ТЕАТР СУРЕТШІСІ ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚ?

21

Театрдағы декорация өнері, яғни театр суретшісінің сахнаны кәсіби түрде безендіру өнері – жалпы сахнадағы киім-кешек, заттар, қойылымға сай әр түрлі жарықтар мен қойылымдық техника арқылы спектакльдің бейнелі де көркем образын жасау өнері. Осы өнер арқылы көрерменге спектакль барысында жайлылық жасап, қызығушылығын арттыруға үлес қосатын мамандар бар. Ол бүгін біз сөзімізге арқау етіп отырған таныс әрі бейтаныс мамандық иесі – театр суретшісі.

 

БІР ӨНЕРДІҢ ТАРИХЫ

Алдымен театр декорация өнерінің даму тарихына тоқталайық. Бұл мамандыққа айналған өнер театр, драматургия, бейнелеу өнерінің өсіп-өркендеу жолымен тығыз байланысты. Сахналық безендіру өнерінің элементтері (киім-кешек, маска) ежелгі халық ойын-сауықтарынан бой көрсетті.
Біздің заманымызға дейінгі V ғасырда ежелгі грек театрының скеналары, ежелгі рим театрының шымылдықтары суреттермен безендірілген екен. Ежелгі дәуірдегі бүкіл оқиға желісін тұтас бейнелеу ұстанымы орта ғасырдағы еуропалық театр декорация өнеріне негіз болды. Осы кезеңде Азия елдерінің (Қытай, Жапония) театр сахналары шарттылық пен символикалық түрде көркемделіпті.
XV-XVI ғасырлардың басында театр декорация өнеріне әйгілі суретшілер Филиппо Брунеллески, Андреа Мантенья, Леонардо да Винчи, Рафаэль Санти және перспективалы декорацияның негізін салушылар Донато Браманте, Бальдассаре Перуцци елеулі үлес қосты. Одан кейін театрға ауыстырмалы декорация енді, яғни ол түрлі механизмдер қолданыла отырып жасала бастады. Бұл әдіс декорацияны көрермендердің көз алдында ауыстыру мүмкіндігін туғызды.
Театр декорация өнері жүйесін жетілдіру барысындағы ізденістер театрдағы сахнаны өмірге әкелді. Бұл жүйе кейіннен бүкіл Еуропаға тарады. Қайта өркендеу дәуіріндегі Лондон қалалық театрларында төменгі, жоғарғы, түпкі сахна алаңын жасап, безендіру өнерінің жаңа үлгісі қолға алынды. Ресейде сахналық декорация алғаш 1672 жылы қолданылды.
Классицизм дәуірінде тұрақты декорация, XVIІ ғасырда қима перспективалы декорация, ал XVIІІ ғасырда декорация павильондары пайдаланылды. 1758 жылы Жапонияның Кабуки театрында айналмалы сахна іске қосылды.
Ұлы француз төңкерісі театр декорация өнерінің дамуына зор ықпал жасады. Мысалы, шебер театр машинистері Париждің «бульвар театрлары» сахнасында кеме апаты, өрт көрінісі секілді күрделі көріністерді еркін көрсете алу дәрежесіне жетті.
XIХ ғасырдың І жартысында Ресейдегі «ресми романтизм» мектебінің бастаушысы Андреас Роллер болды. 1870-1880 жылы Мейнинген театры шеберлері театр декорация өнерін одан әрі дамыта түсті. 1870 жылдардың аяғында Эмиль Золя «әлеуметтік ортаны дәл бейнелеу» мәселесін көтерді.
XIХ ғасырдың аяғында орыс суретшілері Василий Поленов, Виктор Васнецов, Константин Коровин, Валентин Серов, Михаил Врубель қондырғылы кескіндеменің композициялық әдістерін қолдану арқылы спектакльдің біртұтас поэзиялық бейнесін жасау принципін тұжырымдады. Мәскеу Көркем театрының реалистік реформасы дүниежүзілік театр декорация өнерінің ілгері дамуына ықпал жасады.
Театр декорация өнерінің өркендеуіне «Өнер әлемі» өкілдері Александр Бенуа, Мстислав Добужинский, Николай Рерих және Александр Головин мол үлес қосты. Режиссер Гордон Крэг пен Адольф Аппиа ХХ ғасырдың басында «философиялық театр» идеясын алға тартты. Мұның өзі сахнада текше, алаң, баспалдақ секілді дерексіз пошымдардың пайда болуына жол ашты. Ал, 1900 жылдары Всеволод Мейерхольд та осы идеяның ықпалында болды.
ХХ ғасырда театр декорация өнерінің сахналық техникасы күрт өсті. 1960 жылдары «сахнадан тыс» декорация мен сахна-аренаға көп көңіл бөлінді. 1970 жылдары халық өнері үлгілері (ғұрыптық маскалар, костюмдер) кеңінен пайдаланыла бастады. Өткен ғасырда театр декорация өнері шетелдерде де кең өріс алды. 1920 жылдары Бенуа, Головин, Кустодиев, Крымов, Симов, Федоровский кескіндемелік декорация дәстүрінде, ал Веснин, Лисицкий, Попова, ағайынды Стенбергтер конструктивизм бағытында жұмыс істеді. 1930 жылдары театр декорация өнерінде, әсіресе, көлемді-кеңістікті декорацияларда кескіндеме кеңінен қолданылды, спектакльдің бейнелеу шешімі психологиялық және поэзиялық бояуға толы болды. Қондырғылы өнер шеберлері Петр Вильямс, Петр Кончаловский, Юрий Пименов, Владимир Фаворский, Константин Юон театр декорация өнері саласында елеулі еңбек етті. 1950 жылдары Анатолий Босулаев, Александр Васильев, Симон Вирсаладзе, Энар Стенберг, Иосиф Сумбаташвили, Василий Шапорин сахналық жарқын түр іздеуімен ерекше көзге түсті.
Ал қазақ театрының алғашқы спектакльдерінде негізінен ұлттық, этнографиялық және тұрмыс-салттық бояу басым болды. Құлахмет Қожықов алғашқылардың бірі болып қазақ театр декорация өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақ театр декорация өнерінде реалистік бағыттың қалыптасуына Эмиль Чарномский, Владимир Голубович, Игорь Бальхозин сынды театр суретшілері көп еңбек сіңірді.
ХХ ғасырдың 50-90 жылдары Анатолий Ненашев, Сахи Романов, Гүлфайрус Ысмайылова, Досым Сүлеев, А.Карагодин, П.Ибрагимов, одан кейін келген Қ.Ақбаев, Ф.Мұқанов, Е.Әдісбеков, Е.Тұяқов, В.Шлямин, Ш.Ноғайбаев, т.б. суретшілер шығармашылығынан театр декорация өнері басты орын алды.

