ТМД БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІШКЕКТЕ БАС ҚОСТЫ

4

11-12 қазан күндері Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) білім қызметкерлерінің V-ші съезі өтті.

V-ші съездің ашылуында сөз алған Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков жаңа білім беру жүйесін құрудың маңыздылығына тоқталды. Білім берудің мем-лекет саясында алатын орнын ерекше атап, барша білім қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Қырғыз Республикасының басшысы білім жүйесіндегі мәселелердің осындай жиындарда талқылануы және тәжірибе алмасудың маңызды екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында тәжірибелі әрі жаңашыл мұғалімдерге сұраныс әрдайым жоғары болатынын айтты.
Съезге Қазақстанның Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева бастаған делегация қатысты. Олар Қазақстан білім беру саласындағы соңғы технологияға негізделген жаңа оқу құралдарын таныстырды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен қазақстандық делегацияның атынан сөз алған Эльмира Суханбердиева Мемлекет басшысының Жолдауының маңыздылығына тоқталып, аталған құжатта білім беру саласына басымдық берілгенін айтты.
«Елбасы Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып белгіленді. Жалпы, Мемлекет басшысының барлық Жолдауларында білім саласына, жастарға арнайы назар аударылып, үлкен қамқорлық көрсетіледі. Соның арқасында көптеген маңызды мәселелер шешімін табуда. Бұл жолғы Жолдауда Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңды қабылдауды тапсырды. Жаңа Заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, керек емес тексеру комиссияларынан қорғау және тиісті емес жұмыстарға мұғалімдерді жұмсауды тоқтату және басқа да шаралар ескерілетін болады. Екі-үш айдың ішінде Заң жобасы дайындалып, қоғамдық талқылаудан өтеді. Осы жұмысқа мұғалімдерді, ата-аналарды белсене қатысуға шақырамыз», – деді Эльмира Амангелдіқызы.
Қазақстан делегациясының құрамында болған Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова да ТМД елдері білім қызметкерлерінің басын қосқан бұл халық-аралық жиынның маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Қазіргі әлемде болып жатқан жаһандану мен интеграция үрдістері білім беру саласын да айналып өтпейтіні анық. Сондықтан да, бір үлкен экономикалық қауымдастықтың аясындағы білім беру саласының келешектегі бағыт-бағдарын айқындап алу – әрқашан да біздің басты мақсаттарымыздың бірі болып табылады», – деді Гүлнәр Махақызы.
Екі күнге жалғасқан съезге 400-ге жуық маман қатысты. Келген қонақтар өз елдеріне өте үлкен әсермен қайтты.