ТАРАЗЫ БАСЫНДА ТҰРҒАН ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТАҒДЫРЫ

32

Теңге алғаш айналымға түскен 1993 жылы қарашада АҚШ долларының бағамы 4,7 теңге болса, айналдырған 24 жыл ішінде бұл көрсеткіш еселеп артты. 105 жылдық тарихы бар «QAZAQ» газеті бүгінгі санында төл теңгенің құлдырау тарихы мен алдағы тағдырына, көршімізге (Ресей Федерациясына) салынған санкцияның салқынына тоқталады.

ТЕҢГЕНІҢ ҚҰЛДЫРАУ ТАРИХЫ

Теңге алғаш айналымға түскен 1993 жылы қарашада бір АҚШ долларының бағамы 4,7 теңге болып белгіленген еді. Алайда айналдырған 1,5 айдың ішінде ұлттық валюта шамамен 12 есеге құнсызданып, 1994 жылдың қаңтарында бір доллардың бағасы 54 теңгеден асты. Бұдан кейінгі төрт жыл бойы теңге баяу, бірақ әлсін-әлсін құнсызданып, 1998 жылы долларға шаққандағы бағамы 84 теңгеге жетті.
Шын мәнісінде девальвацияның зардабы қандай болатынын қазақстандықтар 1999 жылы сәуірде білді. Теңге бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 64,6 пайызға құнсызданып, бір долларға шаққандағы құны 84 теңгеден 138 теңгеге бір-ақ «секірді». Бұдан кейін теңгенің арзандау қарқыны бәсең жүріп, 2002 жылы бір АҚШ долларының бағасы 156 теңгеге таяп барып тоқтады.
2003 жылдан бастап Қазақстанда теңгенің құны артып, доллар арзандай бастады. 2007 жылы доллардың құны 120 теңгеге дейін түсті. 2007 жылдың соңына қарай әлемдік қаржы дағдарысы әсерінен теңгеге қауіп төне бастаған тұста Ұлттық банк қордағы валютаны сатып, теңгенің құнын түсірмей сақтап қалды.
2008 жылы көмірсутегі шикізаттарының әлемдік нарықтағы бағасы артып, соның арқасында ұлттық валютаның құны тұрақты болып тұрды. Осы жылдың соңында шикізат бағасы арзандап, теңгеге қауіп төнген кезде Ұлттық банк тағы да валюта қорындағы ақшаны жұмсап, теңгенің бір долларға шаққандағы бағамын 120 теңгенің айналасында ұстап қалды.
2009 жылы 4 ақпанда Ұлттық банк доллардың бағамын 117-123 теңге шегінде (+/-2%) ұстап тұрудан бас тартып, девальвация жасады. Ұлттық банк девальвация себебін мұнай бағасының төмендеуімен, Қазақстанның сауда-саттық әріптестері саналатын елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануымен түсіндірді. Ұлттық банк төл теңгенің тұрақтылығын сақтау үшін соңғы бірер айда 6 миллиард АҚШ долларын жұмсағанын да айтқан-ды. Дегенмен, сол жылы теңге 25 пайызға құнсызданып, доллар құны 150 теңге көлемінде бекітілді.
Араға бес жыл салып 2014 жылы «қаралы ақпан» келді. Сол кезде Ұлттық банк теңге бағамын алдыңғы деңгейде ұстап тұрудан бас тартты да, доллар 185 теңгеге қымбаттады. Бұл нағыз ажиотаж туғызды. Қазақстандықтар жаппай валюта сатып ала бастады, көптеген айырбас пункттері жабылып қалды. Осыдан кейін «девальвация тағы болады және кейбір банктер банкротқа ұшырайды» деген қауесеттер тарай бастады. Қиын жағдай туды, халық қауесет таратушылар мен «елде бәрі жақсы және тұрақты болады, қорқатын ештеңе жоқ» деп сендірген биліктің қайсысына сенерін білмеді. 2014 жылы соңғыларының (биліктің) айтқаны дұрыс болды.
2015 жылы 19 тамызда Қазақстанда 1 АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 189 теңгеден 198 теңгеге көтерілді. Бұл – теңге тарихындағы алтыншы девальвация еді. Сол күннің ертеңінде Қазақстан үкіметі ұлттық валюта бағамын еркіне жіберетінін мәлімдеген соң теңге шамамен 30 пайызға құнсызданып, ақша айырбастайтын орындарда бір АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 255 теңгеге дейін қымбаттады. «Қаралы тамыздан» кейін елдегі доллар ертегі желісіндегі ай санап емес, күн санап өсетін толағайдай өсті. Айталық, бір АҚШ долларының бағамы сол жылы қыркүйекте 282 теңге, ал желтоқсанда 325 теңге болды. Осылайша бір жыл ішінде 85 пайызға құнсызданған төл теңге парқын да, нарқын да жоғалтты.
Мемлекет басшысы 2015 жылы 2 қарашада ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті «банк пен ұлттық валютаға сенім азайғаны» үшін қызметінен босатып, оның орнына Данияр Ақышевті тағайындады. Дегенмен, Келімбетовпен бірге кеткен теңгенің дәурені Ақышевтің келуімен оралмады. Бас банкир алдыңғы әріптесінен асып түспесе кем қалмады. Нәтижесі – өздеріңіз көріп жүргендей, АҚШ долларының бағамы бүгінде 340 теңгеге жетті. Халық осыншама валюталық «секірістердің» санынан жаңылып, қайсысы девальвация, қайсысы «валюталық толқулар» екенін ажыратудан қалды.

