы қаласы бойынша аса маңызды сәулет ескерткіштерінің бірі. Реті келгенде осы ғажайып ғимаратты өмірге әкелуде ұлы ғалым-геолог, қоғам қайраткері, Қазақстан ғылымының атасы, Қазақстан ҒА-сын ұйымдастырушылардың бірі және тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ерекше еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Қаныш Имантайұлының ел ғылымына сіңірген еңбегі елеулі. Ол ешқашан да халық жадынан өшпейді.
1960 жылдары кітапханаларда білімге құштар жастардың көптігі сонша, оқырмандар отыратын орын болмай қалады екен. Сондықтан болар, сол кезеңде көп ғалымдар ғылым көгінде жарқырады. Жас ғалымдар буынының қалыптасуына  Қаныш Сәтбаевтың  қолдауы тікелей ықпал еткені мәлім.
Қаныш Имантайұлы – халқының шын жанашыры. Ғалым Англияға  барған сапарында У. Черчилльдің: «Сіздің елде қазақтардың бәрі сіздей биік пе?» деген сауалына: «Ол не дегеніңіз, халқым менен де биік»  деп жауап берген екен. Жалпы, ұлы адамдар бір ғана ғылыммен  шектеліп қалмай, әр саланы зерттейді.  Қаныш Сәтбаев геология саласынан да басқа ғылымдарда өз ізін қалдырған ғалым.
1948 жылы «Қазақстан астанасын  Ақмола қаласына  көшіру керек» деген тұжырым жасап, оның жан-жақты тиімділігін дәлелдеген.  Қорқыт бабамыз: «Өлмейтін адам, сынбайтын темір болмайды, сондықтан адам артына өшпейтін із қалдыруы керек» деген екен. Қаныш Сәтбаев  халқына  жасаған  қызметі арқылы артына  өшпейтін із қалдырды.
Жалпы, «Ғылым ордасы» ғимараттар кешенінің құрылысы 1948 жылы басталып, 1957 жылы аяқталған.
Аталмыш ғимарат Қазақстан Республикасының бірегей тарихи сәулетті ескерткіштері қатарына енген. «Ғылым ордасы» жалпы көлемі шамамен 38 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттар кешенінде орналасқан, онда Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, «Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы», қысқы бақ, 5 млн-нан астам кітап қоры бар бірегей Ғылыми кітапхана бар. «Ғылым ордасы» Республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының әсем ғимараты көркем-сәулет өнерiнiң ғаламат үлгiсi. Бұл – бұрынғы Қазақ КСР Ғылым академиясы. Оның iргетасы 1948 жылы осы академияның тұңғыш президентi Қ.И.Сәтбаевтың тiкелей қатысуымен қаланып, 1957 жылы толық салынып бiттi. Бұл бiрегей құрылыстың авторы – Мәскеуде В.И.Ленин мавзолейi мен Ташкентте Ә.Науаи атындағы опера және балет театры сияқты сәулет жауһарларын дүниеге әкелген атақты ресейлiк сәулетшi, академик В. Щусев екен. Шевченко-Пушкин-Құрманғазы-Қонаев көшелерiмен ұштасып жатқан осы зәулiм сәулет туындысы ерекше көз тартады. Жасыл желекпен көмкерiлген ғимарат қазақ ағартушысы Шоқан Уәлиханов, орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин, академик Әлкей Марғұлан ескерткiштерi және «Шығыс күнтiзбесi» субұрқағымен ерекше үйлесiм тапқан.
Академик Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен және тiкелей басқаруымен салынған қазақ ғылымының осы бiр қасиеттi қара шаңырағында Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Кеңес Одағының Батыры Мәлiк Ғабдуллин, Дiнмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсiрепов, Уфа Ахмедсафин, Дмитрий Сокольский; Қазақ КСР Ғылым академиясының бұрынғы президенттерi Шапық Шөкин, Шахмардан Есенов, Мұрат Айтқожин, Өмiрзақ Сұлтанғазин; қазақтың алғашқы академик-қызы Нәйлә Базанова, Ермахан Бекмаханов, Евней Бөкетов және тағы басқа да халқымыздың ардақты тұлғалары кезiнде ғылымға да, ел игiлiгiне де жан-тәндерiмен берiлiп, адал қызмет еткен екен.
«Ғылым ордасының» 5 миллионнан астам кітап қоры бар ғылыми кітапханасы бүгінгі күні белсенді жұмыс жасауда. Ғылыми кітапхана республикадағы кітапханатану, библиография, ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың ірі ақпараттық-кітапханалық орталығы болып табылады.

СӘТБАЕВТЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

Қаныш Сәтбаев мұрасы бүгінде түрлі мұражайларға қойылған. Кейіннен Ғылым ордасында академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы ашылған соң бірқатар заттар осы мұражайға жинақталды. Әсіресе, Қарсақбай, Жезқазған кеніштеріндегі жұмыс орындарынан оның кітаптары мен құралдарын арнайы алдырыпты. Ал 2011 жылы Ғылым ордасындағы академик Сәтбаевтың кабинетіне жөндеу жүргізіліп, мұражай ретінде ашылды. Көлемі 39 мың ш.м. құрайтын, 12 павилионнан тұратын бұл  кешенде: Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы 10 ғылыми-зерттеу институттары, 6 млн кітап қоры бар Орталық ғылыми кітапхана  және «Табиғат», «Археология», «Сирек кездесетін кітаптар», «Қазақстан ғылымының тарихы» музейлері орналасқан.
Ғалымдар үйіндегі Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы – Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан Ғылым академиясына қарасты Ғалымдар үйіндегі мемориалдық мұражайы.
Қазақ КСР Министр Кеңесінің 1987 жылғы 14 тамыздағы қаулысына сай ұйымдастырылды. 1999 жылдың сәуір айында ашылды. Мұражайға арналған бөлмелер 5 қабаттағы 4 залды алып жатыр. Кеңестік Шығыс республикаларынан шыққан тұңғыш КСРО Ғылым Академиясының академигі Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне арналған мұражайдың материалдары былайша топтастырылған:
Бірінші зал –
I тақырып: «Өмір жолының басталуы».
а) Туған жері, балалық шағы;
ә) Білімге баспалдақ;
б) Семей. Мұғалімдік семинария;
в) Ревком мүшесі. Халық судьясы;
г) Студенттік жылдар. Томск технология институты.
II тақырып: «Жезқазған – Қаныш Сәтбаевтың төл перзенті».
а) Тарих беттері;
ә) Үлкен Жезқазған үшін күрес;
б) Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен металлургия комбинаты.
III тақырып: «Ұлы Отан соғысы».
а) Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін;
ә) Жезді марганеці – Оралдың қорғаныс зауыттарына.
Екінші зал – «Қаныш Сәтбаев және Қазақстан ғылымы».
Бұл залда Қаныш Имантайұлы – Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі оның тұңғыш президенті. Ол ғылым мен өндірістің байланысы үшін талмай күресіп, ғалымдарды республиканың дамуына игі әсерін тигізетін өзекті шаруашылық және мәдени мәселелерге бағыттай отырды.
Сәтбаев, әсіресе, ғылыми кадрлар мәселесіне ерекше мән беріп, олардың өсуіне маңдай терін көп төккен. Залдың ортасында Сәтбаевтың мүсінші Хакімжан Есімханұлы Наурызбай жасаған кеуде мүсіні орын алған. Ал оған қарама-қарсы – Қазақстанның пайдалы кен орындарының картасы. Академиктің геология саласына сіңірген еңбегін паш ететін материалдар да көптеп қойылған. Осы залда Қаныш Имантайұлы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде де танылады. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттығына бірнеше рет сайланған. КОКП XX, XXI, XXII съездеріне делегат болып қатысты.
Үшінші зал – Сәтбаевтың президенттік бөлмесі. Мұнда оның 60-жылдары пайдаланған жұмыстық заттары бар. Қанекеңнің жобасына жасалған шкаф та осында тұр.
Төртінші зал – Сәтбаев өмірінің кезеңдері.
а) Сәтбаевтың мерейтойы;
ә) Сәтбаев – интернационалист;
б) Аяулы азамат;
в) Сәтбаев туралы естеліктер.
Ал қалған ғылыми бөлікте Сәтбаев құрған академияның бүгіні бейнеленген.

