ТАМСАНДЫРҒАН ТҮРКІМЕНСТАН

163

5,5 миллион халқы бар Түркіменстан көгілдір отынға бай ел (табиғи газдың қоры бойынша әлемде төртінші орын алады). Бензинді, газды, суды, тұзды, электр қуатын тегін пайдаланатын түркімендерге тамсанатын, президенттерінің кейбір шешімдерін түсінбейтін әлемде ел көп. Қолдағы бар деректер негізінде 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті төменде түркімен кілемі және ақалтеке сияқты арғымақтарымен әлемге танылған оңтүстік-батыстағы көршіміз Түркіменстанның бүгінгі тыныс-тіршілігіне шолу жасайды.

НИЯЗОВ ТҮРКІМЕНБАСЫҒА ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Оңтүстік-батысымыздағы көрші ел Түркіменстан 1991 жылы 27 қазанда Кеңес Одағынан бөлініп, өзінің тәуелсіздігін жариялады. 1985-1991 жылдары Түркіменстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Сапармұрат Ниязов тәуелсіз Түркіменстанның тұңғыш президенті болды. Осылайша табиғи газға бай елде Ниязов дәуірі басталды. Президенттік билік қолға тиісімен өзіндік саясат жүргізді. Аз жылдың ішінде КСРО құрамында болған Түркімен КСР әлемдегі санаулы «жабық елдің» біріне айналды.

Әлемдік қауымдастық Сапармұрат Ниязовты диктатор санады. Ал, айналасындағы жағымпаздар мен жандайшаптар оның атақ-даңқын асыруға бар күштерін салды. Түркіменстан Мәжілісінің (парламентінің) арнайы қаулысымен Сапармұрат Ниязовқа «Түркіменбасы» деген атақ берілді. Бұрынғы Красноводск қаласы – Түркіменбасыға өзгертіліп, ондаған көшелер мен зауыттар, кеңшарлар мен мектептер тұңғыш президенттің атымен аталды. Жер-жердегі ұйымдар мен мекемелердің алдына, көшедегі көліктердің маңдайшаларына Түркіменбасының портреттері ілінді. Бас-аяғы 14 мыңнан астам алтын жалатылған ескерткіштер мен бюсттер жасалынып, әр аймақта орнатылды. Ес білген баладан – еңкейген кәріге дейін Түркіменбасы жазған түркімен халқының тарихи-рухани өсу жолы жайындағы «Рухнама» кітабын жаттады. Міне, осылайша Сапармұрат Ниязов кәрістер Құдайындай көретін Солтүстік Кореяның (КХДР) 1972-1994 жылдардағы басшысы Ким Ир Сен (1912-1994) сияқты культ-тұлғаға (жеке басқа табыну) айналды. Алайда бұл өмірде ештеңе де мәңгілік емес. «Түркіменстанның мәңгілік президенті» саналған Түркіменбасы 2006 жылы 66 жасында жүрек ауруынан қайтыс болды.

«Медальдың екі қыры бар» дегендей, Сапармұрат Ниязов культ-тұлғаға айналғанымен, оның тұсында Түркіменстанда газ, тұз, су, бензин, электр қуаты тегін болып, ел астанасы – Ашхабад қарқынды дамыды. Бұған кейін арнайы тоқталамыз.

БЕРДІМҰХАМЕДОВТЫҢ БҮГІНГІ ДӘУІРІ

Түркіменстан Республикасының Конституциясы бойынша, Сапармұрат Ниязовтың қазасынан кейін президенттік билік сайлау өткенге дейін Түркіменстан Мәжілісінің төрағасы Овезгелді Атаевқа өтуі тиіс-тін. Алайда күтпеген жерден оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Сапармұрат Ниязовты жерлеу комиссиясын басқару және президенттік міндетті уақытша атқару 2001 жылдан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовке жүктелді.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, 2006 жылдың 26 желтоқсанында Халық мәслихатының басқосуына қатысқан 2507 делегаттың бәрі бірауыздан Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовты қолдап, Түркіменстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынды. Сөйтіп, 2007 жылдың 11 ақпанында өткен президенттік сайлауда Бердімұхамедов сайлаушылардың 90 пайызға жуық дауысын иеленіп, тәуелсіз Түркіменстанның екінші президенті атанды. Ал, 2012 жылғы сайлауда 97,14 пайыз, 2017 жылғы сайлауда 94,27 пайыз дауыс жинап, үш мәрте президенттік «таққа» отырды.

