ТАМАРА АСАР: «ӘЛЕМНІҢ МЫҢ АЙНАЛҒАН МЕКТЕБІ ҮЙРЕТЕ АЛМАЙТЫН АЙБАРЛЫҚТЫ ТЕК ҚАНА КЕҢ ДАЛАНЫҢ КЕҢІСТІГІ ҮЙРЕТЕ АЛАДЫ»

28
«Құрмет» орденінің иегері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, өмірде де, өнерде де өжеттілігімен көзге түскен 41 жастағы дарабоз әнші Тамара Асар өзінің 875 мың жазылушысы бар Instagram парақшасында ұлы Қамбардың жазғы демалысын ауылда қой бағып өткізіп жатқанын жазып, өзге ата-аналардан балаларының ойын-сауық және сауда-саттық орталықтарына қаншалықты жиі баратындарын сұрады.

«Әлемнің түкпір-түкпірін аралатып, білімді-білікті бола қалсыншы деп, жанымызды шүберекке түйіп, мұxит асырып, өзгенің тілін өзінен артық қылып үйренсінші деп дымымыз қалмай дәріптейтін, үлкен қалалардағы сауда ойын-сауық орталықтарының тұрақты демеушілері – біздер мен сіздер құрметті ата-аналар. Сол орталықтардың есігін аптасына бір ашып, балаларымыз жоқ дегенде 5000 теңге қалдырмаса, біз де, балаларымыз да өзімізді біртүрлі сезінетін сияқтымыз ба? Қалай? Әңгіменің расы, әлемнің біраз шетін араладық, жұмыспен, оқумен.
Әрі ойланып, бері ойланып Қамбар жігіт көкелерімен ақылдаса келе, Қырға есекпен қой бағамын деп шешті. Күнде байланыс бар бір ғана төбеден маған таңғы сағат 6-да қоңырау шалады. «Амансың ба, балам, қасыңда кім бар?» – десем, ол: «Мама, сәлем бердік. Есегім екеуміз жүрміз, жаңа қасқыр көрдік. Қойларыма ұзақ қарап тұрды да өзі кері айналып кете берді», – деп өр жауап берді. Менің жүрегім «зың» ете қалса да білдірмей «Батыр атың бар ғой, жарайсың! Сенен (қасқыр) сескенген шығар», – деп сөзбен қомпитып қойдым. Ішім лыпылдап тұрса да, шүкір еттім.
Әлемнің мың айналған мектебі үйрете алмайтын айбарлықты тек қана кең даланың кеңістігі үйрете алатын шығар. Қамбардың есегімен селфиі (өзі жүктеген суретті айтады, – ред.). Көрсе ренжиді, бірақ өзім түсіндірермін. Ал сонымен сұрақ: ТРК-ларға (сауда, ойын-сауық орталықтарын айтады, – ред.) балаларыңыз көп бара ма?» – деп жазды (сауал тастады) Тамара Асар.
Өз кезектерінде желі қолданушылары әншіге ой саларлық жазбасы үшін алғыс айтып, оның пікірін қоштай түсті.
Айта кетейік, Тамара Асар әншіліктен бөлек, кішігірім кәсіпкерлікті де қолға алды. Әнші енді Қазақстан нарығын өзі сыртын түрлі суретпен безендірген самаурындармен толықтырмақ.