«Тасқын – жарым да, өнерім де, бақытым да болды» Алдағы 28 қазанда 60 жасқа толатын Роза Рымбаеваның сахна сыртындағы сыры

24

Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі әнші Роза Рымбаева Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында жүрекжарды сырымен бөлісіп, марқұм жарына деген сағынышын жеткізіпті. Тасқын Оқаповтың қайтыс болғанына 18 жыл толса да, әнші әлі күнге дейін отбасылық өмірдегі бақытты сәттерін еске алып, ұлдарын ұяға қондыруды мақсат етеді. «Ұлдарымды жеткізген соң, мәңгілік ұйқыға өкінішсіз кетер едім» деген 60 жастағы әншінің сахна сыртындағы сырын сәл ықшамдап оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Сіз үшін махаббат деген не?

– Мен үшін махаббат – өмірдің мәні. Екі адамның өмірінің мағынасы, отбасылы болып, бақытқа кенелу. Ал екеуінің ортасындағы махаббаттың куәсі – бала. Сондықтан барлығы махаббаттан бастау алады десем артық айтпаймын. Отанға, отбасыға, бала-шағаға, өмірге деген көзқарасқа тікелей осы махаббат әсер етеді. Махаббат болмаса, өмір де болмайды.

– “Махаббат үш жыл өмір сүреді” деген пікірмен келісесіз бе?

– Тасқын маған 23 жыл өмірін арнап кетті. Қалған күндерім сол бақытты сәттерді еске алумен өтіп жатыр. Сол кісінің маған деген қамқорлығы, маған деген сыйластығы мен махаббаты ерекше болды. Ондай адамды мен енді кездестіре алмайтын шығармын деп ойлаймын. Шыны керек, әлі күнге дейін кездестірмедім. Себебі, барлығын Тасқынмен салыстырып тұрамын. Оның өмірге деген көзқарасымен, мәдениет деңгейімен салыстырамын.

– Уақытты кері айналдыру мүм-кіндігі туса, өміріңізде нені өзгертер едіңіз?

– Ешнәрсені өзгертпестен, барлығын басынан қайталайтын едім. Бірақ, өлген адамды тірілте алмайтынымыз өкінішті. Бар өкінетінім сол. Жарым да, өнерім де, бақытым да болды. Сол өмірді қайталағым келеді. Әттең, бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Бірақ, әйел бақытын сезіне алғаным үшін бақыттымын. 23 жыл бойы мен бақытты ана, бақытты әйел болдым. Өмірімнің алғашқы жартысын жоғары деңгейде сүрдім. Жарымнан айырылғаныма 18 жыл толса да, осы уақыт ішінде жалғыз болмадым. Ол кісі менің көңілімде, жүрегімде, ұлдарымда, менің өнерімде.

Мен, тіпті, концерт берген кезде сол кісінің сценарийімен, сол кісінің мектебімен жұмыс істеймін. Сол кісінің үйретіп кеткен жолымен жүремін. Ол кісі әрдайым жадымда. Ең бастысы, ол кісі кеткелі Роза Рымбаева еш өзгерген жоқ. Ол кісінің жасап кеткен аранжировкалары мен таңдап берген әндерін әлі күнге дейін орындап келе жатырмын. Ал композиторлықты енді ұлым қолға алып жатыр. Екі ұлымның да кәсіби деңгейдегі мамандар екенін өзіңіз көріп отырсыз. Сол себепті, музыкамыз тоқтап қалған жоқ. Оқаповтың да, Рымбаеваның да музыкасы жалғасып жатыр.

– Сіз туралы кітап жазу немесе фильм түсіру туралы ұсыныс түссе қабылдайсыз ба?

– Жалпы мен туралы бағдарлама көп. Жазылып жатқан мақалалар да жетерлік. Қазіргі таңда менімен бірге ұлдарымды да шақыратын болды. Сол себепті, жаңағы сіз айтқан дүниелер керек пе?! Менің өмірім халықтың алдында өтіп жатыр емес пе? Оның үстіне ешқандай құпиям жоқ. Жоғалып кеткен де жоқпын. Екі ұлым дүниеге келген сәттен бастап, ана атанып, халықтың алдында жүрмін. Жалпы журналистер көптеген хабарды менен бастайды. Неге екенін білмеймін. (Күлді.) Яғни, мұндай ұсыныстарға ерікті түрде келіспейтін едім. Артықтау сияқты. “Сіздің атыңызға мектеп берсек”, “Сіздің атыңызға мәдениет үйін берсек” деген ұсыныстар да келген болатын. Мен бірден бас тарттым. Себебі, менен де үлкен, ұлы адамдар бар. Біздің ауылдан шыққан керемет жазушылар мен өзге де тұлғалар бар. Мұндай мекемелерге сол кісілердің аты берілуі керек деп ойлаймын. Мен бар болғаны бүгінгі күннің артисімін. Автор емеспін, қарапайым орындаушымын. Ақын, сазгерлердің шығармасын халыққа жеткізушімін. Неге Әзілхан Нұршайықовтың, Бибігүл Төлегенованың атын бермеске?

– Өлімнен қорқасыз ба?

– Мен өлімнен қорықпаймын. Егерде екі балам өмірден өз орындарын тауып, жігіт болып, азамат болып, балалы-шағалы болса, өмірмен өкінішсіз қоштасуға дайынмын. Өлім деген – мәңгілік ұйқыға кету. Оның ешқандай қорқынышы жоқ. Әрине, ешбір армансыз кетсең. Ал менің бүгінгі арманым – осы екі баламды жеткізу. Осы арманым орындалған соң, Құдай ертең әкетемін десе де, ұйқыға кетуге дайынмын.

– Өзіңізді қай мезгілге теңейтін едіңіз?

– Өзім күз айында туғанмын. Қазанның 28-і күні. Кеше Мәскеудегі бағдарламаға қатысып, сол жақтағы әншілер мені құттықтады. Ал жалпы мезгілдерден көктемді жақсы көремін. Оның үстіне Алматының көктемде қандай күйге бөленетінін жақсы білесіз ғой. Ал күзде көңіліміз түсіп, ностальгия болады. Көптеген дүние еске түседі. Жаңбыр аралас күн секілді көңіліміз сан құбылады. Сондықтан өзімді көктемге теңер едім.