ТЕАТР СҮЙГЕН СУРЕТ ШЕБЕРІ

Сурет өнері – ең күрделі және кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер саласының ерекше бір бөлігі. Қылқаламмен жазушылар сөз өнерінің айшығын бейнелеу арқылы өмір шындығын суреттесе, суретшілер көз көретін заттарды бояудың сиқырымен жеткізеді. Тылсым табиғаттың түрін, сұлу әлемнің сырын тартымды етіп көрсетіп, адамға жан ләззатын сыйлайды. Мұндай ерекше сезімді сыйлаушы дарын иелері қазақ өнеріне үлесін қосып жүр. Соның бірі – жас та болса талабы таудай, еңбегі ерен Мейрамбек Қитанов.
Кейіпкеріміз қазір Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында театр суретшісі.
Мамандығының қыр-сырына терең бойлаған ол 1992 жылы дүниеге келіп, бала кезінен суретке құмартады. Мұны байқаған туыстары Мейрамбекті суретке баули бастайды. Мамандық таңдаудан қателеспеген кейіпкеріміз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Көркемсурет» факультетін тамамдаған.
Алғашқы еңбек жолын туған аймағынан бастаған ол «Карикатура» бөліміне жетекшілік етеді. Алайда, студент кезінде театрға аңсары ауған Мейрамбекті сахнаның сиқыры баурап алады. Сол кезден бастап театр суретшісі болсам деген арман ауылына аттанған Мейрамбек Қитанов бүгінде сол арманының асуына шықты.
Кейіпкеріміздің айтуынша, көрерменнің зор ықыласына бөленген осынау театрда театр суретшісі болып жұмыс істеу үлкен жауапкершілік. Әрі осы жауапкершілікті сеніп тапсырған театр директоры Сәбит Әбдіхалықовқа алығысын айтады. Театр ұжымының бірлікте екені сондай, жаңа қойылған спектакль кезінде режиссер алдымен театр суретшілерімен ақылдасады екен.
Сонымен қоса, кейіпкеріміз театр суретшілерінің тағы бір сырын айтты. Негізі театрда бірнеше өңдеу цехы жұмыс істейді. Бұл цехтар жаңа қойылымға қажетті жабдықтардың бәрін алдын ала әзірлейді. Жаңа қойылым жайлы тапсырма берілген сәттен бастап, әрбір цех жұмысқа кіріседі. Яғни, алдымен ағаш өңдеу цехында сахнаға қажетті ағаштекті заттар жасалса, декорация цехында қалған қажеттіліктер өтеледі.
Мейрамбек қазақ театр суретшілерінің қазақ өнеріне, мәдениетіне салған сара жолымен жүруіміз керектігін айтты. Осы жылдың ең үздік спектакльдерінің қатарындағы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» спектаклінің декорациясы жайлы да сөз қозғадық. Театр суретшілерінің жаңа қойылымда үлесі зор.
Сахналық безендендіру өнері декорация, киім, яғни спектакльдің көркем образын жасап, құнды, жүйелі дүние шығаруды мақсат етеді. Шығармашылық тұлға қолға алған істі аяғына жеткізу мақсатында әртүрлі нұсқада жасап көруді, тіптен түн ұйқысын бөліп, көп ойлануды қажет етеді. Осының бәрі Мейрамбектің күнделікті жұмысы.
Тарихи қойылымдарда әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді жақсы білуі, өмірдің заңына сәйкес мәдениет үнемі жаңғыруды қажет етіп отырады, ол заман ағымына қарай тез бейімделеді және оны мақсатты пайдалана біледі. Суретші өмірінің мәнін түсіну үшін оның жанының тілін ұғып, ол бейнелеген әсемдікті сезіну бәлкім аздық етер.
Қиялы озық, ойы ұшқыр болуы, сол қиялмен келген дүниені ұстап қалу, сананың түбіндегі асыл бейнені, сағым дүниені қолма-қол бейнелеу үшін әлдекімдерден артық ерекше жаралған саусақтардың көмекке келіп, ойдағы иірімдер қағаз бетіне түскенде нағыз көз қуанышына айналатыны ақиқат. Толғатып дүниеге сәби келгенмен бірдей-ау шамасы, менің түсінігімде. Өнер адамдарының ұзақ толғаныстан туатын шығармашылық шыңы – әрдайым дүниеге бір образ келгенде осылай туатыны хақ.
Театрда қойылатын қойылымдар саны жылдан-жылға көбейіп, шығармашылық ойларын жүзеге асырып, суретшілігімен қоса әзіл ретінде шарж салумен айналысатын кейіпкеріміз бұл өнер де шексіз өнер екенін мойындайды. Себебі, сурет шеті мен шегі жоқ әлем.

