“ТАР ЗАМАН” ТҰҢҒЫШ САЯСИ-КӨРКЕМ ТЕЛЕХИКАЯ

25

20 ақпан күні Алматыда «Тар заман» атты саяси-көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Фильмнің жабық көрсетілімі бұған дейін Елордамызда болып, көзі қырағы көрермен оң бағасын берген екен. «Тар заманның» Алматыдағы алғаш көрсетіліміне руханият өкілдері, кинотанушылар мен түсірілім құрамы және фильмге үлес қосқан барша қауым жиналды. Алтай мен Атырау арасынан келген қадірлі қонақтар да бар. Бәрінің басы қосылған соң, «Тар заманның» мазмұнына арқау болған, ондағы басты кейіпкерлер – бір кездері қазақтың басындағы қара бұлтты сейілтпек болған, ұлт трагедиясын жоймақ болған зиялыларды бір сәт үнсіздікпен еске алғаннан кейін ғана көптен күткен фильм көрермен назарына ұсынылды.

«Тар заман» – қазақ тарихының алғашқы ұлттық элитасы саналатын «Алаш» қайраткерлері жайлы тұңғыш көркем фильм. Бұл – «Qazaqstan» ұлттық арнасының арнайы жобасы. Яғни, аты аңызға айналған Алашордалықтардың, Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған телехикая. Телехикая негізінен 12 бөлімнен тұрады. Кинотеатрларға лайықталған 1,5 сағаттық нұсқасы еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетілген соң, «Тар заман» телехикаясының толық нұсқасы «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Телехикая режиссері – телеарналарда тарихи тақырыптағы телетуындылар түсіріп жүрген Мұрат Бидосов. Режиссердің бұл жобаны көп уақыт аралығындағы ізденіс нәтижесінде түсіргені экраннан анық көрініп тұрды. Фильмнің көрсетілімінен соң Мұрат Бидосов ұлтымыздың өткені мен бүгінін байланыстыратын алтын көпір тәріздес осындай телехикаяны түсіру оңай болмағанын, ұжымның еңбегінің еш кетпегеніне алдағы көрсетілімдер төреші екенін айтты.
Фильмде басты кейіпкерлер – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды көптеген ұлт зиялыларының Алашорда үкіметін құру жолындағы тартысты ғұмыры мен тәуекел теңізін кешіп өткен сәттері суреттеледі. Сол кезде-ақ ұлтымыздың бетке ұстар зиялылары тәуелсіз еліміздің іргетасын қалаған екен. Бұл фильмді көрген кез келген адам өзінің қазақ екенін мақтаныш етеді. Ал егемен еліміздің жаңа тарихын жазуға кіріскен жастар, жаңа буын елдік туын желбіретуге ұмтылады. «Тар заманды» түсірген ұжым – ұлтымыздың саяси психологиясының қалыптасуына ықпал еткелі отыр десек қателеспейміз.
Түсірілім тобы Алматы облысының Текелі, Қапал-Арасан тауларында, Алматы қаласы мен Павлодар, Семей және Орынбор қалаларында 2 ай бойы жұмыс істеген. Ал басты рөлдегі актерлардың басым көпшілігі облыстық театрлардан алынған. Яғни, олар алдын-ала іріктеуден өткенде бастысы өзі ойнайтын қаһарманға ұқсауы шарт болғаны анық. Балтабай Сейітмамытов, Дулыға Ақмолда, Медғат Өмірәлиев, Олжас Абай, Кенен Ақүрпеков, Мәмбет Қожалиев, Ұлан Болатбек, Жұлдызбек Жұманбай, Дархан Сүлейменов сынды сахна саңлақтары Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлімхан Жүнісбек, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасовтардың бүгінгі заманғы бейнесін жасауға лайық деп табылған екен. Сценарий авторы – Сержан Закерұлы әр кейіпкердің тұлғалық, адами қабілеттерінің толықтай ашылуына, көрерменге әсер етуіне ықпал ете отырып, жан-жақты зерттеу-зерделеу нәтижесінде 12 бөлімдік оқиғалар желісін жазып шыққан.
Фильм математик Әлімхан Ермековтің өткен шақты ойлап, сансыз сауал шырмауында қалған беймаза күйінен басталып, өзі иық тіресіп жүрген ұлт зиялыларын еске алуына ұласады. Еркін ойлау мен тәуелсіз танымға ұмтылған Алаш ардақтыларының ұлтымызға еркіндік сыйлаудағы соқпақсыз жолы, тартысты сәттері фильмде жақсы суреттелген.
Актерлар өз рөлін шеберлікпен сомдағандықтан, артық-кемі жоқ әрбір образ өз орнын тапқан.
Осы тұста, «Qazaq» газетінің ұжымы атынан «Тар заман» телевизиялық жобасының идея авторы – Ерлан Қарин мырзаға алғысымызды білдіреміз. «Қазақ» газеті 1913 жылы Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен жарық көргені мәлім. Фильмде бүгінгі таңда 105 жылдық тарихы бар газетіміз ең алғаш қалай оқырманға жол тартқаны анық суреттеледі. Сол кезде-ақ халықтың көзі мен құлағына айналған ұлт баспасөзінің төресі әлі де тұғырынан тайған жоқ.
Қорыта келе, «Тар заман» тележобасын «Мен – қазақпын» деген әр азамат көруі тиіс фильм деген тұжырымға келдік. Фильмді 22 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыз.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті