ТАНЫС ӘРІ БЕЙТАНЫС: «ӨРМЕКШІ АДАМ»

267

Мамандық – адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін білім мен практикалық дағды жиынтығы. Бұл «мамандыққа» берілген ресми анықтама. Әлемде бізге мәлім де беймәлім көптеген мамандықтар бар. Біз көп жағдайда айналамызда болып жатқан түрлі құбылыстарға, өзгерістер мен жаңалықтарға мән бермейміз. Ондайда «Уақытымыз жоқ» деп ақталамыз. Қала көшелеріндегі баннерлердегі жаңалықтардың қай кезде жаңартылғанына да назар аудармаймыз. Мұның бәрін белгілі бір мамандар жасайды. Қоғамдық орындарда, әлеуметтік жерлерде біз біле бермейтін мамандық иелері өте көп. Олар айрандай ұйып тұрған осы қоғамымыздың мәйегіне айналған. Көзге көрінбей жүріп-ақ қыруар шаруаларды атқарып жатыр. «Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ең қиын мамандық – адам болып қалу», – дейді Хосе Хулиан Марти. Расында да, мамандықтың жаманы болмайды. Ең бастысы «адам» болу, нанды адал жолмен табу.

«ӨНДІРІСТІК АЛЬПИНИЗМ»: ҚАНДАЙ АЛЬПИНИЗМ?

«Мамандық» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда: «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді екен. Бірақ бұл сөздің осылай аударылатынын көп адамдар білмейді. Меніңше, мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз.

Заман өзгерген сайын адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болып, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Альпинизм – биіктерді бағындыруға құмарлардың сүйікті ісі. Оларды альпинистер деп атайтынымыз мәлім. Ал сіз өндірістік альпинизм жайлы естуіңіз бар ма? Өндірістік альпинизмнің заманауи мамандықтардан қандай өзгешелігі бар? Бұл мамандық несімен ерекшеленеді? Қазақстанда өндірістік альпинизммен кімдер айналысады? Біз осы тектес сансыз сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

Өндірістік альпинизм – арнайы қорғаныспен қамтамасыз етілген мамандардың кез келген  биіктіктегі жұмыстарды атқаруы, қызмет көрсетуі. Әлемде өндірістік альпинизм – қауіп-қатерге толы кәсіп. Бір рет мүлт кетсе, өмірмен қош айтысуы мүмкін. Әрине, альпинист бірнеше метр биіктіктен көз ілестірмес жылдамдықпен бірден жерге құламайды. Оның өмірін қорғауға арналған арнайы белдіктері, құралдары бар. Меніңше, қызығы мен қатері қатар жүретін бұл мамандыққа жастар құмартатын секілді. Себебі, жастық максимализм қорқыныш атаулыны танығысы келмейтінімен ерекшеленеді. Дегенмен, бір жағынан жастарды бұл мамандықтың жалақысы, екінші жағынан экстремалды спорт екені  қызықтыратын сыңайлы. Жұмысқа кәмелет жасына толғандар ғана алынады екен. Жаңадан келушілер жарты жыл сынақ мерзімінен өтуі тиіс. Өндірістік альпинистер жыл сайын аттестациядан, медициналық тексеруден өтіп тұрады. Ал жаңадан келгендер альпинизмнің талаптарына сай емтихан тапсырады. Себебі, кез келген ғимаратқа шығу үшін де бір ай бұрын тапсырыс алынып, альпинистке арнайы рұқсат беріледі.

КӨЗСІЗ ЕРЛІК

Өндірістік альпинизмнің ауқымы кең. Онда альпи-нистер зәулім ғимараттардың құрылысына араласа алады және қала ішіндегі әлеуметтік маңызы бар үлкен баннерлердің орнын ауыстырумен қатар жекелеген  адамдарға да қызмет көрсете алады. Сонымен қатар,  альпинистің шатыр жабу, желдеткіш қою, қыста шатырдың қарын тазалау, тағы да басқа жұмыстарды атқара білуі маңызды.

Өндірістік альпинизм құрылыс индустриясында инновациялық дамудың ғажап үлгісі іспеттес. Неге десеңіз, ең алғаш АҚШ-та 1930-жылдары сел жүріп, ондағы  каньонды қайта қалпына келтіру керек болады. Сонда тығырықтан шығу үшін американдық кәсіби тау-шахтёрлері бір ғана арқан мен белге байлауға арналған белдікті қолданған. Ал Кеңестік кезеңде Ұлы Отан соғысында осы өндірістік альпинизм қолданылғанын біреу білсе, біреу білмейді. 70-жылдары заманауи альпинистік арқан мен ауыр салмақты көтеруге қабілетті құрал-саймандар жарыққа шықты. Өндірістік альпинизмнің пайда болғанына көп мерзім өтсе де кәсіп ретінде, жаңа технология түрі ретінде 1980-жылдың басында ғана таныла бастады.

Өндірістік альпинизм – өмір мен өлімнің арасында жүру! Соған қарамастан бұл мамандықты таңдаушылардың қатары көп. Халық арасында осындай атақ алған өндірістік альпинистер Қазақстанда сұранысқа ие әрі жаңа игерілген кәсіпті меңгергендер. Өйткені әйнектен салынған биік ғимараттардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Құс ұшар биіктікпен таласқан қала ғимараттарының қабырғаларында өз шаруасын тындырып жүрген «жүрек жұтқан батырларды» сіз де жиі көретін боларсыз. Оларға қарап тұрып, санаулы ғана секундта сан түрлі ойға батасыз. Өйткені, жерде тұрып-ақ, басыңызды шалқайтып, биік ғимаратқа көз тастағанда тынысыңыз тарылып кетеді емес пе? Қорқынышпен бетпе-бет келіп, үрейді жеңе білген альпинистер үшін бұның бәрі қалыпты нәрсе.

