«ТИТАНИКТІҢ» ТҮБІНЕ ЖЕТКЕН КҮПІРЛІК ПЕ?

10

Адамзат су жолын игеріп, алып мұхиттар мен теңіздер арқылы құрлықтар арасын жалғағалы сан түрлі алып кемелер дүниеге келді. Солардың бірі – әйгілі «Титаник». Биыл мұхитқа жіберілгеніне тура 106 жыл толып отырған бұл кеменің адамзат үшін алар орны ерекше. Ол өз заманының теңдессіз жасалымы болды. Оның дүниеге келуі адам мүмкіндігінің кезекті шыңды бағындыруы болып саналды. 

1911 жылдың 31 мамырында тұңғыш рет бауырын суға сипатқан су жаңа кеме 1912 жылдың сәуір айында өзінің алғашқы сапарына шықты. Өкінішке қарай, ғасыр басындағы соны жетістік болып саналған «Титаниктің» бұл алғашқы және соңғы сапары еді. Желмен жарысып, «аузымен құс тістеген» кеме күтпеген жерден мұзтауға соқтығысып, апатқа ұшырады. Осылайша, өз орнын өзге кемелер сияқты мұражайдан емес, мұхит түбінен тапты. Иә, сол кездегі «мен» деген ғалымдардың қолынан шығып, бүге-шігесіне дейін есептелген алып кеменің бір соққыға тойтарыс бере алмауы кімді болса да ойландырары хақ. Сонда өз ортасының озығы болған инженер-ғалымдар неден қателесті? «Батпайтын кеме» деп айдар тағып, шашасына шаң жуытпаған «Титаниктің» ғұмыры бар-жоғы бір ғана сапармен шектелуінің сыры неде?
Кеменің апатқа ұшырау себебін айтпастан бұрын, оның кереметтігіне көз жүгіртейік. Ұзындығы 269,1, биіктігі астыңғы бөренесінен (киль) мұржасының ұшар басына дейін 53,4, ені 28,19 метрге тең «Титаник» бұрын көз көріп, құлақ естімегендей алып болды. Сапарға шыққан кезде суда кеме емес, бейне бір, аумағы екі жарым футбол алаңын қамтыған 18 қабатты үй жүзіп бара жатқандай әсер қалдырды. Ол туралы әлемнің барлық белгілі БАҚ-тары жарыса жазды. Өйткені, «Титаник» тек алып қана емес, сондай-ақ, өте бай және озық қызмет үлгілерімен ерекшеленді. Кемеде қысқы бақ, кең вестибюль, кітапхана, мейрамхана, кішігірім барлар, бассейн, шаштараз және театр болды. Тіпті, шағын шіркеу, теннис корты, гольф алаңы және түрік моншасы да жолаушыларға қызмет көрсетті. Содан болар, кейбір каюталардың билет бағасы қазіргі ақшамен есептегенде 50 мың АҚШ долларына дейін жетті.
Сонымен қатар, физикалық қасиеті де таңдай қақтырарлық еді. Қуаттылығы 55 мың аттың күшіне тең. Минутына 75 рет айналатын үш қалақтың (винт) жылдамдықты 24-25 узелге дейін жеткізетін шамасы болды. Жүк сыйымдылығы 46,328 тонна. Үш класты каюталар 2 556 жолаушыға есептелген. Одан бөлек 908 экипаж мүшелерінің орындары қарастырылған. Сондай-ақ, кеме жүрісін қамтамасыз ететін 29 қазандық пен 159 көмір ошақтары жұмыс істеді. Ал 16 су өткізбейтін бөлік оның суға бату қауіптілігінің алдын алуға қызмет етті. Тіпті, 16 бөліктің кез келген екі бөлігі суға толған күннің өзінде кеме жүзуін жалғастыра беретіндей етіп есептелді. Осынау қасиеттерді ескерген кеме иесі «Уайт Стар Лайн» компаниясы «Титаникті» «батпайтын және ең қауіпсіз кеме» деп жарнамалады. Ол аздай, кемені таныстыруға байланысты өткізілген баспасөз-мәслихатында аталмыш компания өкілдерінің бірі: «Бұны енді Құдайдың өзі де батыра алмайды», – деп масаттанды. Осы бір күпір сөз көпшіліктің көңіліне күдік ұялатса да, кеменің сапарына тосқауыл бола алған жоқ. Сөйтіп, 1912 жылдың 10 сәуірінде алып кеме Ұлыбританиядан АҚШ-ты бетке алып өзінің алғашқы және соңғы сапарына шықты.