МҰРАЖАЙ – ҰРПАҚҚА МҰРА

Мұражайдың директоры Бақытжамал Айтмұхамбетова: «Ғылым ордасының негізін қалап, іргетасын қойған Қаныш Имантайұлы екені баршаға мәлім. Мұражай − тәрбиелік қызметі арқылы, бірінші кезек, академияның тұңғыш президенті Қ.И. Сәтбаевтың өмірі мен қызметі жайлы ілімді ұлттық тарихи-мәдени мұраның бір бөлшегі ретінде кеңінен таратуға атсалысып келеді. Бүгінде өскелең ұрпақты ғылымға, соның ішінде геологияға, геологиялық барлауға деген қызығушылыған қалыптастыру өте маңызды мәселенің бірі. Өйткені, Қаныш ағамыз тек қана болашақ ғалымдар үшін ғана емес, барлық өз елін сүйетін және оның гүлденуі үшін еңбектен тайынбайтын жас қазақстандықтар үшін үлгі болып табылады», – дейді.
Тіпті, жазу үстеліндегі портфелі мен сия қаламы да қаз қалпында. Академиктің қыздарының осы мұражайдың қалыптасуына көп көмегі тигенін айтады мұражай директоры. «Олар да әкесі сияқты өте қарапайым еді. Жыл сайын 12 сәуірде мұражайда кездесу ұйымдастырамыз. Академиктің немерелері де келеді», – дейді мұражай директоры.
Мұражай ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тақырыптық лекциялар, мемориалдық кездесулер ретінде орасан зор ғылыми-ағарту жұмыстарын белсенді түрде атқарып келеді. Мұражайға негізінен келушілер: мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, шығармашылық өкілдері, сол сияқты аудан көлемінде орналасқан мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайында құрметті қонақтарға арналған лебіз кітабы бар. Осы кітапшаға келген қонақтар өз қолтаңбаларын қалдырып, мұражай қызметкерлерімен академиктің ескерткіші алдында суретке түсіп, үлкен рухани әсер алып қайтады. Академик мұражайында тұрақты жүргізілетін бұқаралық сипаттағы мәдени көпшілік шаралардың саны көп әрі ауқымы кең. Мұражайға қатысты танымдық шаралар, конференциялар жиі өткізіледі екен.
Мұражай жәдігерлері ретінде академиктің өзі қолданған домбырасын, жеке заттарын, сыртқы киімдері мен аяқ киімдерін айтуға болады. Елу жас мерейтойына (1949) сыйлаған сый тартулар, академиктің үйіндегі кабинет столы мен креслосы, алыс-жақын шетел делегациясын Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясында қарсы алған кездері, шетелге барған делегация құрамында болғаны жөнінде арнайы стендтер де орын алған.
Сокралды тұлға мұражайы еліміздегі алдыңғы қатарлы мұражайлардың бірі ретінде жас ұрпаққа, ғылымды қастерлейтін жастарға академиктің асыл қазынасын насихаттау бойынша үлкен жауапкершілік жүктелген.

Тобықтай түйін: «Ғылым ордасы» – ғалымдардың темірқазығы тәріздес. Бүгiнгi таңда мекемеге ғылыми-ақпараттық ресурстарды бiр орталыққа шоғырландыра отырып, елiмiздiң ғылыми жетiстiктерiн лайықты деңгейде жұртшылыққа кеңiнен тарату, ғылым және бiлiм саласында өндiрiстiк-шаруашылық қызмет көрсету жүктелiп отыр. Ең ғажабы, Қ.Сәтбаевтың мемориалды мұражайы да осы ғимараттан орын тапқан. Сонымен қоса, бірер жыл бұрын ғалымдардың да төл мерекесi 12 сәуiр аталып өтілетін болып, күнтізбеге енген болатын. «Ғалымдар күні» дәл осы күн болуының да астары бар. Сәуірдің он екісі дара тұлға – Қаныш Сәтбаев өмiрге келген күн. Сондықтан да Елбасымыз 12 сәуiрдi – Ғылым қызметкерлерi күнi ретiнде белгiлеп берген болатын. Жыл сайын осы атаулы күнге орай, қасиеттi қара шаңырақта, ғалым мұражайында мерекелiк шаралар ұйымдастырылып, еліміздегі ғалымдардың бас қосуы болатыны көңіл қуантады. Қаныш Имантайұлының мұрасы мәңгілік екенінің бір дәлелі осы болса керек… 

Әлия Іңкәрбек