Кәсіби өндіріс альпинисті болу үшін арнайы оқу керек. 2000 жылдары ТМД елдерінде, тіпті Ресейде кәсіби альпинистерді оқытатын курстар болмаған екен. Көп қабатты, шыны үйлердің көптеп салынуына байланысты 2008 жылдардан бастап Қазақстанда арнайы оқыту орындары ашыла бастаған. Ондай арнайы оқу орындары Алматы мен Астанада бар. Негізінен, оқыту қысқы маусымда жүргізіледі екен. Өздеріне бөлінген жетекшілері жас альпинистерді істің қыр-сырына үйретеді. Олар көрген-түйгенін іс жүзінде дәлелдесе ғана өндіріс альпинисінің арнайы аттестатына қол жеткізеді.

МАҚСАТТЫҢ БАЛА АРМАНЫ

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осындай сынның бәрінен  өтіп,  өндірістік  альпинизмде өз қолтаңбасын  қалыптастырып  келе  жатқан  жас альпинист − Мақсат Боқанов. Ол осы  мамандыққа дейін жартасқа өрмелеумен айналысқан. Тіпті, халықаралық жарыстардан жүлделі орындарды иеленіп үлгерген. Сондықтан көп қабатты үйлердің әйнегін жуу ол үшін қиындық туғызбаған сыңайлы.

Мақсат 6 жылдан бері өндірістік альпинизм саласында жүр. Қазір жасы 27-де, бірақ бұл кәсіпті он бес жыл бұрын таңдап қойған екен. Яғни,12 жасынан бастап жартастарға өрмелеп, бала қиялындағы биіктіктерді бағындыруға асығады. Осы спорт түріне он бес жыл ғұмырын арнаған ол бұл кәсіптің хас шеберіне айналған десек артық айтқандық емес. Тіпті, өзінің білетінін өзгелермен бөлісіп, жаттықтырушы да болған көрінеді.

Жартаспен өрмелеу Мақсатты жалықтыра бастағанда досы өндірістік альпинизммен айналысатын компания ашып, оны ең бірінші «альпинист» ретінде жұмысқа шақырыпты. Сөйтіп, ерекше спорт түрімен айналысып жүрген кейіпкеріміз ерекше кәсіп иесі атаныпты. Өзіне деген сенім, алға ұмтылыс, күш-жігер оның сәттілігінің, табысының – кілті.

Табыс демекші, өндірістік альпинизм қай кезде де сұранысқа ие әрі еңбек ақысы жоғары кәсіп. Себебі, бұл жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жаз айында орта есеппен алғанда айлық табысы 300 мың теңгені құрайды. Ал қыста сәл аздау. Өйткені, жазда тапсырыстың көптігі сонша альпинистер үй көрмей, үлгермей жұмыс жасайды.

Мақсаттың айтуынша, бір ай бұрын тапсырыс бергендердің өзі одан да көп уақыт күтуі мүмкін екен. Өйткені, расында да, бұл салада мамандар тапшы. Жалпы өндірістік альпинизмді толық меңгеру үшін көп уақыт керек екені айтпаса да түсінікті.

КӘСІБІМ – НӘСІБІМ

Мақсат өзінің бала кезінен қызығушылық танытқан спорты нан табудың жолына айналарын білген жоқ. Қазір биіктіксіз өмірін елестете алмайды. Арманы асқақ, мақсаттары биік жандар ғана биіктіктен қорықпайтын сыңайлы. Кейіпкеріміз биікте өзін-өзі еркін ұстауды, ештеңеден қорықпауды өз туысқан інілеріне де үйретіпті. «Жақсыны көрмекке» демекші, оның айналасындағылар осы кәсіптің қыр-сырын білуге қызығушылық танытады екен.

Мақсат өндіріс альпинисті ретінде үнемі білімін жетілдіруді, шыңдауды қолға алған. Себебі, құрылыс материалдары да жылдан жылға түрленіп отыратындықтан альпинистке заман ырғағына ілесіп отыру аса маңызды.

Мақсат дәл қазір Алматы қаласындағы сыртының барлық бөлігі дерлік әйнекпен қапталған «Пассаж» орталығын жуып жатыр. Оған биіктікті бағындырудың еш қиындығы жоқ. Дегенмен, өліммен күнде бетпе-бет келетін өндіріс альпинистері сақтық шараларын мұқият орындамаса, өлім құшуы әбден мүмкін. Бұл кәсіпте арқанның рөлі зор. Ол – сақтық шараларына қажет басты құрал және арқанды дұрыс бекіте білудің де маңызы зор. Ең қызығы, өндіріс альпинистінің арқанда өрмелей алуы маңызды емес, маңыздысы – сол арқанда ілініп тұрып, кез келген жұмысты атқара алуында. Ал, бір ғана альпинистің сақтық құрылғыларының құны 400 мың теңге көлемінде екен.

Мақсат Боқановтың табиғатпен етене жақындығы сондай, көзіне түскен ерекше сәттерді, құбылыстарды суретке түсіріп жүруді әдетке айналдырған. Ол үшін өмірдің әр ғажайыбы – Алланың керемет туындысы іспеттес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мақсат секілді белін бекем буып, тәуекелдің теңізіне кемесіз-ақ аттанатын жігіттердің бізде де бар екені қуантады. Себебі, бұған дейін өндірістік альпинизм саласында қазақ мамандар өте аз болған. Бұл қорқыныштың әсерінен емес, арнайы мамандар әзірлейтін орындардың тапшылығынан секілді. Жас та болса, арманының асқарын бағындырып жүрген Мақсат Боқановтың еңбегіне табыс тілейміз.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ» газеті