ТАЕКВОНДОДАН (WT) АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АШЫҚ БІРІНШІЛІГІ ӨТТІ

26

30 маусым – 1 шілде күндері Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентіндегі аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында және Астананың 20 жылдығына арналған Алматы облысының таеквондодан (WT) ашық біріншілігі өтті.

Екі күнге созылған ауқымды шараның ашылу салтанатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл, Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Қожабекұлы, Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Саят Сарқытов, Алматы облыстық таеквондо федерациясының президенті Нұрлан Есілбаев мырзалар сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Ал, ұйымдастырушылар келген қонақтар мен облыстың үздік спортшыларына сый-құрмет көрсетіп, Алғыс хаттарменмарапаттады.
Алғашқы сөзді алған Бақытбек Смағұл Нұрлан Есілбаевтің кеудесіне «Намыс» орденін тағып, өзінің рухты жырын оқыды. Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, «Асқар Шахиев», «Іле», «Бауыржан Момышұлы», «Жетіген», «Қызыл ту», «Алтай», «Водник», «Жаңа талап», «Талғар», «Шоңжы», «Талдықорған», «Исатай», «Қарасай», «Томирис» және «Жамбыл» командалары, яғни барлығы 268 спортшы қатысты. Турнирде 44 алтын, 44 күміс, 88 қола медальдар сарапқа салынды. Әрбір кездесу тартысты өтті. Жалпы командалық есепте «Арыстан» командасы топты жарды. Екінші орынға Талғар ауданы спортшылары, ал үшінші орынға Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жайғасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге турнир кубогы мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Әрине, спорттың бұл түрі Алматы облысында бұқаралық сипатқа ие болғаны қуантады. Тәуелсіздіктің елең-алаңында қазақтың қайтпас қайсар ұлы Мұстафа Өзтүрік негізін қалаған Қазақстан таэквондо мектебінің өрісі кеңейіп, оның ізбасарларының қатары көбейгені қуантады.