Кеме бортында сол кездегі танымал кәсіпкерлер, ірі байлар, атақты кино жұлдыздары және белгілі саясаткерлер болды. Барлығы 1316 жолаушы болса, оның 700-і бостандық елінен бақыт іздеген кедей-кепшік еді. Олар кеменің ең төменгі бөлігінде, яғни үшінші класты каюталарда орналасты. Сондай-ақ, кемеде 891 экипаж мүшесі болды.
Төрт күн өткенде «Титаник» жолдың үштен екісін жүріп өтті. 14 сәуір. Таңғы сағат тоғызда Ньюфаундленд бағытында жүзіп бара жатқан «Карония» кемесінен алда мұз құрсауы бары жөнінде алғашқы хабарлама келді. Артынша «Балтик», «Америка», «Калифорниэн» және «Месаба» кемелері де осындай хабарлама жіберіп, «Титаникке» айылын тарту жөнінде ескерту жасады. Алайда 22 узел жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан кеме ешқандай қауіпсіздік шараларын жасамай, бағытын өзгертпестен сапарын жалғастыра берді. Күн райы күрт өзгеріп, ауа температурасы – 0,56-ға дейін төмендеді. Айсыз, қаратүнек басқан түн «Титаникті» түпсіз тұңғиыққа жетелеп, біржола тарих қойнауына бастап бара жатты.
Сағат түнгі 23:00. «Калифорниэн» кемесі: «Тыңдаңыз, біз мұз құрсауында қалып қойдық. Алда мұзтаулар бар. Жүзу мүмкін емес», – деп хабарлама жіберді. Алайда, апатты аймақтың нақты ауданын толық тыңдамастан, «Титаниктің» радисті Джек Филлипс байланысты мерзімінен бұрын үзіп жіберді. Бұл «Титаникке» жасалған соңғы ескерту еді. Десек те, бұған да құлақ аспаған алып кеме ажалына асыққан адамдай алға ұмтылуын тоқтатпады.
Сағат 23:40. «Титаник» бұрынғысынша мұхит төсін тілгілеп, қаратүнекке жұтылып, жүйткіп келеді. Кенет тура кеменің бағытында мұзтау (айсберг) пайда болғаны жөнінде дабыл қағылды. Қашықтық шамамен 450 метр. Экипаж құрамы барлық қауіпсіздік шарасын қолға алып, кеме бағытын өзгертуге тырысты. Алайда бәрі тым кеш еді. Дабылдан кейін 39 секунд өткенде кеменің суасты бөлігі мұзтауға соқтығысып, жолаушылар ауыр дірілді сезінді. Су өткізбейтін 16 бөліктің алтауы зақымданып, нәтижесінде кеменің бүйірінде 100 метрге жуық жырық пайда болды. Бұл дегеніңіз «батпайтын кеменің» небәрі 2-3 сағат өмірі қалғанын білдіретін. «Қандай апат болса да, 3 күн бойы жүзуін жалғастырады» деген алып кеменің 3 сағаттай ғана уақыты қалды дегенге сенгісі келмеген капитан Дж. Смит орын алған жағдайға амалсыз көнуге мәжбүр болды. Оның таңертеңнен бергі ескертулерге құлақ аспауының басты себебі де – осы бір соқыр сенімі еді.
«Титаник» құрылысын жүргізген орынның (верфь) басшысы Томас Эндрюс кеменің аман қалуы мүмкін емесін ескертті. Экипаж мүшелері дереу жолаушыларды құтқару жұмыстарына кірісті. Алайда құтқару қайықтары (шлюпка) барлық жолаушыға жетпейтін еді. Бұл – кеме жасаушылардың ең басты қателігі. Олар: «Титаник» ешқашан апатқа ұшырамайды. Сондықтан оған құтқару қайықтарының қажеті шамалы», – деп «қауіпсіз кеменің» қауіпсіздігіне атүсті қараған.