САНКЦИЯ САЛҚЫНЫ

Қазақстан Ресейдің ЕАЭО-дағы (Еуразиялық экономикалық одақ) басты серіктесі болғандықтан, отандық сарапшылар теңгенің долларға шаққандағы бағамының күрт өзгеруін көрші елге салынған санкциялармен байланыстырады.
Бұрнағы күндері ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевты қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жылды  жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет», – деді.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ел Үкіметі Ресейге қатысты санциялар салдарынан болатын жаңа толқуларға дайын, бірақ асыра сілтеудің қажеті жоқтығын айтып отыр. Ұлттық банк пен қаржы министрлігі мұны төтенше жағдай ретінде қарастырмайды. Санкция мұнай, метал бағасының өзгеруі, көрші елдердегі экономиканың әлсіреген кезіндегі жағдай сияқты ғана әсер ететінін алға тартады. Десек те, Қазақстан экономикасы көрші елдің экономикасына тәуелді екенін мойындауға тура келеді. Оны Ұлттық экономика министрі де сезіп отыр. Экономикаға тек мұнай нарығы ғана әсер етпейді ғой. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты, сауда қатынасы да ел экономикасын қалыптастыратын негізгі фактор екені Үкіметтің экономикалық блогына белгілі.
«Бәрінде де есеп болуы керек. Прагматикалық көзқарас барлық жерде, экономикада және халықаралық қатынастарда талап етіледі. Біз қандай инновациялар алсақ, назарды да сонда аудару қажет. Прагматизм шаруашылықты ұқыпты жүргізу, халық ақшаларын үнемдеу, оларды халық игілігіне пайдалану дегенді білдіреді», – дегенді Мемлекет басшысы тегін айтқан жоқ.
Мемлекетіміздің қаржыға мұншалықты тиянақтылық танытып жатқаны айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары сыртқы қарызымызды есептемегеннің өзінде, әлемдік деңгейде талай жиындар ұйымдастырылды. Бюджет қаржысы жұмсалды. Қазір еліміздің сыртқы қарызы 135 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі жыл басында мәлімдеп қойған еді. Аталмыш көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 млрд АҚШ долларына артқан. Сыртқы қарызымыздың шамадан тыс көбейіп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл, шын мәнінде, алаңдауға тұрарлық мәселе. Қазір Ресей «экономикалық соғыс» жағдайында. Ал соғыс шығыннан басқа пайда әкелмейді. Осындай ой айтқан экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов алдағы уақытта еліміздің экономикалық өсімінде белгілі бір тежелістің болатындығын алға тартып отыр. Өйткені, Қазақстан Ресейге 1 АҚШ долларының тауарын беріп, 4 доллардың тауарын сатып алады екен. Санкция қысымы күшейсе, Ресей ең алдымен өзінің жағдайын ойлайды, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға тырысады.  Көрші Қытайдың экономикасында да өсім байқалмайды. Мұндай жағдайда Ресей жағынан келетін импорт азайып, инфляция өседі. Сондықтан бізге екі шоқып, бір қарайтын сауысқанның сақтығы керек.
Жоғарыда жазғанымыздай, Президенттің өзі бюджет қаржысын үнемдеуді айтып отыр. Өйткені, көрпесіне қарай көсілуді санкцияға ұшыраған жалғыз Ресей ғана емес, көршілес өзбек, қырғыз елі де бюджет шығынын барынша үнемдеу саясатын қолға алды. Үнемдеу саясаты бізден емес, батыстан басталғанға ұқсайды. Аузын айға білеген айтулы Ұлыбритания үкіметінің өзі қатаң үнемдеу арқылы 2018-2019 жылдары тапшылықсыз бюджетке шыққысы келетіндерін ашық айтты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Соңғы кездері халық арасында «ЭКСПО-дан кейін Қазақстанда теңге бағамы құлдырауы ғажап емес» деген сөз желдей есіп жүр. Мұны лауазымды тұлғалар теріске шығарса да, кейбір экономикалық сарапшылар биылғы жылдың соңында ұлттық валютаның девальвацияға ұшырайтынын айтып, деректер келтіреді. Дегенмен, Ұлттық банк өкілдері: «Теңге құнсызданбайды», – дегенді айтып, халықты сабырға шақырып, қаржылық реттеушінің қызметкерлері өз сөздерінің дәйегі ретінде еліміздегі алтын валюта қорының өсім беріп отырғанын алға тартады. Ал, «аузы күйгеннің үрлеп ішетіні» қашаннан белгілі ғой. Халықтың алаңдауына себеп те жоқ емес, неге десеңіз, Данияр Ақышевке дейінгі Ұлттық банк төрағалары да девальвацияның болмайтынын айтып кезінде халық алдында ант-су ішкен. Көп сөз жазып қайтеміз, бір ғана мысал, доллар бағамы 1993 жылы 4,7 теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 340 теңгеге жетіп отыр. Енді айналдырған 24 жыл ішінде төл теңгенің қаншалықты құнсызданғанын өзіңіз есептей беріңіз!..

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ» газеті