ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ

131

Өмірден өткеніне бірер жыл ғана болған қазақ поэзиясының классигі, ұлы ақынымыз Қадыр Мырза-Әлі бір өлеңінде:

«Даналар бар өз ортасын жарып шыққан,

Ел-жұртын надандықтан алып шыққан», – деген еді. Осы сөзде салмағы батпан ой жатыр. Өзгелерден бір бас жоғары тұратын ақын жүрек не айтса да біліп айтады, ой тастап қаза айтады. Қай кезеңде болмасын тығырыққа тіреліп, сансыраған халық бас көтерер аймаңдайлы азаматтарына иек артқан. Ел ерге қарайды деп тегін айтылмаса керек. Даналық, ерлік ешкімнің еншісіне басыбайлы бекітіліп берілген жеке-дара қасиет емес. Ол, негізі, тұқым қуалайтын дегдар қасиет. Көн кепсе қалпына келеді демей ме? Сонымен…

Адамды бір көргеннен-ақ аңқылдаған ақ көңілімен баурап алып кететін жандар болады. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей ондай кісілермен бір айналымға келмей жатып-ақ баяғыдан білетін адамдарша араласа әңгімең жарасып кеткенін білмей қаласың. Анау-мынау адамның мысын басып тұратын өткір көзді, қыран қабақты сұсты көрінетін Махмұт ағамызбен таныс-біліс болғаныма көп бола қойған жоқ. Дегенмен, ә дегеннен-ақ әңгімеміз жарасып жүре берді.

Мәкеңе келерде біршама жуналистік зерттеу жүргізгем. Күні бүгінге дейін елге жасаған игі тірліктеріне қарап отырсам атынан ат үркетіндей-ақ азамат көрінді. Алдымда халқымызға әлі де таңсықтау көрінетін, күні бүгін құны көкке ұшып тұрған мұнай-газ саласы алпауыттарының бірі отыр екен.

Екі облысқа ортақ ұл

Әңгімеме арқау болып отырған азамат – 1979 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын үздік бітіріп, еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға 20 жылдан астам өмірін арнап келе жатқан, бүгінде есімі әлемге әйгілі «Марсель-Петролеум» компаниясының президенті Махмұт Ыбырайханұлы Нәлібаев болатын. Қандай іске кіріссе де жарып шығатын батыл да іскер, сонымен бірге заман талабын тап басатын көрегенді, білімді жігіт мұнай-газ саласы түптің түбінде еліміздің әл-ауқатын көтеруде зор күш болатынын сол кездерде-ақ пайымдаған. Тарих қойнауына кеткен 2007 жылы ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен «Марсель-Петролеум» ЖШС арасында Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында 18 500 шақырым аумақты қамтитын жер қойнауын зерттеп, пайдалануға келісім-шарт түзілген болатын. Бұған Көкпенсор, Созақ, Шу-Сарысу депрессиясына жататын 30 құрылым қарайтын. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей нартәуекел кірісіп кетті. Мұндай орасан көлемдегі жобаға асқақтаған Американың өзі қомақты инвестиция құюға құмбыл болғаны көп жәйтті аңғартса керек. Міне, осы жоба аясында Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан келісім-шарттық аумаққа жататын көмірсутекті барлауға бөлінген күллі қаржының елу пайызы игерілгенін ауыз толтырып айтуға болады. Аталмыш аймақта берісі 150 миллиард текше метр көлемінде газ қоры бар екен. Осыншама бас айналдырар байлықты енді «Бейнеу-Самсоновка» (Қайрақ) трансұлттық құбыры арқылы өндіру мен тасымалдау жедел түрде іске асырылуда.

Айтулы азаматты екі облысқа ортақ ұл деп бекерге айтқан жоқпыз. Қызылорда облыстық медицина орталығына 4 млн. доллар тұратын заманауи талапқа сай компьютерлік томограф пен магнитті резонанстық томографын орнатуға арналған қосымша ғимарат салса, Оңтүстік Қазақстан облысының медицина мекемелеріне, балалардың полхоневрологиялық ауруханасына, «Қайтпас» отбасылық дәрігерлік амбулаториясына, облыстық клиникалық ауруханасына майы кеппеген үш жедел жәрдем көлігін сыйға тартты. Сонымен бірге облыстық туберкулез, жұқпалы аурулар ауруханасына және облыс көлеміндегі 17 емдеу мекемелері мен ауруханаларына минералды таза суларды тегін беріп келеді.

