ӘБІЛҚАСЫМ СӘРСЕНБАЕВТЫҢ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

28

20 ақпан күні Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әбілқасым Сәрсенбаевтың «Тамыры терең туған жер» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды.

«Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті «Сәндік қолданбалы өнер» кафедрасының профессоры, Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Әбілқасым Сәрсенбаевтың көрмесінің ашылуына қатысқан «Кескіндеме, мүсін және дизайн» кафедрасы деканының орынбасары Мұхамеджан Сүлейменов, Алматы  қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Махмұт Нәлібаев, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев сынды көрме қонақтары суретшінің еңбектерін ерекше атап, көрменің ашылуымен құттықтады.
Көрменің ашылуында Рамазан Стам-ғазиев, Нұржан Жанпейісов, Мақсат Медеубекұлы өнер көрсетті.
Қылқалам шеберінің суреттерінде көбіне ауыл тынысы бейнеленген. Бұдан бөлек, түркі әлеміне танымал тұлға Мұстафа Шоқайдың графикалық портреттерін салады. Міне, көрмеге суретшінің түрлі тақырыптарда салған сол туындылары қойылды. Ауыл және Шоқай бейнесінен бөлек, шарждар топтамасы да келушілер назарына ұсынылды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған республикалық «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай: «Әбілқасым – сыныптасым. Он жыл бірге оқыдық. Бұл өзі сыныпта отырып, шарж салуға құмар еді. Сыныптастардың бәріне салып шықты. Сыныбымызда шешен бала бар еді. Басы үлкен болған соң «қазанбас» дейтінбіз. Соған достық әзіл салып, ол жекпе-жекке шақырды. Ақыры бәріміз араша түсіп, әрең аман алып қалдық. Шарждан кейін үлкен портретке ойысты. Әбілқасым үлкен өнердегі портрет салудың шеберіне айналды. Пейзаж, гравюра салудан да кенде қалған жоқ. Бүгінгі шараның тақырыбы да туған жер жайлы екен. Әбілқасым Пайғамбар жасына жеткенше туған жеріне әбден еңбек сіңірді. 40 жасқа дейін ауылда тұрды. Біз сияқты Алматыға асықпады. Сурет училищесін бітірді, одан кейін әскерде Семейде сынақ алаңында болды. Кейін Жүргенов атындағы академияны тамамдады. Мектепте мұғалім де болды. Осы еңбегі үшін туған жері Әбілқасымға риза», – деп, өткен күннен ескірмейтін естелік айтты.
Ұлт жанашыры Махмұт Ыбырайханұлы Әбілқасым Сәрсенбаевтың шығарма-шылығына, азаматтық ұстанымына кеңінен тоқталып, қылқалам шеберінің кеудесіне «Кейкі батыр» төсбелгісін тақты.
Айта кетейік, көрменің ашылуынан кейін Доқтырхан Тұрлыбектің «Ардағы едің түркінің» атты деректі фильмі көрсетілді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

“Qazaq” газеті