Сапармұрат Ниязовтың қазасынан кейін Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов «өзі жоқтың – көзі жоқ» саясатын ұстанды. Тұңғыш президенттің қолымен жасалған кейбір жаңалықтар өзгеріске ұшырады. Айталық, 2007 жылғы 22 ақпанда жаңа президент Отанға адалдық анты мәтінінен өлең түріндегі «Ұлы Түрікменбасы» қосымшасын алдыртып тастады. Осы сияқты жергілікті газеттердің алғашқы беттерінен Сапармұрат Ниязовтың портреті мен «Рухнамадан» алынған сілтемесі біртіндеп ығыстырылды. Оның орнына Ғұрбаноғлы Бердімұхамедовтің фотосуреті және инаугурацияда сөйлеген сөзі басылды. Барлық мекемелер мен ұйымдардың кітап сөрелерінде тұратын «Рухнама» кітабы жинап алынды. Оны мектептерде оқыту қысқартылды. Ол бойынша міндетті түрде емтихан тапсыру талабы жойылды.

Бұдан бөлек, сол жылдың 15 наурызында президенттік штандарттан тұңғыш президент Сапармұрат Ниязовтың есімі өшіріліп, орнына «Түркіменстан Президенті» деген сөз жазылды. Түркіменбасының тұсында жабылған Ұлттық ғылым академиясы, ғылыми-зерттеу институттары мен ауылдық емханалар қайта ашылды.

Сонымен қатар, 2009 жылдан басылымдар, көше мен елдімекен атауларынан Ниязов пен оның туыстарының есімдері алынып тасталды. Ашхабадтағы Күнмен бірге айналып тұратын Түркіменбасының алтыннан жасалған алып ескерткіші қиратылды.

Осылайша Түркіменстанда Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов дәуірі басталды. Екінші президент көзі тірісінде-ақ культ-тұлғаға айналған Сапармұрат Ниязов жасаған өзгерістерді жоққа шығаруға тырысты, тырысып та жүр. Бір қызығы, Түркіменстандағы жеке басқа табынушылықты өзі қайта бастады. Оңтүстік-батыстағы көрші елдің қазіргі культ-тұлғасы – Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов.

Елге сіңірген «еңбегін» бағалаған түркімен халқы оны «Ұлт көшбасшысы», «Аркадаг» (қамқоршы, жарылқаушы) деп жариялады. Елдің әр бұрышында екінші президенттің алып ескерткіштері орнатылып, оның есімімен мекеме, көше атаулары атала бастады. Мектептерде Бердімұхамедовтың кітаптары Ниязовтың «Рухнамасын» алмастырды. Қазірдің өзінде екінші президенттің кітаптары мектеп бағдарламасында бар. Мәселен, оның «Игі атың мәңгі есте қалады» атты романын 7-сынып оқушылары төрт сағат оқиды.

Айта кетейік, Түркіменстанның қазіргі президенті 2016 жылы 6 кітап жазып шыққан екен.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» президент енді ән жаза бастады. Әндерін халық алдында орындап та жүр. Тіпті, оның бір әні былтыр Ашхабадта өткен Азиаданың әнұранына айналды.

Айтпақшы, президенттің ұлы Сердар Бердімұхамедов 2016 жылы Түркіменстан Мәжілісінің депутаты болды.

ЖОҒАЛҒАН  ӘРІ ЖОҒАЛАТЫН ЖЕҢІЛДІКТЕР

Сапармұрат Ниязовтың ұйытқы болуымен 1992 жылы «Түркіменстан тұрғындарының электр қуатын, газ және суды тегін пайдаланатыны туралы» қаулы қабылданды. Кейін бұған 1994 жылы қабылданған ас тұзын да ақысыз пайдаланатындығы жөнінде қаулы қосылды. Және бұл қаулылардың 2020 жылға дейін күшінде болатыны айтылды. Артынан Түркіменбасының ұсынысымен 2030 жылға дейін электр қуаты, газ, су, бензин және ас тұзының тегін болатындығы жайында Парламенттің қаулысы шықты. 2002 жылы президенттің өзінің туған күніне орай 62 жасқа толған әрбір азаматтың қосымша бір күн демалатындығы және оған құрбандыққа шалуға сатып алатын қойдың ақшасы берілетіндігі туралы Жарлық күшіне енді. Осыдан кейін түркімендерге, диктатор саналған Сапармұрат Ниязовтың тірлігіне тамсанбай көріңіз!..

Жоғарыда Түркіменстанда Бердімұхамедов дәуірінің дүрілдеп тұрғанын жаздық. Десе де, Ниязов тұсындағы жеңілдіктердің бірқатары жойылды, қалғандары таяу уақытта жойылатын түрі бар.

Айталық, Ниязовтың тұсында тегін болған бензин 2008 жылдан бастап мөлшерлеп берілетін болды. Ай сайын автокөліктердің иелері – 120 литр, жүк көліктері мен автобустардың иелері – 200 литр, ал мотоцикл иелері – 40 литр бензиннің талонын тегін алады. Осы мөлшерден асса бензин бағасынан 8 есе артық коммерциялық бағамен сатылады. Бірақ, коммерциялық бағаның өзі сол жылы тек 15 АҚШ центіне тең немесе Қазақстандағы бағадан 5 есе, Ресейдегі бағадан 6 есе арзан еді.

Түркіменстандағы бензинге қатысты азайған жеңілдіктің көлемі мұнымен шектелмеді. Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов 2014 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғындарға ай сайын тегін бензин үлестіруді жою туралы Жарлық шығарды. Президент Жарлығы жергілікті ақпарат құралдарына сол жылы 29 сәуірде жарияланды. Онда бұл шешім «ұлттық экономиканың өсіміне қолдау көрсету, мұнай өнімдерін орынды пайдалану және бензинді ішкі нарықта тиімді түрде сату» мақсатында жасалғаны жазылды.

Айта кету керек, 1993 жылдан бері Түркіменстан әлемдегі бензиннің бағасы арзан елдердің бірі саналады. Қазір көрші елдегі бензиннің бағасы – 0,28 доллар (бұдан ең арзан баға Сауд Арабиясы мен Венесуэлада).

Былтыр қазан айында Ақсақалдар кеңесінде сөз сөйлеген Ғұрбаноғлы  Бердімұхамедов электр қуаты, газ, су және тұзды тұтынуды кезең-кезеңімен ақылы жүйеге көшіру керектігін айтты.

«Сол жылдары теңдессіз ерекше жеңілдіктердің ұсынылуы – әлемдегі қиын экономикалық жағдай кезінде жақсы өмір қалыптастыру, азаматтарды нарықтық экономикаға бейімдеу болды. Нарықтық қатынастар жағдайындағы елдің терең экономикалық жағдайы ұлттық байлықты үнемді пайдалануды талап етеді. Халық табысының артуы, жұмыс өнімділігінің жоғарылауы әлеуметтік жеңілдіктерді ақылы етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді бұл шешімді 60 жастағы Түркіменстанның президенті.

Осыған дейін Түркіменстан халқы тұзды, газды, электр қуаты мен суды ешқандай лимитсіз тегін тұтынып келді. Бұл әлеуметтік көмектерді ақылы ету туралы алғаш рет 2015 жылы сөз болды. Кейін 2016 жылы Бердімұхамедов бұл ұсынысқа келісті. Бірақ, кейін президент кенеттен ел бюджеті аталған жеңілдіктерді тегін күйінде сақтауға мүмкіндік беретінін жариялады. Енді бір жыл өте салысымен президент қайтадан жеңілдік жүйесі пайдасыз екенін айтып, оның күшін жоюға бұйрық берді.

Ресми Ашхабадтың мәлімдеуінше, жеңілдіктерді қысқарту жөніндегі ұсынысты Ақсақалдар кеңесі көтеріпті. Олардың айтуынша, қуатты және бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан түркімендер газ, су, тұз және электр қуатының төлемақысын еш қиындықсыз төлей алатын жағдайға жетті. Яғни, түркімендердің тұрмысы түзелді.

Бердімұхамедовтың бүгінгі дәуірінде Ниязовтың тұсындағы жеңілдіктер мерзімінен бұрын келмеске кететін түрі бар. Ал, ол жеңілдіктер 1993 жылы тәуелсіз елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың қаулысымен пайда болып, 2030 жылға дейін күшін жоймауға тиіс еді.

ШЕТЕЛДІК БАҚ, ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫ, цирк ЖОҚ… БІЗ БІЛМЕЙТІН ТҮРКІМЕНСТАН

– Түркіменстан – Орта Азиядағы шетелдік газеттер мен ақпараттық агенттіктердің меншікті тілшілері жоқ бірден-бір ел. Өйткені, олардың мұнда жұмыс істеулеріне бірқатар кедергілер мен қиындықтар кездеседі. Ал, жергілікті халық шетелдік тілшілерге сұхбат беруден сескенеді. Соның арқасында жергілікті басылымдар үлкен таралыммен жарық көреді.

– Түркіменстанда балет, опера мен цирк атауымен жоқ. Кезінде мұны Сапармұрат Ниязов: «Мен балетті түсінбеймін. Ол не үшін керек? Балетке деген сүйіспеншілік халықтың қанында болмаса, оны түркімендерге телуге болмайды», – деп түсіндіріпті. Содан бұл елде цирк, балет пен операға тыйым салыныпты.

