ТАКСИГЕ ОТЫРҒАН АСТАНА ӘКІМДІГІ ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІКТЕН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?

6

Қазақстанда алғаш рет Астана қаласының әкімдігі қызметтік көліктен бас тартып, таксиге ауысты. Осылайша, 47 жастағы Бақыт Сұлтанов басқаратын қала әкімдігі 5 жылда көлік қызметіне кететін қаржыны 1 млрд теңгеге дейін үнемдейді. Ал, қыркүйек айынан бастап әкімдіктің алдында қара түсті қызметтік көліктің орнына таксилер тұратын сары сызық пайда болды.
Иә, әкімнен бастап басқарма басшылары, әкімдіктің қатардағы қызметкерлері жаппай таксиге отырып, қызметтік көліктерін әкімдікке қарасты мекемелерге таратып берді. Ең қымбат Mercedes Benz S500 және Mercedes Benz S500 4 Matik көліктері қалалық шаруашылық басқармасы мен Бейбітшілік және келісім сарайының балансына берілді.
Астана әкімдігі бас тартқан барлығы 113 қызметтік көлік балабақша, мектеп, аурухана сияқты қаланың 29 мекемесіне таратылды.