«Мисс Еуропа» атанған Сиви Махмуди

Мақаланың басында адами асыл қасиеттер тұқым қуалайды деп едім. Мәкеңнің әкесі Ыбырайхан ақсақал күллі сыр өңіріне әйгілі республикалық дәрежедегі зейнеткер, облыс көлемінде ірі-ірі лауазымды қызметтер атқарса, аталары Мүсілімұлы Сәдуақас (Оққас) аса діндар, көріпкел, емші, терең білімді алым адам болыпты…

Кейінгі жылдары жарқ етіп шығып қазақ эстрадасының жарық жұлдызына айналған әнші, продюссер, режиссер-редактор, 2007 жылы Мальта аралында өткен «Мисс Еуропа» байқауында 40 аруды артқа тастаған, 2008 жылы «Шәкен жұлдыздарында» топ жарған, Шымкентте өткен «Жеті жұлдыз» байқауында 2009 жылдың ең үздік актрисасы атанған Сиви Махмуди ару – Махмұт ағамыздың сүйікті ерке қызы екен. Бардан бар шығады, жоқтан не шығады деген осы-ау, ә?

Иманды ерге бақ тұрар…

Әйгілі Имам Бұхари кезекті бір хадисінде: «Кім ішінде Аллаһтың есімі тілге алынатын мешіт құрса, Аллаһ Тағала ол үшін жәннаттан бір үй салып береді» депті. Заманауи ілім мен діни ілімді қатар меңгерген дегдар азамат 2012 жылдың 30 кыркүйегінде кіндік қаны тамған жері Қызылорда облысындағы Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылында Алла разылығы үшін заман талабына сай «Сәдуақас молда» мешітін ашып, халық игілігіне ұсынды. Көрсе көз тоятын «Алла үйінің» ашылуына екі облыстан, еліміздің түкпір-түкпірінен қарақұрым адам жиналып, рухани мерекеге айналып еді.

Таза су – денсаулық кепілі

Аталмыш компанияға тиесілі Қапланбекте және Келтемашатта «Сарыағаш» және «Марсель су» атты таза табиғи су шығаратын екі зауыт жұмыс істеп тұр. Оның өнімін бүгінде күллі республика пайдалануда. Компания көптен бері қатар жатқан қос облыстың ауруханалары мен емдеу мекемелерін осы емдік минералды суымен қамтамасыз етіп келеді. Мұнан бөлек Сайрамдағы мәдени-тарихи ескерткіштерді абаттандыруға қаржы бөліп, соғыс және еңбек ардагерлері мен ластану аймағында тұрып жатқан қызметкерлерге «Жаңақорған» және «Окси-Сарыағаш» шипажайларына тегін жолдамалар үлестірді. Оңтүстік Қазақстан мүгедектер қоғамына, Келтемашат ауылындағы спорт залының құрылысына, Мақтаарал ауданындағы елді-мекенді абаттандыруға, аз қамтылған адамдарға қол ұшын беру үшін «Қызыл жарты Ай және қызыл Айқыш» қоғамына, Чернобыль АЭС-гі апатының 25 жылдығына дейсіз бе, толып жатқан мекемелерге қайтарымсыз жәрдем беру мына заманда екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Осыншама еңбек текке кеткен жоқ. «Марсель-Петролеум» компаниясы Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы әлеуметтік саланы дамытып, маңызды мәселелерді шешкені үшін зор құрметке бөленді. Атынан жаңылатын не бір конкурстарда тор жарып аса беделді «Алтын жүрек» сыйлығын да иеленді. Ол аз болса 2011 жылы Мәскеудегі қоғамдық «Халықаралық информатизация Академиясының» мүшесі болып сайланды да келесі жылы «Құрмет» орденін алып, халықаралық «Сократ» сыйлығын да кеудесіне тақты.

Тағы бір айта кететін жәйт, Махмұт Ыбырайханұлы Нәлібаев бүгінде аты елімізден тыс жерлерге де кеңінен танымал болған «Саутс-Ойл» мұнай-газ компаниясын алғаш құрушылардың бірі екенін ерекше айта кеткен абзал. Сонау 1999 жылдары атақты геолог Қ.Айтбаев бастаған С.Сейтжанов, О.Сәдуовтармен бас қоса келе аталмыш компанияны құрған еді. Сонда 2005 жылға дейін бірінші вице-президент болып қызмет етті де Алматы әкімдігіне ауысты. Қазір «СаутсОйлдың» құрылтайшысы ретінде жемісті жұмыстар атқаруда.

Мәкең сүйікті жары Анар екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Мараты отбасылы, екі баласы бар, Сивиі болса елімізге танымал эстрада жұлдызы, Марселі әлі мектепте оқып жатыр.

Иә, қарапайым халық әр қашанда осындай өз ортасын жарып шыққан тұлғаларға зәру. Өйткені қандай жағдайда да олардың сол халықты «жаңбырдың астынан су тигізбей» алып өтетініне сенімді. Жасындай жарқырап өткен Төлеген Айбергенов ақын айтпақшы: «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа»…

Ә. БЕЛГІБАЙ, ҚР Журналистер одағының мүшесі

(«Жаңалық плюс» газеті, 2013 жыл).