15 сәуір. Түн ортасынан ауған шақ. «Титаниктің» алдыңғы бөлігіне су толып, бата бастады. Кемеде нағыз аласапыран орын алды. Бақылаудан шығып кеткен жолаушылар арасында құтқару қайығындағы орын үшін талас күшейді. Алдымен әйелдер мен балалар отырғызылады десе де, өз жанын ғана аман алып қалуды ойлаған байлар опасыздыққа бой беріп жатты. Осындай дүрлігудің салдарынан кейбір қайықтар жартылай бос күйінде суға жіберілді. Тіпті, 40 орынды қайыққа 12-ақ адам отырғызылып, суға жіберілуіне жол берілді. Кейбір жолаушылар кішкене ғана қайықтан «Титаникті» қауіпсіз санап, өз еріктерімен кемеде қалды. Қайық жетпеген көптеген адамдар суға секіріп жатты. Ал бұл кезде су өте салқын еді, адам баласы мұндай суықта жарты сағаттан әріге шыдамай өліп кетеді.
Сағат 02:05-те соңғы құтқару қайығы жіберілді. Бес минуттан кейін соңғы радиотелеграфты дабыл қағылды. Әйтсе де ешқандай жауап болмады. Ал 02:20-да «Титаник» қақ ортасынан екіге бөлініп, су астына «сүңгіп» кете барды. Осылайша алып кеме әлем тарихының бір бөлшегіне айналды.
Апат орын алған жерге алғаш болып жеткен «Карпатия» кемесі мұхит бетінде бағыт-бағдарсыз қалқып жүрген қайықтардан аман қалған 704 жолаушыны бортқа мінгізіп, Нью-Йоркті бетке алды. Артынша «Калифорниэн» кемесі келді. Дегенмен, ол тірі адам тұрмақ, өлі денелерді де таба алмады. Тек бір аптадан соң ғана «Маккей-Беннетт» кабельді кемесі апат орнынан 306 адам мүрдесін тапты.
«Титаниктің» мұхит тұңғиығына жұтылып кеткен қалдықтары арада 73 жыл уақыт өткенде ғана, яғни 1985 жылы роботтардың көмегімен 3 700 метр тереңдіктен табылды. Бір қызығы, бәлен жыл осыншама тереңдікте жатса да, кеме металының еш бүлінбегені көпшілікті қайран қалдырды. Тіпті, сол қалдық темірлер бізге: «Ей, адамзат, соншалықты керемет санаған дүниелеріңнің не болғанын көрдің бе?» – деп тұрғандай. Әрине, темірдің мұнша жыл тот баспай сақталуы тек Жалғыз Жаратушының құдіреті екендігі сөзсіз. Иә, алынбас қамалға баланған алып кеменің алғашқы сапарынан-ақ апатқа ұшырауы кездейсоқтық емес. «Құдайдың өзі батыра алмайды» деген кеменің бір-ақ сәтте күлін көкке ұшырған Алла тағаланың адамзатқа жасаған кезекті ескертуі. Қанша жерден керемет болса да, орын алған бір ғана кемшілік кеменің күйреуіне алып келді. Өйткені, ол адамның қолынан шыққан дүние. Ал кемшіліксіз тек Алла ғана жаратады. Бұл жөнінде Алла тағала: «Рахманның жаратуында еш мүлтік көре алмайсың. Қайта көз сал, ешбір ақау көре аласың ба? Тағы көзіңді екі қайтарып қара. Көзің саған шаршап, талған күйде айналады», – дейді («Мүлік» сүресі, 2-3 аят).
Ендеше кеме апатының себеп-салдарын іздеп, әртүрлі болжамдарға бой алдырғанша, күпірліктен арылып, Алланың ескертуіне құлақ асқанымыз жөн.

Тобықтай түйін: «Титаник» апатының ең соңғы куәгері 2006 жылы 99 жасында өмірден озды. Шведтік Лиллиан Гертруд  апат кезінде бес жасар ойын баласы еді. Ал жолаушылар ішінен ең соңғы болып Миллвина Дин көз жұмды. 2009 жылдың 31 мамырында өмірден өткен ол апат кезінде небәрі екі жарым айлық нәресте болған. Ал, әлемге әйгілі болған «Титаник» фильмі 1997 жылы көрерменге жол тартты.

Еламан Қоңыров