– Түркіменстан заңы өз азаматтарын мейлінше қорғап, шетелдіктерге шекесінен қарайды. Мәселен, Түркіменстанның азаматтығын алудың бірнеше жолы бар. Соның ішінде түркіменнің қызын алғаны үшін шетелдік азамат бюджетке 50 мың доллар көлемінде қалың мал төлеуі немесе жаңа бір кәсіпорынды ашып, жергілікті халықты көптеп жұмысқа алуы қажет. Сөйтіп, бірнеше жылдан кейін ғана ел азаматтығын алуға болады.

– Түркіменстанда жүргізуші куәлігі болған күннің өзінде әйелдерге көлік жүргізуге 2017 жылы тыйым салынды. Бастапқыда тек айыппұл салынатыны туралы ескерту жасалған. Алайда осы жылдың қаңтар айынан бастап жол полициясы қызметкерлері әйел жүргізушілерге қатысты шараларды қатаңдатып, олардан жүргізуші куәлігін алып, көлікті айыппұл тұрағына қоя бастады. Бұдан бұрын Ішкі істер министрі Түркіменстан басшысына елдегі жол көлік апаттарының көбі әйел жүргізушілердің қатысуымен болатыны туралы статистиканы таныстырған. Осыдан кейін Президент министрге жағдайды реттеу туралы тапсырма берген.

– Биылғы жылдан бастап Түркіменстанда қара түсті көлік мінуге қатаң тыйым салынды. Қаңтардан бастап елге қара түсті көлік әкелуге болмайды. Ал қара көлік мінетіндерге темір тұлпарын тез арада ақ түске бояу тапсырылды. Оның себебін түсіндіріп жатқан билік жоқ. Тек, Ашхабад қаласының барлық мекемелерінің сырты ақ мәрмәрмен қапталғаны, ал қара түсті көліктер қаланың сәнін бұзатыны себеп ретінде айтылады.

– Ашхабад – Орталық Азиядағы ең ыстық астаналардың бірі. Жазда бұл қалада ауа температурасы 50 градусқа дейін көтеріледі. Дегенмен, бұл биліктің 2012 жылдан бастап кондиционерлер жұмысын тоқтатуына кедергі бола алмады. Оған себеп, қаптаған кондиционерлер астананың сәнін бұзады.

– Түркіменстан астанасында үйлер ақ мәрмәрдан тұрғызылған. Халықтың айтуынша, үй салам деушілерге мәрмәрмен қаптау талап етіледі. Сондықтан қарапайым халыққа үй салғаннан гөрі 30 жылға 1 пайызбен ипотекаға пәтер алған тиімді.

– 2016 жылы бұл мемлекет темекі өнімдеріне толықтай шектеу қойды. Түркіменстанда темекі өнімін сатқандарға салынатын айыппұл көлемі – 1,7 мың доллар. Сонымен қатар, республикада темекі құны 12 долларға жетті. Бұл шектеу Түркіменстан президентінің салауатты өмір салтына деген аса қызығушылығынан туындаған. Осылайша Түркіменстан темекі шегетіндердің саны жағынан әлемдегі ең төменгі көрсеткішке ие елге айналды.

– 2017 жылдан бастап мемлекеттік мекеме қызметкерлері міндетті түрде ат жарысына барулары керек. Жергілікті ипподромдарға мұғалімдер мен бюджет қызметкерлері жексенбі күні – заңды демалыстарында барады. Бас тартса, сол сәтте жұмыстан шығарылады. Мұғалімдердің сөзіне қарағанда, басшылықты сырқат, қарттық немесе отбасы жағдайлары қызықтырмайды.

Тобықтай түйін: Түркіменстанды өмірінің соңына дейін басқарған Сапармұрат Ниязов 1993 жылы «Алтын ғасыр» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. «Жабық елде» қаншалықты «алтын ғасырдың» болғанын түркімендердің өздерінен басқа ешкім білмейді. Бір анығы, тұңғыш президент өз халқын тегін ауыз су, газ, тұз және бензинмен қамтамасыз етті. Ал, 2007 жылы билік басына «Алтын ғасырды» артқа тастаған, «Алып күш және бақыт дәуірі» бағдарламасын бастаған Ғұрбаноғлы Бердімұхамедов келді. Жағымпаз атқамінерлерден «Ұлт көшбасшысы», «Аркадаг» (қамқоршы, жарылқаушы) атақтарын алғаннан кейін Бердімұхамедов Ниязов тұсындағы бірқатар жеңілдіктердің көзін жойды. Ресми Ашхабадтың ұстанымы бойынша, түркімендердің қазір жағдайы жақсы, жеңілдіктерге мұқтаж емес. Әрине, түркімендердің тұрмысы түзелді ме, әлде олар тығырыққа тірелді ме, бір анығы, «жабық елдегі» нақты жағдайды білу мүмкін емес.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ,

«QAZAQ»  газеті