САХНАНЫ БЕЗЕНДІРУГЕ ҚАТЫСТЫ БІРЕР ТҮЙТКІЛ

Қазіргі таңдағы театрлы-декорациялық өнер бұл тек жоғары білімді, күрделі қоғамдық үрдістер мен өнердің нәзік түйткілдерін жете түсінетін адамның ғана ісі секілді. Өркениеттің техникалық дамуындағы өзгерістер мен көркем өнердегі соңғы жаңалықтарға үн қосып, бүгінгі әлем қандай күйде екендігі және ол қай бағытта өсіп-өркендеп жатқандығынан хабары бар адам ғана жүзеге асыра алатын интеллектуалды шығармашылық.
Театр өнерінің туындысын, яғни спектакльді жасау барысы сан қырлы. Оны сахнаға шығарудың құралдары әр түрлі айқындылықпен өлшенеді. Спектакльдің көркемдік тұтастығына қол жеткізу үшін оның бейнелік жағының, визуалдық-көріністік аспектісінің атқарар қызметі зор. Сценографияның көркемдік құралдарымен драматургиялық туындыны интерпретациялау міндеттері тәжірибесінде қазіргі қазақ театрының алар орны маңызды. Дегенмен, қазақ сценографиясының арнайы мәселелеріне бойлау бұл өнер түрінің мәнін күллі отандық мәдениеті контекстінде объективті түрде түйінделуін талап етеді.
Қазақстан сценографиясы ұзақ әрі күрделі жолдардан өтті. Өнер құбылысы ретінде болмысты айшықтаудың функцияналды міндеттерін шешу мен драматургиялық материалды көркем бейнелер арқылы жаңаша тұжырымдау үшін өткен ғасырдағы қазақ театрының сахналық-безендіру өнерінің тәжірибесі асқан маңыздылыққа ие. Қазақ театры суретшілерінің шығармашылық мұрасы ұлттық тарихымыздың жарқын беті, оқшау тұрған құбылысы. Бүгінгі күннің өзінде Қазақстанның театрлы-декорациялық мұрасын тұтас әрі маңызды феномен ретінде қарастыруға болады. Алайда, біздің ғылымымызда әлі де болса салмақты қорытындылар жасалған еңбек дүниеге келген жоқ, біздің қолымызда, тіпті, бұл өнердің қазақ топырағында өсіп-өнгендігі жөнінде жалпылама шолуы да болмай отыр.
Барлығымызға мәлім, өзіміздің болашақ жолымызды дұрыс анықтау үшін бұрынғы сүрлеулерімізді жақсы білуіміз қажет, өткенімізді объективті түрде бағалау, кеткен кемшіліктерді есте ұстап, жеткен жетістіктерді ескеру, келешекте пайдалы болатын қорытындылар жасау керек.
Бүгінгі күннің өзінде ХХ ғасырдың қазақ театрындағы көптеген спектакльдерінің көркемдік шешімін уақ-түйегіне дейін қалпына келтіру қиынның қиыны. Әр жылдары республикамызда жемісті еңбек еткен театр суретшілерінің негізгі тобының шығармашылық жолы, өкінішке қарай, әзірше зерттеушілер назарынан тыс қалып отыр. Қазақ материалдары негізіндегі мәселелерді зерттеудің шеңберін кеңейту, бұл сан алуан тарихи кезеңдердегі театрлық безендіру өнерінде кездескен басты стиль жасаушылық процестерін, даму барысындағы жалпы тенденцияларды тану, сабақтастықты анықтау туралы ойлар мен көзқарастарды ұлғайтып, ұлт мәдениетіндегі басқа да елеулі көркем құбылыстарды қорытындылауға мүмкіндік береді.
Қазақ театрының дамуы – ізденістер мен тоқыраулардан, сәтті де сәтсіз эксперименттерден, іркілістер мен жетістіктерден тұратын күрделі жолдардан өтіп, орасан зор шығармашылық тәжірибе жинақтаған театр суретшілерінің табыстарымен тығыз байланысты. Заманауи қазақстандық сценография шығармашылық ізденістер, пішіндер мен стильдер аумағының ауқымдылығымен ерекшеленеді. Дегенмен, отандық өнер ұжымдарындағы шығармашыл да белсенді суретшілер еңбектері әлі де болса республика өнертанушылары назарынан тас қалуда.

Тобықтай түйін: Бейнелеу өнерінің құдіреті туралы айтар болсaқ, адам ойының қанаты, жігер мeн қайрат берер оты, адам жaнының тазалығы осында. Бейнелeу өнері өсіп кeле жатқан жастардың ұлттық рухының биік болуына, сaлт-дәстүрі мен Отaнға, елге, жергe деген махаббaтын оятуына үлкен үлесін тигізеді. Театр суретшісі тек қана бейнелеу шебері емес, көрерменнің қойылым жайлы жақсы ой қалыптастыруына себепкер болады.

Әлия Іңкәрбек, “Qazaq” газеті