«ТЕГІ МЫҚТЫ АЗАМАТ»

15
????????????????????????????

Қазақ халқының ұғымында ақыл-парасаты толысқан, ажарлы әйел ер жігіттің бақытына баланатынын ескерсек, Махмұт Ыбырайханұлындай ел азаматының тұлғалық қалыбының қалыптасуы мен ел мүддесі үшін қызмет етуіне жары Анардың да қосып келе жатқан үлесі өлшеусіз дер едім. Анар «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген халықтық нақылды өзінің отбасылық өмірінде қатаң қағидаға айналдыра білген, танымы мен талғамы бірге астасқан салиқалы жан. Дастарқаны жыйылмайтын, өзінен қалды өзгелердің де қамын ойлай білетін ел анасы. Махмұт мырзаның шаңырағын биік етіп, береке-бірлігін жарастырып отырған Анар ханымды жары Махмұт туралы айтар ойымен бөліспек болып сұхбатқа шақырған едік.

– Анар апай, Махмұт ағамен қалай танысып едіңіз. Бір сәт жастық шаққа оралыңызшы?

– Біз Мәкең екеуіміз 1977 жылы бір-бірімізді алғаш көріп, таныс болдық. Ол уақытта Мәкең Шымкенттің технологиялық институтында оқыды, ал, мен Шымкенттің пединститутында оқыдым. Сол кездердегі Мәкеңнің мені таңғалдырып, өзіне тарқан қасиеті – көпшілдігі мен қарапайымдылығы еді. Оқып жүргенде менің жанымда Гүлнар деген құрбым болды. Ол пәтерде тұрады, мен әпкемнің үйінде тұрамын. Мәкең үйінен келген құрт-майы мен етін сол құрбымның үйіне апарып «Гүлнар, мынау елден келген тамақ, жақсылап пісіріп, дастархан жаса, бірақ, Анарды шақыр, осы дәмнен ол да жесін» дейді екен. Ол кезде әрнәрсенің байыбына бара бермейтін жас, албыртпыз ғой. Бірақ, Мәкең қанша жас болғанымен, отбасынан алған тәрбиесі болар, қазақы қағидаларды қатаң ұстайтын, салмақты, ақыл иесі болды. Кейде сол дәмнің тартқаны шығар, біздің бас қосқанымыз деп ойлаймын. Кейін оқуымызды бітірген соң ол өз еліне кетті. Мен Шымкентте АХАЖ-да қызмет атқардым. Арада екі-үш жыл өткен соң Мәкең қайта келіп, ата-анасымен келіп, қазақтың жөн жоралғысы бойынша менің әке-шешемнің алдынан өтіп, сырға салып алды. Яғни, біз 1981 жылы шаңырақ көтердік. Келін болып түскен соң мен Қызылордада музейде қызмет атқардым. Сонда 12-13 жылдай істеппін.

Мәкеңмен тұрмыс құрғалы өмірден қиыншылық көрдім деп айта алмаймын. Үй болған соң отбасының өзіндік қиындықтары бар ғой. Бірақ, соның бәрі Мәкеңмен бірге болған соң маған қызықты болып көрінетін. Әлі де солай.

– Балаларыңыздың аттарын неге қазақша қоймадыңыздар?

– Бұл маған көп қойылатын сұрақ. Өмірге бес перзент әкелдім. Екі перзентім шетінеп кетті. Қазіргі үлкен ұлым Маратты босанар кезде ауылдағы үлкен ата-әжелеріміз ырымдаған болар, «төркіндеп жүріп туған бала жақсы болады» деп, мені Шымкентке төркініме жіберіп, Маратым Шымкентте туылған болатын. Екінші рет босанарда «тас түскен жеріне ауыр, Шымкентке бармаймын» деп Қызылордада босандым. Бірақ, балам шетінеп кетті. Қызым Сивиді босанарда енем қарсылығыма қарамастан Шымкентке жіберді. 1994 жылы Шымкентке көшіп келген соң кіші ұлым Марселді өмірге әкелдім.

Бұрынғы уақытта балалардың тұрақтамай шетіней беруін әртүрлі жағдайдан көретін едік қой. Бірақ, медицинаның дамыған, әрі бейбітшілік уақытта біздің отбасымыздағы балалардың шетіней бергендігінен қорқып, қазақы ырым бойынша оларға өзге ұлттың есімін бердік. Өзің білесің, ондай жағдайға душар болған отбасылар сәбилеріне ырымдап, Тоқтасын, Ырымбала, т.б. сияқты аттар қояды ғой. Біз де өзімізше сол ырымды ұстандық. Мәкең екеуіміз де күлген жұрт күле берсін, тек балаларымыз аман болса болғаны деген шешім қабылдаған едік. Аллаға шүкір, қазір үш балам өсіп-өніп, өз алдарына азамат болып келеді. Маратым үйлі-баранды, екі баласы бар. Сивиім де ел аузындағы өнер өкілдерінің қатарында. Тұрмысқа шықты. Ал, Марселім әлі мектепте оқиды.

– Отбасында балаларыңыздың тәрбиесі үшін қандай қағиданы қатаң ұстанасыз?

– Менің ана ретінде ұстанатын жалғыз қағидам балаларымды қазақы мінез-құлықпен өсіру болды. Себебі, біз өзге ұлттарға қанша еліктеп, олардың мәдениетін қабылдағанымызбен, бәрібір қазақ болып қала береміз. Екіншіден, бүгінгі жастар елей бермейтін тектілік деген ұғым бар. Ал, тектілік адам баласының бойына ұлттық тәрбие арқылы тұрақтайды.

– Махмұт ағаның қандай қасиетін ерекше бағалайсыз?

– Оның отбасына, ағайын-туғандарына деген мейірімі таусылмастай. Ерекше кеңпейілді адам. Сонымен қатар, ол осы күнге дейін «сен әйелсің, былай істе, былай жүр» деп маған бір шектеулер қойып, нұсқаулар бермепті. Біздің бір-бірімізді қалтқысыз түсініп, отыз жылдай тату-тәтті өмір сүріп келе жатқандығымыз арамыздағы сүйіспеншіліктен деп ойлаймын. «Махаббат деген екі адамның бір-біріне қарауы емес, бірігіп бір жаққа қарауы» дейді ғой. Мәкең екеуіміздің өмірге деген көзқарасымыздың, алдымызға қойған мақсатымыздың ортақ болғандығынан шығар бір-бірімізді риясыз түсінетіндігіміз. Оның тегі мықты азамат.

Махмұт бала кезінен еңбекқорлыққа үйренген адам. Қазіргі кездегі оның балаларынан талап ететіні де сол еңбекқорлық. Оның үстіне, ол үйде ұлдың үлкені болғандықтан шығар, әзірге дейін айналасындағы іні-бауырларына қамқор болуды міндетім деп есептейді. Мен де көзімді тырнап ашқаннан мақта теріп, еңбекпен өстім.

Әулеттің үлкен келінімін. Менен кейін отыз-қырық келін түсті. Бүгінде мен ауылдың енесі болсам, Мәкең атасы болып отыр. Олардың бәріне сол үлкендік жасап, қамқорлық көрсету біздің парызымыз деп ойлаймын.

– Рақмет!

Әңгімелескен: Гүлжанар АМАНТАЙҚЫЗЫ

(«Ұлт болмысы» журналы, 2013 жыл).